авто

Переключатель языков

«Ашық қор» залы. Қазақстанның археологиялық алтыны.

Қазақстан музей ісінің тарихында алғаш рет ҚР Мемлекеттік орталық музейінде, музей директоры Нұрсан Әлімбайдың бастамасымен және тікелей араласуымен, музейдің мәдени-білім беру және ғылыми-зерттеу қызметінің жаңа түрі ретінде «Ашық қор» экспозициялық кешені ұйымдастырылды. Осы игі істің нәтижесінде келушілерге қор коллекцияларының бұрын соңды белгісіз болған қазыналарын көру мүмкіндігі туды. «Ашық қор» экспозициясы тақырыптық негізде құрылған және жаңа коллекциялық материалдарды көрсету арқылы мерзімді түрде жаңарып тұрады. Экспозициядағы жетекші орындарды ерте көшпелілер кезеңі мәдениетін көрсететін Жалаулы, Покровка, Қарғалы қазыналары иеленген.

«Ашық қор» Жалаулы қоймасы. Б.з.д VIII – VII ғғ. Скиф-сібір «аң» стиліндегі жасалған бұйымдардың ішінде ерекше назарды пектораль- жарты ай тәрізді тамақша аударады.   Б.з.д VIII – VII ғғ. Жетісу жерін мекендеген сақтардың зергерлік өнерінің ғажайып үлгісі болып табылатын Жалаулы әшекейлері қиял ұшқырлығымен, түр айқындығымен, жоғары талғамымен ерекшеленеді. Тамақшаның іші тау текенің мүсіндерінің композициясымен толтырылған. Мүсіндерде көгілдір ақық қойылған қуыстар бар, тау текелердің арасындағы бос орын дәнекерлерленген түйір шарлармен толтырылған. Сондай-ақ, қомдана шауып бара жатқан арқарлардың бейнесі бейнеленіп, көгілдір ақықпен безендірілген, олардың арасындағы көптеген ұсақ түйіршіктермен толтырылған бадам дәні түріндегі қапсырмалары да қызғылықты болып берілген.

Шілікті қорғанының қазынасы. Б.з.д. VII –VI ғғ. Зайсан ауданындағы Шілікті биік таулы жазығында б.з.д VIII-III ғғ. Шығыс Қазақстан облысында мекендеген сақтардың «патша обалары» шоғырланған. Сақтардың көне өнерінің озық үлгісі болып саналатын Шілікті алтыны қиял ұшқырлығымен, айқындығымен және биік талғамымен таңдандырады. Жерлеу орнынан 4263 алтын әшекей табылған, олар жоғары сынамалы (90-95 %) сап алтыннан құйма, соқпа, дәнекерлеу, қақтау тәсілдерімен жасалып перузамен безендірілген. Обадан табылған қапсырмалар арасынан скиф-сібір «аң» стилінде дайындалған әшекейлер: грифонның, арқардың, таутекенің және бұғының мүсіндері айрықша ерекшеленеді.

Тарасу алтыны. Б.з.д. VII - VI ғғ. Шығыс Қазақстан облысының Қатон-Қарағай ауданының Тарасу обасынан табылған (1998 ж). Қабірден табылған барлық заттар: жыртқыш аңның құйма мүсіншесі, түйіршікті сырғалар, ілгекті сырғалар, түймелер толықтай музей қорына өткізілген. Қазіргі зерттеушілер Таулы Алтай (Берел, Тарасу, Пазырық, Ақ-Алаха) қорғандарынан табылған заттарды антикалық дереккөздерден белгілі «алтындарды күзеткен грифтер» атты тайпалармен байланыстырады.

«Ашық қор» Екінші Покровка қорғанының алтыны. Б.з.д. V ғ. Екінші Покровка қорғанынан табылған әшекейлер ежелгі савроматтардың зергерлік өнерінің тамаша үлгісі болып табылады.

Бай әйел жерленген орыннан отызға жуық алтын әшекейлер табылған, олардың ішінен скиф-сібірлік «аң» стилінде жасалған бұйымдар   ерекшеленеді. Әсіресе екі архардың басы бейнеленген төрт ірі белге тағатын, сопақша қапсырмалардың және жолбарыстың басы іспетті қапсырмалардың, қасқырдың басы бейнеленген салпыншақтардың алар орны ерекше. Жергілікті шеберлердің бұйымдарымен қатар обадан сырттан әкелінген заттар да табылды, олардың ішінде қалыптастан ойылған алтын қалпақшалы ахеменидтік мөр ерекше ден қоярлық зат.

Шірікрабад (IV – б.з. бірінші ғғ.) және Қылышжар зиратынан (б.з.д. III-I ғғ.) табылған алтын - Қызылорда облысы аумағындағы Жаңадария өзенінің оң жағасында орналасқан. Шірікрабад кешенінен тапқан дүниелер Арал өңірі сақтарының зергерлік өнерінің үлгісі деуге болады. Жерлеу орнынан барлығы 400-ден астам алтын бұйым табылды. Бұлар қалыптау, шыңдау, кесу, ширатпа тәсілдерімен жасалған киім әшекейлері.

Қарғалы көмбесі. Б.з.д. II - I ғғ. 1939 жылы Алматы қаласының батысындағы Қарғалы шатқалындағы жартас астынан әйел қабірі және 300-ден астам алтын әшекей табылған. Б.з. д II-I ғғ. «аң» стилінен кейін қалыптасқан безендіру стиліндегі қарғалылық әшекейлер ежелгі үйсіндердің зергерлік өнерінің шыңы деуге болады.

Экспозициядағы диадаема – ғұрыптық баскиімнің әшекейі, қос өркешті түйенің мүсінін перуза көзшелермен безендіріп жасаған екі сақина, адамға қарсы атылған қабан бейнеленіп, перуза, ақық, яшма тастардан көз қондырылған сырға және т.б. бірегей заттардың қатарынан тұрады.

Экспозицияда, сондай-ақ, шығыс шеберлерінің зергерлік әшекейлерінің коллекциясы – нефрит сапты дамаскілік   болаттан жасалған қанжар, сыналарында парсы және араб тілдерінде жазбалар түсірілген жазулары бар алмас және лағылдан безендірілген, алтын мен ақ алтыннан   жасалған қынап, үш қырлы кішкентай қанжар, қазақ ақсүйек зиялыларының көгілдір ақық және ақықтан безендірілген, күміс пен алтыннан жасалған ат әбзелдерінің үлгілері қойылған.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source