2015 жылдың 3-шілдесі күні сағат 15. 00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Н.Ә. Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Президенті» атты көрме ашылады.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихында және қазіргі заманғы музейлік тәжірибеде ұлы мемлекет қайраткерлеріне арналып өткізілген жеке көрмелер қатарының өсуі тұрақты үрдіс болып табылады. Н.Ә.Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Президенті» атты көрме Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Ұлт Көшбасшысының рөлін ашады.
Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. Экономика ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларусь Ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
1991 ж. Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейінгі алғашқы міндет тәуелсіз мемлекет құру болды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесі бойынша 98,7 пайыз дауыс жинап, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті болып сайланды.
2010 жылдың 14 маусымында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 298-ІV Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы күшіне енді.
Н.Ә. Назарбаев – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, "Нұр Отан" партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.
2015 ж. 26-сәуірде сайлаушылардың 97,7 % дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.
Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған. Мұнда оның мемлекеттік және саяси қызметін танытатын материалдар ұсынылған. Экспозицияда Президенттің басқа мемлекеттермен байланыс орнатудағы қызметін бейнелейтін суреттер айтарлықтай орынға ие. Экспозицияға Н.Ә. Назарбаевтың өмірі жайлы фотосуреттер, альбомдар, кітаптар қойылған. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік Орталық музейіне ҚР Президентінің Резиденциясы өткізген Елбасына шет мемлекет басшыларынан сыйға тартылған әртүрлі кәдесыйлар мен заттардан тұрады.