2026 жылғы 7 қазан күні сағат 16:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы қатысушыларының «Менің сүйікті қалам» атты көркемөнер көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Әр адамның өмірінде ерекше орын алатын, талай естелігімен сабақтасқан сүйікті қаласы болады. Ол балалық және жастық шақпен, өмірдің маңызды сәттерімен байланысты. Біреулер үшін қала қарбалас тіршілік пен кең даңғылдар, енді біреулер үшін көне ғимараттар мен бала кезден таныс көшелер, ал кей адамдар үшін қала өміріндегі айтулы оқиғалар мен ерекше сәттердің куәсі болған мекен. «Менің сүйікті қалам» көрмесіне қатысушылар қала туралы естеліктерін шығармалар арқылы жеткізеді. Әр туындыдан қаланың өзіндік келбеті, тыныс-тіршілігі мен ерекшелігі, сондай-ақ уақытпен бірге өзгерген қала өмірі көрініс табады.
Экспозицияда туған қалаға деген сүйіспеншілікті арқау еткен 35 қатысушының туындылары ұсынылады. Кескіндеме және графика туындылары арқылы авторлар қаланың таныс көшелерін, сәулет нысандары мен табиғи көріністерін өзіндік көзқарасымен бейнелейді.
Көрме қала өмірін өткен мен бүгіннің сабақтастығы мен әр әулеттің өзіне тән тарихы сақталған, өзіндік келбеті қалыптасқан кеңістік ретінде танытады. Қатысушылардың туындыларында таныс қала көріністері әр автордың өзіндік танымы мен көркемдік көзқарасы арқылы көрініс табады.
Шығармашылық қызмет – Алматы қаласының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жұмысының маңызды бағыттарының бірі. Өнермен айналысу аға буын өкілдеріне өз ойы мен сезімін шығармашылық арқылы білдіруге, қабілеттерін дамытуға және қаланың мәдени өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.
Қатысушыларға график-суретші, акварель шебері, Қазақстан Республикасы мен Грузия Республикасы Суретшілер одақтарының мүшесі, Қазақстан Республикасы Көркемөнер академиясының вице-президенті, «Қазақ өнерінің қайраткері» және «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, Франциядағы «Art-Mondial» Дүниежүзілік өнер академиясының академигі – Марлан Кеңесұлы Нысанбаев жетекшілік етеді. Оның кәсіби қолдауы қатысушыларға көркемдік әдіс-тәсілдерді меңгеріп, өзіндік шығармашылық қолтаңбасын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Менің сүйікті қалам» көрмесі шығармашылықтың жасқа шек қоймайтынын және күнделікті көзге таныс қала көріністерінің жаңа әсер мен тың идеяларға бастау бола алатынын көрсетеді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейі, Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтарын көрмені тамашалауға шақырады.
Көрме 2026 жылғы 21 қазанға дейін жалғасады.