авто

Переключатель языков

22.01.2016 ж. Суретші Лидия Коваленконың 70-жылдық мерейтойына арналған «Ертегінің жаңғыруы» атты шығармашылық көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2016 жылдың 22 қаңтарында сағат 15.00-де ҚР Еңбегі сіңген өнер қайраткері, суретші Лидия Коваленконың 70-жылдық мерейтойына арналған «Ертегінің жаңғыруы» атты  шығармашылық көрмесінің ашылу рәсімін өткізеді.

Лидия Васильевна Коваленко – сәулетші, суретші әрі ақын. Ол – Қазақ  политехникалық институтының сәулет факультетінің түлегі. Он жылдан бері әр түрлі кіші  сәулеттік формаларды жобалаумен, монументтік кескіндемелер, көрмелер, декоративтік панно жасаумен айналысып келеді. Акварельдік кескіндемеге деген ықыласы оның шығармашылығында айрықша орын алады. Лидия – акварель техникасындағы “жылы қырау” атты жаңа бағыттың авторы.

Өнер сүйгіш қауымның назарына ұсынылып отырған көрме ретроспективті сипатта ұйымдастырылып отыр. Автор жеке өзіне тән техникада орындалған кескіндемелерінің жинағын мерейтойлық шығармашылық есеп ретінде өткізбекші, яғни көрмеде акварель, кескіндеме және графика арқылы түрлі тақырыптарды қамтитын (жануарлар, кептерлер, гүлдер, ағаштар, адамдар, түрлі заттар және оюлар т.б.) туындылар көрсетіледі. Оның жұмыстарының көбінде “жылы қырау” авторлық техникасы мен ертегілік бейнелері орын алған.

Лидия Васильевна – қоғам қайраткері, өзінің жүрекке жақын суреттерімен қазақстандықтар үшін танымал суретші.  Ол  “Я в мирах” (1995 ж.), “Леди Осень” (2003 ж.) атты екі өлең жинағын шығарған. Отанға арналған «Леди Осень» атты өлең жинағынан алынған өлеңдер «Самопознание» бағдарламасының 8 сынып хрестоматиясына енгізілген.

Л.Коваленконың өлеңдері қазақ, украин және ағылшын тілдеріне аударылып, акварельдері 7 альбом–күнтізбе болып жарық көрді. Автордың жоспарында «Маленькие кавказские приключения» кітапшасы (Аджариядағы демалыс пен жұмыс туралы әзілдік жазбалар), «Мой китайский альбом», «Степь поет», «Қойлығым – құтты мекенім!», «Есть мужчины!», «Азбука архитектора» сынды карикатуралар, пародиялар, эпиграммалар жинағын жариялау және акварельдік суреттерін байыпты альбомға біріктіріп, басып шығару бар.

Лидия Коваленко өнер мен әдебиеттің дамуына  қосқан үлесі үшін  Мәскеулік Мемлекеттік шығармашылықтану академиясының Құрметті докторы (2004 ж.) және  “Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері” (2006ж.) атақтарының иегері болды. Ол “Бөбек”  қорының, “SOS Киндердорф” және Қазақстан Республикасының  Халықтар Ассамблеясының  “Қазақстан  елдерінің мәдени және рухани жаңаруына қосқан үлесі үшін” деген құрмет  грамоталарымен марапатталған. Оның өлеңдері романстар мен әндердің топтамасына негіз болды, ал суреттері әлемдегі көптеген елдердің мемлекеттік және жеке коллекцияларын орын алған. Көрменің салтанатты ашылуына Қазақстанның танымал мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады. Келушілер Лидия Коваленконың 100-ге жуық жұмыстарын тамашалай алады.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі танымал шебердің акварель, кескіндеме және графика жұмыстарымен танысуға шақырады.   

Лидия Коваленко Лидия Коваленко Лидия Коваленко Лидия Коваленко

Көрме 2016 жылдың 4 ақпанына дейін жалғасады.


Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source