ҚР Ұлттық орталық музейі 2026 ж. 19 тамызы сағат 16.00-де суретші Ақылбек Тампиевтің «Бабалар ізімен» атты жеке көрмесін ашады.
Ақылбек Тампиев – Қазақстанның заманауи кескіндеме өнерінің өкілі, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан Ұлттық дизайнерлер орталығының мүшесі, Ұлттық дизайн академиясының академигі, «Тұмар-арт» суретші-педагогтер қауымдастығының мүшесі. Қазақстанның көркемөнер өміріне белсене араласып, республикалық және халықаралық көрмелерге тұрақты түрде қатысады.
1983 жылы орта мектепті тәмамдаған соң, Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) көркемсурет-графика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ұзақ жылдар бойы дизайн саласында еңбек етіп, шығармашылық жолын кескіндеме өнерімен қатар алып келеді. Қазіргі уақытта Алматы қаласындағы «Айзере» жекеменшік өнер мектебінде сурет пәнінің оқытушысы қызметін атқарады.
А. Тампиев халықаралық, республикалық және қалалық көрмелердің белсенді қатысушысы. Сондай-ақ шығармашылық жобаларға тұрақты түрде қатысып келеді. Солардың қатарында «Ұрпақтар сабақтастығы» халықаралық мұғалімдер мен кәсіби суретшілер көрмесі, «Бабалар үні» көркем еңбек пәні оқытушыларының көрмесі, «Палитра мироздания» (2020–2022), Абай атындағы ҚазҰПУ-дың 95 жылдығына арналған «Суретші әлемі» жобасы (2023), Жамбыл облысының 85 жылдығына арналған көрме-байқау (2024), «Соприкосновение II» (2026) және басқа да жобалар бар.
Суретші ұлттық бейнелеу өнерін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін көптеген алғыс хаттармен және сертификаттармен марапатталған.
Ақылбек Тампиевтің шығармашылығы кескіндеменің академиялық мектебі мен табиғатты пленэрлік тұрғыдан сезінудің үйлесімді сабақтастығын көрсетеді. Суретшінің шығармашылығында басты орын алатын тақырыптар – пейзаж, ұлттық мәдениет пен дәстүр, сондай-ақ натюрморт жанры. Суретші реалистік өнер дәстүрлеріне зор құрметпен қарайды. Оның туындыларын жанрлық ерекшеліктеріне қарамастан біріктіретін ортақ сипат – әлемнің ішкі үйлесімін бейнелеуге деген ұмтылыс. Мәселен, «Кең дала әміршісі» туындысында А. Тампиев қазақ мәдениетінің басты нышандарының бірі саналатын салт атты адамның бейнесі арқылы еркіндік идеясын, рух күшін, батырлық пен ұлттық бірегейлікті аша түседі. Мұндағы шексіз дала көрінісі Қазақстан табиғатының ұлылығын танытып, адамның қоршаған ортамен ажырамас байланысын бейнелейді. Ал ұлан-ғайыр дала көрінісі Қазақстан табиғатының асқақтығын және адамның қоршаған ортамен ажырамас байланысын айшықтай түседі. Көрмеде автор қазақ этнографиясы тақырыбына арналған жанрлық композициялар топтамасын ұсынады.
«Кең дала әміршісі» атты ауқымды монументалды туындысымен салыстырғанда, «Анамның шайы» картинасында суретші натюрморт жанрының камерлік сипатына жүгініп, қарапайым отбасылық істердің әсемдігі мен шаңырақ жылуының құндылығын ашады. Қарапайым тұрмыстық заттар ана қамқорлығының, отбасы естелігінің және ұрпақтар сабақтастығының бейнесіне айналады. А.Тампиев үшін бұл – үйдегі қарапайым сәттер арқылы шынайы адамзаттық құндылықтар ашылатын ерекше шабыт көзі.
Ұсынылған туындылар сюжеттері мен жанрларының алуан түрлілігіне қарамастан, олар ортақ идеялық бағыт аясында тоғысады. Әрбір шығарма автордың тарих, табиғат, ұлттық дәстүрлер мен отбасылық құндылықтарды өзара сабақтастыра отырып жасаған тұтас көркем туындының бір бөлігіне айналады. Суретші өз туындылары арқылы ішкі дүниетанымын және уақыт, адамның қоршаған әлемдегі орны туралы философиялық толғаныстарын жеткізеді.
«Бабалар ізімен» экспозициясы өткенді заманауи көркемдік тұрғыдан пайымдайтын 55-ке жуық туындыны біріктіреді. Суретші қазақ даласының, адам бейнесінің, тұрмыс пен отбасылық құндылықтардың көрінісі арқылы ұрпақтар арасындағы рухани байланыстың сабақтастығын көрсетеді. Бабалар мұрасына деген құрмет ішкі рухани күштің, адамгершілік ұстанымдардың және ұлттық бірегейліктің қайнар көзі ретінде танылады.
Көрме 2026 жылдың 1 қыркүйегіне дейін жалғасады.
Мекенжайы: Самал-1, 44. Тел.: 264-46-50.