Бейнелеу өнерінің коллекциясы

авто

Переключатель языков

Бейнелеу өнерінің коллекциясы

Музейдің бейнелеу өнері қоры кескіндеме, графика және акварель, эскиздер, плакаттар мен афишалар топтамасынан құралып, 9 мыңнан астам сақтам бірлігінен тұрады. Оның 4 мыңын кескіндеме, графика мен акварель жұмыстар құрайды. Бейнелеу өнері туындылары қазақ халқының дәстүрі, әдет-ғұрпы мен киім-кешегі, күнделікті тұрмысы, яғни, материалдық және рухани мәдениеті, қазақстандық қоғам мен мәдениеттің даму кезеңдерінен толық мәлімет береді. Ауқымды хронологиялық шеңберді қамтитын көптеген суретшілердің туындылары кенеп майлы бояу, гуашь, құрғақ қылқалам, тушь, қарындашпен салынған. Коллекцияда белгілі суретші Н.Г.Хлудов жұмыстарының басым бөлігі сақтаулы болғандықтан 2003 жылы Алматы қаласындағы «Эффект» баспасынан Н.Г.Хлудовтың шығармаларының каталогы жарыққа шықты (Қараңыз: Ғылыми басылымдар мен жарияланымдар ).

Коллекциядағы туындылары сақталған А.М.Мартова, Неладнов, Е.Соколова, Б.И.Урманче сынды суретшілер 1917-1920 жж. аралығындағы Азамат соғысы мен сол кезеңдегі саяси жағдайды бейнелеумен қатар, А.Иманов сияқты батырлардың портреттерін, оның сарбаздарын өз еңбектеріне тақырып етіп алған.

20-шы жылдардың аяғы мен 30-шы жылдарды қамтитын суретшілердің арасынан К.Т.Телжановтың «Түрксіб» картинасын атап өтуге болады. Сонымен қатар, осы кезеңдердегі халықтың тұрмыс-тіршілігіне қатысты көркем шығармалардың басым көпшілігін Қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушы Ә. Қастеев, сонымен қатар Н.И.Крутильников пен В.В.Каптеревтің еңбектері иеленеді.

Ал, 40-50 жылдары салынған суреттердің басты тақырыбы Ұлы Отан соғысы мен соғысқа қатысқан жауынгерлер, қолбасшылардың портреттері болып табылады. Мәселен, суретші Е.М.Сидоркин М.Мәметованың портретін салды. Сонымен қатар, А.М.Белов, А.И.Зотиков, В.В.Нестеров, Н.В.Цивчинский сияқты суретшілердің еңбектері де соғысқа арналды. 50-ші жылдардағы ең басты тақырыптардың бірі Тың көтеруге арналды. К.Т.Телжановтың «На целине» және «Атамекен» атты суреттері тың игеруді толық бейнеледі.

Соғыстан кейінгі кезеңде 60-70 жылдары салынған суреттер бейбіт өмірді, соғыс зардаптарын қайта қалпына келтіру жұмыстарын, жаңадан бой көтерген түрлі зауыттар мен өндіріс орындарын кескіндеді. Сонымен қатар, халыққа еңбегі сіңген қайраткерлердің портреттерін бейнелеу кең өріс алды. В.И.Баженовтің «Новый завод в Темир-Тау», И.Б.Бальхозиннің «Здание облисполкома», «Ландшафт каменноугольного периода г. Караганды», А.Исмаилованың «Погрузка угля», «Открытый углеродный срез», И.А.Бондаренконың «Плавучий рыбзавод на Каспии», Н.В.Соловьевтің «Озеро Балхаш. Парусники», А.А.Дячкиннің «Новые дороги Мангышлака» сияқты картиналары аталмыш кезеңді бейнеледі.

Белгілі адамдардың портреттерін салу 80-ші жылдары да жалғасын тапты. Суретші О.Д.Кужеленко «Портрет народной артистки КазССР Бикен Римовой» деп аталатын портрет салды. Ал, М.Сариевтің «Декабрь. 1986г.» атты суреті 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне арналды.

Тәуелсіздік жылдары салынған картиналардың басым көпшілігі Қазақстан Республикасының егемендігін айқындауға арналды. Мәселен, суретшілер М.Т.Ержанов, А.Бұхарбаевтар Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың портретін салғандығын атап өтуге болады.

Кескіндеме

Бейнелеу өнері қорындағы коллекцияның басым бөлігін кескіндеме, яғни кенепке майлы бояумен салған еңбектер құрайды. Коллекцияда Н.Г.Хлудовтың бірқатар суреттері, сондай-ақ В.В. Каптерев, Н.В.Соловьев, Б.В.Смирнов, А.Горбатов, А.А.Соглобов, М.Чивазов, С.Романов, Е.Абиев, Г.Амантаев, А.Молдабекова, Ә.Қастеев, К.М. Шаяхметов, М.С. Кенбаев, Ү.Әжиев, М.Е. Гамбурд, А.Г. Ғалымбаева, М.Г. Калимов және т.б. суретшілердің құнды туындылары бар. Аталған суретшілердің ішінде В.В.Каптеревтің майлы бояумен салынған «Вид Джунгарского Ала-Тау» еңбегі мен М.С. Кенбаевтың «Отряд Алиби Джангильдина» атты туындыларын ерекше атап өтуге болады.

Худ. Хлудов Н.Г. «Кочевание в бурю». Х., м. Бақсы қобызының құдіреті. Акварель. А.И.Бортников
Суретші Хлудов Н.Г. «Дауылдағы көш». К., м. Бақсы қобызының құдіреті. Акварель. А.И.Бортников

Графика және акварель

Коллекцияда 400-ге жуық графика және акварелдік жұмыстар бар. Мұндай еңбектерді әйгілі суретшілер Н.Г.Хлудов, Ә.Қастеев, Ә.Исмаилов, Қ.Қожықов, Е.Сидоркин, В.Нестеров, Қ.Телжанов, Б.Урманче, В.Каптерев, А.И.Бортников, И.Бальхозин, Г.Исмаилова және т.б. суретшілердің бірегей туындылары құрайды. Аталған суретшілердің ішінде акварелдің керемет үлгісі – қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін А.И.Бортниковтың «Бақсы қобызының құдіреті» және Ә.Қастеевтің «Жайлауда» акварелдік жұмысы құнды этнографиялық еңбек болып табылады.

Мүсін

Музей қорында мүсін коллеккциясының орны ерекше. Коллекция мүсін, барельеф және бюсттерден тұрады. Коллекцияның едәуір бөлігін тарихи тұлғалардың мүсіндері құрайды. Мұндағы бірегей заттардың ішінен белгілі қазақ ақындары А.Құнанбаев, Ж. Жабаев, ҚазКСР ҒА академигі және тұңғыш президенті Қ.Сәтпаев, 1916 ж. ұлт-азаттық көтерілістің жетекшісі А. Иманов, Ұлы Отан соғысының батыры Б.Момышұлының бюстері, ІІ Александр барельефі, белгілі қазақ ақыны және жазушысы С.Сейфуллин, атақты тары өсіруші Ш.Берсиев, Кеңес Одағының батыры Т.Тоқтаровтардың мүсіндерін ерекше атап өтуге болады. Маңызды орынды КСРО және ҚазССР-нің белгілі суретшілері мен мүсіншілері – Е.А. Лансере, С.Лебедева, Э.Фридман, И.Иткинд, Н.Андреев, Я.Рык, Б.Мұсабаев, Х.Наурызбаев, Е.Сергебаев және т.б. туындылары алады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың сыйлықтары «Жауынгер», «Акрополь» фризінің көшірмесі (Грекия), «Ат үстіндегі жауынгер» мүсіндері коллекциядан орын алған.

Коллекцияда жапон халықының шағын мүсіндері – НЭЦКЕ және окимоно, қытай халқының кіші көлемдегі мүсіндері мен картиналары – ниньхуа да ерекше қызығушылыққа ие.

izo-col-3

izo-col-4

Ара пішінді күлсауыт.
Касли зауыты. Шойын, құйма.
Мүсінше. Орамжапырақтағы шегіртке.
Қытай. Сүйек, оймыш.

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source