авто

Переключатель языков

24.02.2016 ж. Халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Жыр алыбы Жамбыл» көрмесі

2016 жылдың 24 ақпанында, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Алматының 1000 жылдығы» аясында өткізілетін халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 170-жылдығына арналған «Жыр алыбы Жамбыл» атты көрме ашылады.

Zhambyl Zhabaev2016 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Алматының 1000-жылдығына» орай бірқатар іс-шаралар өткізеді. Солардың бірі Жамбыл Жабаевтың 170-жылдығына арналған музей қоры негізінде құрылған «Жыр алыбы Жамбыл» көрмесі болып табылады. Даңқты халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі елімізге ғана емес, өзге елдерге де кеңінен танымал.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығынан хабар беретін жеке заттары мен түрлі материалдар сақтаулы.

Аталмыш көрме қазақтың халық ауыз әдебиетінің қазынасы болып табылатын Жамбылдың шығармашылығының құрметіне ұйымдастырылып отыр.

Көрменің мақсаты: қазақтың халық ауыз әдебиетінің қазынасы болып табылатын ұлы Жамбыл шығармашылығына қатысты көптеген қызықты фотоқұжаттық, заттық және жазбаша деректерді көрермендер назарына ұсыну болып табылады.

Жамбыл Жабаев 1846 жылдың 28 ақпанында дүниеге келді. Ақындық өнердің биік шыңына көтерілген Жамбыл ауызша үлгіні әдебиетпен, поэтикалық мәнерлерді прозамен ұштастыра білді. Жамбыл қазақ, қырғыз ақындарының көпшілігімен айтысқа түсіп, бақ сынасты. Ақынның Бақтыбай, Айкүміс, Сарыбас, Шашубай, Құлмамбетпен жекпе-жекке түскен айтыстары халыққа кеңінен танылды. Жамбыл «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарына сүйене отырып «Хан мен ақын», «Жалқау туралы ертегі» сынды ертегілерін жазды. Қазақ батырларының ерліктерін жырлау ақын шығармаларының басты тақырыптарының бірі еді. 1936 жылдан бастап Жамбыл туындылары кеңінен танылып, орыс тіліне аударыла бастады.

Халық ақыны Жамбыл «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1941 жылы көркем әдебиетке қосқан үлесі үшін Жамбыл Жабаевқа Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді.

Көрме экспозициясына сирек қойылатын қыл қалам шеберлері Әбілхан Қастеевтің «Жамбыл», атақты мүсінші Исаак Иткиндтің «Бала Жамбыл» мүсіндік портреті, сондай-ақ Л.Леонтьев, Н. Карповскийдің туындылары қойылады.

Аталмыш көрмеде «Жамбыл шығармалары» атты қолжазба (мұқабасы терімен қапталып, күміс қалып кигізілген, қоңырау пішінді күміс салпыншағы бар тоқыма баудан жасалған бетбелгімен әшекейленген) мен Жамбылдың 75 жылдық шығармашылық мерейтойына арнап шығарылған сурет альбом да халық назарына ұсынылады.

Сондай-ақ, көрме экспозициясына халыққа аз танылған фотоқұжаттар, қызметкерлер мен мектеп оқушыларының ақынға жолдаған құттықтау хаттары, ақынның орыс тіліне аударылған өлеңдері, марапаттаулары, ақын туралы еңбектер, экспонаттар мен Жамбылға арналып салынған суреттер қойылады.   

Zhambyl Zhabaev-170 Zhambyl Zhabaev-170
Zhambyl Zhabaev-170 Zhambyl Zhabaev-170

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source