04.07.2018 ж. «Астана – Еуразия жүрегі» көрмесi
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Астана – Еуразия жүрегі» атты көрмесі ашылды. Бұл көрме экспозициясына Қазақстан суретшілері мен мүсіншілері, сондай-ақ балалар шығармашылығын дамыту орталығы және бейнелеу өнері студиясы шәкірттерінің жұмыстары қойылды.
Көрмеге жұмыстарын: Жұмаділхан Керімбек, тұрбай Мұратбек, Е. Шарапова, А. Амантаева, Е. Қазбекова, А. Рамазанов, С. Жұмашева, Ж. Ткаченко, М. Сулекова, К. сәрсенгалиева, С. нақысбекова, Е. апенко, В. гуранда, Ж. Такен, к. Нүсіпбек, Д. Нүркенова, М. Темірғалиева, Д. Толыбай, Г. Тасимова, А. Қырықбаева, К. Оңғарова, С. Нақысбекова, О. Әбішева, А. Кенженова, Б. Утебалиева, М. Мажит және т.б. Көрмені мұсіншілер: М. Жүнісбаева, С. Битуғанова, Д. Досмағамбетова, Ә. Мергеновтың жұмыстары толықтырды.
Көрменің енді бір ерекшелігі мұнда кәсіби суретшілердің шығармаларымен қатар бейнелеу өнері студиясында машықтанып жүрген балалардың суреттері қамтылған. Көрме экспозициясына іріктелген шығармалардың 20 с.б. кәсіби суретшілерге тиесілі болса, 50 с.б. түрлі орталықтар шәкірттерінің жұмысы, бұның өзі өнердегі ұрпақтар сабақтастығын аңғартады.
«Астана – Еуразия жүрегі» көрме экспозициясы көрермен назарына ұсынылған шығармалардың әралуандығымен екшеленеді. Көрмеде бейнелеу өнерінің барлық саласы – сурет, кескіндеме бойынша академиялық еңбектер, сондай-ақ қазақ халқының көне және қазіргі кезеңдегі қолөнері, көркем қолданбалы өнер туындылары коллекциясы, мүсіндер топтамасы кең көлемде қамтылған. Көркемөнер мектептері мен бейнелеу өнері студиялары шәкірттерінің түрлі техника мен жанрда (кескіндеме, акварель, қолданбалы өнер және т.б.) орындалған авторлық жұмыстары жас шеберлердің идеялары мен шығармашылық бағыт-бағдарын аңғартады. Бұл жолы үш бейнелеу өнері студиясының суретшілері өз қолтумаларын көрермен назарына ұсынып отыр.
Сән салтанаты асқан Астана бүгінде мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің айнасы, қарқынды дамып отырған мегополис. Балалар Астананы өз қабылдауынша бейнелеуге тырысады, бірі сюжет негізіне зәулім кешендерді («Бәйтерек – өмір дарағы», «Хан Шатыр», «Астана Цирк») таңдаса, өзгелері тек қиялына ерік берген, ал енді бірі кенеп бетіне көрген «дүниесінен» алған әсерін бейнелеген. Көрме жеткіншектердің шығармашылық жолында тарих қойнауына бойлауына, елордамыз Астананың күннен-күнге асқақтаған келбетіне баса назар аударуына, креативті бейімділігін арттыруға, шығармашылығын шыңдауға деген талпынысын қолдап бағыт-бағдар беруге және әр баланың қолтумасының ойлы, мәнді де сапалы шығуына ықпал етеді.
Көрменің ашылуында: профессор, өнертану докторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Әбішева Оңал Токуловна, өнертанушы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Екатерина Резникова, суретші педагог Жұмаділхан Керімбек, Арт студия жетекшісі Лидия Драздова, журналист Амангелді Сейітхан сөз сөйледі.
Арнайы дайындалған бағдарламаға сай балалар үздіктерді марапаттау сәтін, концерттік бағдарламаны тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысады және I, II залдар экспозициясы бойынша экскурсия тыңдалды.
Көрме аясында педагогтар мен шәкірттер балалар шығармашылығы орталығында қалыптасқан шынайы шығармашылық өмірмен танысуға мүмкіндік беретін шеберлік-сабақтарын өткізіп өнердегі өз тәжірибесімен бөлісті.
Көрмеге бейнелеу және қолданбалы өнердің 200 астам туындысы қойылды.
Көрме 2018 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.