18.03.2019 ж. «Сыр сақтаған сандықтар...» атты орталық музей қорындағы сандықтар коллекциясынан құрылған көрме
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі дәстүрлі жыл сайын өткізетін «Наурыз нақыштары» атты фестиваль аясында 2019 жылдың 18 наурызында сағат 12.00-де музейлік мәні бар экспонаттардан тұратын – «Сыр сақтаған сандықтар...» атты орталық музей қорындағы сандықтар коллекциясынан құрылған көрме ашады.
Сандық – халық тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Заман ағымына сай дәстүрлі ортада қолданылған көптеген үй жиһаздары бүгінде қолданыстан шығып, өзінің әуелгі функциясы ұмытыла бастағанмен, сандықтар әлі күнге дейін ұзатылған қызға жасалатын жасаудың бірі ретінде өз мәнін жоғалтпай келеді. Үйдің төрінен орын алатын сандықтардың үстіне жүк жиналады. Мұндай мәдени құндылықтарды болашақ ұрпаққа жеткізу біздің басты міндетіміз. Себебі сандықта халықтың бар қазынасы сақталған десек артық айтқандық емес. Оның ішіне бағалы дүниелер (асыл бұйымдар, қымбат маталар, киімдер), тәттілер, тіпті ғұрыптық мәні бар заттар: қырқынан шыққанда алынып, шүберекке оралған баланың қарын шашынан бастап, ұзатылып келген қыздың сәукелесі, адам қайтыс болғанда оралатын кебініне дейін сақталған. Сондықтан сандықтардың атқаратын рөлі үлкен болған.
Жасалу материалына, көлемі мен атқаратын қызметіне қарай сандықтар: жағлан, кебеже, абажа, абдыра, ақырет сандық, шай сандық, ағаш сандық, сүйектелген сандық, оймышты сандық деп бөлінеді. Көлемі шағындау және неғұрлым кішкене сандық түрлері аймақтық ерекшеліктеріне қарай: әржі, бөгіре, бөгіребас, жағлан / жағдан, қолсандық, текшесандық, шайсандық деп те аталады.
Халықтық ортада көші-қон кезінде және басқа да жағдайларда сандықтар сырылып, бүлінбеуі үшін сыртынан арнайы сандыққаптар кигізілген. Көрмеге қойылған сандық пен сандық сыртынан кигізілген, киізден тігілген сақдыққап көрермен қызығушылығын тудырары сөзсіз. Сондай-ақ «Наурыз нақыштары» іс-шарасының қонақтары алғаш рет экспозицияға қойылғалы отырған сандықтың ең үлкен түрі абажаны тамашалай алады.
Аталмыш көрмеге 50-ден астам экспонат қойылады. Олардың әрқайсысы жасалуы мен тұнылуына қарай ерекше.
Көрме 2019 жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады.