15.11.2023 ж «Қазақстанның нумизматикалық мұрасы мен қағаз ақшалары»
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2023 жылы 15 қарашада, сағат 15.00-де ҚР ұлттық валютасы – теңгенің 30 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстанның нумизматикалық мұрасы мен қағаз ақшалары» көрмесінің ашылу салтанаты өтеді.
Егемен еліміздің міндетті рәміздерінің бірі – төл теңгеміздің мемлекет тарихында алатын орны ерекше. Теңге тарихы ҚР Тұңғыш президентінің 1993 жылдың 12 қарашасындағы «Қазақстан Республикасының ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлығы шыққан кезден бастау алады. Өз ақша бірлігін айналымға енгізу ҚР Үкіметі мен Ұлттық банктің елдің ішкі және сыртқы саясатында табыстарға жетуге бағытталған экономикалық және ақша-несиелік дербес қарым-қанынастарды жүргізуіне зор мүмкіндік берді. Бүгінгі күні ақша айналымына енгеніне 30 жыл толған теңге валюта ретінде өз өміршеңдігін көрсетіп отыр.
Көрме тақырыптық-хронологиялық және әулеттік (мемлекет) принцип бойынша құрылып отыр. Көрмеге қойылған монеталар түрлері қазіргі Қазақстан және онымен көршілес аумақтарда өмір сүрген ежелгі Кушан (б.з.б. 1 ғ. - б.з. 3 ғ.), Сасандықтар (224-651 жж.), ерте ортағасырдағы Түргеш (704-756 жж.), ортағасырлардағы Қарахан (942-1210 жж.) мемлекеттерінен жалғасып келіп, Ұлы Моңғол Империясы (1205-1291 жж.), Жошы ұлысы (1224-1481 жж.), Шағатай (1222-1370 жж.), Темір (1370-1507 жж.) және т.б. әулеттер дәуірімен сабақтасып жатады. Аталған мемлекеттер, ұлыстар мен әулеттердің сауда-экономикалық, тауар-ақша айналымында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталары түпнұсқа күйінде, әрі қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына ұсынылады.
Ежелгі және ортағасырлық мемлекеттердің сауда-экономикалық, тауар-ақша айналымында болған күмістен, мыстан жасалған көне монеталары түпнұсқа күйінде, әрі қазақ және орыс тілдеріндегі ғылыми сипаттамаларымен үлкейтілген түрінде жұртшылық назарына ұсынылады.
Осы көрме төрінен Ресей патшалығы, Кеңес Одағы кезеңінде қолданыста болған қағаз ақшалар (бонистика) мен монеталардың алуан түрлерін, Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңгенің алғашқы және кейінгі үлгілерін, тәуелсіздік жылдарындағы түрлі нумизматикалық топтамалар, мерейтойлық монеталарды да тамашалауға болады.
Көрмеге келушілер назарына Орталық музей қорынан алынған мұрағаттық құжаттар, облигациялар, лотерея билеттерімен қатар түрлі иллюстрациялар, кестелер және осы тақырыпты аша түсетін қосымша экспонаттар қойылады.
Сондай-ақ, 2021-2023 жж. атқарылған «Ұлы дала тағдырындағы Алтын Орда және Шағатай мемлекеті нумизматикалық деректер бойынша (XIII-XIV ғғ.)» атты гранттық қаржыландыру жобасы аясында ұйымдастырылған ғылыми экспедициялар (Түркістан, Жамбыл, Алматы, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласының маңы) барысында табылып, жергілікті халықтан жинақталып, музей қорына жаңадан түскен қарахандық монеталарды соғуға арналған штемпельдер (Av. және Rv.), ортағасырлық таразы табақшалары, гіртастары, күйентесі, мыс монета дайындайтын жұмыр темір, ақша ретінде қолданылған күміс бұйымдар да осы көрме төрінен алғаш рет орын алады.
Көрме 2023 жылдың 20 желтоқсанына дейін жалғасады.
Байланыс телефондары: 264 36 33, 264 55 77