Билеттер
Мәзір
Билеттер

21.09.2026 ж. «Мыңжылдық Жібек жолы – Дунхуан адамзаттың мұрасы» атты халықаралық көрмесі

Қазақстан Республикасының Ұлттық орталық музейінде 21 қыркүйек күні сағат 15:00-де «Мыңжылдық Жібек жолы – Дунхуан адамзаттың мұрасы» атты халықаралық көрме ашылады. Көрме Қытай Халық Республикасының Ганьсу провинциясы, Дунхуанды зерттеу академиясының жобасы болып табылады.

 Мыңжылдық Жібек жолы – Дунхуан адамзаттың мұрасы» жобасы Қытай Халық Республикасының «Мәдениетті цифрландыру стратегиясы» және «Халықаралық коммуникациялар әлеуетін дамыту» мемлекеттік бағдарламаларының негізгі мақсаттары мен міндеттерімен тығыз байланысты.

Жоба Дунхуан мәдениеті арқылы көрініс тапқан қытайдың дәстүрлі мәдениетінің бай мұрасының халықаралық қауымдастыққа кеңінен таныстыруға, сондай-ақ оның әлемдік деңгейдегі танымалдылығын арттыруға бағытталған.

Көрме Дунхуанды зерттеу академиясы, Дунхуан қаласының Халық үкіметі және «Ганьсу провинциясының өнер көрсету өнері тобының» ұйымдастыруымен, сондай-ақ Ганьсу провинциясы ҚКП комитетінің Үгіт-насихат бөлімінің, Ганьсу провинциясы Халық үкіметінің Сыртқы істер жөніндегі кеңсесінің, Ганьсу провинциясының Мәдениет және туризм департаментінің және Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығының қолдауымен өткізіледі.

Дунхуан – Қытайдың солтүстік-батысындағы Ганьсу провинциясындағы аты аңызға айналған көне оазистік қала. Ежелден Қытайға кіретін қақпа қызметін атқарған және Ұлы Жібек жолының маңызды тораптарының бірі болған. Дунхуан сан алуан өркениеттердің тоғысып, өзара ықпалдасқан тарихи мекені ретінде ерекшеленеді. Бүгінде Дунхуан Қытайдың тарихи-мәдени және туристік тұрғыдан маңызды орталықтарының бірі. Қаланың басты көрікті жерлерінің бірі – мың жылдан астам тарихы бар, буддалық кескіндеме мен мүсін өнерінің әлемге әйгілі ескерткіші Могао үңгірлері. Б.з. IV–XIV ғасырларында қалыптасқан бұл үңгірлер кешенінде 735 үңгір, жалпы аумағы 45 мың шаршы метр болатын қабырға суреттері және 2 мыңнан астам бояулы мүсін сақталған. Сонымен қатар қолжазбалар үңгірінен 70 мыңнан астам тарихи құжаттар мен өнер туындылары табылған. Осынау бірегей тарихи-мәдени мұрасының арқасында Дунхуан Ұлы Жібек жолының жауһарларының біріне айналды.

Көрмеде Дунхуанның тарихи-мәдени мұрасын бейнелейтін фотоматериалдар ұсынылған.   Экспозиция Дунхуанды зерттеу академиясының Дунхуантану саласындағы ғылыми зерттеулерінің нәтижелері мен мәдени мұраға қатысты цифрлық ресурстар негізінде әзірленген. Көрме Ұлы Жібек жолының сауда-саттық пен мәдени алмасулардың дамуына ықпал еткен «өркениет артериясы» ретіндегі тарихи маңызын жүйелі түрде ашып көрсетеді.

Көрме экспозициясы төрт негізгі бөлімнен тұрады: Дунхуан үңгірлеріндегі тарихи ескерткіштер мен мәдени құндылықтарды тақырыптық тұрғыдан қайта жаңғырту; интерактивті цифрлық иммерсивті бағдарламалар; мультимедиялық бағдарламалар; интерактивті шығармашылық жобалар.

Мазмұндық тұрғыдан алғанда, көрме бірнеше тақырыптық бағытты қамтиды. Олардың қатарында: мүсіндер, қанатты апсаралар бейнеленген фрескалар, ежелгі Қытай әулеттерінің билеушілері мен қамқоршыларының бейнелері, сәулет өнері, халықтық салт-дәстүрлер және сәндік өрнектер бар. Фрескалардың жоғары сапалы репродукциялары мәдени жәдігерлердің қазіргі жай-күйін және мәдени мұра нысанының тарихи ерекшеліктерін барынша дәл жеткізеді. Бұл келушілерге көрмені тамашалап қана қоймай, Ганьсу өңіріндегі үңгір өнерінің бірегей ерекшелігі мен терең мәдени мұрасын жақыннан танып, оның қайталанбас құндылығын бағалауға мүмкіндік береді.

Көрмеде Янгуань мен Юймэнь асуы сияқты маңызды мәдени мұра нысандарына, сондай-ақ Могао, Майцзишань, Бинлинсы, Бэйшикусы, Юйлиньку, Сицяньфодун үңгір кешендері мен басқа да тарихи-мәдени ескерткіштердің цифрлық бейнелеріне ерекше назар аударылады. Бұл материалдар Ганьсу провинциясындағы үңгір өнерінің көркемдік ерекшелігі мен мәдени мазмұнын тереңірек танып-білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, көрмеде цифрлық және интеллектуалдық технологияларды дамыту саласындағы жетістіктерге, сондай-ақ мәдени мұраны заманауи форматта жаңғыртуға және оның мазмұнын өзектендіруге ерекше мән беріледі.

Көрме бағдарламасы аясында ұйымдастырушылар мен спикерлердің құттықтау сөздері, Дунхуантану саласының маманы, Дунхуанды зерттеу академиясының Мәдени жәдігерлерді цифрландыру жөніндегі зерттеу институты директорының орынбасары Дин Сяошэннің академиялық дәрісі, Ганьсу театр-концерт тобының өнер көрсетуі, Дунхуан мәдениетін зерделеуге арналған экскурсиялар мен білім беру бағдарламалары, сондай-ақ Дунхуанның тарихи-мәдени қаласы туралы таныстырылым ұсынылады.

Көрме 2026 жылғы 7 қазанға дейін жалғасады.

 

Мекенжай: Алматы қ., Самал-1. 44.

Анықтама телефоны: 264-46-50.