авто

Переключатель языков

Ғылыми - қалпына келтіру жұмыстары

Қалпына келтіру жұмыстары бұл салада жаңа технологияларды жүйелі түрде зерттеуге және қалпына келтірудің маңызды шешімдерін қарастыруға бағытталады. Осы орайда тек суретші-қалпына келтірушілердің еңбегі нәтижесінде жоғалып кетуге аз қалған артефактілер экспозициялық көрмелерден өз орнын табатынын баса айтып өту керек. Музей заттары музей коллекциясына түскен уақыттан бастап үнемі қалпына келтірушілердің назарында болады.

Қалпына келтіру шеберханаларында көптеген бірегей әшекей бұйымдар қалпына келтірілді. Олардың қатарында кеудеге тағатын әшекейлер – алқа (күміс, маржан тастар, көгілдір түсті асыл тас; ХІХ ғ. аяғы), тұмарша (өткен ғасырдың 1-ші жартысы), шырақ (қолдан жасалған қыш шырақ, Х-ХІІ ғғ.), қару-жарақ, түрлі сирек кездесетін және құнды археологиялық заттар.

Ғылыми қалпына келтіру жұмыстарының бір саласы – консервациялау. Қазіргі таңда ғылыми қалпына келтіру жұмыстары барысында археологиялық экспедициялар нәтижесінде табылған бірегей және тарихи құнды артефактілерге, этнографиялық музейлік заттарға өте күрделі және орташа күрделі консервациялық жұмыстар жүргізіледі. Мәселен, 2014 жылы археология қорының көптеген экспонаттарына, атап айтқанда, қола, мыс, құйма (б.з.д. Х- VIII ғғ. Оңтүстік Қазақстан), қыш, бөлшектер, қола дәуірінің соңғы кезеңіне тән (ХII-IХ ғғ. Мыржық моласы) археологиялық заттарға консервациялау жұмыстары жүргізілді.

Жайпақ тостаған. Қола, құйма, соғу. б.з.д. Х-VIII ғғ.

Консервацияланғанға дейін Консервацияланғаннан кейін

Өз кезегінде қалпына келтірушілер археологтардың ғылыми көзқарасымен санасып отырады, олар өңдеу және консервация жасауда заттың толыққанды тарихи дереккөзі ретінде ары қарай зерттелуіне кедергі келтірмеу үшін барлық мүмкіндікті жасайды.

Сонымен қатар, қалпына келтіру жұмыстары негізінде картиналар, акварельмен салынған суреттер, графикалық туындылар, 20-30–шы жылдардың құжаттары мен қолжазбалары – мандаттар, жеке құжаттар мен куәліктерге қалпына келтіру жұмыстары жасалады. Мысалы, Ә.Қастеевтің «Мусульманский обряд обрезания мальчика» (1913 ж.), «Амангельды с отрядом» (1944 ж.), Н.Г. Хлудовтың - «Молодые охотники» (1913 ж.), «Сбор урожая» (1920 ж.), «Мать кормящая ребенка» (1907 ж.) картиналары мен басқа да белгілі суретшілердің жұмыстары қалпына келтірілді. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы қарсаңында соғыс тақырыбына байланысты жұмыстар қалпына келтірілді. Бұл тақырып бойынша суретші Н.В. Цивчинскийдің графикалық және акварельмен салынған бірегей жұмыстары. «Голова убитого немца», «Скелет в овраге», «Пленный немец» жұмыстары қалпына келтірілді. Сонымен қатар кілем-киіз бұйымдарына да қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі.

Жалпы алғанда, ғылыми қалпына келтіру жұмыстары барысында қалпына келтіруші мамандар экспонаттардың жасалу технологиясын зерттеп, бүліну себептерін анықтап, оларды болдырмау тәсілдерін іздейді және жинақтаған тәжірибелерін пайдаланып, қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Кез келген экспонаттарды қалпына келтіруде ауқымды жұмыстар атқарады.

Цивчинский Н.В. 1942ж. "Голова убитого немца"

   
Қалпына келтірілгенге дейін  Қалпына келтірілгеннен кейін

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source