авто

Переключатель языков

Ғылыми және ғылыми-қор бөлімдері

Музей өзінің негізгі құрылымы, бағыты мен атрибуты қызметі жағынан ғылыми-зерттеу орталығы іспетті. Өйткені музей тарих, археология, антропология, этнография, деректану, археография салалары бойынша тұрақты түрде белсенді ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуда. Сонымен қатар ғылыми-қор мен қайта қалпына келтіру, мәдени-білім және экспозициялық көрме жұмыстарын да үздіксіз жүргізуде.

Музейдің ұйымдық құрылымында қазіргі кезде ғылыми-зерттеу жұмыстарымен шұғылданатын төрт ғылыми орталық және екі қор бөлімшелері қызмет атқарады:

  • Антропология және этнология орталығы;
  • Археология орталығы;
  • Музейлік деректану және қолжазба орталығы;
  • Қазақстан тарихын зерттеу орталығы;
  • Қор сақтау тобы;
  • Қорды есепке алу тобы.

ҚР МОМ-нің ғылыми-зерттеу жұмыстарының ең басты ерекшелігі – музейлік тәжірибенің және ғылыми-зерделеу жұмыстарының деректанулық тұрғыдан өзара үйлесім табуы. Музейдің ғылыми-зерттеу саласы бойынша ғылыми орталықтар мен қор бөлімдерінде қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Ғылыми атрибуция мен каталогтаудың негізгі объектісі – музейдің тарих және этнография, археология, нумизматика, геральдика, сфрагистика, бонистика салалары бойынша жинаған коллекциялары, сондай-ақ ауқымды мемориалды кешендер мен басқа да коллекциялар болып табылады.

Музейдің ғылыми-зерттеу жұмысының мақсаты: тарихи және мәдени ескерткіштердің ғылыми-қолданбалы теориялық-методологиялық мәселелерін жіті қарастырып, оларды типологиялық және этномәдени атрибуциялау; ғылыми-жинақтау, ғылыми-сақтау, қалпына келтіру және басқа да зерттеу жұмыстарының қорытындысын жариялау; музей ісі бойынша халықаралық және ведомоствоаралық ғылыми және мәдени ынтымақтастықты жүзеге асыру (әрі нығайта түсу); ғылыми іссапарлар мен археологиялық, антропологиялық, этнографиялық экспедицияларды ұйымдастыру; пән бағыттары, сондай-ақ түрлі музеологиялық ғылыми бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп, ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттер жариялау.

ҚР МОМ-нің ғылыми-зерттеу жұмыстары жинақтап сақтау үрдісін ғылыми-әдістемелік тұрғыдан негіздей отырып, музейлік бұйымдарды жүйелі түрде топтау, оларды зерттеу мен насихаттау негізінде тарихи-мәдени ақпараттың ұрпақаралық жалғастылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Осы тұрғыда ҚР МОМ қорының коллекцияларын тарихи-мәдени дереккөзі ретінде зерттеу ғылыми-практикалық қызығушылықты туғызады, өйткені қазіргі кезеңдегі тарих ғылымында бұрынғы кезеңдердегі теориялық және әдістемелік ұстанымдарды басқаша қарастыру үрдісі жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы орайда ҚР МОМ қорындағы көптеген кең ауқымдағы материалдық және жазбаша деректерге негізделген өзіндік зерттеу жұмыстарын қалыптастыру – отандық тарихтың әрқилы кезеңдеріне қатысты мәліметтерді жаңаша қарастырып, оған жаңа түсініктеме жасауға мүмкіндік береді.

Музейлік ғылыми базаны күшейтудің бірден-бір жолы археологиялық, этнографиялық, археографиялық т.б. зерттеу жұмыстары бойынша ғылыми экспедициялар мен іс-сапарлар ұйымдастыруда жатыр. Өйткені аталмыш шаралар музей ісіндегі ғылыми қызметкерлердің кәсібилігі мен біліктілігін жетілдіретіні сөзсіз.

Сарқылмас эвристикалық мүмкіндігі бар, өте бай қор коллекцияларының арқасында Музей жыл сайын іргелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қарқынды жүргізіп келеді.

ҚР МОМ әлеуетті түрде ғылыми жұмыстарды жүргізудің нәтижесінде 2005-2014 жылдары аралығында Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты ірі көлемдегі 19 ғылыми-қолданбалы жоба орындады. Оның ішінде 15 жобаны Ұлттық Стратегиялық «Мәдени мұра» жобасы аясында атқарды.

Ғылыми орталықтардың негізгі қызметі төмендегідей бағыттардан тұрады:

- ғылыми қор жұмысы (қорды толықтыру мақсатында материалдарды іріктеу, оларды өңдеу, фотоға түсіру, сипаттамасын жазу, есепке алу және түгендеу, ғылыми атрибуциясын жасау, паспорт жазу және каталогтау);

- ғылыми-зерттеу жұмыстары (көрмелерге және экспозицияларға ғылыми тұжырымдамасын жазу, музей қорындағы, кітапханадағы, архивтегі тақырыпқа қатысты материалдарды табу және зерттеу, оларды осы зерттеудің нәтижесінде музейлік тәжірибиеге қолдану, материалдар іздеу және жинау, әр тақырыптағы құжаттардың базасын қалыптастыру, коллекциялардың каталогын дайындау және жарыққа шығару, монографиялар дайындау, ғылыми мақалалар жазу, экспедициялар және ғылыми іссапарлар ұйымдастыру, ғылыми-әдістемелік жұмыстар жүргізу);

- мәдени-білім және көрме-экспозиция жұмыстары (тарихты, материалдық мәдениетті, археологияны, этнографияны, Қазақстан сәулеттік ескерткіштерін дәріптейтін көрмелер және экспозициялар жасау, түрлі тақырыптағы мәдени-білім беру шараларын өткізу және дәрістер оқу).

Археология орталығы

Археология орталығы – музейдің құрылымдық бөлімі болып саналатын бес ғылыми орталықтың бірі. Орталық «Ашық қор» және «Қазақстан археологиясы» экспозициялық залдарымен тақырыптық және құрылымдық жұмыстарды үйлесімді атқарады. Орталықта 8 қызметкер жұмыс істейді.

Негізгі мақсаты: музейлік археологияның ғылыми әлеуетін арттыру, Қазақстанның ежелгі тұрғындарының материалдық және рухани мәдениетін, музейдің археологиялық коллекциясы тұрғысынан зерттеу болып табылады.

Музей үшін соңғы жылдардың маңызды табыстарының бірі, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге лицензия алуы. Лицензия, музейдің өзіндік археологиялық зерттеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп, сонымен қатар өзінің археологиялық қорын толықтырып отырады.

Соңғы жылдары Музей Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан және Ордабасы аудандарына археологиялық экспедиция ұйымдастырды (Қаратау және Күлтөбе топтары) («Экспедициялар» тарауын қараңыз).

Археология орталығының қызметкерлері 2011 жылы көлемі 40 б.т. болатын «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің археологиялық коллекциясы: Сақтар мен Үйсіндер мәдениеті» атты ғылыми каталог дайындап шығарды.

 

Антропология және этнология орталығы

Орталық 2000 жылы этнология бөлімі болып бұрынғы Қазан төңкерісіне дейінгі тарих бөлімі негізінде құрылды. 2004-2006 жылдар аралығында бөлім құрамында қазақ этнографиясы және Қазақстанда тұратын халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеумен айналысатын диаспорология секторы деген екі құрылым жұмыс істеді. 2007 жылы бөлім этнология орталығы, ал 2008 жылдан бастап антропология зертханасымен біріктіріліп, антропология және этнология орталығы деп аталды.

Орталықтың мақсаты – музейдің қор коллекциялары негізінде этнографиялық және антропологиялық зерттеулер жүргізу.

Орталықтың негізгі міндеттерінің бірі – музей қорларын қазақтар және Қазақстанда тұратын диаспоралардың тарихы, мәдениеті мен тұрмысына қатысты музейлік заттармен, палеоантропологиялық материалдармен ұдайы толықтыру. Орталықтың қызмет аясы:

– қордағы ғылыми жұмыстар

– экспозиция, көрме жұмыстары

– мәдени-білім беру және әдістемелік жұмыстар

– ғылыми-зерттеу жұмыстары

Антропология және этнология орталығы тарихи-мәдени зерттеулер негізінде жүйелі түрде түрлі ғылыми тақырыптар мен бағыттарда кешенді зерттеулер жүргізеді. ХІХ ғ. – ХХІ ғ. басындағы дәстүрлі қазақ мәдениеті - этнологиялық зерттеулердің негізін құрайтын күрделі тақырыптардың бірі. Онда музей коллекциясындағы тіршілікқамы жүйесінің түрлі құрамдары мен рухани мәдениет саласына қатысты бұйымдарды зерттеу қарастырылған: шаруашылық, қолөнер, заттық мәдениет құрамдары, қару-жарақ, халықтық білім мен дүниетаным, наным-сенім, рухани мәдениет және т.б. Зерттеу тақырыбына қатысты материалдарды анықтау мен жинақтау жұмыстары – ғылыми-археографиялық іссапарлар, этнографиялық экспедициялар Қазақстан аумағында және одан тысқары жерлерде де жүргізіледі.

Орталықта этнографиялық мақала жазу, музей заттары мен сақтам бірліктерін атрибуттауда пайдаланылатын қазақ этнографиясына қатысты алғашқы деректік материалдарды зерттеу жұмыстары атқарылады. Бұл қордағы заттарды зерттеу негізінде ғылыми паспорттау, атрибуттаумен қатар олардың толық ғылыми сипаттамалары да жасалады.

Орталықта атқарылатын антропологиялық зерттеулердің бірі – «Қазақстан тұрғындарының этно-одонтологиялық аспектісі» (қола дәуірінен қазіргі кезеңге дейін) аясында одонтологиялық материалдарды алғашқы лабораториялық өңдеу, аталған материал бойынша статистикалық сараптама жасалады. Осы зерттеулер негізінде салыстырмалы сызба (кесте), дендограммалар, гистограммалар мен полигондар сызылады. Сондай-ақ тазалау, қалпына келтіру, тістерді жіктеу, барлық зерттелген материалдар бойынша статистикалық сараптама жүргізіледі.

Орталық этнографиялық бағыттағы іс-қызметін тек қана қазақтың дәстүрлі мұраларын зерттеумен ғана шектелмей, Қазақстанда тұратын өзге де ұлт өкілдері мен диаспоралардың тарихы мен мәдениетін зерттеумен де кешенді түрде айналысатын республикамыздағы бірден-бір ғылыми мекеме. Ондай жұмыстардың бір нәтижесі ретінде музейдің № 3 залында жабдықталған «Қазақстан диаспорасы» атты тұрақты экспозицияны айтуға болады.

Соңғы он жыл ішінде, 2005 жылдан бері, орталық қызметкерлері Қазақстан Республикасынының «Мәдени мұра» Мемлекеттік стратегиялық бағдарламасы аясында «Ресей этнографиялық музейі қорындағы қазақтың дәстүрлі мәдениетіне қатысты этнографиялық коллекция» Ғылыми каталог (ғылыми-қолданбалы зерттеу) тақырыбында ғылыми-зерттеу жұмысын жүзеге асыруда. РЭМ (РФ) қор коллекцияларын жүйелеу және атрибуттау бойынша ғылыми-зерттеу жұмысы орындалды. Ғылыми жоба аясында ғылыми жүйеленген зерттеу пәні Ресей Этнография музейінің қорында сақталған қазақ тарихы, мәдениеті және тұрмысы бойынша дәстүрлі мәдениет үлгілерінің бірегей жиынтығы болып табылады. Коллекцияның хронологиясы ХІХ-ХХ ғғ. аралығындағы кезеңді қамтиды.

Орталықта атқарылған іргелі еңбектің бірі ретінде 2010-2014 жылдар аралығында жарық көрген, әрқайсысының көлемі 85 б/т. болатын бес томдық «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедияны атауға болады. Онда алфавиттік рет бойынша «А» мен «Я» әріптерін қамтыған 10 мыңға жуық мақала (иллюстрациясымен) қамтылды.

Қазақстан тарихын зерттеу орталығы

Қазақстан тарихын зерттеу орталығы Қазақстан тарихын баяндаудың тақырыптарына және шешуші мәселелеріне сәйкес ғылыми-зерттеу және мәдени-білім беру қызметін жүзеге асырады.

Орталықтың негізгі мақсаты Қазақстанның тарихы мен мәдениетін музейдің қор коллекциялары негізінде зерттеу және оларды жүргізілген зерттеулердің мән мәтінінде қалыптастыру болып табылады.  

Аталған Орталық Қазақстан тарихының маңызды аспектілерін зерттеу жөніндегі ғылыми-практикалық жұмысты, сондай-ақ Қазақстанның жаңа тарихын хронологиялық қамтитын тақырыптарды зерттеуді жүргізеді. Әр түрлі тақырыптар бойынша деректі база құрады, музей қорларынан, кітапханалардан, мұрағаттардан материалдарды іздестіреді, анықтайды және зерттейді, музейлік мәнді заттарды жинауға арналған тарихи-мәдени экспедицияларды және ғылыми іссапарларды ұйымдастыруға қатысады, музей қорлары бойынша ғылыми-зерттеу жұмысын жүргізеді. Орталық, сондай-ақ ғылыми-қор және мәдени-білім беру жұмысымен айналысады. Қазақстан тарихын зерттеу орталығының көрмелік-экспозициялық жұмысы қызметтің (Қазақстанның тарихын дәріптейтін көрмелер мен экспозициялар құру) маңызды бір түрі болып табылады.

Орталық 2005 жылдан бастап «Мәдени мұра» Стратегиялық Ұлттық жобасы аясында мынадай ғылыми-қолданбалы зерттеулерді жүзеге асыруға белсенді түрде қатысты: «Қазақстанның музей ісі: қалыптасуы, даму бағыттары, проблемалары», «Мемлекеттік орталық музей жинағындағы тарихи дерек болып табылатын мемориалдық кешендер, кино-фотоқұжаттар» жобалары жүзеге асырылды. 2011 және 2013 жылдар аралығында Орталық «ҚР МОМ қорларынан алынған Қазақстанның тарихы мен мәдениеті жөніндегі музейлік деректер (20-30-шы жж. XX ғ.)».» тақырыбы бойынша ғылыми-қолданбалы жобасын жүзеге асырды.

Музейлік деректану және қолжазба орталығы

Орталық 1999 жылы Музейлік деректану және қолжазба бөлімі болып ашылды. Ал 2006 жылы бұл бөлім Музейлік деректану және қолжазба орталығы болып қайта құрылды.

Орталықтың басты мақсаты сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдарды және нумизматика, геральдика, сфрагистика, эпиграфика, бонистика, филателия, филокартия салаларына қатысты экспонаттарды анықтау, іріктеу, актілеу, ғылыми төлқұжаттау, ғылыми каталогтау, деректанулық тұрғыдан зерттеу болып табылады.

ҚР МОМ қорындағы араб, парсы, түрік, шағатай, татар, ескі қазақ (төте жазу) және т.б. тілдерде жазылған түпнұсқа экспонаттарын, Шығыс нумизматикасы коллекцияларын зерттеу орталықтың негізгі бағыты болып табылады. Бұдан өзге орталық қызметкерлері Қазақстан тарихы мен мәдениетін дәріптейтін арнайы тақырыптық көрмелер ұйымдастыру, музей қорларын тың материалдармен толықтыру, дәріс-экскурсия және ғылыми-әдістемелік жұмыстар, Қазақстан тарихы мен мәдениетіне қатысты материалдар және музейлік мәнге ие көне бұйымдар жинақтау үшін ғылыми іссапарлар ұйымдастыру, Қазақстан тарихы мен мәдениетіне байланысты мұрағаттық материалдарды, жазба ескерткіштерді зерттеу бағыттарында жұмыстар атқарады.

Орталық қызметкерлері тарапынан «Мәдени мұра» Мемлекеттік стратегиялық бағдарламасы аясында Музей қорындағы сирек кездесетін қолжазбалар, басылымдар, шығыстық нумизматика, сфрагистика, геральдика, эпиграфика және қазақтың таңбалау жүйесіне қатысты бірнеше іргелі ғылыми-қолданбалы зерттеу жобалары жүзеге асырылды.

Музейлік деректану және қолжазба орталығы тарапынан 2011 жылы «ҚР МОМ қорындағы сирек кездесетін қолжазбалар мен басылымдар» атты ғылыми каталогы басылып шықты. 2013-2014 жылдары «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық музей қорындағы шығыс монеталары: шағатай монеталарының Алматы көмбесі» атты иллюстрацияланған ғылыми каталогтың 1-томының 1-2-ші кітаптары жарық көрді.

Музейдің қор бөлімшелері

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қоры ежелгі заманнан қазіргі кезеңге дейінгі Қазақстан тарихын бейнелейтін материалдық және рухани мәдениет құндылықтарынан тұратын 300 мыңға жуық сақтам бірлікті құрайды.

Ғылыми-қор жұмысының негізгі мақсаты есепке алу-сақтау құжаттары мен бақылау жүйелерін реттеу, музей қорындағы музей коллекцияларының сақталуын қамтамасыз ету, зерттеу және насихаттау.

Құрылымы жағынан музей қоры мынадай екі топқа бөлінеді:

- қорды есепке алу тобы;

- қор сақтау тобы.

Есепке алу секторы 1978 жылы құрылды. 1985-1989 жж. аралығында музейге экспонаттар көптеп түсті. Түсім жылына 15-16 мың данаға жетті. Сол себептен 1990 жылы экспонаттар санының артуына байланысты есепке алу секторын бөлім ретінде қайта құру туралы шешім қабылданды. Қорды есепке алу тобы музейлік мәні бар заттарды қабылдап, музейдің есепке алу-сақтау құжаттарын жүргізеді.

Қорды есепке алу тобы жұмысының негізігі бағыттары:

-  музей заттарын алғаш қабылдау және есепке алу;

-  есепке алу құжаттарын толтыру;

-  анықтамалық картотека жүргізу арқылы мемлекеттік тіркеудегі экспонаттарды жылдам іздеуді қамтамасыз ету;

-  материалдық жауапкершілікке беру актісі бойынша экспонаттарды қор сақтау тобы мамандарына өткізу және есеп белгілерін қою;

-  қорлардағы музей заттарын түгендеу және қабылдау-өткізу жұмыстарына қатысып, оның уақытында өткізілуін қадағалау;

-  қор іріктеу комиссиясының мәжілісіне қатысып, хаттама жүргізу;

-  алғашқы есепке алу құжаттамасын тіркеу;

-  республикалық, облыстық және т.б. музейлерден келген музей қызметкерлеріне, іс-тәжірибеден өтушілерге, жоғары оқу орындарының студенттеріне және т.с.с. кеңестер беріп, арнайы дәрістер өткізу.

Қорды есепке алу тобының қызметкерлері музейдің ғылыми-зерттеу жобаларына қатысады.

Қор сақтау тобы

Қор сақтау тобы мамандарының материалдық жауапкершілігіндегі музейлік заттар материалы мен түсім көзіне және коллекцияларға байланысты жүйеленіп, 15 қор сақтау қоймасында сақталады.

Қор сақтау тобының басты міндеті – музей құндылықтарының сақталуын қамтамасыз ету, ескерткіштерді ұрлану мен бұзылудан қорғау, сондай-ақ, оларды зерттеуге және насихаттауға қолайлы жағдай жасау болып табылады. Қор сақтау тобы мамандарының негізгі міндетіне тікелей қор коллекцияларын сақтау кіреді.

Қор сақтау тобының мамандары музейлік заттарды ғылыми түгендеу, сипаттау, каталогтардың анықтамалық-ақпараттық және іздеу жүйелерін жүргізу, кеңейтіп, толықтыру, музей қорының ғылыми жіктемесін дайындау, экспозициялар мен тақырыптық көрмелер құруға қатысады.

Сонымен қатар топ мамандары «Музеолог» электронды каталогтау бағдарламасымен жұмыс істейді. «Музеолог»: музей коллекцияларын есепке алу және сақтау, жекелеген экспонат туралы мәлімет алу үшін коллекцияны жете зерттеу және толықтыру, коллекциялар туралы мәлімет алуға қолжетімділік, альбомдар, каталогтар мен ғылыми басылымдарды жарыққа шығару.

Қалпына келтіру орталығы

Орталық қызметінің бастауында Қазақстанның мәдениет ескерткіштерін қалпына келтіру әдістерінің негізін қалаған тәжірибелі мамандар тұрды. Алғашқы және ертеректегі коллекциялардың сақталу дәрежесі, сондай-ақ кезектен қалдырмайтын консервациялауды, физикалық, микробиологиялық және химиялық қорғауды қажет ететін экспедициялық түсімдердің көбеюі ҚР МОМ-де 1985 жылы қалпына келтіру бөлімін құруға алып келді. Бұл бөлім мұнан соң қалпына келтіру орталығы болып аталды (2006 ж.). Қалпына келтіру орталығы 5 сектордан тұрады – металл, тері, ағаш, қыш, көркемөнер туындылары, графикалық туындылар және құжаттар, кілем-киіз бұйымдары. Орталықта жоғары категориялы жоғары білікті деңгейлі сегіз суретші-қалпына келтіруші жұмыс істейді.

Музейдің қалпына келтіру шеберханалары өз қызметін 10 негізгі қызмет бойынша (кілем-киіз бұйымдары, киім, қару-жарақ, металл, тері мен сүйектен жасалған бұйымдар, баспа материалы мен жазбалық құжаттар ескерткіштері, графика, ағаштан жасалған сәндік-қолданбалы өнер заттары, ағаш ұсталық-жиһаздық бұйымдар, фарфор мен қыш) ұйымдастырады. Бүгінде қалпына келтіру орталығы алдында тұрған өзекті міндеттер музей коллекцияларын сақтауға және көбейтуге, күрделі қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу және қалпына келтіруші мамандар даярлау үшін музейге жаңа зияткерлік және ұйымдастырушы ресурстарын тартуға бағытталған жобалар болып табылады. Орталықтың қызметкерлері экспонаттарды қалпына келтіру және консервациялау мәселелері бойынша тұрақты түрде кеңестер береді, студенттерге музейлік практика аясында дәрістер өткізеді. Қазақстанның барлық аймақтарынан музей қызметкерлерін сынақ мерзімін өткізуге қабылдайды. Музей көрмелерін безендіруге қатысады. Басқа музейлердің де заттарды қалпына келтіру және консервациялау бойынша тапсырыстарын орындайды. ҚР МОМ Орталығының қалпына келтірушілері жыл сайын Ресейдің белгілі орталықтарында біліктілігін арттыру мақсатында тәжірибеден өтеді және олар білікті мамандар болып табылады. Орталықтың жұмысы жеке құрамын Музей директоры бекітетін Қалпына келтіру Кеңесінің шешімдерімен тікелей байланысты. Қалпына келтіру Кеңесі құрамына төрағамен бірге мыналар кіреді: бас қор сақтаушы, бөлімдердің жетекшілері, музейдің білікті ғылыми қызметкерлері, қалпына келтірушілер-орындаушылар, қорларды сақтау тобының қызметкерлері. Қалпына келтіру Кеңесінің мәжілісінде Орталықтың қалпына келтіру жұмыстарының жылдық және перспективалық жоспарлары, қалпына келтіру міндеттерін белгілеу, әдістемелерді бекіту, қалпына келтіру мерзімдерін анықтау, қалпына келтіру процесінің барлық кезеңдеріндегі жұмыстардың барысына бақылау талқыланады. Қалпына келтіру Кеңесінің мәжілісі тоқсан сайын өтеді. Қалпына келтірілген экспонаттарды Қалпына келтіру Кеңесінің мүшелері қабылдайды және бекітеді. Қалпына келтіру Кеңесінің хаттамасы толтырылып, оны Қалпына келтіру Кеңесінің төрағасы бекітеді.

Реставраторы за работой
Зергерлік бұйымдарды қалпына келтіру.
Графикалық туындыларды қалпына келтіру.

Қалпына келтіру және консервациялау жұмыстарының нәтижесі Орталықтың музей құндылықтарын сақтау саласына қосқан үлестерін таныстырған «Сақтау үшін жаңғырту» көрмесі (2014ж.) болып табылады. Орталық археологиялық экспедициялар нәтижесінде табылған тарихи құнды бірегей экспонаттардың ерекше күрделі, сондай-ақ орташа күрделі консервациялау жұмыстарын орындайды. 2014 жылы археология қорынан: қола, құйма, соғылған 11 экспонат (б.з.д. Х-VIII ғғ. Оңтүстік Қазақстан) консервациялаудан өтті. Қалпына келтіру орталығы соңғы жылдары мыналарды қалпына келтірді: 2013 жылы– 659 сақтам бірлігі (толық қалпына келтіруден – 279, жекелей – 380 сақтам бірлігі өтті); 2014 жылы – 450 сақтам бірлігі (толық қалпына келтіруден – 355, жекелей – 115 сақтам бірлігі өтті). Ұзақ мерзімді және көп еңбекті керек ететін қару-жарақ, киім, кілем-киіз бұйымдары, майлы бояулы кескіндеме, графика, қыш коллекцияларынан алынған экспонаттар да қайта жаңғыртуда өз кезегін күтуде.

 «Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу орталығы» мемориалдық музей-пәтері

Мекен-жайы: Алматы қ., Қарасай батыр көш.(Абылайхан даңғ.қиыл.), 61/67-үй, 78-пәтер.

Телефон: 2726369. Жұмыс уақыты: 9:30–17:30.

Демалыс күндері: сенбі, жексенбі.

Музей 1967-1968 жылдары танымал ғалым, сазгер, дирижер, академик Ахмет Жұбанов, кейін 1968-1993 жылдары оның қызы, қазіргі заманның ұлы сазгері Ғазиза Жұбанова өзінің зайыбы танымал режиссер, КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Әзербайжан Мәмбетовпен балаларымен, немерелерімен 1999 жылға дейін өмір сүрген пәтерде орналасқан.

Экспозиция музыкалық салоннан және 2 экспозициялық залдан – әкесі мен қызының өмір сүріп, ұлы туындыларды дүниеге әкелген жұмыс кабинетінен тұрады. Шығармашылық кештер өткізіліп тұратын музыка салонындағы бірегей экспонат – қазақ музыка мәдениетінің кемеңгері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың роялі. Витриналарда музыка, әдебиет салаларында және ғылыми өшпес мұра қалдырған ХХ ғасырдағы музыка мәдениетінің ұлы қайраткерлері Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың өмірі мен шығармашылықтарынан сыр шертетін фотосуреттер, музыкалық және қолжазба материалдар, жеке заттары, кәдесыйлары, аспаптары, афишалар, партитуралар, кітаптар орын алған.  

2011 жылы өнердегі есімін мәңгілікке есте қалдыру мақсатында ҚР МОМ мемориалдық музей экспозициясын Әзербайжан Мәдиұлы Мәмбетов жайлы естеліктермен толықтырды. Басты мақсат – Ә.М.Мәмбетовтың Қазақстан мәдениетіндегі алар орнының ерекше екендігін, оның өнердегі жолының Ахмет пен Ғазиза Жұбановтардың шығармашылығымен тығыз байланыстылығын көрсету, келушілерді оның режиссерлық шығармашылығымен таныстыру.

Қазақстанның кәсіби өнерін байытып деңгейін көтерген Ғазиза, Ахмет Жұбановтар мен Әзербайжан Мәмбетовтың шығармалары бүгінде әлемге әйгілі, еліміздің игілігі мен мәдени құндылығына айналды.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source