авто

Переключатель языков

«3 мамыр Конституциясы (1791)»

2021 жылдың 3 қарашасында Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің және Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулдығының ұйымдастыруымен «3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі ашылды.

Көрме Еуропадағы бірінші заманауи, демократиялық Конституцияның 230-жылдығына орай ұйымдастырылған. 1791 жылғы 3 мамырдағы Конституция «Konstytucja 3 Maja (1791)» Төрт жылдық сейммен қабылданған, Речь Посполита таптық-өкілдік органы – Польша Корольдігі мен Литва Ұлы князьдығының бірігуінің жемісі. 

Көрме материалдарының бір бөлімі ағылшын және француз тілдеріне аударылған Речь Посполита Конституциясының қабылданғандығы туралы ақпараттық (Үкіметтік заңның аудармасын жасатқан Лондондағы поляк елшісі - Фрацишек Букатының еңбегі) жарияланымдарынан тұрады. Көрмеге 1971 жылғы поляк тіліндегі Конститутцияның қолжазбалары, фотоқұжаттары, Польша Республикасының орталық мұрағатынан алынған тарихи жазбалары, Конституция туралы материалдар қойылды.

Көрмені алғашқы болып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Бибігуль Дандіғарақызы, Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас консулы Ежи Тимофеюк, Алматы қаласындағы Литва Республикасының Бас Косулы  Гвидас Керушаускас көрменің салтанатты ашылуымен құттықтады.

Сонымен қатар көрменің ашылуына ғалымдар, тарихшылар, Дипломатиялық корпус және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. 

«3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі «3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі
«3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі  «3 мамыр Конституциясы  (1791)» атты көрмесі

Көрме 2021 жылдың 16 қарашасына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа Жолдауында жарияланған «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы негізінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Репродуктивтік медицина институты бірлесіп 2021 жылдың 29 қазанында Репродуктивті медицина институтының құрылу тарихы және қызметіне арналған «РМИ – Армандар орындалады!» атты көрмесін ашады.

 «РМИ – Армандар орындалады!» атты көрмесі1995 жылдың 28 қыркүйегінде Қалалық денсаулық сақтау басқармасының өкімі бойынша Алматы қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында Бас дәрігер Джусубалиева Тамара Мұфтахқызының басшылығымен Қазақстандағы алғашқы экстракорпоральдық ұрықтандыру (әрі қарай – ЭКҰ) зертханасы ашылған болатын. Сондықтан бұл күнді Қазақстанда «ЭКҰ-ның туған күні» деп санауға болады.

Осы уақыт ішінде 5 адамнан тұрған ЭКҰ зертханасы 26 жыл ішінде 300-ден астам қызметкер жұмыс істейтін, 3 дербес клиникасы бар (оның 2-і Алматыда және 1-і Шымкентте) ғылыми-тәжірибелік Репродуктивтік медицина институтына дейін өсті. Бүгінгі таңда Репродуктивтік медицина институты – Қазақстандағы қосалқы репродуктивтік технологиялар (ҚҚРТ) саласындағы көшбасшы болып отыр.

Репродуктивтік медицина институты – әлемдегі барлық ҚҚРТ әдістемелерін пайдалана отырып, кез-келген генездің бедеулігі кезінде білікті медициналық көмектің толық циклін көрсететін Қазақстандағы жетекші ғылыми-диагностикалық орталық болып табылады. Клиника Қазақстанда ғана емес, бүкіл Еуропалық қоғамдастықта қосалқы репродуктивтік технологиялардың флагманы.

Репродуктивтік медицина институты қызметінің нәтижелері адамзатты таң қалдырып отыр. 26 жыл ішінде РМИ-да перзент сүйгісі келген отбасында 16 000 астам бала дүниеге келді. Қосалқы репродуктивтік технологиялардың көмегімен дүниеге келген балалардың өздері қазіргі таңда ата-ана атануда.

Көрмеге Репродуктивтік медицина институтының 1995 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі қызметін баяндайтын құжаттар мен фотосуреттер қойылған. Экспозицияда Репродуктивтік медицина институты бөлімшелерінің, оның ішінде ЭКҰ орталығының, эмбриологиялық зертхананың және криобанк бөлімшелерінің қызметін, оперативтік хирургия, гинекология және андрология, РМИ-дің ірі халықаралық ұйымдармен байланысын, РМИ-дің қосалқы репродуктивтік технологиялар саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін әзірлеуге қатысқанын және ЭКҰ бағдарламасы бойынша дүниеге келген балалардың фотосуреттері қойылады. Тіпті олардың кейбірі осы көрмеге қатысуға шақырылды.

Көрмеде қойылған құжаттар мен фотоматериалдар – Репродуктивтік медицина институтының 25 жылдан астам уақыт ішіндегі жетістіктерін көрсететін ерекше материалдар болып табылады.

Бақ өкілдері үшін Брифинг 2021 жылғы 29 қазанда, сағат 15.00-де өтеді.

Көрме 2021 жылдың 29 қарашасына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп Армения Республикасының Тәуелсіздік күніне және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында «Қазақстан мен Армения-мәдениеттер диалогы» атты онлайн–көрмесін дайындады.

Армения – әлемдік өркениет орталықтарының бірі, ежелден келе жатқан тарихы бар ел. Қазіргі Армения аумағындағы алғашқы қоныстар біздің дәуірімізге дейін пайда болды, бұған көптеген археологиялық қазбалар дәлел бола алады. Армения – әдемі тау пейзаждарының мекені, ежелгі ескерткіштер мен көрікті жерлер – шіркеулер, үңгірлер, алаңдар, ғибадатханалар, бекіністер, құлпытастар сақталған және ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген ел. Елдің басты саяси-экономикалық және мәдени орталығы, оның астанасы – Ереван қаласы болып табылады.

«Қазақстан мен Армения-мәдениеттер диалогы» атты онлайн–көрмесі армян халқының сан ғасырлық тарихын, бай мәдениетінің түрлі аспектілерін баяндайтын бейнематериалдар мен фотоматериалдарды көрсетеді. Онда, Арменияның табиғатын, көрікті жерлерін, халқының дінін, дәстүрін, сондай-ақ, еліміздегі армян диаспорасының тұрмыс-тіршілігін, екі мемлекет арасындағы достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастық аясында Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың қызметімен таныстырады.

Фотосуреттерден ежелгі және қазіргі заманғы мәдени және тарихи нысандармен танысуға болады, оның ішінде Хор Вирап ғибадатханасы мен Татев шіркеуі, Гарни музей-қорығы, Хачкараның қасиетті ғибадатханалары, Арарат жазығында орналасқан ежелгі Эчмиадзин қаласы, Ереванның көрікті жерлері – Каскад монументалды кешені, Көк мешіт, Цицернакаберд мемориалдық кешені, армян халқының өмірі мен жандануының символын бейнелейтін 44 метрлік сым, Республика алаңы және т.б.

Бейнематериалда армян халқының дәстүрлі тұрмыс-тіршілігін, мәдени өмірін, музыкалық аспаптары, ұлттық тағамдары туралы баяндайды.

Онлайн-көрменің бір бөлімі қазіргі уақытта 30-32 мың адамнан тұратын армян диаспорасына және Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтардың қызметіне арналған.

Онлайн-жоба Қазақстан Республикасы мен Армения Республикасы арасындағы ынтымақтастық пен достық өзара байланысты көрсетеді. Армения Республикасының Қазақстандағы Елшілігінің Төтенше елшісі және Өкілетті министрі Манасерян Артур Перчевич атап өткендей «Тарихи өлшем бойынша 30 жыл көп уақыт емес, бірақ Армения мен Қазақстан үшін достық қарым-қатынастың қалыптасу кезеңі. Осы қысқа мерзім ішінде Армения мен Қазақстан арасындағы барлық қызмет салаларына жауап беретін саяси диалогтың жоғары деңгейі қалыптасты және дамыды».

2021 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің Қазақстан Республикасы Армения Республикасының Елшілігімен мәдени ынтымақтастық аясында, «Қазақстан диаспораларының мәдениеті» музейінің 3-ші экспозициялық залында «Армяндар» жаңа экспозициялық кешені ашылды, ол келушілерді Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің жобасы аясында Армения тарихы музейімен ұсынылған армян халқының дәстүрлі мәдениеті мен тұрмыс заттарымен таныстырады (Ереван қ.).

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Армения Республикасының Қазақстан Республикасындағы Елшілігімен бірлесіп дайындаған көрме екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға және нығайтуға қызмет етеді.

Көрмемен төмендегі сілтеме арқылы немесе ҚР МОМ Facebook-парақшасында таныса аласыздар. 

«Қазақстан мен Армения-мәдениеттер диалогы» атты онлайн–көрме

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде 2021 жылдың 22 қазаны күні сағат 16.00 «Көшпенділер» трилогиясының жарыққа шыққанына 50 жыл толуына орай «Көшпенділер» трилогиясы – «Тәуелсіздік жаршысы» атты көрме ашылады. Көрме Ілияс Есенберлин Қорымен бірлесе отырып ұйымдастырылды.

«Көшпенділер» трилогиясы – «Тәуелсіздік жаршысы» атты көрме

Қазақ әдебиеті дамуының тарихында есімі аса құрметті орындардың бірін алатын көрнекті жазушы, ұлт рухын тірілтіп, халықтың тарихи санасын оятқан Ілияс Есенберлин – туған жеріне, өскен еліне шығармашылық еңбегімен, талантымен, тың тақырыптарға түрен салуымен танылған ірі қаламгерлердің бірі.

Көшпенділер – Ілияс Есенберлиннің үш кітаптан тұратын тарихи эпопеясы. Бұл шығарма – қазақ сөз өнерінің әлемдік нұсқасына қосылған тарихи көркемдік пайымдаудың үздік үлгілерінің бірі, партиялық идеологияның қылышынан қан тамып тұрған уақытта дүниеге келген шығарма.

Ілияс Есенберлиннің шығармалары Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемге танымал және 30-дан астам тілге аударылған. Кітаптарының таралымы 3 миллионға жуық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Көшпенділер» трилогиясын «Қазақ халқының энциклопедиясы» деп атап, Ілияс Есенберлиннің шығармашылығына жоғары баға берді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазғандай: «Ілияс Есенберлиннің еңбектеріне терең бойламаған адам ұлт тарихын жетік білемін деп айта алмаса керек».

Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Көшпенділер» трилогиясы. «Тәуелсіздік жаршысы» көрмесіне жазушының өмірінен сыр шертетін фотоматериалдар, құжаттар, марапаттар, қолжазбалары, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары және жазушы мұрасы – тарихи еңбектері қойылған. Аталмыш көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейі, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағат қорындағы материалдар негізінде жасақталды. Көрме барысында көрермендер Ілияс Есенберлин «Көшпенділер» трилогиясын жазғанда басынан өткерген қиындықтар мен сынақтар жайлы біле алады.

Көрме аясында Нұрсұлтан Назарбаев Қоры, Нұрлан Смағұлов Қоры және «Монтажспецстрой» АҚ қолдауларымен жарық көрген, Ілияс Есенберлиннің 6 - томдық толық шығармалар жинағының тұсаукесері өтеді. Басылымға жазушының барлық шығармалары, оның ішінде «Көшпенділер» және «Алтын Орда» тарихи эпопеялары, сонымен қатар советтік кезеңде жарық көрмей қалған романдары да кірді.

Көрменің ашылуына ҚР ғылым, мәдениет және өнер қайраткерлері – Олжас Сүлейменов, Мұрат Әуезов, Алматы қаласы әкімдігінің өкілдері, сонымен бірге, Н. Назарбаев, Н. Смағұлов қорлары шақырылып отыр.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Тұмар–арт» Республикалық суретші-педагогтар қауымдастығының «Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» атты көрмесі ашылды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі көптеген жылдардан бері Алматы қаласының балалар шығармашылығы орталықтары мен суретші-педагогтерінің туындыларын көпшілікке насихаттап, әрдайым қолдау көрсетіп келеді.

afisha-tumar-art

Көрменің мақсаты – көрерменді заманауи өнер туындыларына назар аударту, суретші-педагог мамандығының беделін арттыру, педагогтардың мүмкіндіктері мен шығармашылық әлеуетін іске асыру.

«Тұмар-арт» педагог-суретшілерінің республикалық тәуелсіз қауымдастығы 2020 жылы құрылған. Қауымдастық құрамында Л.В. Саванькина, И.Ю. Балан, Е.В. Лейнвебер, А.А. Кобрина, А.Нуранова, Ю.П. Романова, Д. Муратаева, А. Петракова, Е.И. Беличенко, Е. Исакова, А. Нистор, И.В. Щедринова, Т. Алимских, С. Голосова, М. Калыбаева, С. Курменева, Л.И. Синенко, Е.И. Халанская, Л. Подлубная, Е. Васильева, З.А. Божеева, Л.Б. Сухарева, Г.И. Красильникова, Л.К. Жунус сынды 15-тен астам суретші-педагогтар бар, олардың жұмыстары аталмыш көрмеге ұсынылып отыр.

Қауымдастық құрамы түрлі жанрлар мен стильдерде жұмыс істейтін тәжірибелі суретші-мұғалімдерден құралған. Бұл жерге оларды сұлулық пен ынта-ықылас біріктіреді.

«Тұмар–арттың» негізгі қызметі: халықаралық кеңістікте көркемөнер көрмелерін, шеберлік сабақтар мен пленэрлерді ұйымдастыру; қоғамда шығармашылықты дәріптеу; дарынды жас суретшілерді қолдау. Ассоциацияның барлық педагогтары халықаралық және республикалық көрмелерге белсенді қатысады, өз қабілеттері мен мол тәжірибесін жас шәкірттерін тәрбиелеуге жұмсайды және балалар шығармашылық конкурстарына қатысушыларды дайындайды. Қауымдастық 2020 жылдан бері 5 көркем-өнер көрмесін өткізді.

«Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» атты көрме экспозициясында педагог-суретшілердің еліміздің тарихы мен қазіргі заманғы даму тақырыбын бейнелейтін түрлі жанрлардағы жұмыстары ұсынылған. Авторлар туындыларында кескіндеме, натюрморт, аппликация, батик, ошибана және т.б. түрлі жанрлар мен техникаларды қолданған.

Көрмеге қатысушы әр суретшінің туындылары өзіндік ерекше стильге ие және ең бастысы жоғары деңгейде орындалған.

«Тұмар–арт» қоғамдық бірлестігінің мүшелері өздерінің кәсіби шеберлігін, шәкірттерінің қарым-қабілетін көпшілікке таныстырды. Көрмеге бейнелеу және қолданбалы өнердің түрлі жанрындағы 100-ден астам жұмыстары қойылған. Өнердің түрлі техникалары мен жанрларында (кескіндеме, акварель, сәндік-қолданбалы өнер) орындалған шеберлердің алуан түрлі картиналары ерекше, атап айтар болсақ: Ю. Романовтың «Балбал-дала», «Көшпенділер», А. Нұранова «Сыбызғы әні», И. Балан «Томирис», Л. Саванькина «Жайлаудағы көктем», Т. Алимскидің «Тау пейзажы», Г. Красильниковтың «Бақшадағы хризантемалар», А. Петраков «Қайыңдар», К. Васильева «Азаттық», А.Нистор «Төрт түлік – мал: түйе, жылқы, қой, сиыр», Е. Исакова «Тұмар», А.Кобрина « Көктем демі», Е. Халанская «Балқаш таңы», И. Щедринова «Қысқы пейзаж», Л. Синенко «Тау пейзажы» және т. б.    

«Қазақстан: кеше, бүгін, ертең» көрмесінің салтанатты ашылу рәсімінде ҚР МОМ директорының орынбасары Ғалия Теміртон, «Тұмар – арт» республикалық суретші-педагогтар қауымдастығының директоры Л. В.Саванькина, «Рембрандт» Арт студиясының жетекшісі Юлия Петровна Романова, танымал фотограф В. Д. Коренчук және т. б. құттықтау сөз сөйледі.

Выставка "Tumar-Art" Выставка "Tumar-Art"
Выставка "Tumar-Art" Выставка "Tumar-Art"

Көрме 2021 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source