авто

Переключатель языков

05.08.2016 ж. Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі » атты көрме

2016 жылдың 5 тамызында сағат 21.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласының Әкімдігімен бірлесіп Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі » атты көрме өткізеді.

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы Алматы қаласының 1000-жылдығын 2016 ж. мерейтойлық күндер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі.

almaty-1000-letАлматы және Алматы өңірінің (Жетісу) Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Алматының мыңжылдық тарихы жайлы сөз қозғағанда археологтар осы аумақты ежелгі адамның қола немесе ерте темір ғасырында ақ мекендегенін емес – ғылыми ортада қалыптасқан қала деген түсінікке сай әкімшілік билік, қолөнер мен сауда орталығы қалыптасқан кезеңді алға тартады.

Алматы мәдени, техникалық, экономикалық, әлеуметтік-саяси байланыс біте-қайнаған күрделі құрылым.

Көрменің мақсаты – Алматының ежелден, сонау – қола дәуірі, ерте темір, орта ғасырлар, XIX ғ. (Верный қ.) кезеңдерден бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу, даму, өркендеу жолын көрсету, яғни өткенді және бүгінгіні саралап, көрерменнің болашақты бағамдауына ықпал ету.

Тарихи-археологиялық зерттеулер мәліметтері Жетісудың табиғат жағдайы – экологиялық ерекшелігіне сай өңірде қола дәуірінде ақ отырықшы-көшпелі шаруашылықтың қалыптасқанын аңғартады. Б.з.д. II мыңжылдықта ақ Алматы аумағын андрондық тайпалар мекендегені белгілі. Жетісу жерінде қола дәуірінің қорым, қоныс, жартас суреттері сынды көптеген ескерткіштері анықталды. Алматы аумағынан табылған көмбелер мен ашылған бірнеше қоныс байырғы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жайлы мәлімет берді. Арнайы әдебиетте, «Каменск» және «Түркісіб» көмбесі деп айтылып жүрген артефактілер аса құнды дереккөзі. Бұл артефактілердің кейбірі б.з.д. XIV-XII ғғ. және кейінгі б.з.д. X-VIII ғғ. мерзімделеді.

Көрме экспозициясында ерте темір ғасыры – сақ кезеңінің Жалаулы, Қарғалы көмбесінен табылған алтын бұйымдар коллекциясы, Жетісу сақтарының этномәдени және киелі орталығының бірі – әйгілі Бесшатыр обасының және обалардың біріндегі қабірдің (б.з.д. VIIIғ.) реконструкциясы көрсетіледі.

Экспозицияның «Орта ғасырлардағы археологиялық ескерткіштер. VI-XIV ғғ.» кешені бөлімінде ортағасырлық Шеңгелді қалашығынан табылған материалдар негізінде жасалған тұрғын-жай реконструкциясы, 1978 жылы анықталған ұста шеберханасының қирандысы, сондай-ақ ҚР МОМ коллекциясындағы қыш құбыр, қыш ыдыс фрагменттері, дән үгітілетін текше тас, сап, металдан жасалған түрлі еңбек құралдары, т.б. негізінде жасалған ұста шеберханасы, су құбырының реконструкциясы ұсынылады.

Қала тарихының Верный кезеңі (1854-1921 жж.) қала құрылысының деңгейі, абаттандырылу сипаты, өндіріс және сауданың даму барысы жайлы ҚР МОМ қорындағы фотоқұжаттар сыр шертеді. 1921 ж. – 1990 ж. қала Алма-Ата деп аталды.

Алматының қазіргі даму үдерісін ҚР МОМ коллекциясынан іріктелген фотогалерея айғақтайды. Бүгінгі Алматы – Орталық Азиядағы аса ірі мегаполис, республиканың қаржы және мәдени орталығы.

ҚР МОМ қомақты қор коллекциясы негізінде ашылып отырған бұл көрме Алматы қаласының көне заманнан бүгінге дейінгі қалыптасу, дамуымен байланысты экономикалық, саяси және этномәдени үдерісіндегі тарихи мәнді оқиғаларды толық ашып көрсетеді деуге болады.

 Өткізілетін орын: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Алматы қ., Самал-1, ықш. ауд., 44 үй.

 

almaty-skvoz-veka-2016 almaty-skvoz-veka-2016
almaty-skvoz-veka-2016 almaty-skvoz-veka-2016
almaty-skvoz-veka-2016 almaty-skvoz-veka-2016

«АЛМАТЫ – ҒАСЫРЛАР КУӘСІ» КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

Click to download in FLV format (43.28MB)

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source