авто

Переключатель языков

17.03.2017 ж. Наурыз мейрамына арналған «Наурыз нақыштары» атты фестиваль.

2017 жылдың 17 наурызында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени Өкілдігі бірлесіп Наурыз мейрамына арналған «Наурыз нақыштары» атты фестиваль өткізді.

kraski-nauryz2017-afisha

 Қазақ және парсы халықтарының арасындағы терең тамырлы қарым-қатынас бүгінде дәйекті жалғасуда. «Наурыз нақыштары» мейрамы баянды достық, мәдени дәстүрлер ортақтастығының символы болып табылады. Фестиваль аясында ашылған көрмеде Иранның дәстүрлі мәдениеті, өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік беретін, бүгінде сирек ұшырасатын көне бұйымдар, яғни кемпірқосақша құбылып, түрлі амал-тәсілде жасалған миниатюра, шағын мүсін, живопись, бедерлі металл, бояма қыш (құты, құмыра, табақ, қобдиша, тұғыр) сынды қолөнер туындылары байырғы қолөнерші, суретші, каллиграфистердің биік талғамы мен шеберлік деңгейін аңғартады.         "Наурыз мейрамы"  Қазақстанда 2001 ж. Мемлектеттік мереке болып жарияланды.

Оңтүстік астана тұрғындары мен қонақтары дәл осы күні демалыс орны ретінде Музейді таңдады: олардың үміттері ақталды. Музей қызметкерлері өз қонақтарына арнап дәстүрлі қазақ дәстүрлері, рәсімдер, ойындар, көрмелердің ашылуы, музейлік сабақтар мен музей залдары бойынша экскурсиялар, шеберлік сабақтары, концерттен тұратын кең мәдени-білім беру бағдарламасын дайындады.

Директордың орынбасары Қақабаев Б.С. Наурыз мейрамын бастап, Музейдің қор коллекциясынан алынған «Дәстүрдің жарқын жалғасы» тақырыбындағы көркемдік өнімдер көрмесі, Н.В.Бубэ, Ф.Тарази, Ж.Тәкен, Т.Волкова, Б. Балташева, Д.А.Байдаралиндер, Д.Өтелбаев, Е.Шарапова, Е., А.Маусариева, М. Қорқыт, Р. Өмірзақ , Ж. Керімбек А.Сәкежан, М.Алиев, М. Әбілжан, Н.Жеңісұлы, З.Ниязова, А. Мустафаев, М.Нарбаева, А.Түзелбаева, Саутбеков Н., О. Шейхмус сынды қазіргі қазақ суретшілерінің көрмесін ашып берді. Келесі құттықтау сөзін Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Эрдеши мырза мен Ислам Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулдығы жанындағы Мәдени өкілдігінің директоры Сейд Джавад Джалали Киясари мырза алып, Иранның дәстүрлі мәдениеті, өнерімен толығырақ танысуға мүмкіндік беретін көрме жайлы айтты.

Музейдің әр экспозициялық залында балалар мен ересектер аудиториясы үшін әр бағыттағы бағдарламалар дайындалды. Мектеп оқушылары және ЖОО студенттеріне «Қош армысың, Әз-Наурыз», «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы», «Қазақ ертегілер әлеміне саяхат» интерактивті ойындары ұнаса, ұлттық дәстүрлер элементтері бар концерттік бағдарлама өзгелердің көңілінен шықты. Екі рәсім көрсетілді. Біріншісі – бала туылғандағы алғашқы рәсімі Бесікке салуды музей қызметкерлері өткізіді. Екіншісі – мерекенің ең кішкене қонақтары – тәй-тәй басқан балақайлардың алғашқы қадамы сәтті, яғни ғұмыры ұзақ, болашағы жарқын болсын деп, «Ақ жол» деген тілеумен «Тұсау кесер» жоралғысы атқарылды. «Тұсау кесер» жоралғысын ҚР Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов өткізді.

 Ертеден-ақ, Наурыз мейрамы кезінде әр ауыл-аймақтың жұрты жиналып, бір-бірімен көрісіп-жүздесіп, есен-саулық сұрасқан, түрлі ұлттық   ойын («Қыз қуу», «Айқыш-ұйқыш», «Аударыспақ», «Тоғыз құмалақ» және т.б.), дәстүрлі ат жарыстары («Бәйге», «Жорға жарыс», «Көкпар») ұйымдастырылып, ән шырқалып, күй тартылып, мың бұрала би билеп, арқа-жарқа болысқан.

Қазақ шеберлерінің ғасырлар бойы шыңдап, көзінің қарашығындай ұрпақтан-ұрпаққа жеткізген дәстүрлі қолөнерінің бүгін де өресі биік деуге болады. Бұл мереке кезінде музейдің ғылыми қызметкерлері қазақ кестесі, зергерлік өнер техникасы жайлы, ал шебер Мұса Әділ қазақтың музыкалық аспабы – домбыра жасау технологиясы жөнінде шеберлік сабағын өткізді.

Мемлекеттік қуыршақ театрының «Наурыз-Думан» және Мұзафар Әлімбаевтың шығармасы желісімен С. Бегалин атындағы Орталық мемлекеттік балалар кітапханасының қызметкерлері дайындаған «Мен дала баласымен» атты театрландырылған қойылымдары да көрерменді қуантқаны сөзсіз.

Халық әртісі Гүлбаршын Тергеубекова, Халық әртісі Сәкен Қалымов, әнші-композитор Әділбай Жаниязов, Бахтияр Матназаровтың қатысуымен өткен этнографиялық ансамбльдер, музыкалық ұжымдардың концерті фестивальдің салтанатты ашылуынан бастап аяғына дейін жалғасты.

Осы шараны өткізудегі музей серіктестері мен демеушілері:«Copy lider» және «Panasonic» компаниялары; «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы; «Викрма импекс(II)ЛТД» ЖШС; «Ақсай-нан» ЖШС; «Карапуз» ЖШС; «GerkulesGames» дамытушы ойындар бойынша сауда компаниясы; Халық әртісі Мұрат Серкебаевтың басқаруындағы Алматы әкімінің концерттік оркестрінің квартеті; Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы; Қазақ Мемлекеттік әйелдер педагогикалық университеті; Ж.Елебеков атындағы Республикалық эстрада-цирк колледжі; А. Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесі; № 12 балалар музыкалық мектебі; Өзбек мәдени орталығы; «Нам Сон корей халқының дәстүрлі ансамбльі»; ICLUB Зияткерлік балалар клубы «Ақ Маржан» халық би ансамблі; «Көкжиек», «Алматыкітап», «Сардар» баспалары; «Sweetbox flower», «Долина роз» гүлдер компаниялары және т.б.

Краски Наурыза-2017 Краски Наурыза-2017
Краски Наурыза-2017 Краски Наурыза-2017
Краски Наурыза-2017 Краски Наурыза-2017

Көрменің жұмыс уақыты 30 наурыз 2017 ж.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source