авто

Переключатель языков

Көрмелер жұмысы

ҚР МОМ көрме жұмысының негізгі бағыты музей қор коллекциясындағы және жеке жинақтарда дәріптелетін Қазақстанның түрлі салалардағы – ғылым, экономика, мәдениет және т.б. жетістіктерінің материалдық және рухани мәдениет заттарын экспозициялауға бағытталған.

Музейде өткізілетін көрмелер түрлері мынадай: мерейтойлық, мемориалдық, жеке тұлғаға арналған, халықаралық, тұсаукесер-көрмелер, фотокөрмелер, тарихи, көркемдік, көрме-жәрмеңкелер, балалар шығармашылығының көрмесі және т.б.

Музейдің шет елдердердегі көрмелері.

Музей ісі саласында халықаралық көрмелер, бірлескен зерттеулер мен мәдени-білім беру жобаларын ұйымдастыру мен өткізу бойынша бұрынан қалыптасқан халықаралық шығармашылық байланыстарды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыра отырып ҚР МОМ 20-ға тарта шетелдік көрмелер ұйымдастырды. Британдық музейімен (Лондон қ.), Мемлекеттік Эрмитаж (Санкт-Петербор қ.), Жапон ұлттық музейі (Токио), Корей ұлттық этнографиялық музейі (Сеул қ.), Ресей этнографиялық музейі (Мәскеу қ.), Пенсильван университетінің антропология музейі (АҚШ), Нью-Йорк университеті жанындағы Көне әлемді зерттеу институты (АҚШ), Гим атындағы Шығыс халықтарының музейі (Париж қ.), Тау-кен ісі музейі (Бохум қ.,Германия) және тағы басқа көптеген шетел мекемелерімен ынтымақтастық табысты дамуда.

Айтулы нәтижелер қатарында Германияның үш қаласында көрсетілген сақ қорымдарының қазбалары бойынша құрылған «Алтын гриф» бөлігі – ҚР МОМ қорларынан алынған Қазақстанның археологиялық алтындары болады. Көрме скиф обалары қазыналарының коллекцияларын иеленуші ресейлік және украиндық музейлермен бірлесе өткізілді. Алғашқы Берлиндік көрме орасан зор табысқа қол жеткізді, көрмені үш ай бойы 149 мыңнан астам адам  тамашалады. Аталмыш көрме Мюнхен, Гамбург қалаларында 2008 жылдың көктеміне дейін жалғасты. Сақ қорымдары мен көмбелерінің қазыналары Иорданияда (2009 ж.), Біріккен Араб Әмірліктерінде (2009 ж.) Кореяда (2010 ж.), Францияда (2010 ж.), АҚШ-та (2012 ж.), Германияда (2013 ж.) және басқа елдерде өткізілген көрмелерде де көрсетілді.

Қазақстан Республикасының орталық музейі «Гим атындағы шығыс халықтарының өнері» музейімен бірігіп жасаған «Қазақстан: адамзат, жануарлар әлемі және дала құдайлары» (Париж қ.) көрмелік жобасы – 2010 жылғы Қазақстан тарихындағы жарқын оқиғалардың бірі. Елбасы Н.Назарбаевтың алғашқы ресми сапарымен Франция қаласына келуіне орайластырылған көрме үлкен табысқа ие болды.

vystavka-new-yorkСонымен қатар, Қазақстан Республикасының орталық музейі 2012 жылы Нью-Йорк университеті жанындағы Көне әлемді зерттеу институтымен (АҚШ) ынтымақтаса отырып, «Көшпелілер және байланыстары: Қазақстанның ежелгі өнері мен мәдениеті» атты жаңа жобасын америкалық жұртшылыққа ұсынды. Бұл бірігіп жасалған көрме Нью-Йорк қаласында, сондай-ақ Вашингтон қаласындағы Смитсон институтының Фриера және Саклера галереяларында үлкен табысқа жетті. Көрмеге Президенттік Мәдениет орталығы мен Қазақстан Республикасының орталық музейінің қорларындағы археологиялық коллекциялар қойылды.

2013 жылы Орталық музейі Бохум қаласындағы (Германия) «Тау-кен ісі музейімен» бірлесе отырып, байырғы көшпелілердің бай мәдениеті мен тарихын көрсететін «Беймәлім Қазақстан - Археология Азия жүрегінде» атты Халықаралық көрме ұйымдастырды.          

Музейдің қор коллекциясынан жасалған көрмелері.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде өзінің экспозициялық көрмелік жұмысында еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаларға, айтулы даталарға және Қазақстанның белгілі қоғам және өнер қайраткерлерінің мерейтойларына, бейнелеу өнерінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленіп жүрген қылқалам шеберлерінің шығармашылығына арнап жылына 30-дан астам көрме ұйымдастырылып тұрады. Музей қорынан қандайда бір тұлғаға немесе оқиғаға қатысты ұйымдастырылатын әр түрлі топтағы: мерейтойлық (еске алу), мемориалдық, коллекциялық т.б. көрмелер өткізіліп тұрады. 2010-2014 жылдар аралығында 150-ден аса көрмелер өткізілді. Олар ғылыми және мәдени жұртшылықтың үлкен қызығушылығын тудырып, республикалық БАҚ-да кең қолдауға ие болды. Атап өтсек, олар: академик Қ.И. Сәтбаевтың туғанына 115 жыл толуына арналған «Қазақ жерінің ұлы ғалымы», ғалым, этнограф, музейдің алғашқы директоры Ә.М.Жиреншиннің туғанына 100 жыл толуына арналған «Ғалым ұстаз», Ш.Аймановтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақ киносының саңлағы», «ІІ Арғынбаев оқулары» Халықарарлық ғылыми конференция аясында ұйымдастырылған көрме және тағы басқалар.

Тақырыптық көрмелер: Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылуына 25 жыл толуына арналған «Жан жарасына айналған Ауғанстан», Чернобыль АЭС-дағы ядролық апатқа 28 жыл толуына орай өткізілген «Чернобыль жаңғырығы», ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған «Халық таңдаған Елбасы», 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына орай өткізілген «Желтоқсан - Тәуелсіздік жаңғырығы», Ауғанстанға Кеңес әскерінің кіргізілгеніне 35 жыл толуына арналған «Ауғанстан қасіреті: 35 жыл өткен соң» көрмелері.

Жеке коллекциялар көрмесі

Жеке тұлғалардың ұсынуымен және ұйымдастыруымен өткізілетін көрмелер: қазіргі заманғы мәдениет пен өнер қайраткерлерінің шығармашылығын көрсететін көрмелер (суретшілер, фотографтар. коллекционерлер және т.б.), Қазақстанның ғылым, экономика, әлеуметтік-мәдениет салаларындағы жетістіктерін ашып көрсететін тұсаукесер сипатындағы көрмелер және әлемнің түрлі елдерінің музей коллекцияларын таныстыратын музейаралық көрмелер.

Соңғы жылдары (2010-2013 жж.) ҚР МОМ суретшілер, фотографтар, қолөнершілермен, Қазақстан Республикасы дипломатиялық корпус өкілдерімен және ғылыми-зерттеу, шығармашылық ұйымдарымен бірлесіп, 88-ден аса жеке коллекциялардың көрмесін ұйымдастырып өткізді.

Жұртшылық тарапынан зор қолдауға ие болған көрмелер:

  • «Медиа Групп Соllection» ЖШС-мен бірігіп, 2011ж. Алматыдағы 7-ші Қысқы Азия ойындары аясында өткізілген «Қазақстан спортының даму тарихы» атты көрме. Көрменің ашылу салтанатында көрермендер Қазақстанның атақты спортшыларымен және көрменің спорттық экспозицияларымен танысты.
  • Гете-Институты және Алматыдағы Германия елшілігінің бірлесіп (2010 ж.) ұйымдастыруымен өткізілген неміс тілі мен мәдениетін меңгеруге арналған «Немісше сөйлеп үйренеміз» атты мультимедиялық интерактивті көрмесі.

2011 жылы суретші Цинь Байлань ҚХР елшілігімен бірігіп «Көне қытай сұлуларының бейнелері» атты көрме өткізді. Оның көрмелері әлемнің 50-ден аса елдерінде өткен. Көрмеге 5000-нан аса адамдар келді.

2012 жылы Алматы қаласының жеке галереяларымен «Наурыз нақыштары» атты көрмелік жоба, Петро Қазақстанмен бірлескен ҚР Тәуелсіздік күніне арналған «Күн сәулесімен жылынған жер», «Шығармашылық маусым» (2) және Орта – Азия қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкесі ұйымдастырылды (4).

 

Музейде неміс суретшісі, фотограф Бернд Луцтің «KazArtPop», итальяндық фотосуретші Андреа Пачинидің «Менің әлемге көзқарасым» фотокөрмелері, «Ғажайып Қытай» (Қытай елшілігімен), «Кимоно өнерінің шебері Итику Куботаның дүниеге көзқарасы» (Жапония), «Қасиетті құран апталығы» (Иран) атты және тағы басқа шетелдік көрмелер ұйымдастырылды.

- Итальяндық фотосуретші Андреа Пачинидің «Менің әлемге көзқарасым» көрмесі. Көрмеде өзі саяхаттаған Қазақстан, Орта Азия, Корея, Ресей, Италия және тағы басқа елдердің табиғатын бейнелейтін 60 фотосурет көрермен назарына ұсынылды.

- Музейде өткен неміс суретшісі, дизайнер, фотограф Бернд Луцтың КazARTPOP(образдылық, жарнамаға незізделген өнердегі жаңа бағыт) көрмесінде Қазақстанның ұлттық рәміздері, қазақ халқының батырлығы, сондай-ақ ою-өрнектер, ескерткіштер мен Алматы және Астана қалаларындағы көркемдік шығармашылық нысандары бейнеленген.

- «Қасиетті Құран апталығы» атты көрме. Қазақстан Республикасындағы Иран Ислам Республикасы елшілігінің Мәдени өкілдігімен бірлесіп ұйымдастырылды. Көрмеде 90-нан астам Мухаммад Пур және Мехди Туси (Тегеран қ.) ирандық суретші-каллиграфтардың мұсылман ою-өрнектерімен бейнеленген және әлем тілдеріне аударылған Қасиетті Құран аяттары айшықталған өнер туындылары көпшілікке таныстырылды.

 

  • 2014 жыл.

vystavki-isekatagamiҚазақстан Республикасындағы Жапония елшілігі және «Ичикава» Жапон үйімен бірлесіп, «исекатагами» өнері көрмесін және шетелдік музейлер қорынан құрылған «Хиросима және Нагасаки қасіреті» (Нагасаки қаласындағы Ұлттық Бейбітшілік мемориалды кешені қорынан), «Ариранг – Кореяның рухани мәйегі» (Корей ұлттық этнографиялық музейі қорынан) атты көрмелер 2014 жылы жұртшылық арасында зор серпіліс тудырған көрмелер болды.

- «ЖАПОН МӘДЕНИЕТІ ФЕСТИВАЛІ» және «ИСЕКАТАГАМИ» өнер туындыларының көрмесі. Жалпы саны 3500 адам тамашалаған көрмеде жапондық суретші Какумару сан шеберінің туындылары және алматылық шеберлердің туындыларынан тұратын 150-ден астам жұмыс көрермен назарына ұсынылды.

- Адамзат тарихындағы жантүршігерлік оқиға Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына атом бомбасы тасталғанына 69 жыл толуына орай ұйымдастырылған «ХИРОСИМА ЖӘНЕ НАГАСАКИ ҚАСІРЕТІ» атты көрме. Бұл көрме Нагасаки қаласындағы Ұлттық Бейбітшілік мемориалды кешені (KJC), Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Жапониядағы Қазақстан Республикасының Елшілігі, Қазақстан Республикасындағы Жапония Елшілігі және Қазақстан-Жапон адам ресурстарын дамыту Орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Көрмеде қонақтардың назарына айтулы қасіреттің қалдырған зардабы айқын көрсетілген фотостендтер (Хиросима және Нагасаки), атомдық бомбалау нәтижесінің көріністері бейнеленген бейнефильмдер (хроника, деректі фильмдер) ұсынылды. Көрменің ашылуында «Невада-Семей» Халықаралық ядролық жарылысқа қарсы қозғалыстың президенті О.Сүлейменов және М.О. Әуезов қорының төрағасы М.М. Әуезов сөз сөйледі.

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің мәдени-білім қызметінің дәстүрлі бағыты – Қазақстан мен Орталық Азия қолөнершілерінің көрме-жәрмеңкелерін ұйымдастыру болып табылады. ҚР МОМ 10 жылдан бері Орталық Азия елдерінің (Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан) 150 қолөнер шебері қатысатын көрме-жәрмеңкелерін жыл сайын өткізіп отырады. Сәндік-қолданбалы өнердің көрме-жәрмеңкелері музейге келушілердің қызығушылығын тудырып, Қазақстан ғана емес, шетелдердің де қолөнер бұйымдарын жоғары бағалаушылардың сұранысына ие болып отыр. Қолөнер бұйымдарының көрме-жәрмеңкесі қазақ халқының және Орталық Азия халықтарының мәдени-тарихи мұрасын қайта жаңғыртуға және дәріптеуге бағытталған.

- 2014 жылы музей «Алтын алма», «Шығыс базары», «Қызғалдақтар маусымы» және «Жібек жолы» атты ауқымды 4 көрме-жәрмеңкесін өткізді. Көрмеде шеберлер колөнердің әр саласы бойынша өздерінің қолдан жасалған бұйымдарының барлық түрін ұсынды. Олар: кесте, тоқыма, киіз, әшекей, қыш ыдыстар, теріден, жібектен, ағаштан т.б. жасалған бұйымдар. Бұл бұйымдар Орталық Азия халықтарының ұлттық бейнесі мен бай мәдениетін сипаттайды.

Музейде өткізілген Халықаралық көрмелер

Жыл сайын музейде мәдени байланыстарды дамыту және әлем халықтары мәдениетін дәріптеу, сондай-ақ алыс-жақын шетелдердің музейлері, ғылыми-зерттеу, білім және мәдениет мекемелерімен ғылыми байланыстар орнату мақсатында Халықаралық көрмелер ұйымдастырылып отырады. Соңғы жылдарда ұйымдастырылған мынадай Халықаралық көрмелерді ерекше атап айтуға болады: «Фаберже» зергерлік бұйымдары (Ресей, 2006 ж.), «Жапония қуыршақтары» (Жапония, 2009 ж.), «Қытай калейдоскобы – бүгінгі өмір картиналары» (Қытай, 2009 ж.), «Кимоно шебері Итику Куботаның дүниеге көзқарасы» (Жапония, 2013 ж.) және тағы да басқа көрмелер.

vystavki-arirang2014 жылдың айтулы оқиғаларының бірі Корея Республикасының Ұлттық этнографиялық музейімен бірлесіп ұйымдастырылған «Ариранг – Кореяның мәйегі» көрмесі болды (Сеул қ.). Көрмеде қонақтардың назарына 240-тан астам бірегей экспонаттар ұсынылды. Олар: кітаптар, альбомдар, журналдар, газеттер, дәстүрлі халық әндерінің жинақтары, ноталар, күйтабақтар, киімдер, тұрмыстық заттар, виртуалды заттар, бейне құралы, магнитофон және т.б. Экспонаттардың ішінде: «Ме Чон Ярок» кітабы (фотокөшірме, 1894 ж.), «The Korean Repositorу» алғашқы журналы (1899 ж.), бөкебай-кәдесый (1951 ж.), корей әндерінің альбомы (1923 ж.), ноталар, «Ариранг» әнінің мәтіндері (1931 ж.), «Ариранг» фильмінің жарнама проспектісі (1957 ж.), шахматтар, тісшұқығыш, «Ариранг» белгісі бар жермай үтігі (1960-1970 жж.) және тағы басқалар. «Ариранг – Кореяның мәйегі» Халықаралық көрмесі қонақтарға корей халқының өткен өмірі, ақындық рухы, мәдениеті және өнерімен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді. Корея музейі қорынан алынған кітаптар, альбомдар, журналдар, газеттер, дәстүрлі халық әндері жинағы, ноталар, күйтабақтар, киім, тұрмыстық заттар, виртуалды заттар, бейнеқұрал, магнитофон және т.б. Қазақстан көрмесінде алғаш рет ұсынылып отыр. Көрмеде музейлік мәні бар барлығы 251 сақтам бірлік зат қойылған.

Сондай-ақ, ҚР МОМ Алматы қаласында өткізілген Қазақстан Республикасындағы Түркіменстан Мәдениет күндері аясында Түркіменстанның музейлік құндылықтары мен сәндік-қолданбалы өнердің көркем туындылары көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Түркіменстан музейі қорынан алынған музейлік мәні бар 135 сақтам бірлік ұсынылды.

Соңғы көрмелер:

 


2016 жылы өткен көрмелер

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source