Экспозициялық залдар (№1, 2, 3, 4)

авто

Переключатель языков

Экспозициялық залдар (№1, 2, 3, 4)

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстанның ежелгі заманынан қазіргі кезеңге дейінгі тарихынан толық мағлұмат беретін жеті тұрақты зал жұмыс істейді.

Экпозициялық материалдар музейдің негізгі бағытын, саласын, ерекшелігін көрсетеді. Түрлі мазмұндағы коллекциялар Жер бетінде тіршіліктің пайда болуынан бастап, ежелгі жануарлар мен өсімдіктердің таралуы мен жер бетінен жойылуы, адамдардың алғашқы іздері, тайпалық одақтар мен мемлекеттердің құрылуы, көшпелі және қала мәдениетінің өзара ықпалдастығы, өзара соғыстар мен халықтардың жаппай қоныстануы және ХХ-ХХІ ғ. дейінгі Қазақстанның сан ғасырлық тарихын көрсетеді.

Бірінші экспозициялық зал - Палеонтология және археология залы - палеонтологиялық және археологиялық деген екі кешеннен тұрады. Мұндай экспозициялық кешенді құру алдымен адамзат тарихының нәсілдік-генетикалық және әлеуметтік дамуындағы табиғи және антропогенді екі іргелі факторларының өзара себеп-салдарының байланысуы мен тәуелділігіне негізделген. Палеонтология бөлімі бай остеологиялық материалдар, тасқа айналған ағаштар, тақтатастардағы жәндіктер, балықтар мен өсімдіктердің таңбаларымен таныстырады. Бұл бөлімдегі экспонаттардың көпшілігінің жасы миллиондаған жылдардан асады. Палеонтологиялық экспонаттар екі орталық витринада 12 геологиялық кезең бойынша хроногиялық тәртіппен орналастырылған.

Палеонтология және археология залыАрхеологиялық экспозиция кешені тас ғасыры, қола дәуірі, ерте темір ғасыры, хун-сармат дәуірі, орта ғасырлар және Қазақстан аумағын ежелден XV ғасырға дейін мекендеп келген тайпалардың тарихы, экономикасы, діни көзқарасы, көркем қолөнері, сәулет өнерімен таныстырады. Экспонаттар залдың екі деңгейінде тақырыптық және хронологиялық жүйелілікпен орналасқан. Экпозицияда әртүрлі археологиялық экспедициялардың жұмысының нәтижесінде Қазақстанның аумағында табылған археологиялық заттар бар. Мұнда археологиялық қазбалардың аса құнды көшірмелері қойылған, солардың ішінде Есік қорғанынан табылған «Алтын адам», Қарғалы және Жалаулы көмбелерінен табылған бірегей көне алтын бұйымдар, ертедегі жерлеу орнының жаңғыртпасы, ортағасырлық архитектура ескерткіштерінің макеттері мен диорамалар көрсетілген. Сақ кезеңіндегі ерте көшпелілер мәдениетінің жарқын көрсеткіштері ретінде қару-жарақ үлгілерін, ат әбзелдері, қола ыдыстар, қазандар мен ғұрыптық ыдыстарды атап өтуге болады. Оңтүстік Қазақстандағы қаңлы мәдениеті ескерткіштері б.з.д.IV ғ. – б.з.IV ғ. Арыс өзені бойындағы тұрақтар мен обаларды қазу кезінде алынған бірегей артефактілермен көрсетілген. Орта ғасырдағы көшпелі-түркілер өз ұрпақтарына тас мүсіндер, жауынгер атрибуттары: садақ пен жебе, найза, сауыт, қола шытыралары бар белдіктер және т.б. қалдырған.

Қазақстандағы қала мәдениетінің гүлденуі моңғол шапқыншылығы салдарынан тоқырап қалды. 1219 жылы Шыңғыс ханның қалың қолы Жетісуды жағалай, Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азияға басып кірді. Қарсылық көрсеткен қалалар жермен-жексен болды. Бұлардың арасында 6 ай бойы арпалыса қарсыласқан Отырар қаласы да болды. Бұл көрініс «Отырар қаласының қаһармандық қорғанысы» диорамасында бейнеленген.

Қайта жаңғыртпаларда Еуразияның ертедегі көшпелілердің мәдениетін археологиялық қалпына келтіру саласында көпжылдық   ғылыми әзірлемелерді жинақтап, ертедегі көшпелілік өркениеттің негізгі тасымалдаушылары – көшпелілер мәдениетінің, дәстүрлерінің әр түрлі көзқарастары туралы ақпараттық дереккөз ретінде қызмет атқарады. Мәселен, мынаадй ғылыми жаңғыртпалар бойынша археологиялық жобалар табысты түрде жүзеге   асырылды: «Б.з.д. XIV- IX ғ.ғ. андронов мәдениеті әйелінің киімі мен керек-жарақтары» (жаңғыртпаның авторы К. Ақышев), «Б.з.д. IV – III ғғ. «Алтын адам» (Ә. К. Ақышевтың жаңа нұсқасы бойынша Қ. Алтынбеков дайындады), «Б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ. Қаңлы әйелі», «Б.з.д. II ғ. – б.з. IV ғ. атақты жауынгер – сюннудың (ғұнның) қару-жарағы мен киімдері» - авторы және ғылыми-өндірістік топтың жетекшісі т.ғ.д. А.Н. Подушкин.

Екінші экспозициялық зал – Тарихи этнография залы - зал экспозициясы ХҮ ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі Қазақстан тарихына арналған (музей директоры – Нұрсан Әлімбайдың жетекшілігімен және ғылыми концепциясы Тарихи этнография залы бойынша 2008 жылы жаңартылды). Экспозициялық зал қазақтардың дәстүрлі мәдениетіне, яғни тіршілікқамы жүйесіне, шаруашылық және тұрмыстық салтына, рухани мәдениетіне арналған. Қазақ қоғамының негізгі сипаттары көрсетіліп, көшпелілердің  мәдени дәстүрлерінің өзіндік ерекшеліктері бейнелі түрде беріледі. Композициялық жағынан зал кіші және үлкен айналымнан тұрады.

Экспозициялық кешендер Қазақ хандығының құрылуы, мемлекеттіліктің құрылуы мен дамуы, жоңғарларға қарсы күрес, қазақ жерінің Ресей құрамына кіруі сияқты кезеңдерді тарихи көрнектермен баяндайды. Залдан орын алған этнографиялық материалдар қазақ халқының сан ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмысы мен дүниетанымдық көзқарастарынан, бай рухани және материалдық мәдениетінен сыр шертеді. Залдан түпнұсқа фотоматериалдар, сирек кездесетін кітаптар, картографиялық материалдар, тұрмыстық және халық қолданбалы өнері бұйымдарын, сонымен қатар қазақ халқының киім-кешектері мен кілем тоқу өнерін көруге болады. Залдың орталық алаңына қазақ мәдениетінің бірегей символы саналатын - киіз үй орналастырылған (Виртуалды турдан қараңыз).

Үшінші зал экспозициясы: «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында және диаспоралар мәдениеті» атты екі бөлімнен тұрады.

Залдың көркемдік шешімі тарихи оқиғалар мен құбылыстарды алғашқы қалпындағыдай етіп көруге мүмкіндік береді. «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында және диаспоралар мәдениеті»Қазақстан халқының мультимәдениет пен саяси құрылымының қалыптасуы Қазақстанның Ресей империясының құрамына кірген кезеңге жатады. ХІХ ғасырдан ХХ ғасырға дейін Ресейдің еуропалық бөлігіндегі орыстар, белорустар мен украиндарды, Қытайдан ұйғырлар мен дүнгендерді әкеп қоныстандыру басталды. Сонымен қатар большевиктік қайта құру, ұжымдастыру үрдісі, жаппай депортациялау мен қуғын-сүргінге ұшырау, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында, тың және тыңайған жерлерді игеру барысында Қазақстанға қоныс аударғандар саны күрт жоғарылап кетті. Экспозициялық кешендер 16 этникалық топтың (орыс, украин, белорус, еврей, татар, өзбек, ассириялықтар, ұйғыр, дүңген, поляк, кәріс, күрт, неміс, грек, түрік, шешен) тарихы, тұрмысы мен мәдениеті көрсетілген. Экспозицияға фотосуреттер, құжаттар, тұрмыстық заттар мен бейнелеу және қолданбалы өнер бұйымдары қойылған. «Корейлердің дәстүрлі мәдениеті» деп аталатын экспозиция ерекше қызығушылық тудырады. Бұл экспозиция Оңтүстік Кореяның Ұлттық этнография музейімен бірлесе отырып жасалған (2014 жылы қайта жаңартылды). Экспозицияның негізгі ерекшелігі – компьютерлік технология – ақпараттық киоскілерді ұтымды пайдалануында. Сол арқылы корейлердің ежелгі «Ариранг» мәдениеті, ауылшаруашылығы, «Қыз айттыру» дәстүрлі өнерінің бір көрінісімен, табиғи-климаттық жағдайымен және қазіргі Кореямен танысуға болады.

«Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында және диаспоралар мәдениеті»«Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында. 1941-1945.» бөлімі «Тыл - майданға» және «Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында» деп аталатын екі кешенге бөлінген. Мұндағы мемориалдық кешендер мен заттар тарихи жағдай мен сол оқиғаға қатысушы ұлы тұлғалардың өмірінен сыр шертеді. Витриналарға плакаттар, баспа өнімдері мен құрылғылардың үлгілері, соғыс жылдарындағы шығармалар, фотосуреттер мен майдандық хаттар, құжаттар және тыл еңбеккерлерінің жеке заттары орналастырылған. Тақырыптық кешеннің орталық бөлігі Ұлы Отан соғысы кезіндегі Қазақстанның ғылымы мен мәдениетіне арналған.

«Қазақстандықтар Ұлы Отан соғысы майдандарында» экспозициясы Брест қорғанын, Мәскеу, Сталинград, Ленинградты қорғаған қазақстандықтар мен Берлин операциясына қатысушыларға арналған. Экспозицияны Жеңіс Шеруі материалдары мен 510 қазақстандық Кеңес Одағы Батырларының есімдері алтын әріптермен жазылған Даңқ Шеңберімен аяқталады.  

Төртінші экспозициялық зал – «Тәуелсіз Қазақстан» залы хронологиялық түрде 1991 жылы Республикамыз Тәуелсіздік алғаннан күнінен бастап бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихын көрсетеді. Экспозицияда Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңба, Ту, Әнұран, ҚР Президентінің Штандарты, ұлттық валюта, мемлекеттік марапаттар, сондай-ақ, біздің мемлекетіміздің жаңа Елордасы – Астана қаласының   қалыптасу кезеңдерін бейнелейтін экспонаттар бар. Республиканың экономикалық даму стратегиясы «Қазақстан – 2030» бағдарламасымен көрсетілген. Экспозицияда тәуелсіздік жылдарындағы республика өмірі туралы жалпы түсінік алуға мүмкіндік беретін келесідей тақырыптық кешендер: өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, коммуникациялық байланыстар, энергиялық жүйелер, ғылым, мәдениет және спорт ұсынылған.

«Тәуелсіз Қазақстан» залыЭкспозицияның ерекше бөлімі Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа шет елдік мемлекеттердің басшылары мен делегациялары тапсырған сыйлықтарын таныстырады. Олар Қазақстанның халықаралық қауымдастықта барынша артып келе жатқан зор беделінің айқын куәсі болып табылады. Мұндай сыйлықтарға: «Құс» хрусталі (Франция), нефритті «Римдік қасқыр» (Италия), самурайдың салтанатты бас киімі, «Хаката қуыршағы» (Жапония), «Египет саркофагы» сияқты кәдесыйлар жатады.

Қазақстан Республикасының екі палаталы (Сенат, Мәжіліс) Парламентінің жұмысын, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының құрылуы мен жұмысын көрсететін құжаттар, заттар, фотосуреттер, баспа өнімдерінің үлгілері қойылған.

Экспозицияның жеке бір бөлігі мемлекеттік ақша белгілері мен ҚР марапаттары – "Халық каһарманы", "Парасат", "Алтын Қыран", "Отан", "Данқ"  және т.б. ордендерге арналған.

Сонымен қатар «Қазақтелеком» коммуникациялық байланысы, Ұлттық стратегиялық «Мәдени мұра» бағдарламасы, Қазақстанның Сиднейдегі 27 Олимпиада ойындары (2000 ж.) мен 7 Қысқы Азия ойындарының (2011 ж.) материалдары көрсетілген.  

Қазақстанның жетекші өнеркәсіп салалары – мұнай-газ, көмір, түсті металлургия туралы бірегей материалдар ұсынылған. Көрмелерге 1993 ж. бастап Қазақстанда негізгі инвестициялық компаниялардың бірі болып табылатын «Тенгизшевройл» ЖШС-нің 2013 жылы реэкспозиция жұмыстары жүргізілген экспонаттары қойылған.

Көрермендердің назарын пайдалы қазбалар орналасқан кен орындардың геологиялық картасы, жартылай асыл тастардың үлгілері мен кендері көрсетілген жеке витриналар аударады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source