авто

Переключатель языков

17.11.2016 ж. Халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толуына арналған «Даланың алып қоңырауы» көрме

«Даланың алып қоңырауы»

2016 жылдың 17 қарашасы аса көрнекті халық ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің (1841-1889) туғанына 175 жыл толуына орай оның өмірі мен шығармашылық мұрасын насихаттау әрі дәріптеу мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚФ, Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтымен бірлесіп ұйымдастырылған «Даланың алып қоңырауы» көрме ашылды.

Көрмені ҚР МОМ директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары Бабақұмар Хинаят сөз сөйлеп, өз жүрекжарды лебізін білдіріп, салтанатты түрде ашып берді. Көрменің ашылу рәсімінде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚФ, Қазақстан Республикасы білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институтының директорының инновациялық даму ісі жөніндегі орынбасары Сәбит Суатай, педагогика ғылымдарының докторы, жазушы, ыбырайтанушы Әдібай Табылды, Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Төреқызы Миразова, Ыбырай Алтынсариннің туысы Шолпан Хәкімжанова сөз алып ұлы ағартушыға арналған ой-лебіздермен бөлісті.

Айтулы көрменің негізін ағартушының ҚР МОМ қорында сақталынып отырған жеке қалта сағаты, оның өмірі мен шығармашылығына байланысты қолжазбалар мен басылымдар, фотоқұжаттар мен хаттар, өзі әрі жақын туған-туыстары мен шәкірттері туралы деректі материалдар құрайды. Өз заманының қайраткері болған педагогтің кейінгі кезде жарық көрген тың басылымдармен бірге оның ҚР БҒМ Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» кітапханасынан алынған қолжазбалары (баспаға шықпаған өлең, Сүлеймен төренің қызына жазған өлеңі, хан мен байларға, бектерге арнап жазған өсиет өлеңі) мен еңбектері де («Шариат-үл-ислам», «Мәктубат», «Асан мен Үсен») осы көрме төрінен орын алады. Сондай-ақ аталмыш көрмеге ағартушы ұстаздың Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағатынан және ҚР Мемлекеттік орталық киноқұжаттар мен дыбыс жазбалары мұрағатынан, Қостанай облыстық Ы. Алтынсарин атындағы мемориалдық музейінен, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының музейінен алынған фотосуреттер мен құжаттардың көшірмелері, жақын туысы Қазақстан Республикасының Халық жазушысы, көрнекті ақын Мәриям Хакім­жанова мен шәкірттері Ахмет Балғымбаев, Б. Ақтамберлин, Спандияр Көбеев, Жамаледдин Бейсеновтің, Мұхамеджан Сералиннің фотосуреттері, қолжазбалары жұрт назарына ұсынылады.

Көрменің ашылу салтанатынан соң «Ұстаздың ұлағаты» атты семинар сабақ өткізілді. Көрме аясында ұйымдастырылған аталмыш семинарда республикамызға белгілі ғалымдар мен ұстаздар тарапынан мектеп мұғалімдері мен оқушыларға және жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған дәріс оқылып, арнайы сертификаттар берілді.

Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы алаңда орналасқан.

Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let
Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let
Vystavka. Ibrai Altynsarin-175 let Ibrai Altynsarin-175 let. Confererence.

Көрме 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source