авто

Переключатель языков

Чехия Ұлттық музейінде (Прага қ.) «Ұлы Даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме ашылады. Көрмеге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі коллекциясынан алынған қазақтың тарихи этнографиясын және ежелгі көшпелілердің (сақтар мен ғұндар) археологиялық мәдениетін бейнелейтін 400-ден аса артефакт қойылады.

Чехиядағы «Ұлы Даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме

2019 жылы 5 тамыз күні сағат 15.00-де «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында Отырар қорғанысының 800 жылдығына орай «ҚАМАЛЫ БЕКЕМ, ХАЛҚЫ ҚАЙСАР-ОТЫРАР» (Отырар қорғанысына 800 жыл) тақырыбында «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қор материалдары негізінде ұйымдастырылған көрме ашылады.

«ҚАМАЛЫ БЕКЕМ, ХАЛҚЫ ҚАЙСАР-ОТЫРАР» (Отырар қорғанысына 800 жыл)Отырар-әлемдік өркениетте өзіндік үлесі бар, тарихы терең, табиғаты көркем, төсінде сұлу Сыр мен ерке Арыс қатар аққан, Ұлы Жібек жолы бойындағы құтты мекен. Ежелгі заманнан-ақ бүкіл шығысқа кеңінен танымал Үнді, Қытай, Византия, т.б. мемлекеттермен үнемі ғылыми, мәдени, экономикалық, дипломатиялық байланыстарда болып, қалаларында ғылым мен мәдениет, сауда, өндіріс, далаларында егін, мал шаруашылығы қатар дамыған аймақ.

Ғұлама ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің туылған өлкесі Отырар – Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан ортағасырлық қалалардың ең белгілісі. ҮІ-ҮІІІ ғасырларда Отырар-Фараб Сырдарияның орта шеніндегі ірі феодал иелігінің астанасы, ІХ-ХІІ ғасырларда аймақтың бас қаласы, ХІІІ-ХҮ ғасырларда Қазақстанның оңтүстігіндегі аса ірі қалалардың бірі, ал ХҮІ-ХҮІІІ ғасырларда Қазақ хандығының саяси және экономикалық орталығы болған.

ХІХ ғасырдың аяғында Отырар қирандылары мен оның төңірегінде орналасқан басқа да ескерткіштер зерттеуші ғалымдардың назарынан тыс қалған жоқ. Отырар ескерткіштері жайлы В.В.Бартольд, Е.Г.Смирнов, Н.С.Лыкошин, А.О.Руднев, Д.Н.Люшин, И.А.Кастанье, А.К.Кларе, А.Черкасов, И.Т.Постлавский, А.Н.Бернштам, Е.И.Агеева, А.Г.Максимова К.А.Ақышев, К.М.Байпақов, М.Б.Қожа және тағы басқа ғалымдардың еңбектерінде кеңінен жазылған. Тарихи деректерге сүйенсек, Отырардың алғашқы топографиялық сұлбасы 1903 жылы түсірілді. Отырарды зерттеу 1904 жылдары А.Кларенің басшылығымен жүргізілген алғашқы ғылыми негіздегі қазба жұмыстарынан басталады.

1947 жылы Оңтүстік Қазақстанда орналасқан ескерткіштерді зерттеу қолға алынып, сол кездегі Тарих, археология және этнография институты мен материалдық мәдениет институтының Ленинградтық бөлімі бірлесе отырып Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын (ОҚАЭ) құрды, экспедиция басшысы А.Н.Бернштам болды. ОҚАЭ өңірдегі Пышақашытөбе, Алтынтөбе, Құйрықтөбе, Марданкүйік, Көкмардан сонымен қатар Сырдарияның солтүстік жағасындағы Бұзық, Оқсыз, Артық ата, Қауған ата, және Сумағар сияқты тарихи ескерткіштерге зерттеу жұмыстарын жүргізді. 1969-1971 жылдары Кемел Ақышевтің бастамасымен ҚазКСР Ғылым Академиясының Ш.Уалиханов атындағы тарих, археология және этнография институты Отырар экспедициясымен жұмысты қайта бастады. Нәтижесінде Отырар Қазақстан мен Орта Азия аумағындағы барынша терең зерттелген ортағасырлық қала болып саналады.

Тарихтың, халықтың өсу жолымен ұштасып, жалғасып жатқан Отырардағы археологиялық қазба, зерттеулер нәтижесінде табылған, тарихи мұраларымыз осындағы ғылыми-зерттеу, мәдени-ағарту және археологиялық ескерткіштерді қорғау мекемесі «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі» РМҚК қорында жинақталған.

Төрт бөлімнен тұратын көрменің алғашқы бөлімін музей қорындағы археологиялық материалдардың ерте ортағасырлық үлгілері ІІІ-VIII ғғ. тән түпнұсқа жәдігерлер мен деректік материалдар құрайды. ІІ-бөлімде Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстігіндегі қала мәдениетінің дәуірлеген кезіндегі Отырар, яғни ІХ-ХІІ ғғ. Отырардың тыныс-тіршілігін баяндайтын еңбектер қорытындылары мен сол кезеңдерден жеткен археологиялық материалдар. ІІІ-бөлімде ХІІІ ғасырдағы Отырардағы дүрбелең, моңғол шапқыншылығы кезіндегі Отырардың тіршілігі және осы кезеңдерге тән жәдігерлер, ІV-бөлімде Отырардың қайта бой көтеруі. Билеуші Әмір Темір дәуірінен бастап Қазақ хандығы тұсындағы Отырардың даму кезеңдерінен хабар беретін бірегей, түпнұсқа заттар мен деректер қамтылады.

Мажарстан Ұлттық музейімен Меморандумға қол қойылдыҚР МОМ халықарылық ынтымақтастық шеңберінде, Қазақстан Республикасы мен Мажар Республикасы арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мақсатында, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей директорының орынбасары Б.Дандығараева және Мажарстан Ұлттық музей директоры Бенедек Варга музей ісі, тәжірибе алмасу, ғылыми және мәдени-біліми жобаларды жүзеге асыру мақсатында ынтымақтастық Меморандумына қол қойды.

Бекітілген Меморандум нәтижесінде 2020 жылы Мажарстан Ұлттық музейінде (Будапешт қ.) Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қор коллекциясының «Ұлы даланың тарихи-мәдени келбеті» атты көрме өтеді. Көрме Мажарстандықтарды қазақтардың тарихы және мәдениетінің бай этнографиялық коллекциясымен, сондай-ақ ерте көшпелілердің дәстүрімен таныстырады.

Көрме Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі және Мажарстандағы Қазақстан Елшілігінің қолдау көрсетті.    

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2019 жылдың 12 маусымында сағат 15.00-де академик Ә.Марғұланның 115 жылдық мерейтойына орай «Дара тұлға» атты көрме ашады.

Көрменің мақсаты: академик Ә.Х. Марғұланның өмір жолымен және одандық филология, археология, этнография,сәулет өнері сынды ғылымдарға қосқан үлесімен таныстыру .

«Дара тұлға» атты көрмеҚазақстан археологиясының қалыптасуы өмірі мен шығармашылығы Қазақстан ғылымының, оның ішінде, тікелей алғанда, ұлттық археология – этнография мектептері тарихының қалыптасу-даму үдерісінің айнасы іспетті – Ә. Х. Марғұланның атымен байланысты деуге болады.

Академик Әлкей Марғұланның (1904-1985) зерттеулері археология, этнография, филология, қазақ халқының мәдениеті, өнер тарихы сияқты түрлі салаларды қамтыды. Ол өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастап Қазақстан аумағындағы археологиялық ескерткіштерді іздестіріп, зерттеу шараларын қолға алды. Жетісу, Оңтүстік, Батыс Қазақстан жеріндегі ежелгі қала мәдениетінің орындарын анықтап Отырар, Тараз, Сауран, Сығанақ, Сарайшық сияқты гүлденген отырықшы тұрмыс орталықтарының болғанын дәлелдеді.

Қола дәуіріндегі ежелгі көшпелілердің материалдық мәдениетінің ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарына Ә.Х. Марғұлан 30 жыл бойы жетекшілік етті. Қола дәуірінде Орталық Қазақстан ірі өркениет ошағы болып мұнда бірегей беғазы-дәндібай мәдениеті қалыптасқанын ғылыми негізде дәлелдеді.

Көшпелілердің және олардың мұрагерлері – қазақтардың материалдық мәдениетінің тарихы ғалымның «Казахское народное прикладное искусство» деген еңбегінде толық сипатталады. Ә.Х. Марғұланның «Древние караванные пути через пустыню Бетпак дала», «О происхождении племени канглы», «О значении эпиграфических памятников Казахстана», «Шоқан және Манас», «О наследии Машхур-Жусуп Копеева», «Ежелгі жыр аңыздар» т.б. еңбектері біздің ата-бабаларымыздың терең де бай рухани әлемінің куәсі деуге болады. Ол 50 жылдардың орта кезінен бастап қазақ халқының ғұлама ғалымы Ш.Ш. Уәлиханов жайлы материалдарды жинастырып, 1961-1972 жылдар аралығында ұлы қазақ ғалымының шығармалар жинағының бес томын шығарды.

Көрмеде фотосуреттер, академик Ә.Х. Марғұланның жеке заттары, құжаттар, марапат белгілері және ғалымның ғылыми-зертеу, ұйымдастырушылық қызметін, әрі Қазақстан археологиясының дамуына қосқан үлестерін айғақтайтын музей қорынан алынған материалдар ұсынылады. Сондай ақ, Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясының ізденістері барысында жиналған неолит және қола заманының артефактілері көрсетіледі. Орталық Қазақстан экспедициясының соңғы жылдардағы зерттеулерімен Атасу, Ақмая, Мыржық қоныстарынан табылған заттар арқылы танысуға болады. Ерте темір ғасырының ескерткіштерінен тасмола мәдениетінің артефактілері бар. Ғалым орта ғасырлар тарихын зерттеудегі табыстарын Нұра өзені маңындағы қорымдардан, Отырар төбе қалаларындағы қазбалардан жиналған дүниелер, орта ғасырлардағы құрылыс-сәулет өнерінің ескерткіштері – түрлі ғимараттар макеттері аңғартады. Көрмедегі этнографиялық материалдар терең тамырлы мәдени мұраның айғағы. Көрме экспозициясын түрлі материалдар: қазба жұмыстарының панорамасы, жартас бетіндегі суреттер, археологиялық ескерткіштердің фотосуреттері, сондай-ақ Әлкей Марғұлан жайлы басқа ғалымдардың ой-толғаулары толықтырады.

Көрме 2019 ж. 10 шілдеге дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2019 жылдың 31мамырында «Халықтарды Қазақстанға депортациялау тарихынан» көрмесі ашылады

Жаппай саяси қуғын-сүргін жылдары КСРО халықтарын күштеп депортациялау сталинизмнің қылмысы саналады.

Күштеп депортациялау душар болғандардың алғашқы легіне қиыршығыстық кәрістер жатады. Корей халқымен бір уақытта оңтүстік шекаралардан күрдерді, армяндар мен ирандықтар көшірілді. Батыс Белоруссия мен Батыс Украинадан, сонымен қатар Балтық маңы республикаларынан депортацияланған поляктар 1939-1941 жылдары республика тұрғындарына айналды. Ұлы Отан соғысы басталысымен халықтарды депортациялаудың жаңа кезеңі басталды. Бұл кеңестік немістер еді. Олар Еділ бойынан, Грузиядан, Әзірбайжаннан, Армениядан көшірілді. Тұрғылықты халқының еркінен тыс Қазақстан түрлі ұлттардың сталиндік түрмесіне айналды. Қазақстанға 1937 жылы 18526 кәріс отбасы (шамамен 100 мыңнан астам адам). Соғыс қарсаңында 102 мың депортацияланған поляк республика тұрғындары атанды. Елдің батыс аудандарынан 1941 жылдың күзінде республикаға 532506 адам көшірілді. Қазақ КСР-іне 1941 жылдың күзінде тағы 361 мың Еділ бойы немістері көшірілді. Қазақстанға 1943-1944 жылдары Солтүстік Кавказ халықтары мен басқа да ұлт өкілдерінің 507 мың адамы қоныс аударылды. Орта Азия мен Қазақстан республикаларына 1944 жылдың қарашасында Месхетияның (Грузия КСР) 220 елді мекенінен 110 мыңнан астам көшірілді. Депортациялаудың ауыр зұлматы Солтүстік Кавказ халықтарын қиын жағдайға душар етті, 1943-1944 жылдарықарашайлар, балқарлар, шешендер мен ингуштар депортацияланды. Содан соң қалмақтар мен қырым татарлары көшірілді.

Халықтарды Қазақстанға депортациялау сталинизмнің қандықол саясаты жағдайында өтті. Қуғын-сүргінге душар болған халықтардың аса ауыр жағдайда тірі қалуына қазақ халқының бауырмалдығы мен гуманизмі зор септігін тигізді.

Көрмеге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі қорларынан алынған фото және деректі материалдар, кітаптар жіне депортацияға ұшыраған халықтардың тұрмыстық заттары қойылады.

Құрметті алматылықтар, көрменің ашылуына шақырамыз!

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source