Билеттер
Мәзір
Билеттер

15.10.2026 ж. «КИНО ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҚТАРЫ» атты мерейтойлық көрме

2026 жылы 15 қазан күні, сағат 15:00-де Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде қазақ кәсіби театр және кино өнерінің қалыптасуына айрықша үлес қосқан Серке (Серәлі) Қожамқұловтың 130 жылдығына, қазақ операсы, театр және кино өнерінің көрнекті өкілі Кәукен Кенжетаевтың 110 жылдығына арналған «КИНО ӨНЕРІНІҢ САҢЛАҚТАРЫ» атты мерейтойлық көрменің салтанатты ашылуы өтеді.

Екі мерейтойды бір арнаға тоғыстырған көрме XX ғасырдағы қазақ өнерінің қалыптасуы мен өркендеуінің маңызды кезеңдерін қамтып, ұлттық театр мен операдан бастап, кәсіби кино өнерінің дамуына дейінгі шығармашылық сабақтастықты көрсетеді. Қос тұлғаның сахнада қалыптастырған актерлік мектебі мен опера өнеріндегі шығармашылық тәжірибелері қазақ киносының өзіндік көркемдік тілін қалыптастыруға ықпал еткен болатын.

Серке Қожамқұлов театр сахнасы мен «Амангелді», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу»6 «Ақан сері – Ақтоқты», «Еңлік – Кебек»  «Абай әні», «Алдар көсе», «Біздің сүйікті дәрігер» сынды фильмдерде актерлік шеберлігін айқын көрсеткен актер. Ол қазақ кәсіби театр өнерінің қалыптасуына зор үлесін қосып, актерлік шеберлігімен ұлттық сахна тарихында өшпес із қалдырды. Сан қырлы сахналық бейнелері мен кинодағы жарқын рөлдері арқылы халықтың ыстық ықыласына бөленіп, қазақ актерлік өнерінің дамуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Серке Қожамқұловтың шығармашылық мұрасы ұлттық театр мен кино тарихының алтын қорынан ерекше орын алған.

Кәуке Кенжетаев тарихи тұлғаларды сомдаған «Біздің сүйікті дәрігер», «Ән қанатында», «Қыз-Жібек», «Тұлпардың ізімен», «ГауҺартас» фильмдерімен көпшілікке танымал. Ол опера әншісі, театр және кино актері, режиссер, драматург әрі ұстаз ретінде ұлттық өнердің өркендеуіне елеулі еңбек сіңірді. Сахна мен экранда сомдаған көркем бейнелері, орындаушылық шеберлігі және шығармашылық ізденістері арқылы қазақ өнерінің дамуына зор үлес қосқан дарынды тұлға. Оның мол шығармашылық мұрасы кейінгі ұрпақ үшін құнды рухани қазына болып қала бермек.

Көрменің басты ерекшелігі – екі тұлғаның өмірі мен өнеріне қатысты мұралардың музей қорындағы түпнұсқа жәдігерлер арқылы көрсетілуі. Көрермендер өнер қайраткерлерінің жеке заттарымен, тарихи құжаттарымен, фотосуреттерімен және оларға қатысты өзге де материалдармен таныса алады. Бұл жәдігерлер қазақ театр және кино өнерінің қалыптасу тарихын тереңірек танып, ұлт мәдениетінің дамуына үлес қосқан тұлғалардың өмірі мен шығармашылығын жаңа қырынан зерделеуге мүмкіндік береді.

Көрменің ашылу салтанатына қос тұлғаның ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қатысады.

Байланыс телефоны: 8 (727) 264 09 66, 264 55 77.