авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2018 жылдың 31 мамыр күні сағат 17.00 де қазақстандық суретші Анна Маргацкаяның «Сағым», «Ханшайым ойыны», «Пленэр» атты үш жеке көрмесін ашады.

afisha-margatskayaАнна Маргацкая Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің көркемөнер-графика факультеті, кескіндеме бөлімін тәмамдаған (1998 ж.). Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, осыған дейін 70-тен астам көрмеге қатысқан Анна Маргацкая Қазақстанда ғана емес, Франция, Австрия және Швецария сынды елдерде де танымал.

Анна Маргацкаяның қолтумалары бейнелеу өнерінің кескіндеме, графика, икона жазу, көркем қыш дегендей, түрін қамтиды. Ол оқу-үйрену, біліктілігін арттырумен қатар өз шығармашылығында қандай-да бір жаңалық ашуға тырысады. Осындай ізденіс нәтижесінде суретші өзіндік ерекше стилді қалыптастырып, акварель техникасында қолданыс тапқан тың бағыттың авторы бола отырып, бүгінде осы стильді жетілдіру үстінде. Бұл техника қағазға ғана емес кенепке бейне салуға да мүмкіндік береді. Суретші шығармаларының көпшілігінде өзіндік төл техникасы мен аңыздық бейнелері жиі ұшырасады.,

Ал бүгін суретші Алматылық көрерменді өз талантының жаңа қырымен таныстырады. Анна Маргацкая ұсынған «Сағым», «Ханшайым ойыны», «Пленэр» көрме экспозициясындағы жаңа стиль мен жанрларда жазылған жұмыстар коллекциясы бұрынғыларынан біршама ерекшеленеді. Суретші қандай іспен айналысса да өзіндік ұстанымын аңғартып, тың шешім табуға ұмтылады. Маргацкаяның жұмыстары эксперименттілігі, мазмұндылығы, қызықты композициялық шешім іздеу, сюжеттік желіні анықтау дегендей көріністерімен екшеленеді.    

Көрме I. "Пленэр". Суретші шығармашылығында қоршаған орта – табиғат сұлулығын бейнелеуге арналған пейзаждық және сүйікті акварель техникасында жазылған гүл шоғы – натюрморттар топтамасы айрықша орынға ие. Бұл топтамалардағы әр натюрморт ерекше көңіл-күй, темпераментті сездіреді. Акварель күрделі техниканың бірі болып саналады. Акварель техникасы ерекше ырғақты, қарқындылықты, дәлдікті талап етеді, өйткені сәтсіз жағылған бастапқы жолақты түзеу мүмкін емес. Акварель техникасында жазу барысында түстер үйлесіміне жіті көңіл бөлуге тура келеді. А.Маргацкая гүлді майлы бояумен де салады. Майлы бояуды пайдаланғанда шебер тіпті ұсақ-түйекті де қалт жібермеуге тырысады. Кенеп бетіне майлы бояумен жазылған сурет айрықша әсерге ие туынды деуге болады. Акварель, живопись жанрындағы дүниелермен қатар көрме экспозициясында мазмұндылығы жоғары, фантазияға негізделген, стиль жағынан живопиське жақын қыш бұйымдар да бар.

Көрме II. "Ханшайым ойыны". Еуропаға саяхат барысында суретші готикалық кескіндеу жанрына, оның мазмұнына көңіл бөліп, өз шығармашылығында баяндама желісіндегі живописке бет бұрды. Осы жанрдағы туындыларда миф, сиқырға толы аңыз көрініс тапқан. Әр шығарманың өз жұмбағы бар.

Көрме III. "Сағым". Маргацкаяның "Сағым" топтамасындағы шығармалары өзіне сүйікті акварель техникасымен орындалған. Бұл шығармалардағы басты көркемдік элемент – түс десек те, сонымен қатар түстің қозғалыс бағыты деуге болады. Ғарыштан берілетін діріл шиыршық – орамға айналып, осы қозғалыстағы орамнан әлемінің бейнесі қалыптасады.

Көрмеде ұсынылған жұмсыстар суретшінің шығармашылық әлемімен таныстырады.

Көрмеде автордың 170-тен астам туындысы бар.

Көрме 2018 жылдын 31 мамырына дейін жалғасады.

 

2018 жылдың 26 сәуір күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде Алматы қаласындағы Польша Республикасының Бас Консулдығының ұйымдастыруымен Польша күндері аясында, Польша егемендігінің жүз жылдық мерейтойына орай «Андерс әскері – Үміт Жолы» атты көрмесі өтті.

Көрмеге Андерс әскерінің құрылуынан бастап, Риббентроп-Молотов пактіне қол қойылғаннан кейінгі кезең мен 1939 ж. қыркүйек айында басталған Екінші Дүниежүзілік соғыс жылдарында КСРО шекарасында қалып қойған поляктардың тағдыр жолын баяндайтын құнды жәдігерлер қойылды. Поляктардың жүз мыңнан астамы Сібір, Қиыр Шығыс пен Қазақстан лагерьлеріне жер аударылғандар, он мыңнан астамы қайтыс болғандар, әсіресе 1940 жылы Катыньда қаза тапқандар болып табылады.  

1941 жылы Германияның КСРО-ға шабуылынан кейін сол жылдың 30 шілдесінде Лондонда Сикорский-Майский келісімшартына қол қойылды. Келісімшарт негізінде КСРО аймағында Польша әскері құрылуы керек болды. Әскерді сол кезде Мәскеудегі НКВД тұтқыны болған Польша генералы Владыслав Андерс басқарған.

Андерс құрған әскерге КСРО-ның түпкір-түкпірінен мыңдаған жер аударылған поляктар – әскерлер мен қарапайым азаматтар келген. Олардың көбісі әскерге барар жолда әлсіреп қайтыс болған. Кейбіреулері әскерге жақын Орталық Азияда қаза тапқандар (Қазақстан, Өзбекстан, Түркменстан, Тәжікстан) сондай-ақ, Персия (Иран) және Таяу Шығыс (Ирак, Палестина).

Андерс әскерінің арқасында поляктар Польша тәуелсіздігі үшін соғысу мүмкіндігіне қол жеткізді. Өкінішке қарай, қаза тапқандар санының көптігі және күш-қуаттың әлсіздігіне байланысты, поляктардың басым бөлігі туған еліне қайта алмады. Екінші Дүниежүзілік соғысынан кейін Польша КСРО қарамағында қалып қойды.

Көрме «Депортацияланғандар» экспозициясымен толықтырылған. Поляктар Кеңес үкіметі тарапынан Қазақстанға депортацияланған халықтардың алғашқысы болды. Қазақстандағы поляктардың фотосуреттері мен әртүрлі тұрмыстық құралдары олардың тарихи ұлттық мәдениетінің бай екендігін көрсетеді. Көрме 2018 жылдың 9 мамырына дейін жалғасады.

«Андерс әскері – Үміт Жолы» «Андерс әскері – Үміт Жолы»
«Андерс әскері – Үміт Жолы» «Андерс әскері – Үміт Жолы»

Көрме 2018 жылдың 9 мамырына дейін жалғасады.

2018 жылдың 12 сәуір күні сағат 16.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейінде фотосуретші, саяхатшы Нұртаев Таймас Қуанышұлының «Жер шары: қандай ғажап бұл әлем!» атты жеке көрмесі өткізіледі.

Фотосурет өнері Таймас Нұртаевтың өмірінде ерекше орын алады. ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде өтетін аталмыш көрме алматылықтарды әлемнің әсемділігін паш ететін әдемі де әсерлі фотосуреттерімен таныстырмақ.

Photovystavka Planeta Zemlya: kak prekrasen etot mirТаймас Нұртаев Бішкек қаласының тумасы, мамандығы құрылысшы, ал, 60-жылдардан бері Алматы қаласында тұрып келеді. Фотоөнерге деген қызығушылығы мен сүйіспеншілгі оның екінші мамандығына айналған. Оның алғашқы фотокамерасы кеңестік «Зенит» фотоаппараты болса, кейіннен ол оны кәсіби камераға алмастырған.

Автор 2006 жылы алғаш рет Хан-Тәңірі тау шатқалына барғанында, Қазақстанның әсем табиғатына тәнті болып, сол кезден-ақ фотосурет өнеріне деген алғашқы қадамдарын бастап кеткен. Таймас Нұртаевтың тек Қазақстан бойынша ғана емес, сондай-ақ алыс-жақын шетел саяхаттары оның тың туындыларының пайда болуына шабыт берді.

Таймас Нұртаев әлемнің көптеген елдерінде болған. Атап айтсақ, Ресей, Біріккен Араб Әмірлігі, Непал және т.б. Фотосуретші үшін бұл кездер ұмытылмас сәттер еді. Фотосуретшінің туындыларынан Жер бетіндегі ең ірі шөл дала – Сахараны, әдемі аралдардың бірі – Гренландияны, тарихи Италия мен «мұзды ел» Исландияның әсерлі жерлерін көруге болады. Ал оның Қытай елінде түсірген суреттерінен Ұлттық Цзючжайгоу паркіндегі жасыл-сары Ли өзені, Хуанлунгтың көгілдір көлі, «ұшқыш» таулар Аватарды ерекше атап өтуге болады.

2017 жылы Т. Нұртаев солтүстік алқаптағы Шпицберген аралы аумағын аралап, оның табиғаты мен жануарлар әлемін суретке тартқан. Әсіресе, ақ аюлар, итбалықтар, морждар мен киттердің фотосуреттері ерекше. Сол жылы Таймас Қуанышұлы Норвегиядағы Лофотен аралының табиғатын да түсірген. Сонымен қатар, Аргентина мен Бразилия табиғатын, Жердің оңтүстік аймағы – Чилидегі Гаучо салт аттыларын, Торес Ұлттық саябағын, Грей көлі мен Пайн жерін фотоға түсіру арқылы олардың ерекшеліктерін көрсете алған. Ал Кенияда болғанында дүниежүзіне белгілі Масаи Мара Ұлттық қорығына барып Африканың жан-жануарлар әлемін суретке тартқан – пілдер, жолбарыстар, барыстар, керіктер, бегемоттар, қолтырауындар мен зебраларды және Накура көлінен әдемі күлгін қоқиқаздарды түсірген.

Фотосурет шебері жылдар бойы әлемнің ең әдемі жерлері мен алыс шалғайларын аралаған: ұшақпен Камчатканы; атақты Коряк, Авачин, Козел жанартауларын; Тынық мұхитындағы Қорым және Авачин шығанағын; Соловец аралдарын; Кижи және т.б. Біріккен Араб Әмірлігінде әуе шарынан Аравия шөліндегі таңсәрі суреттерін де түсіріп алған. Жаяу жүріп Гималайды (Непал) сонымен қатар, дельтапланнан Дхаулагири (8167 м), Анапурну (8091 м) және Фева көлі мен табиғаттың басқа да тамаша жерлерін фотоға түсірген.        

Көрменің ерекше бөлігін еліміздің көрікті жерлерінен жиналған «Қазақстан табиғатының маржандары» атты фотожұмыстары құрайды. Онда автор, туған өлкесі мен Іле Алатауының әсем жерлерін, Алматы мен Алматы облысы аумағын, Көлсай, Хан-Тәңірі, Шарын көлі мен Шарын шатқалы, «Алтынемел» Ұлттық қорығы, «Баянауыл» Ұлттық саябағы, Жасыбай, Марқакөл, Бурабай, Зайсан, Қара-Су, Қара-Көл, Қайыңды, Ұлкен Алматы өзені, Бұқтырма суқоймасы, Каспий теңізі, Киин-Керіш таулары, Ақ-Тау, Шакелмес, Айғайқұм, Маңғышлақ, Үстірт шатқалы, Шақпақ пай Сай шатқалы, Үшқоңыр жайлауы, Ақкергешін, Ақтолағай қырқасы және т.б. түсірген фотожұмыстарын ұсынады.  

Көрмеге 150-ден аса фотосуреттер ұсынылған.

Көрме 2018 жылдың 9 мамырына дейін жалғасады.

2018 жылдың 23 сәуірінде сағат 15.00 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Чернобыль атом электростанциясындағы ядролық апатқа 32 жыл толуына арналған «Чернобыль - ХХ ғасырдың алапат қасіреті» атты көрменің ашылу рәсімі өтеді.

Осыдан дәл 32 жыл бұрын тарихта аты қалған жаһандық ауқымдағы трагедия түріндегі алапат жарылыс болды. Чернобыль АЭС-ғы апат – адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі. Оның күші 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасынан ондаған есе күшті болған.

Радиациялық қауіп тек КСРО территориясына ғана емес басқа мемлекеттерге төнді. Чернобыль атом электрстанциясының зардабын залалсыздандыруға бүкіл Кеңес Одағынан 321 әскери бөлім қатысты, олардың қатарында қазақстандықтар да болды. Чернобыль апаты кезінде қазақстандықтардың көбі Акмола облысы Вячеславка елді мекенінде құрылған 27-ші полкте болды. 1986-1989 жж. аралығында аталмыш полкте 31730 қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өздеріне жүктелген әскери міндеттерді ерлікпен атқарды. Қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар адам өмірін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етті.

Әр күн сайын қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өмірі мен денсаулықтарын қатерге тігіп, халықты радиациялық өлімнен құтқарып отырды. Радиоактивті ластану қаупi бүкіл Еуропаға төнді. Қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өздерінің әскери міндеттерін батылдықпен орындап шықты.

Чернобыльдегі ядролық апат барлық мемлекеттерге ащы да қайғылы сабақ болды және ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жершарын ядролық қарудың барлық түрінен азат ету – дүниежүзілік қауымдастықтың басты мақсаты болып табылатынын тағы бір дәлелдеді.

Экспозицияға жауынгер-залалсыздандырушылар киген эксперименттік әскери киім (1983 жылы тігілген), дозиметр – алған радиацияның мөлшерін анықтайтын аспап, радиациядан қорғайтын міндетті жеке қорғаныс құралдары – газтұтқыш және респиратор, оған қоса қатысушылардың марапаттары қойылады.

Көрменің мақсаты – адамзат алдында әскери және отаншылдық борышын ар-намыспен атқарған қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылардың жанкешті ерлік еңбегін көрсетeу.

Көрменің ашылуына Қазақстандағы Украинаның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Ресей Федерациясының Бас консулы, Жапонияның Бас консулы, Алматы қаласының әкімшілігінен, ҰОС қалалық ардагерлер кеңесі, Орталық генералдар Кеңесі, Алматы қаласының ардагерлер ұйымдары, сондай-ақ әскери институттың курсанттары шақырылды.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде 2018 жылдың 16 наурыз күні сағат 15:00-де Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің 90 жылдық мерейтойына орай «Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты көрмесін ашады.

«Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты көрмесіАбай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ) Қазақстандағы ең алғашқы жоғары оқу орындарының бірі болып табылады. 1928 жылы «Қазақ мемлекеттік университеті» болып негізі қаланған оқу орынының алғашында тек педагогикалық факультеті болды. 1930 жылы халықтық білімнің қарқынды дамуына байланысты, жоғары оқу орнының атауы «Қазақ педагогикалық институты» (ҚазПИ) деп өзгертілсе, 1935 жылы институттың кәсіби педагог мамандарын дайындаудағы стратегиялық маңыздылығына қарай Абай Құнанбаевтың есімі берілді. Сол жылдары білім ордасында дәрістерді қазақ ғылымы және мәдениет салаларының танымал тұлғалары жүргізген: С.Сейфуллин, Т.Жүргенов, О.Жандосов, М.Әуезов, С.Мұқанов, Б.Шалабаев, Қ.Жұбанов және т.б.

1969 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің жанынан бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімдерін даярлауға арналған көркем-графика факультеті ашылды. Ол факультет түлектерінен белгілі суретшілер – А.Д.Бренер Е.Төлепбаев, Д. Шоқпарұлы, Н.С. Журавлев; Қазақстан өнерінің майталманы – М.Нарымбетов, Е.Садырбаев , және т.б. атап өтуге болады.

2014 жылы көркем-графика факультеті «Өнер, мәдениет және спорт институты» болып өзгертілді және 2017 жылы оған ЮНЕСКО Клубының мүшесі дәрежесі берілді.

90 жылдық тарихы бар білім ордасы бүгінде еліміздегі білім беру және педагогикалық ғылым жүйесіндегі бетке ұстар оқу орындарының бірі болып табылады. Отандық университет осы уақытқа дейін мәдениет, өнер және педагогика саласында көптеген жетістіктерге жетіп, ұлттық және әлемдік көркем өнерді насихаттауда зор үлес қосып келеді. Ал, институт студенттері халықаралық, республикалық: «Шабыт»,  «Серпер», «Дарын», «Шебер», «Жас жұлдыз» және т.б. сияқты түрлі байқаулардың лауреаттары.

Институт оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық туындыларын тек отандық галереяларда ғана емес сонымен қатар, Швеция, Түркия, Франция, Корея, АҚШ, Ресей, Чехия, Канада, Оман, Малайзия, Үндістан сияқты әлем елдерінен кездестіруге де болады.

Көркемдік білім беру жұмыстарының негізгі мақсаты тек шығармашылық потенциалды дамыту ғана емес сондай-ақ, Қазақстан халқының санасын модернизациялау, Қазақстандағы патриотизмді және этникалық-мәдени кодты қалыптастыру болып табылады.

«Рухани жаңғырудағы ұлттық өнер» атты экспозициялық көрмесі Абай атындағы ҚазҰПУ-нің Өнер, мәдениет және спорт институтының оқытушылары мен студенттерінің шығармашылық еңбегінің нәтижесі десе болады. Көрмеден бұғанға дейін қойылмаған кескіндеме, графика, мүсіндеу және қолданбалы өнер туындыларын кездестіруге болады. Ондағы портреттер, натюрморттар, пейзаждар, жанрлық композициялар мен қолданбалы өнер жұмыстары – отандық мәдениетіміздің байлығын көрсетеді.

Көрме 2018 жылдың 25 наурызына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source