авто

Переключатель языков

20.04.2016 ж. Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың Кәукені» атты мемориалдық көрмеcі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2016 жылдың 20 сәуірі күні сағ. 15.00-де қазақ өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан тұлға, әнші, актер, ҚазССР Халық артисі Кәукен Кенжетаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған «Қазақтың Кәукені» атты мемориалдық көрме ашылады.

Kenzhetaev KaukenКәукен (Әбдірахым) Кенжетаев – опера әншісі, киноактер, режиссер, аудармашы, қазақ өнеріндегі шоқтығы биік тұлға. 1916 жылы Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1935 жылы Мәскеу консерваториясының жанындағы Қазақ студиясына қабылданып, 1936 жылы Мәскеудегі қазақ өнерінің бірінші декадасына театрдың жеке әншілері құрамында қатысты. 1942-1946 жж. әскер қатарына шақырылып, Хабаровскідегі шекарашылар ансамбілінің құрамында азаматтық борышын өтеп қайтты. 1946 жылдан қазақтың опера өнерінің қалыптасуына үлес қосқан ұлт мәдениетінің тұтқалары – Қ.Байсейітов, К.Байсейітова, Қ.Жандарбеков, Ш.Жиенқұлова, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Ә.Үмбетбаев сияқты дара тұлғалардың қалың ортасына түсіп, шеберлігін шыңдады.

К.Кенжетаевтың шығармашылығы сан қырлы және ол өнердің түрлі жанрларын қамтиды. Ол Е.Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсында  Тарғын, «Жалбырда»  Жалбыр, «Амангелдіде» Амангелді, «Қыз Жібекте» Бекежан, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» трагедиясында Жиренше, Н.Г. Жигановтың «Алтыншаш» операсында хан сияқты қазақ операларының кесек тұлғаларын сомдады. К.Кенжетаев ұлттық шығармалардың шеңберінде қалып қоймай, Еуропа және орыс опера мәдениетінің сахналық бейнелерінің кесек образдарын да сахналады. Азия, Африка және Еуропа елдерінің үлкен сахналарында қазақ әндерін асқақ рухпен орындады.

К.Кенжетаев кино саласында туған ағасы Ш.Айманов, сондай-ақ А.Қарсақбаев, С.Қожықов, С.Бейсенбаев, М.Бегалин сынды дарынды режиссерлармен қызметтес бола жүріп, 1946 жылдан бастап жиырма шақты фильмге түсті. Кәукеннің кинодағы жарқын бейнесі халық жадында«Біздің сүйікті дәрігер» (1957), «Жерге оралу» (1959), «Тұлпардың ізі» (1964), «Ән қанатында» (1966), «Ел басына күн туса» (1967), «Мәншүк» (1969), «Қызылтас заставасында» (1969), «Қыз Жібек» (1971), «Гаухартас» (1975) «Боранды бекет» (1995) және т.б. фильмдердегі сомдаған кейіпкерлері арқылы қалды. «Боранды бекет» фильмінде Қазанғап рөлін жоғары дәрежеде сомдағаны үшін 1995 жылы Халықаралық Ш.Айтматов атындағы сыйлық берілді.

Драматургияда «Алдаркөсенің айласы», «Құсни-Қорлан», «Қаңбақ шал», «Күйші», «Кемпір мен шал» пьесаларын жазды. Ал аударма саласында «Бейбіт шаңырақ», «Фигароның үйленуі» сияқты сахналық шығармаларды өз тілімізде сайратты.

1979 жылдан бастап ұстаздық қызметке ауысқан К.Кенжетаев Т.Жүргенов атындағы Қазақ өнер академиясында музыкалық комедия факультетін ашып, талантты шәкірттер тәрбиеледі. Өнер мен педагогика саласына сіңірген елеулі еңбегі үшін жоғары мемлекеттік наградалар – Еңбек Қызыл Ту, Парасат, Отан ордендері және медальдармен марапатталып, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының иегері атанды.

 Орталық музей қабырғасында ұйымдастырылып отырған «Қазақтың Кәукені» көрмесіне оның өмір жолы, өскен ортасы, шығармашылығы мен қызметінен сыр шертетін фотосуреттер, марапаттары, кітаптары, жеке заттары, отбасылық мұрағаты мен ҚР Орталық мұрағаты қорынан алынған материалдар қойылды. Сонымен қатар көрменің бір бөлімі Алматы қаласының тарихы музейінің қорынан алынған опера әншісі, ҚазССР Халық әртісі, К.Кенжетаевтың жары – Шабал Бейсекованың шығармашылығына арналды. Көрмеде К.Кенжетаев ойнаған спектакль кейіпкерлеріне арнап дайындалған костюмдар мен сахна декорациясының А.Ненашев, С.Романов сынды суретшілер орындаған бірегей эскиздер коллекциясы тұңғыш рет көрсетілмекші.

Көрменің салтанатты ашылуында белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері, шәкірттері, Кәукен ағаның көзін көргендер мен ұрпақтары естеліктерімен бөліседі.

kenzhetaev100-pic1 kenzhetaev100-pic2
 kenzhetaev100-pic3 kenzhetaev100-pic4

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source