авто

Переключатель языков

16.09.2016ж.Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Халық қаһарманы, Еңбек ері» атты көрме ашылады

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде 2016 жылы 16 қыркүйекте, сағат 15.00-де  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Халық қаһарманы, Еңбек ері» көрмесінің ашылуы өтеді.

«Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы  – ең жоғары дәрежелi ерекшелiк белгiлер (11.04.1993 қабылданған «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Заңы).

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Халық қаһарманы, Еңбек ері» көрмесінің негізін музейдің қор бөлімінде сақталған Б.Момышұлы, Б.Бейсекбаев, С.Нұрмағамбетов, Т.Әубәкіровтің жеке кешендерінен алынған фотоқұжаттар құрайды.

Көрменің мақсаты: «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталған қазақстандық батырларды үлгі ете отырып, Қазақстанның Даңқ тарихын, еліміздің қалыптасу, даму және егемендік тарихын көрсету, жастардың өз елінің тарихына деген құрмет және отансүйгіштік сезімін қалыптастыру.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арналған бұл көрме:

- Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

- «Халық қаһарманы» - ғарышкерлер;

- «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек Ері» мәдениет және ғылым қайраткерлері секілді бөлімдерден тұрады.

Б.Момышұлының 1981 жылы түскен соңғы фотопортреті, Қ.Қайсеновтің, Р.Қошқарбаевтың барлық марапаттары мен шерулік формадағы суреттері, өзге де соғыс және еңбек ардагерлерінің фотоқұжаттары көрмеде өз орнын тапқан.

Көрмеге қойылған Б. Бейсекбаевтың «Ресей Федерациясының Батыры» атағына берілген орден кітапшасы, марапат қағазы және 1998  жылы берілген «Халық қаһарманы» белгісі куәлігі айрықша көзге түседі. Музейге келушілер сынақшы-ғарышкер Т.Мұсабаевтың «Мир» орбиталық ұшу кешені бортында өткізілген ғылыми зерттеулер мен сынақтар бағдарламасы сынды тағы да басқа бейбіт күндерде ерлік істерімен ерекшеленген «Халық қаһарманы» атанған замандастарымыз туралы деректермен таныса алады.

Сондай-ақ аталмыш көрме музейге келушілерді «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталған Ә.Кекілбаев, О.Сүлейменов, Е.Рахмадиев секілді танымал әдебиет және өнер қайраткерлерімен де таныстырады.

Көрме ҚР Орталық Мемлекеттік музейінің №4 «Тәуелсіз Қазақстан» залында ұйымдастырылған.

enbek-kaharman-1 enbek-kaharman-2 enbek-kaharman-3

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source