авто

Переключатель языков

2015 жылдың 15 қазанында сағ.16.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Алматыдағы Венгрия Бас консулдығымен бірге «Венгр Республикасының күні» Ұлттық мерекесі қарсаңында (23 қазан) «Мажарстандық шығыстанушылар» атты көрме ашады.

Мадиярлар үшін шығыс тек географиялық емес тарихи-мәдени ұғым. XIX ғасыр мадиярлар үшін өзінің шығу тегін іздестіру дәуірі болды. Мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір сүрген мадияр тайпалары көптеген халықтармен тарихи-мәдени байланыста болды. Олар халықтардың шығыстан-батысқа қоныс аударуы үдерісінің барысында Карпат бассейніне қоныс тепті. Мадияр саяхатшылары мен ғалымдары бірқатар құрлықтардың географиясы, геологиясы, этнографиясы, тіпті өсімдік дүниесі мен жануарлар әлемін зерттеуде айтарлықтай рөл атқарды. Көп ғасырлар бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде мадияр шығыстанушыларының озық мектебі қалыптасты. Мажарстанда Таяу Шығысқа және Солтүстік Африкаға жасалған экспедициялар аясында ғылыми зерттеулер жүргізу әрбір шығыстанушы-ғалым қызметін қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Қазіргі заманғы батыс ислам ғылымының негізін салушы, арабтану ілімі мен семиттік филологияны зерттеуге айтарлықтай үлес қосқан Игнац Голдзихер. Шығыс халықтарына қатысты араб, парсы, ассирийлік және басқа тілдердегі шығыс дереккөздерін зерттеуші ғалымдар – Дьюла Германус, Карой Цегледи, Геза Фехервари. Египеттану саласының көрнекті өкілдерінің бірі– Ласло Какоши. Венгрия ғалымдары Африка құрлығының өсімдік және жануарлар әлемінің жағырафиялық, геологиялық жағдайларын зерттеу мен сипаттауға атсалыса қатысты. Бірқатар ғалымдар ирантану ғылымына маманданды – Шандор Кегл, Жигмонд Телегди, Карой Ревицки.

Мажарстандық шығыстанушылар Мажарстандық шығыстанушылар
Мажарстандық шығыстанушылар Мажарстандық шығыстанушылар

Шығыс пен Батысты байланыстыратын Орталық Азия – тарихшы, филолог және мәдениеттанушы мадияр ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырған аймақтардың бірі. Олардың арасында Армин Вамбери (1832-1913) есімі айрықша аталады. Ол – алғаш ортаазиялық түркі тілдерін жүйелеген. Немет Дьюла, Алмаши Дьердь, Иштван Мандоки Қоңыр, Торма Йожеф және т.б. ғалымдар жинаған тіл, тарих, фольклорлық-поэтикалық, этнографиялық материалдар кешені аса құнды. Өз ата-бабаларының тілі, тарихы, мәдениеті мен жағырафиясы – олардың ғылыми зерттеулерінің басты саласы болып табылды. Мадияр армянтану ілімінің негізін салушы – Еден Шутц. Ол армян тілдерінде ұсынылған қыпшақ дереккөздері басылымдарын зерттеу саласына үлкен үлес қосты. Шығысты зерттеген көптеген әйгілі мадияр ғалымдарының қолжазба мұралары 1826 жылы құрылған танымал Венгр Ғылым Академиясының кітапханасында сақтаулы (оның вице-президенті – Лайош Лигети). Шандор Кереши Чома – әйгілі тибеттанушы. Алғашқы болып буддалық қасиетті жазбаларды еуропа тіліне аударды. Аурель Штейн өзінің ғылыми зерттеулерін Жібек жолы археологиялық мұралары мен сауда жолы бойында қалыптасқан синкреттік мәдениетке арнады.

Алайда мадиярлар тек ғылым саласымен шектелмеді, Шығыс әлемі әдебиет, бейнелеу өнері, музыка және т.б. салаларда да шығармашылық шабыттарын ашты. Ғылыми экспедициялар әлемнің түкпір-түкпірінде дерлік жүргізілді. Мәселен, Қытайға жүргізілген экспедицияны атап айтуға болады. Граф Бел Сечени Янцзы өзені сағасының картасымен қатар, Дунхуангтағы Мың Будданың Үңгірі ғибадатханасы жайлы бірінші болып мәлімет берді. Көптеген жиһангездер археологиялық және этнографиялық жәдігерлерден тұратын коллекция жинады. Олардың қатарында: Ференц Хоп, Золтан Фелвинци Такач бар. Орталық Еуропада 1919 жылы Будапеште Ференц Хоптың халыққа қалдырған коллекциясы негізінде Шығыс Азия тұңғыш Өнер Музейі құрылды.

Оңтүстік-Шығыс Азия мен Океания мадиярлардың назарына кейініректе, IХ- ғасыр шамасында ілінді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бірқатар ғалымдар Корея жерінде этнографиялық және тілдік зерттеулер жүргізді – Бишоп граф Петер Ваи, Бенедек Баратоши-Балог, Ференц Мартонфи және Карой Фендлер.

Көрме 2015 жылдың 25-қазанына дейін созылады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source