авто

Переключатель языков

Мәдени-білім жобалары

Музейдің мәдени-білім қызметіндегі маңызды жобалық технологиялардың бірі. Музей жобалық жұмыстар арқылы жұртшылыққа еліміздің тарихи-мәдени мұраларын дәріптеуге бағытталған жаңа мәдени және ғылыми-білім жобаларын ұсынады.

«МУЗЕЙ ТҮНІ» мәдени-білім жобасы

Музейлік мереке болып табылатын «Музей түні» жобасы қазіргі заманғы халықаралық музей тәжірибесінде кеңінен таралған. 1978 жылдан бастап барлық елдердің музей қызметкерлері 18 мамыр күні өздерінің кәсіби мерекесі «Халықаралық музейлер күнін» атап өтеді. Мереке ресми түрде 1977 жылы Мәскеу қаласындағы Халықаралық музейлер кеңесінің ХІ Бас конференциясында бекітілді. Бірінші болып түнгі мезгілде Германия музейлері келушілерге өз есіктерін ашты (1997 ж.). Ресейде мұндай шара 2002 жылы Красноярск музей орталығының 15 жылдық мерейтойына арналып Красноярск қаласында өтті. 2005 жылы француздар «Музей түні» халықаралық музей акциясын жыл сайын өткізіп тұру туралы өз пікірлерін ұсынды. Осы жылы Еуропа Кеңесі аталған ұсынысты бекітті. Акция Халықаралық музейлер кеңесінің (ICOM) қамқорлығымен өтеді. 2006 жылы әлемнің 38 елінің 2 мыңнан астам музейлері «Музей түні» жобасының қатысушылары болды. 2006 жылы «Музей түні» халықаралық акциясына Қазақстан елі де қосылды. Қазақстандағы «Музей түні» мерекелік шарасын алғашқылардың бірі болып ҚР Мемлекеттік орталық музейі ұйымдастырды (жоба жетекшісі Нұрсан Әлімбай).

«Музей түні» жобасының негізгі мақсаты – еліміздің ең басты мәдени-білім нысандарының бірі және белсенді әлеуметтік-мәдени мекемесі ретінде музейге жұртшылықтың назарын аударту, тарихи-мәдени мұраларға арналған бірегей шаралар мен бағдарламаларды ұйымдастыру арқылы музейдің беделін арттыру.

«Музей түні» жобасының міндеттері: 1. Еліміздің мәдени-тарихи мұрасын көпшілікке тарату мақсатында жаңа экспозициялар құру. 2. Келушілермен инновациялық жұмыс түрін енгізу арқылы музейге келушілердің санын арттыру және білім беру, мәдени-көпшілік бағдарламаларын ұйымдастыру. 3. Музейге әлеуметтік және жас ерекшелігіне қарай түрлі топтарды тарту. 4. Балалар алаңын құру және балаларға арналған оқу бағдарламаларын ұйымдастыру (интерактивті және шеберлік сабақтары). 5. Жастарды мәдениет пен өнерге баулу. 6. Әлеуметтік сауалнамалар мен жарнамалық науқан жүргізу.

«Музей түні» мәдени-білім жобасы аясында келушілерге экскурсиялар жүргізіліп, тақырыптық кештер, концерттер мен көрмелер ұйымдастырылатын музейдің мәдени-білім қызметінің кешенді түрі. Мерекелік шара өткізілетін күні музейде – шеберлік сабақтары, тарихи, танымдық квестер, театрландырылған шоу бағдарламалар мен суретші, қолөнершілердің қатысуымен арт-көрмелер, кинокөрсетілімдер, концерт және балалар мен жастарға арналған арнайы акциялар ұйымдастырылады.

«Музей түні» - бұл қаламыздағы ірі оқиғалардың, музейдің ауыз толтырарлық мәдени дәстүрлерінің бірі. Ол жастардың шығармашылығын дамытуға, қаламыздың мәдени ортасын құруға үлкен септігін тигізеді. Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін аталмыш шара музей әлемімен танысуға, музей коллекциялары мен экспозициясын көруге, мәдени бағдарламаларға қатысуға және көңілді демалып қайтуға зор мүмкіндік береді.

project-night-museum1 project-night-museum2

Жыл сайын жобаның тақырыбы мен құрылымы өзгеріп тұрады – келушілердің жас ерекшеліктері мен әлеуметтік категорияларына қарай іс-шараның бағдарламасы кеңейіп, жаңа қатысушылар, серіктестер мен демеушілер тартылады, жаңа идеялар мен шығармашылық жобалар жүзеге асырылады.

Жыл сайын келушілер, қатысушылар мен жоба серіктестерінің саны артып келеді. Соңғы жылдардағы келушілер саны 8000-нан астам адамды (студенттер, қатысушылар, ересек келушілер, туристер) құрады.

«НАУРЫЗ НАҚЫШТАРЫ» мәдени-білім жобасы

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі жыл сайын көктем мерекесі – «Наурыз мейрамы» қарсаңында «Наурыз нақыштары» атты мәдени-білім жобасын жүзеге асырады. Шара дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады және Қазақстан халқының мәдени дәстүр тұтастығының символына айналып отыр.

Мерекелік шара аясында музей қызметкерлері түрлі бағдарламалар: викториналар, тақырыптық байқаулар, «Армысың, әз-Наурыз», «Апамның сандығындағы заттардың құпиясы», «Қазақ ертегілері әлеміне» тақырыптарында қазақ этнографиясы залы бойынша балалар мен ересектерге арналған интерактивті сабақтар, музейдің экспозициялық залдары бойынша экскурсиялар, қазақтың ұлттық киім үлгілері мен музыкалық ұжымдар, ансамбльдердің қатысуымен концерттер және т.б. ұйымдастырады

project-kraski-nauryz1 project-kraski-nauryz2

Сан ғасырдан бері жалғасын тауып келе жатқан Наурыз мерекесінде халық құшақ жая қауышып, бір-бірімен көрісіп, қыдырып, «Қыз қуу», «Айқыш-ұйқыш», «Аударыспақ», «Тоғызқұмалақ» секілді халық ойындарын ойнап, ат үстінде «Бәйге», «Жорға жарыс», «Көкпар» жарыстырып, өлең айтып, ән шырқап, күй тартып, би билеп көңілді өткізетін болған. Дәстүр жалғастығын қолдаған музей қызметкерлері де бұл мереке күні дәстүрлі ойын, ұлттық спорт түрлерінен, дәстүрлі қолөнер түрлерінен шеберлік сабақтарын өткізіп, «Тұсау кесу», «Бесікке салу», «Бет ашар», «Сыңсу айту» секілді салт-дәстүрлерімізден көріністер дайындайды.

Шара аясында Қазақстанның қазіргі заманғы суретшілерінің бейнелеу және қолданбалы өнер туындыларының көрмесін өткізеді. Оған қазақстандық суретшілердің қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен тұрмысын бейнелейтін кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы жұмыстары ұсынылады. Жыл сайын мерекелік шараға 300-ден астам қатысады, оның 200-ге жуығы Алматы қаласының мектеп оқушылары, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері.

«ОТБАСЫМЕН МУЗЕЙГЕ!» ФЕСТИВАЛІ – мәдени-білім жобасы

«Отбасымен музейге» мәдени-білім жобасы – отбасы құндылықтарын сақтау, өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғысында тәрбиелеуге бағытталған, музейге отбасылық келушілер санын арттыруды мақсат ететін музейдің дәстүрлі шараларының бірі.

project-vsei-semiey1Отбасы күні – ҚР Президентінің 2013 жылдың 1 наурызында №511 Жарлығымен бекітілген жаңа мереке. Мереке ең бастысы неке және отбасы институтына қолдау көрсету, қоғамда адамгершілік қасиетті нығайтуға бағытталған. Отбасы мерекесін атап өтудің астарында салауатты өмір салтын дәріптеу, баланың тұлғалық қасиеттерін дамыту, бала бойында отбасы құндылықтарын қалыптастыру, ұлтаралық келісім мен толеранттылықты және басқа да қоғам мен мемлекеттің үйлесімді дамуына қажетті басымдықтарды нығайту жатыр.

Елбасымыз атап өткендей: «Біздің қоғамда отбасы әрқашанда рухани және мәдени дәстүрлердің сақтаушысы, түрлі буындар арасын жалғастырушы болды және солай болып қала бермек»/ «Отанға деген сүйіспеншілік отбасынан басталады. Туған шаңырақтан алған тәрбие – бұл барша халқымыздың бақуатты да табысты болашағының кепілі».

Музей өскелең ұрпақтың бойына жалпы адамзаттық құндылықтарды сіңіртіп,патриоттық, адамгершілік рухта тәрбиелейтін, Қазақстан халқының мәдени дәстүрлерімен таныстыратын мемлекеттің мәдени саясатының ерекше идеологиялық ғылыми-білім беру институты. Отбасылық құндылықтарды, көпбалалықты насихаттау - бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі. «Отбасымен Музейге!» фестивалі жұртшылықтың ел тарихын, музейді, оның бай коллекциялары мен экспозицияларын білуге қызығушылықтарын тудырып, шеберлікті дамытып, тәжірибе алмасуға, әртүрлі жастағы және түрлі категориядағы адамдардың қарым-қатынас жасасуларына мүмкіндік береді. «Отбасымен музейге» фестивалінің мақсаты – Музей мәртебесін көтеру, тарихи және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, өскелең ұрпақты патриоттық, адамгершілік рухта тәрбиелеу, сонымен қатар музейге келушілер: балалар, ересектер (ата-аналар), қарттар қатарын арттыру.

Фестиваль міндеті:

Жұртшылықтың назарын музей мен отбасы институтына аударту;

Еліміздің тарихи-мәдени мұраларымен таныстыру;

Өз елінің, өз отбасының салт-дәстүрлері мен тарихына құрметпен қарауға баулу;

Адамгершілік-патриоттық сезімдерді қалыптастыру;

Жас отбасыларында психологиялық саулықты қалыптастыру,

Отбасының әлеуетті мүмкіншіліктері мен шығармашылық қабілеттерін ашу;

Отбасылық тәрбиеде ұлттық дәстүрді жаңғырту.

ЖОБА СИПАТТАМАСЫ

project-vsei-semiey2ҚР МОМ «Отбасымен музейге!» мәдени-білім беру жобасы келушілер (қазақстандық отбасылар) мен музей, музей оқытушылары, экспозицияларымен өзара байланыс орнатуға бағытталған жаңа жоба. Жоба түрлі жастағы келушілерді, ата-аналар мен балаларды музей әлемімен, ежелгі заманнан қазіргі күнге дейінгі Қазақстан тарихынан мағлұмат беретін коллекциялармен, дәстүрлі қазақ мәдениетімен, балаларды оқыту мен тәрбиелеудегі заманауи бағыттар мен әдістер, шығармашылық пен қолөнердің сан түрімен таныстыратын мәдени-білім беру және танымдық-тақырыптық бағдарламалар кешенінен тұрады.

Барлық отбасы мүшелеріне арналған қызықты оқиғалар, жұмбақтар, басқатырғылар, квестер, викториналар, шеберлік-сабақтары, экскурсиялар шараға қатысушылар мен музей қызметкері, музейлік заттар арасында шынайы қарым-қатынас құрып, ойын түріндегі танымдық тарихи квестер мен викториналарға қатысу арқылы терең білім алуға мүмкіндік береді. Әр отбасы өз отбасының ғана емес, бүкіл ел тарихы project-vsei-semiey3жөнінде білімін көрсететін түрлі байқауларға қатысады. Бұның бәрі – музей оқытушысы, ата-ана және балалар қатысатын, музей экспозициясы негізінде өтетін отбасылық саяхат. Білім беру бағдарламаларымен қатар музейде отбасыларға арналған шығармашылық интерактивті аймақтар бар. Мұнда отбасылар суретшілермен және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерімен түрлі заттар жасайды: ашықхат немесе зергерлік бұйым, панно және т.б. фестиваль қатысушылары – оқу орындары, суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, балаларға арналған білім беру орталықтары, изостудиялар, шығармашылық және музыкалық ұжымдар және т.б.

Аталмыш жоба аясында музейде алғаш рет «Қазақстан тарихы бойынша лабиринт» атты отбасылық экспедиция ПАСПОРТЫ жасалды. Ол арқылы отбасылар музейдің экспозициялық залдарын өз беттерінше тамашалай алады. Нәтижесінде акцияға қатысушылар арасында жеңімпаздар анықталып, жыл соңына дейін музейге тегін кіруге мұрсат беретін сертификаттар табысталды.

«Отбасылық жәдігерлер – Музейге сыйға» дәстүрлі акциясы музей қорын музейлік мәні бар заттармен толықтыру мақсатында ұйымдастырылып тұрады.

project-priem-darov-muzeyu

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source