авто

Переключатель языков

ҚР Мемлекеттік орталық музейі 16 қыркүйек Алматы қаласының күнін мерекелеу аясында қаладағы ірі мәдени ошақтардың театрларға арналған «Театр. Уақыт. Ғұмыр.» фотокөрмесін ұсынады.

Мыңжылдық тарихы бар Алматы қаласында республика бойынша негізгі мәдени орындар шоғырланған. Соның ішінде Алматы театрлары жұртшылықты жоғары өнер әлемінде бірегей өнер рухына қанықтыратын мәдени ошақтар болып табылады.

Көрменің мақсаты: қала күні қарсаңында ҚР МОМ қорындағы фотоматериалдар негізінде театрлардың тарихы, әртістер құрамы, өнер иелерінің ортасы және шығармашылық қызметтерімен таныстыру әрі дәріптеу болып табылады.

Театр – халық өміріне табиғи түрде еніп, өзімен бірге қалыптасып келе жатқан ұлттық мақтаныш, мөлдір өнер. Қазақ театрының алғашқы іргесін қалаған Ж.Шанин, талантты әртістер Қ.Қуанышбаев, С.Қожамқұлов, Е.Өмірзақов, Қ.Бадыров, Қ.Жандарбеков, К.Байсейітова, Ш.Аймановтардың есімдері қазір қазақ театр өнерінің классиктері дәрежесінде аталады. Сауықшыл жастардың әуесқой қойылымдарынан басталған алғашқы қадамы, ойын қоюға талпыныстары, Семейде театр өнерінің тууына ұйтқы болды. Кейіннен театрлар ел астанасы болған Алматыға көшіп келіп, мәдениет пен руханияттың жасампаз алтын діңгегі – қазақ өнерінің ізін жалғастырып келеді.

Музей қоры негізінде жасақталып отырған «Театр. Уақыт. Ғұмыр.» атты фотокөрмеден Қазақтың Мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық опера және балет театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Академиялық жастар мен балалар театры, М.Ю.Лермонтов атындағы драма театры, сондай-ақ Қ.Қожамияров атындағы мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры, Неміс драма театры, Мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының қалыптасу кезеңі, олардағы сахналық көріністердің, театр қайраткерлердің қалыптасу және кәсіби өсу кезеңдерінің маңызды сәттерінен мәлімет беретін фотосуреттерді тамашалауға болады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2018 жылы 19 қыркүйек күні сағ. 16.00-де 798 Gallery, Ouli TianShan Art Museum филиалының қолдауымен алматылық жас суретші Гүзел Закированың «Орталық Азия келбеті»/«Faces of Central Asia» атты жеке көрмесі ашылады.

Гүзел Закированың «Орталық Азия келбеті»/«Faces of Central Asia» атты жеке көрмесі Гузел Закирова Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогика институтының «Кескіндеме» мамандығын меңгерген көркем – графика факультетінің түлегі, кескіндеме өнерінің магистрі, сонымен қатар Қытай қаласындағы СиньЦзян өнер институтын тәмамдаған. Еңбек жолын Алматы сәулет-құрылыс колледжінде өнер тарихының оқытушысы ретінде бастады.

«Орталық Азия келбеті» көрмесінде Орталық Азия мен Қазақстандағы түрлі ұлт өкілдерінің графикалық портреттері сериясы ұсынылмақ. Олардың портреттегі бейнелері арқылы Орталық Азия халықтарының мәдени және рухани байлығын тануға болады.

Көрменің көркемдік негізі – бір-біріне қарама-қайшы: қара және ақ түстерден жасалған графикалық және ішінара акварельдік портреттер. Өз жұмыстарында автор «Азия жүрегіне» айналған орталық-азия өңіріндегі саналуан этникалық және мәдени ерекшеліктерді ашып көрсетуге мән берген.

«Faces of Central Asia» - тек көркем туындылар сериясы ғана емес, бұл суретшінің Орталық Азия өңіріне жасаған саяхаты кезінде жасалған визуалды күнделік. Гузель саяхаттан алған әсерімен: «Мен көркем туындыларым арқылы Азияның өзім таныған ешкімге беймәлім қыр-сырын көрсеткім келеді» – деп бөліседі.

«Faces of Central Asia» сериясы – бұл сондай-ақ автордың 2016 жылы басталған және Қытайдағы «Сo – Construction of Harmonious Culture» көрмесінде ұсынылған «1001 FOX» (1001 face of Xinjiang) атты жеке жобасының нәтижесі. Бастапқыда бұл қарапайым жолаушылардың жылдам салынған эскиздері болды, кейіндері Орталық Азияға жасаған саяхаты барысында өзіндің портреттер галереясын құру туралы ой келеді.

Гузел жасаған саяхаттың негізгі бағыты Ұлы Жібек Жолының: Алматы-Қашқар- Бішкек – Наманган бағытымен өтті.

Жасыл желекті тау беткейлері, егісті алқап, шығыс базарлары, тар көшені бойлай орналасқан ірілі-ұсақ дүкендер, жеңіл көліктер мен автобустардың кептелісі – бұл біз көретін көріністің кішкентай ғана бір бөлшегі. Азияның шынайы бейнесін Гузель Закирова Орталық Азиядағы түрлі ұлт өкілдерінің бейнесімен береді. Ол арқылы халықтың антропологиялық сипатын, тарихын, мәдени дәстүрлері мен ұлттық ерекшеліктерін тануға болады. Әсіресе, тарихтың куәсіндей қарт адамдарды көп бейнелеген.

Гузел Закированың жұмыстары бұған дейін де Ресей (Мәскеу), Түркия (Стамбул қ.), Қытай (Үрімші қ.) және т.б. елдерде өткізілген халықаралық көрмелерде көрсетілген. Гузел – Мәскеу қаласындағы Жас суретшілер одағының мүшесі, «Илхам» ұйғыр меценаттары сыйлығының жүлдегері.

Көрмеде суретшінің 80-ге жуық жұмыстары ұсынылмақ.

Көрменің ашылу салтанатында «DOLAN» ансамблі және «Deleon_Band» тобы өнер көрсетеді. Ақпараттық қолдау көрсетуші - «Doppa Life» интернет порталы.

Көрмеге келуші алғашқы 100 адамға автордан кәдесый.

Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы
Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы Суретші Г.Закированың  көрмесінің ашылуы

Көрме 2018 жылдың 4 қазанына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Астана – Еуразия жүрегі» атты көрмесі ашылды. Бұл көрме экспозициясына Қазақстан суретшілері мен мүсіншілері, сондай-ақ балалар шығармашылығын дамыту орталығы және бейнелеу өнері студиясы шәкірттерінің жұмыстары қойылды.

Астана - сердце Евразии

Көрмеге жұмыстарын: Жұмаділхан Керімбек, тұрбай Мұратбек, Е. Шарапова, А. Амантаева, Е. Қазбекова, А. Рамазанов, С. Жұмашева, Ж. Ткаченко, М. Сулекова, К. сәрсенгалиева, С. нақысбекова, Е. апенко, В. гуранда, Ж. Такен, к. Нүсіпбек, Д. Нүркенова, М. Темірғалиева, Д. Толыбай, Г. Тасимова, А. Қырықбаева, К. Оңғарова, С. Нақысбекова, О. Әбішева, А. Кенженова, Б. Утебалиева, М. Мажит және т.б. Көрмені мұсіншілер: М. Жүнісбаева, С. Битуғанова, Д. Досмағамбетова, Ә. Мергеновтың жұмыстары толықтырды.

Көрменің енді бір ерекшелігі мұнда кәсіби суретшілердің шығармаларымен қатар бейнелеу өнері студиясында машықтанып жүрген балалардың суреттері қамтылған. Көрме экспозициясына іріктелген шығармалардың 20 с.б. кәсіби суретшілерге тиесілі болса, 50 с.б. түрлі орталықтар шәкірттерінің жұмысы, бұның өзі өнердегі ұрпақтар сабақтастығын аңғартады.

   «Астана – Еуразия жүрегі» көрме экспозициясы көрермен назарына ұсынылған шығармалардың әралуандығымен екшеленеді. Көрмеде бейнелеу өнерінің барлық саласы – сурет, кескіндеме бойынша академиялық еңбектер, сондай-ақ қазақ халқының көне және қазіргі кезеңдегі қолөнері, көркем қолданбалы өнер туындылары коллекциясы, мүсіндер топтамасы кең көлемде қамтылған. Көркемөнер мектептері мен бейнелеу өнері студиялары шәкірттерінің түрлі техника мен жанрда (кескіндеме, акварель, қолданбалы өнер және т.б.) орындалған авторлық жұмыстары жас шеберлердің идеялары мен шығармашылық бағыт-бағдарын аңғартады. Бұл жолы үш бейнелеу өнері студиясының суретшілері өз қолтумаларын көрермен назарына ұсынып отыр.

Сән салтанаты асқан Астана бүгінде мемлекетіміздің тыныс-тіршілігінің айнасы, қарқынды дамып отырған мегополис. Балалар Астананы өз қабылдауынша бейнелеуге тырысады, бірі сюжет негізіне зәулім кешендерді («Бәйтерек – өмір дарағы», «Хан Шатыр», «Астана Цирк») таңдаса, өзгелері тек қиялына ерік берген, ал енді бірі кенеп бетіне көрген «дүниесінен» алған әсерін бейнелеген. Көрме жеткіншектердің шығармашылық жолында тарих қойнауына бойлауына, елордамыз Астананың күннен-күнге асқақтаған келбетіне баса назар аударуына, креативті бейімділігін арттыруға, шығармашылығын шыңдауға деген талпынысын қолдап бағыт-бағдар беруге және әр баланың қолтумасының ойлы, мәнді де сапалы шығуына ықпал етеді.

Көрменің ашылуында: профессор, өнертану докторы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Әбішева Оңал Токуловна, өнертанушы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі Екатерина Резникова, суретші педагог Жұмаділхан Керімбек, Арт студия жетекшісі Лидия Драздова, журналист Амангелді Сейітхан сөз сөйледі.

Арнайы дайындалған бағдарламаға сай балалар үздіктерді марапаттау сәтін, концерттік бағдарламаны тамашалап, шеберлік сабақтарына қатысады және I, II залдар экспозициясы бойынша экскурсия тыңдалды.

Көрме аясында педагогтар мен шәкірттер балалар шығармашылығы орталығында қалыптасқан шынайы шығармашылық өмірмен танысуға мүмкіндік беретін шеберлік-сабақтарын өткізіп өнердегі өз тәжірибесімен бөлісті.

Көрмеге бейнелеу және қолданбалы өнердің 200 астам туындысы қойылды.

pictures (Астана - сердце Евразии) pictures (Астана - сердце Евразии) pictures (Астана - сердце Евразии)
Астана - сердце Евразии Астана - сердце Евразии Астана - сердце Евразии

Көрме 2018 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі 2018 жылдың 5 шілдесі күні сағат 14.00-де «Синташта» бірегей мәдени-тарихи кешенінің зерттелуіне 45 жыл және қола дәуірінің дүние жүзіне әйгілі археологиялық ескерткіші Арқайымның табылуына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» Халықаралық фотокөрмесін ашады.

afisha-arkaim2018Арқайым — Ресей Федерациясындағы Челябі облысында, Үлкен Қарағанды және Өтеген өзендерінің құйылысында орналасқан қола дәуіріне жататын тарих-мәдени ескерткіштер кешені. 

Көлемі, құрылымдық сипаты, ғылыми деректерінің молдығы мен маңыздылығы жағынан тарих, археология ғылымдары үшін маңызы өте зор бұл ескерткіш 1987 жылы ашылды. Содан бері кең көлемді ғылыми-зерттеулік жұмыстары жүргізілуде. Арқайым қонысы екі шеңберлі жал түрінде салынған, ортасында құрылыс салынбаған төртбұрышты алаңы бар бекініс.

«Арқайым – қалалар елі: кеңістік пен бейнелер» фотокөрмесінде фортификация, үй құрылысы, ежелгі шеберханалар, жерлеу рәсімдері мен құрбандық шалу, тұрмыстық заттар, оның ішінде қыш ыдыстар, тастан, сүйектен жасалған бұйымдар, мыс және күшәлалы қоладан құйылған жонғыштар, пышақтар, біздер мен алуан түрлі әшекейлерді қамтитын қызықты мәліметтер қойылады.

Фотокөрме стендтерінде «Қалалар елі» ескерткіштерінің географиялық орналасуы, нығайтылған және нығайтылмаған қоныстардың әуеден түсірілген фотосуреттерінің құпиялары ашылған материалдар, саны жиырмадан асатын нығайтылған қоныстың ішіндегі он төртінің қазіргі жағдайы мен тұмса табиғаттың авторлық фотосуреттері қамтылады.

Ежелгі металлургиялық база, обсерватория немесе қолөнер шеберлерінің қонысы болуы мүмкін деген Арқайымды тылсым сырларға толы әлемнің ғажайып орындарының қатарындағы Стоунхендж, Гозек шеңберімен салыстыруға болады. Күні бүгінге дейін Арқайым таңдай қақтырып тамсандырады, күмән тудырып күдіктендіреді, талайларды дауластырады, дегенмен әзірге жауабынан гөрі сұрақтары көп орын боп қала бермек.

Фотокөрменің ашылуына Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының мүшесі және «Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Журавлева Ирина Александровна, «Арарат» Халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Зуйков Юрий Владимирович қатысады. Сонымен бірге «Аркаим. Культурное и духовное пространство на Южном Урале» атты 30 минуттық деректі фильм көрсетіледі.

2017-2018 жж. көрме экспозициясы Ресейдің 11 қаласында, яғни Қазан, Уфа, Кумертау, Самара, Омбы, Бийск, Новосибирск, Барнауыл, Санкт-Петербург, Белгород, қалаларында және Головчино селосында құрылып, жұрт назарына ұсынылды.

Орталық музей барша келушілерді Оңтүстік Оралдың мәдени феноменімен және үндіуропалық өркениетпен танысуға шақырады.

Көрме 2018 жылдың 31 шілдесіне дейін жалғасады.

«Адам. Дәуір. Байланыс.»

Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік музейінде жыл сайын музей қорында сақталған, музейлік мәні бар қызықты заттардан тұратын ерекше көрмелер көрсетеді. Биылғы жылы бұл көрме – «Адам. Дәуір. Байланыс.» деп аталады.

Ақпарат алмасусыз қоғамның дамуы мүмкін емес. Бұл жағдайда әр түрлі құралдардың көмегімен байланыс орнату және ақпарат алмасудың орны ерекше.

«Адам. Дәуір. Байланыс.»«Адам. Дәуір. Байланыс.» тақырыбындағы көрмеде 50-ден аса музейлік заттар қойылған. Атап айтар болсақ, жазу машинкаларының, телефон және телеграф, теле, радиоқабылдағыш құрылғыларының алғашқы үлгілерімен қатар қазіргі заманда күнделікті қолданыстан шыға қоймаған үлгілері де көрсетілген.

Көрмеге қойылған базу машинкаларының арасында 1933 жылы Германияда шығарылған «Mercedes» механикалық баспа машинкасының алатын орны ерекше.

Көрмеде сымды телеграф арқылы ақпарат таратуға арналған Морзе аппаратының бірнеше үлгісі қойылған. Бастапқыда корреспонденттік желілер телеграф арқылы қарапайым хабарламаларды жіберген болса, кейіннен – көптеген газеттерге жаңалықтары жіберіп отырған.

Радионы ойлап табу XIX ғасырдың аяғында адамзат мәдениетіндегі ең үлкен жетістіктердің бірі болып табылады. Көрмеде халық арасында жоғары сұранысқа ие болған «Балтика», «Муромец», «М-648», «Эстония-3», «Сириус-5», «Урал-112» және т.б. радиоқабылдағыш түрлері бар.

Музей қонақтары КСРО аумағында алғаш шығарыла бастаған КВН-49-4-Т1 (1953-1955 жж.) теледидарын көре алады. Бұл теледидардың ерекшелігі – экранының кішкентайлығы соншалықты, бағдарламаларды ыңғайлы көру үшін оның алдына тазартылған суы бар арнайы линзаны орнатуға тура келетін. 

Бүгінде өмірімізді теледидарсыз немесе телефонсыз елестету мүмкін емес. Телефонның өнертабысы 29 жастағы шотландтық Александр Грэхэм Беллге тиесілі. Телефонның алғашқы нұсқасы «Белл трубкасы» деп аталды. Көрмеде телефон аппараттарының алғашқы нұсқаларынан бастап қазіргі уақытқа дейін пайдаланылатын бірқатар үлгілері қойылған.

Қала тұрғындары мен қонақтары аталған көрме аясында байланыс саласының даму тарихы туралы қызықты ақпарат ала алады.

«Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар: қыш бұйымдардағы ою-өрнек өнері»

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар: қыш бұйымдардағы ою-өрнек өнері» (ҚР МОМ қорларындағы қыш ыдыс материалдары негізінде) атты көрмені ашылды.

Көрменің мақсаты: Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Қазақстанның ортағасырлық қалаларында (IX-XVI ғғ.) бой көтерген ескерткіштерден табылған шыңылтырлы және қалыпталған (штампталған) қыш ыдыстар дамуының негізгі кезеңдерін, декорда қолданылатын әртүрлі өрнектеу (зооморфты, геометриялық, өсімдік және эпиграфикалық) техникасының тұрақты архитиптегі сипатын сақтай отырып, оны бір кезеңнен келесі мәдени кезеңге жеткізетін артефактілермен музейге келушілерді таныстыру.

pic-srednevek-gorodaКөрмеде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Тараз, Отырар, Испиджаб, Түркістан, Сауран, Сығанақ, Ақтөбе, Талхир және Сарайшық ортағасырлық қалашықтарынан табылған шыңылтырлы қыш ыдыстарының даму үдерісінде бірін-бірі алмастыратын мәдениеттің негізгі үш кезеңдері - қарахандық (ІХ – ХІІІ ғғ. басы), алтын орда (ХІІІ – XІV ғғ. басы) және әмір темір (XІV– XV ғғ. соңы) бойынша 100-ден астам бірегей артефактілер көрсетіледі.

IX – ХІІІ ғғ. басындағы қыш ыдыстар – жарқын, өзіндік құбылыс, онда сәндік безендірудің алдыңғы тәжірибесі ұрпақтан-ұрпаққа берілді, ол жаңаша технологиялық және көркемдеу бағыттарымен байланыстырылды. Қыш ыдыстар декордың және ою-өрнектің динамикасын қадағалауға мүмкіндік береді: соғдылық элементтердің сабақтастығы (медальондардағы стильденген құстардың басы, кең ауқымды жануарлар бейнесі), рәсімдеудің исламдық өзіндік тәсілдерін (каллиграфия) әзірлеу және дамыту, жаңа сәндік принциптерін қосу («кілемдік ою-өрнек») түрік-ислам өнері үшін тән болды. Ислам этикетінің ықпалымен өзгерген суреттің үлкен шарттылығына ие болады, сондай-ақ, құсты бейнелеу үрдісі флоризация – өсімдік декорына айналады, онда құс бейнесінің орнына гүлдің қауызы немесе ширатылған гүлдің сабағы бейнеленеді. Көрмеде бұл кезең Ақтөбе қалашығының және Отырар алқабының материалдарымен ұсынылады.

Алтын орда кезеңіндегі (ХІІІ ғ. – XІV ғ. басы) материалдарда, кашинді қыш ыдыстарда қытай мәдениеті стиліндегі құстардың, жануарлар мен өсімдіктердің реалистік бейнелері кездеседі; сондай-ақ, колориті мен гаммасы ақшыл-көгілдір және қара-көк түске өзгереді. Экспозицияда бұл кезеңді Сарайшық қалашығының ыдыстары саябақтағы гүл шоқтары сюжеттерімен көрсетілген – лотос гүл шоқтары, балықтар, ұшқан үйректер көрінісі немесе пион гүлдері арасындағы феникстер және т.б.

Әмір Темір және Темір әулеті (XІV-XV ғғ. соңы) басқарған дәуір тұсында шыңылтырлы қыш ыдыстардағы сюжеттер жапырақты және гүлді ою-өрнек стилімен реалистік түрде түсіндіріледі. Қытай фарфор ыдысын көшіру және оған еліктеу әсіресе, осы кезеңге тән, аталмыш стильді безендіру және оны дамытуда өзіндік нақыштары енгізіледі. Ол өрнектеу декорының жергілікті дәстүріне және танымал ақшыл-көк гаммаға негізделген. Мысалы, табақтарда жұлдыз тәрізді розеткалар, бадам тәрізді медальондарды, ширатылған свастикалық нышандарды шеңберледі. Осы кезеңде Оңтүстік Қазақстан ескерткіштерінен табылған қыш ыдыстар және Қ.А. Йассауи кесенесін безендірген мөлдір түсті глазурмен шыңдалған, кобальттық өрнекпен өрнектелген архитектуралық декоры паш етіледі.

Оймаланып, қалыпталған қыш ыдыстардан Отырар алқабы (Х-ХІІІ ғғ.) ескерткіштерінен табылған өрнектелген ыдыстардың, үстелдердің (дастархандардың), ыдыс қақпақтарының көптеген фрагменттері көрсетіледі.

«Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалалар»: қыш бұйымдардағы ою-өрнек өнері      (ҚР МОМ қорларындағы қыш ыдыс материалдары негізінде) атты көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қыштан жасалған бұйымдары шыңылтыр жалатылған коллекциясына негізделген және        X-XVII ғғ. Қазақстан аумағындағы экономикалық және этномәдени үдерістерінің тарихи маңызын ашады.

Көрме музейдің І экспозициялық залында орналасқан және 2018 жылдың 1 қазанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source