«Тәуелсіз Қазақстан» экспозициялық залы 1992 жылы елдің мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланғаннан кейін ашылды. Экспозицияның хронологиялық шеңбері 1991 жылдан бастап қазіргі кезеңге дейінгі аралықты қамтиды. Зал егемен мемлекеттің қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының саяси, экономикалық және қоғамдық өзгерістерін, жаңғырту үдерістерін, ұлттық бірлікті нығайту және халықаралық беделінің артуын көрсетеді.
Экспозиция тәуелсіздіктің құқықтық негізін қалаған аса маңызды құжаттарды көрсетуден басталады. Олардың қатарында «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларация», «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының атауын Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» Заңы және Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасу тарихында ерекше мәнге ие өзге де материалдар ұсынылған. Келесі тақырыптық бөлімдерде тәуелсіздік кезеңіндегі негізгі оқиғалар мен өзгерістер ашылады: мемлекеттік билік жүйесінің қалыптасуы, мемлекеттік рәміздердің бекітілуі, ұлттық валюта – теңгенің енгізілуі, астананың ауыстырылуы және оның елдің саяси, экономикалық әрі мәдени орталығы ретінде қалыптасуы. Мемлекеттік егемендікті нығайту және мемлекеттік институттардың дамуы мәселелеріне ерекше назар аударылады.
Залда құжаттар, фотосуреттер, мемлекеттік наградалар, ұлттық валюта үлгілері, архивтік материалдар және қазіргі Қазақстанның дамуындағы маңызды кезеңдерді бейнелейтін өзге де музейлік заттар экспозицияға қойылған. Жеке тақырыптық кешендер Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне, Қарулы Күштердің дамуына, Семей ядролық полигонының жабылуына, мұнай-газ саласының қалыптасуына, сондай-ақ мәдениет пен спорт саласындағы жетістіктерге арналған. Экспозиция құрамына Қазақстанның ғарыш саласындағы жетістіктерін көрсететін фотоматериалдар, ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысандары және республиканың ірі мәдени, ғылыми және қоғамдық орталықтарының бірі – Алматы қаласының көрнекті нысандары енгізілген.
Заманауи мультимедиялық құралдар музейлік заттар мен құжаттық дереккөздерді толықтыра отырып, тарихи материалды көрнекі түрде қабылдауды қамтамасыз етеді және Қазақстан Республикасының дамуындағы негізгі кезеңдерді тереңірек пайымдауға мүмкіндік береді.


