Өзге айрықша коллекциялар

авто

Переключатель языков

Өзге айрықша коллекциялар

Бонистика.

Музейдің бонистика коллекциясын Қазақстан азаматтары тарапынан сыйға тартылған қағаз ақшалар (29000 мың шамасында) құрайды. Оның құрамында патшалық Ресей, КСРО, қазіргі Ресей және тәуелсіз Қазақстанның қағаз ақшалары бар. Көне қағаз ақшалардың ішінен Ресей империясының мемлекеттік кредиттік билеттерін (1898 жылғы 1 рубль, 1899 жылғы 50 рубль, 1909 жылғы 5 рубль, 1910 жылғы 100 рубль және 1912 жылғы 500 рубль) ерекше атап өтуге болады. 1899 жылғы 50 рубльдің артқы жағындағы дөңгелек медальонда патша Николай І портреті, 1910 жылғы 100 рубльде патшайым Екатерина ІІ, 1912 жылғы 500 рубльде Петр І бейнелері берілген. Сонымен қатар 1917 жылғы 250 рубль мемлекеттік кредиттік билетінде Уақытша үкіметтің екібасты бүркіті бейнеленген.

1993 жылы қолданысқа енген Тәуелсіз Қазақстанның ақшалары да қорда сақтаулы. Ол ақшаларға Қазақстан тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған Абылай мен Әбілқайыр хандардың, шығыстың ұлы ғалымы әл-Фараби, ақын-ойшыл Абай Құнанбайұлының, айтыскер ақын Сүйінбайдың, ғалым-ағартушы Шоқан Уәлихановтың және т.б. суреттері бейнеленген.

spec-rubl1

І Петр бейнеленген 500 рубл. 1912 ж.

Сфрагистика.

Коллекцияда сфрагистика саласына қатысты 98 мөр сақталынып отыр. Коллекциядағы мөрлерді шартты түрде әкімшіліктік-құқықтық, жеке тұлғалық және әртүрлі мөрлер деп топтастыруға болады. Мөрлер коллекциясының негізін XIX ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіліктік-құқықтық реформасына байланысты пайда болған халық соттарының, билердің, болыстар мен ауыл старшындарының мөрлері құрайды.

Сондай-ақ осы коллекцияда «Алаш» партиясының белсенді мүшесі, дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедовтың (1883-1939), Торғай губерниясының әскери комиссары Әліби Жангелдиннің (1884-1953), ең алғаш Қазақстан топырағын зерттеген профессор А.И. Безсоновтың, Ұлы Отан соғысы кезінде әскери емханаларда қызмет атқарған Е.А. Садуақасованың, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі А.Нүсіпбековтың (1909-1983) жеке тұлғалық мөрлерін ерекше атап өтуге болады.

Әртүрлі мөрлер қатарына 1815 жылы император болған II Напалеонның суреті салынған француз мөрін, Шығыс Бұқара төтенше қаржы комитетінің нұсқаушы инспекторының мөрін жатқызуға болады.

 

Верный қаласы халық сотының (1919-1921) мөрі

Фалеристика.

Коллекцияда фалеристика саласына қатысты XIX-XX ғасырларға жататын 12 мыңға жуық орден, медаль, белгілер бар. Олардың ішінде XIX ғ. ортасындағы қазақ би-болыстарының лауазымдық белгілері, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне (1939-1945) қатысты «Совет Одағының Батыры», «Ленин», «Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Ту», I, II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», I, II, III дәрежелі «Даңқ» ордендері, сонымен қоса, «Тың игеру», «Социалистік Еңбек Ері», «Ардақты ана» және тағы басқа жәдігерлер ерекше тарихи мәнге ие.

Сондай-ақ Қазақстанның тарихы мен мәдениетінде елеулі мұра қалдырған Б.Момышұлы, К.Бәйсейітова, Ә.Қастеев, С.Қожамқұлов, І.Есенберлин, Ғ.Мұстафин және басқа да жеке тұлғаларға тиесілі ордендер мен медальдар да сақтаулы.

 Филателия.

Коллекцияда кеңестік және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне тиесілі 11000-нан астам марка, 1000 пошта конверттері сақтаулы. Алғашында маркалар жеке коллекционерлер мен «Союзпечать» баспасынан алынса, кейіннен «Қазпошта» АҚ тарапынан өткізілді.

Тәуелсіз Қазақстан маркаларының негізін ҚР-ның Туы, Елтаңбасы, ҚР-ның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, әртістер, жазушылар, ғалымдар бейнеленген жәдігерлер құрайды. Сондай-ақ елімізде халықаралық дәрежеде өткізілген симпозиумдар, саммиттер, конференциялар мен жекелеген мерейтойларға арналған маркалар да бар.

 

Қазақтың хандары Абылай мен Әбілқайырға арналған маркалар

Филокартия.

Филокартия коллекциясын (пошта ашықхаттары) 1000-нан астам сақтам бірлік құрайды. Қорға аталмыш жәдігерлер негізінен коллекционер Подгорныйдан сатып алынған және «Эдельвейс» баспа үйі сыйға тартқан. Коллекция тақырыбы Қазақстанның көрнекті қалалары, құттықтау хаттар және әртүрлі шақыру билеттерінен тұрады.

Қазақстан қалаларының елтаңбалары бейнеленген ашықхат

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source