15.03.2019 ж. «Германия – өнертапқыштар елі: «зерттеу» модулі» көрмесі
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласындағы Гете институтымен бірлесе отырып, 2019 жылдың 15 наурызында сағат 16.00-де «Германия – өнертапқыштар елі: «зерттеу» модулі» атты көрме ашады.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі жыл сайын Алматы қалсындағы Гете институмен бірлесіп, алматылықтар мен қала қонақтарына Германияның тарихи, мәдени, экологиялық және тіл тақырыптарында: «Германиядан шын жүректен», «Немісше сөйлейік», «Эко ойлау – табиғаттан үйренеміз» атты көрмелер ұйымдастырып келеді.
Гете институты биыл да мультимедиалық интерактивті көрмесін ашқалы отыр. Бірнеше жылдан бері әлемнің көптеген елдерінде өтіп жүрген «Германия – өнертапқыштар елі» атты көрмесі Фраунгофер және Макс Планка қоғамдастықтарымен ұйымдастырылған.
Алғашқы көрме 2015 жылдың күз айында Берлинде өтті. Содан бері аталмыш көрмені Гете институты серіктес елдерде өткізіліп келеді. 2019 жылдың наурызына таман көрмемен Индонезиядан АҚШ-қа дейінгі 30-дан астам елдер танысты. Көрме аясында, жаратылыстану ғылымындағы революциялық заттар, тарихи және инновациялық технологияларға қатысты бұйымдар ұсынылады. Танымал ғалымдардың тұжырымдары 7 тақырыптық саламен таныстырады: информатика, энергетика, коммуникация, медицина, автокөлік жасау, оптика және т.б.
«Германия – өнертапқыштар елі» атты көрмесінің материалдары 15-25 жас аралығындағы адамдарға негізделген. Олар неміс тілінен қазақ және орыс тілдеріне аударылған. Сондай-ақ, көрмеде қызықты бейне роликтер мен аудио материалдар болады.
Көрме 2019 жылдың 11 сәуіріне дейін жалғасады.