Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі және Халықаралық Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты (ХҚҒЗМИ) бірігіп ұйымдастырған АҚШ елшісінің мәдени мұраны сақтау жөніндегі қоры (AFCP) қаржыландыратын "VI-XIV ғасырлардағы көне түркі және көне ұйғыр дәуірінің жазбаша өркениеті" көрмесін ашты.
АҚШ-тың Қазақстандағы миссиясы осы жоба арқылы Ескі әлемнің ең көне жазбаша өркениеттерінің бірі - ежелгі түркі руналарын тауып, осы аймақтағы түркі халықтарының бай мәдени мұрасын зерттеу. АҚШ елшісінің мәдени мұраны сақтау қоры – бүкіл әлем бойынша мәдениет пен мұраны сақтауға қолдау көрсететін жаһандық бағдарлама болып табылады.
Көрменің ресми ашылуында ҚР Орталық музей директорының орынбасары Ғалия Теміртон, АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Кэролайн Сэвидж, жоба кеңесшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, археолог Алексей Рогожинский, «Остров Крым» ғылыми-реставрациялық зертханасының негізін қалаушы, түркі жазуының ескерткіштерін қалпына келтірген белгілі ғалым, реставратор Қырым Алтынбеков зерттеу тобының мүшесі, ұйғыртанушы, профессор, тарих ғылымдарының докторы Аблет Каюмович сөз сөйледі.
Көрме аясында белгілі режиссер және сценарист Алексей Владимирович Каменскийдің "Тағдыр жазулары" (2023 ж.) деректі фильмінің таныстырылымы музей кинозалында өтті.
Жобаның зерттеу тобының мүшелері белгілі түркітанушылар мен ұйғыртанушылар – тарих ғылымдарының докторы, профессор Нәпіл Базылхан, ф.ғ.д, профессор Александр Николаевич Гаркавец, т.ғ.д., профессор Аблет Каюмұлы Камалов, ф.ғ.к, қауымдастырылған профессор Руслан Ұйғұрұлы Арзиев және т.б.
Ұйымдастырушылар бұл көрме ежелгі түркілердің ата - бабаларының бірегей жазбаша өркениеті туралы жалпы жұртшылықтың түсінігін тереңдетіп, барлық түркі халықтарына олардың ортақ мұралары бар екенін еске салады деп үміттенеді.
2023 жылдың 2 наурыз алғаш рет Қазақстанда ҚР Мемлекеттік орталық музейінде «ТОРТ МУЗЕЙІ» көрмесі ашылды. Көрмеде келушілер назарына алматылық кондитер-дизайнерлердің эксклюзивті авторлық торттары ұсынылды.
Жобаның тұжырымдамасы – торт әлеміне толықтай ену. Алматылықтар торттардың тарихы туралы қызықты мағлұматтар алып қана қоймай, торттармен байланысты қызықты интерактивті бағдарламаларға қатысты. Әрбір келуші үшін ойын аймағы, фотозона, арнайы танымдық экскурсия, дәм тату және шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Арнайы «Торт музейі» көрмесіне жергілікті шеберлер ерекше тәтті өнер туындыларымен 40-тан астам түрлі дизайнды, өлшемді және пішінді торттар жасауға ниеттерін білдірді. Экскурсия соңында шеберлер жасаған эксклюзивті торттар коллекциясын көруге болады.
Торттар коллекциясынан басқа жобаның тағы бір ерекшелігі дәм тату және шеберлік сыныбы болып табылады. Шеберлік сыныпта шеберлер әрбір келушіге мастикпен сәндеп, өз шағын тортын жасауға және шоколад торттарын дәмдеу үшін жиі қолданылатын заттардың дәмін татуға мүмкіндік береді!
Көрмеде тортпен байланысты түрлі қызықты ойындар ойнап, көп уақыт өткізуге болатын ойын алаңы мен ұзақ есте сақтау үшін әдемі суреттер түсіруге мүмкіндік беретін фотоалмақ бар.
Бұл - балалар мен ересектерге арналған қызықты жоба, келіңіздер, көріңіздер!
Анықтамаларға арналған телефондар: +7 707 750-65-15
Суреттің құдіреті... Дүниені көзбен көріп, түйсіну негізінде бейнелейтін өнердің бұл саласы адамды таңғажайып әлемнің тұңғиығына
бойлататыны сөзсіз.
Көкейдегі ой-қиялды қылқалам ұшына сыйдыра алған суретшінің көз майын тауысып салған шығармасына қызықпау мүмкін емес.
2023 жылдың 3 ақпанында Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстанның кәсіби суретшілері Гүлжамал Тагенова, Светлана Цой және Гүлшат Мадибиеваның «Көктем әуені» өнер туындыларының көрмесі ашылды.
Гүлжамал Тагенова – белгілі қазақстандық суретші, педагогикалық тәжірибесі мол, белгілі қазақстандық суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. Оның жұмыстары Қазақстан музейлерінде және Германия, Италия, АҚШ, Греция, Түркия, Франция, Швейцария және т. б. жеке коллекциялары ұсынылған.
Гүлшат Мадибиева 2021 жылдан бастап Жапонияның Халықаралық Акварель институтының (Нигата/Жапония) толық қауымдастырылған мүшесі, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. Шығармашылықпен айналысады, халықаралық, республикалық көрмелерге, симпозиумдардарға және ғылыми конференцияларға қатысушысы, шығармашылықтағы білімі мен дағдыларын жетілдіруде.
Светлана Цой – 2009 жылдан бастап Халықаралық көрмелер мен пленэрлерге белсенді қатысады, шетелдік кескіндемедегі жетістіктері үшін Сеул (Оңтүстік Корея) «Азия көшбасшысы -2022» наградаларына ие, сондай-ақ ҚР Суретшілер Одағының мүшесі.
Шараны ашқан Орталық музейдің директоры Рашида Харипова: «Суретші ойшыл болуы керек, тарихты жақсы білуі керек. Осы орайда көрмедегі керемет үйлесім тапқан туындылар шеберлік тәсілдерімен таң қалдырады. Үш суретші кенепке өз дүниетанымын, ұлттық мәдениет пен тарихтың ерекшеліктерін қылқалам арқылы сезіммен жеткізе білген» - деп атап өтті.
ҚР Суретшілер одағы қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Өмірбек Жұбаниязов, Қазақстан Суретшілер одағы Алматы облысы филиалының төрағасы Ермұхан Жүнісхан, «Ұлар» заманауи өнер галереясының директоры Юрий Маркович көрме авторларын құттықтап, төл мәдениетімізге қосқан үлесі үшін ризашылық білдіріп, алғыс хаттарын табыстады.
Бүгінгі таңда Қазақстанның заманауи суретшілері шығармашылық еркіндікке ие бола отырып, ұлттық нақышты, мифологияны, ежелгі нанымдар мен Шығыс мотивтерін көрсете отырып, сабақтастық пен өзіндік ерекшелігін сақтап қалды. Суретшілер түрлі-түсті қарама-қайшылықтармен, қиялды, тыныштықты және қоршаған әлеммен үйлесімді бірлікті жеткізетін ерекше өмірлік энергиямен толтырылған жарқын, стильдендірілген және ерекше кескіндеме суреттерін ұсынады. Біз суреттердегі нәзік, салмақсыз сұлулардың көкте қалықтап, гүлдерге батып, кеңістікті көктемнің, жастық пен қуаныштың сезімі мен күтуімен толтыратынын көре аламыз.
«Кескіндеме өнеріне, мамандығына шексіз адал үш суретші бүгін нағыз көктем мерекесін сыйлады. Әрқайсының жеке авторлық стилі бар қылқалам шеберлерін өнерге, мамандығына деген шексіз сүйіспеншілік біріктереді», - деді құттықтау сөзінде Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінің ғалым хатшысы, ҚР суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы Екатерина Резникова.
Құрметті алматылықтар және қала қонақтары!
Музей заманауи қазақстандық кескіндеме өнерін тамшалауға шақырады.
Гүлжамал Тагенова, Светлана Цой және Гүлшат Мадибиеваның шығармашылығы көңілдеріңізге көктем сыйлайтынына сеніміміз мол.
Көрме ақпан айының соңына дейін жалғасады.
ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2023 жылдың 14 ақпанында «Қазақ телевизиясының 65 жылдығы: таспадағы тарих» мәдени іс-шарасы өтті.
1958 жылы 8 наурызда қазақ арнасының шаңырақ көтеруі ел тарихындағы елең еткізер жаңалық болды. Сол сәттен бүгінге дейін ұлттық құндылықтар мен мұраттарды насихаттауда ықпалды күшке айналды.
Тарихи деректерге сүйенсек, тұңғыш қазақ телеарнасының тырнақалды хабарын республика көрермендері 4100 теледидардан тамашалаған. Желтоқсан айынан күнделікті 5 сағаттық хабар беріле бастады. 1970-жылдары телебайқаулар дүниеге келіп, 1980-жылдары ток-шоулармен толыққан. Осы жылдар ішінде телеарна сан түрлі өзгерістерді бастан кешірді. Алғашқы кассеталы ауыр камералар мен сымы бар микрофондардың орнына сан қырлы техникалық мүмкіндігі бар цифрлық телевизия келді. Біртіндеп облыстық телестудиялар да өз жұмыстарын бастап, жергілікті халықты сапалы ақпаратпен қамтамасыз еткен. Ел өмірінде қандай елеулі оқиға болса, телевизия соның бел ортасында жүрді. Көк сандық қазақ көрерменін өркениетке ілестіре отырып, көмбеде қалған дүниесімен қайта қауыштырды. Ұлттық арна 2011 жылдың қыркүйек айынан бері 100 пайыз қазақ тілінде хабар тарата бастады.
Шарада «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы Алматы филиалының директоры Жиреншина Сәуле Жәнібекқызы, қазақ телевизиясының ардагерлері - диктор, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сейітов Ләскер Қалиұлы, журналист Қаймолдинов Төлеубай Смағұлұлы, диктор Бегембаева Фатима Мамырбекқызы қатысты. Олар телевизияның мәдениет пен өнерді дамытуға, ұлттың сананың оянып, өрісінің кеңеюіне орасан үлесі, ұлттық арнадағы қызығы мен қиындығы қатар жүрген ұмытылмас сәттерімен бөлісті.
ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Данияр Байжұманов еліміздің ұлттық мұрасын насихаттауда зор еңбек сіңірген ардагерлерге алғыс хаттар табыстады. Құттықтау сөзінде «Тамыры тереңге жайылған ұлттық арнаның тарихы, ол - елдің таспадағы тарихы. Бүгінде осы саланың жеткен жетістігі, алған асуы алдыңғы толқындағы зерделі, ойшыл, кәсіби мамандардың еңбегінің жемісі», - деді ол.
Шара соңында қонақтар «Қазақ телевизиясының 65 жылдығы: таспадағы тарих» тақырыбындағы көрмені тамашалады. Көрмеге музей қорынан 30-дан аса заттар қойылды. Атап айтқанда, жазу машиналарының, телефон және телеграф, теле,-радиоқабылдағыш құрылғыларының алғашқы үлгілері, сонымен бірге бүгінде күнделікті қолданыстан шыға қоймаған үлгілері көрсетілді.
Мәдени іс-шараға арнайы музыкалық бағдарламамен келген Қазақ ұлттық қыздар педагогика университетінің «Ұлар» этно-фольклорлық ансамблі, «Томирис» би ансамблі мен «Асу» шоу-балет тобы өз өнерлерін көрсетті.
Жазушының жұмысы аса ардақты да, өте жауапты жұмыс. Ол адам жанының мүсіншісі. Өйткені өмір тәжірибесі аз оқырман жас «осындай болсам» деп аңсап, арман еткен асыл мұратын көбінесе жазушының жан сырын құйып тебірене жазған туындысынан табады.
Бүгін, 31 қаңтар күні Орталық музейде өзіндік үні, өзіндік қолтаңбасы, шығармашылық бағыт-бағдары бар қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқайдың 75 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Артына мол мұра қалдырған қаламгер 1948 жылдың 31 қаңтарында Алматы облысы, Райымбек ауданы, Нарынқол ауылында дүниеге келген.
Баққожа Мұқай мектепте оқып жүргенде-ақ өзінің жазушы болатынын білген. Алғашқы туындыларын 17-18 жасында жариялаған ол жазушы көп білуі тиіс деген ұстаныммен көп оқып, көп ізденеді. Алматыда оқып жүрген кезде Баққожа Мұқайдың алғашқы новелласы - «Жаңбыр жауып тұр» «Лениншіл жас» басылымында жарық көріп көптің ықыласына бөленген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмәмдәп, 1965 жылы Райымбек аудандық «Коммунизм нұры» (қазіргі «Хантәңірі») газетінде еңбек жолын бастаған. Әр жылдары «Білім және еңбек», «Жұлдыз» журналдарында, Қазақстан Жазушылар одағында, 1990-1995 жж. Мәдениет министрлігінің репертуарлық редакциялық алқасында бас редактор, басқарма басшысы қызметтерін атқарады.
Табиғатынан айрықша шығармашылық қуат пен таным иесі өз талантын бабында ұстап, үнемі тәрбиелеп үздік туындылар ұсынған. Айталық, «Жаңбыр жауып тұр», «Өмір арнасы», «Аққу сазы», «Мазасыз маусым», т.б шығармалар мен бірнеше драмалық туындылар және «Жалғыз жаяу», «Өмірзая» романдары соның жемісі. 2000 жылы «Өмірзая» романы үшін жазушыға Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығы берілген.
Алғашқы сөз кезегін алған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Отарбаев Мәлік Нұржанұлы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша арнайы келгенін айтып, құттықтауын жеткізді. Жазушы туыстарына тапсырылған Қазақстан Президентінің құттықтау хатында "Көрнекті жазушы, драматург, белгілі публицист, қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Баққожа Мұқай саналы ғұмырын ұлт руханиятын байытуға арнаған және ел тарихын көркем сөзбен кестелеген қарымды қаламгер. Жазушылық, прозалық және драмалық туындылары әдебиетіміздің алтына қорына қосылған қазына. Ол Алматы облысында «Қазақ қоғамын» құрып, ана тіліміздің мәртебесін арттыруға зор үлес қосты» делінген.
Кештің құрметті қонақтары - Баққожа Мұқайдың інісі Ақылжан Сейдінұлы, ақын, драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Н.Оразалин, жазушы, кинодраматург, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының профессоры Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері С.Елубай тұшымды ойлары, жақсы естеліктерімен бөлісті.
Кездесу кешіне арнайы музыкалық бағдарламамен келген Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк коледжінің студенттері көпшілікті өз өнерлерімен тәнті етті.
Шара соңында қонақтар Баққожа Мұқайға арналған көрмемен танысты. Мұнда жазушының әр жылдардағы шығармалары, көзі тірісінде жарыққа шыққан бес томдық шығармалар жинағы, құжаттары мен суреттері, жеке заттары қойылды. Оның ішінде жазушының сырт киімі, портфелі, көзілдірігі, белбеуі, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті сыйлаған естелік сағаты, «Parker» қаламы, фотоаппараты, телефоны және өзге де жазушының тұтынған заттары. Драматург жазушы Б.Мұқайдың Қазақстанда және шет елдердегі театрларда қойылған драмалық шығармалары көрмеде афишалық тумбада көрсетілді. Атап айтқанда, Қазақтың Ғ.Мүсірепов атындағы мемлекттік жастар мен балалар театрында қойылған «Өмірзая» трагедиясы, Махамбет атындағы Атырау облысаралық қазақ драма театрында сахналанған «Күнде мейрам, күнде той» спектаклі, Өзбек академиялық театрындағы «Хаетдан туйган түн» драмасы және т.б.
Осындай рухани азық сыйлаған кешті ұйымдастыруға атсалысқан Ғылым Ордасы Бас директорының ғылыми жұмыс және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары Сейдін Нұрлан Бақытжанұлына музей басшылығы алғыс айтып, ризашылық білдіреді.