авто

Переключатель языков

Антропологиялық коллекция

Палеоантропологиялық коллекцияда қола, ерте темір және түркі дәуірлеріне жататын адамның қаңқа сүйектері сақталған. Коллекциядағы палеоантропологиялық материалдар 890 сақтам бірліктен тұрады. Негізгі материалдар Қызылорда облысындағы Шірік-Рабат қорымы, (хронологиялық мерзімі б.з.д. ІV- II ғғ.) және Арыс мәдениеті Күлтөбе моласы, Қаңлы (Кангюй) мемлекеті (тарихи хронологиясы б.з. І-ІVғғ.) кезеңдерін қамтиды. Қазіргі кезеңде аталмыш материалдарға краниологиялық сипаттамалар бойынша зерттеулер жүргізілуде. Ал Оңтүстік Қазақстан өңірінен жиналған палеоантропологиялық материалдар қор толықтырылуда.

Сонымен қатар, коллекцияда Қазақстан мен Моңғолия (Баян-Өлгий) аумағынан жиналған 650 дана одонтологиялық (тіс морфологиясы) және 500 дана дерматоглификалық (алақан мен саусақ өрнектері) материалдар сақталуда.

anthropological collecction anthropological collection

 Қызылорда облысы, б.з.д. IY-II ғғ.

Шірік-Рабад қалашығы

ОҚО, Арыс мәдениеті,

Күлтебе қорымы. б.з. I-IY ғғ.

Қазақстанның жаратылыстану тарихы коллекциясы

Қазақстан жаратылыстану тарихының коллекциясы шамамен 8000 с.б. құрайды, аталған коллекцияға флора (ағаштардың кесінділері, кептірілген жапырақтар, акварельмен салынған суреттері бар гербарилер), фауна (аңдар мен құстардың тұлыптары, балықтар мен қос мекенділердің сулы препараттары, жұмыртқалары бар құстардың ұялары, тұяқты жануарлардың мүйіздері, жәндіктер сақталған энтомологиялық қорапшалар), геология (пайдалы қазбалар), сонымен қатар Қазақстанның табиғаты жөнінде фотоқұжаттар енген. Жаратылыстану тарихы коллекцияларының бірінші экспонаттары Орынбор музейінің жинағынан түскен, содан кейінгілері жоспарлы сатып алу арқылы, КСРО ҒА, ғылыми институттар, Республиканың қорықтары мен қорықшаларынан жинақтау жұмыстары нәтижесінде, сондай-ақ жеке тұлғалардың сыйға тарту сияқты жолдарымен түскен.

Палеонтология

Палентология коллекциясының алғашқы жәдігерлері Орынбор музейінен әкелінді. Коллекцияның ең үлкен бөлігі ХХ ғасырдың соңында экспозиция жасақтау барысында жинақталды. Осы кезде Қостанай, Қарағанды, Алматы, Павлодар, кейінірек Шымкент облыстарына экспедициялар жасалды. Коллекцияның бір бөлігін ҚазКСР ҒА және ҚазҰУ (ары қарай әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті) тапсырды. Осылайша қор В.И. Корнилова, Б.С. Қожамқұлова, П.П. Шилин және Э.Р.Орловскаяның мұрағатындағы материалдармен толықтырылды.

Стегоцефалдың (Stegocephala)тастағы таңбасыБүгінгі таңда коллекцияда алты мыңнан астам палеботаника мен палеозоологияның кембриден (570 млн. жыл) голоценге (қазіргі уақыт) дейінгі уақыт аралығын қамтитын 12 геологиялық кезеңнің жер бетінен жойылып кеткен флорасы мен фаунасы сақталған. Жәдігерлердің ішінде ерекше қызығушылық туғызатыны Қазақстанның алғашқы палеонтологы В.С.Корнилова жинақтаған тасқа түскен өсімдік таңбалары, «Әулие» палеонтологиялық қорығынан жиналған жорғалаушылар мен балықтардың тақтатастардағы қалдықтары, 420 млн. жыл бұрын жер бетін мекендеген буынаяқты жануар – трилобиттің (Оllenthella) құм қиыршығында қалдырған ізі, 300 млн. жыл бұрын жер бетін мекендеген алғашқы омыртқалы – стегоцефал (stegocephala) мен 140 млн. жыл бұрын өмір сүрген жеті түрлі кесірткенің (суда және құрғақ жерде тіршілік ететін) қалдықтары, сондай-ақ тұмсықтылардың бес түрінің сүйек қалдықтары ерекше қызығушылық тудыратыны сөзсіз.

Жалпы, жер бетінде адамдар пайда болғанға дейінгі кезеңнің куәсі саналатын палеонтологиялық заттардың барлығы қордағы өте сирек кездесетін бірегей құндылықтарды құрайды.

Фауна

lopatonosК.К.Клипперт, П.Полосьмаков, А. Енин, Э.Ф. Родионов сияқты танымал таксидермистер жасаған жануарлар мен құстардың тұлыптары аталған коллекцияның құнды экспонаттары болып табылады, олардың тұлыптарды жасау әдісі келушілерді бүгінгі күнге дейін таң қалдырады. Коллекциядағы Халықаралық және Қазақстанның Қызыл кітабына енген 100-ден астам жануарлар мен құстар да (Ілбіс, Жұпар, Ителгі, Казуар, Джек, Ақбас тырна, Сырдария тасбекіресі, Жетісу аяқтыбалығы, Батбат) ерекше құндылыққа ие.

Флора

Коллекция ХХ ғ. 20-50 жж. қалыптаса бастады. 170 жылдық Тянь-шань шыршасы, сексеуіл ағашы, Қазақстанның Қызыл кітабына енген өсімдіктердің 10 түрі – Шренка, Колпаков, Регель, Түркімен қызғалдақтары, марал тамыры,   ақжапырақ, шренка тұяқ майтабаны, сивер алмасының кесіндісі аталған коллекцияның бірегей экспонаттары болып табылады.

Геология

Коллекцияда Қазақстанның пайдалы қазбалары көрсетілген. Сонымен қатар табиғи элементтер, метаморфиялық тау жыныстары, құрамында металлы бар рудалар, жартылай асыл минералдар да бар.

Қазақстан табиғаты бойынша дайындалған фотоқұжаттар

Қазақстан табиғаты бойынша дайындалған фотоқұжаттар Қазақстан қорықтарының құрылу тарихы мен қызметін, танымал баушылардың сұрыптау жұмыстарын, табиғаттың өзгерісін, өндірістік кешендердің табиғатқа әсер етуін бейнелейді.

Коллекцияда В.С. Корнилованың (Қазақстанның бірінші палеонтологы), Моисеевтер отбасының (ауыл шаруашылық көрмелерінің қатысушылары, селекционер), А.П. Зенковтың (Верный қаласының инженер-құрылысшысы) және басқа да танымал адамдардың кешендері бар.

 

Өзге айрықша коллекциялар

Бонистика.

Музейдің бонистика коллекциясын Қазақстан азаматтары тарапынан сыйға тартылған қағаз ақшалар (29000 мың шамасында) құрайды. Оның құрамында патшалық Ресей, КСРО, қазіргі Ресей және тәуелсіз Қазақстанның қағаз ақшалары бар. Көне қағаз ақшалардың ішінен Ресей империясының мемлекеттік кредиттік билеттерін (1898 жылғы 1 рубль, 1899 жылғы 50 рубль, 1909 жылғы 5 рубль, 1910 жылғы 100 рубль және 1912 жылғы 500 рубль) ерекше атап өтуге болады. 1899 жылғы 50 рубльдің артқы жағындағы дөңгелек медальонда патша Николай І портреті, 1910 жылғы 100 рубльде патшайым Екатерина ІІ, 1912 жылғы 500 рубльде Петр І бейнелері берілген. Сонымен қатар 1917 жылғы 250 рубль мемлекеттік кредиттік билетінде Уақытша үкіметтің екібасты бүркіті бейнеленген.

1993 жылы қолданысқа енген Тәуелсіз Қазақстанның ақшалары да қорда сақтаулы. Ол ақшаларға Қазақстан тарихы мен мәдениетінде өзіндік із қалдырған Абылай мен Әбілқайыр хандардың, шығыстың ұлы ғалымы әл-Фараби, ақын-ойшыл Абай Құнанбайұлының, айтыскер ақын Сүйінбайдың, ғалым-ағартушы Шоқан Уәлихановтың және т.б. суреттері бейнеленген.

spec-rubl1

І Петр бейнеленген 500 рубл. 1912 ж.

Сфрагистика.

Коллекцияда сфрагистика саласына қатысты 98 мөр сақталынып отыр. Коллекциядағы мөрлерді шартты түрде әкімшіліктік-құқықтық, жеке тұлғалық және әртүрлі мөрлер деп топтастыруға болады. Мөрлер коллекциясының негізін XIX ғасырдың 60-90 жылдарында патшалық Ресейдің қазақ жерінде жүргізген әкімшіліктік-құқықтық реформасына байланысты пайда болған халық соттарының, билердің, болыстар мен ауыл старшындарының мөрлері құрайды.

Сондай-ақ осы коллекцияда «Алаш» партиясының белсенді мүшесі, дәрігер, ғалым Халел Досмұхамедовтың (1883-1939), Торғай губерниясының әскери комиссары Әліби Жангелдиннің (1884-1953), ең алғаш Қазақстан топырағын зерттеген профессор А.И. Безсоновтың, Ұлы Отан соғысы кезінде әскери емханаларда қызмет атқарған Е.А. Садуақасованың, Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі А.Нүсіпбековтың (1909-1983) жеке тұлғалық мөрлерін ерекше атап өтуге болады.

Әртүрлі мөрлер қатарына 1815 жылы император болған II Напалеонның суреті салынған француз мөрін, Шығыс Бұқара төтенше қаржы комитетінің нұсқаушы инспекторының мөрін жатқызуға болады.

 

Верный қаласы халық сотының (1919-1921) мөрі

Фалеристика.

Коллекцияда фалеристика саласына қатысты XIX-XX ғасырларға жататын 12 мыңға жуық орден, медаль, белгілер бар. Олардың ішінде XIX ғ. ортасындағы қазақ би-болыстарының лауазымдық белгілері, Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне (1939-1945) қатысты «Совет Одағының Батыры», «Ленин», «Қызыл Ту», «Еңбек Қызыл Ту», I, II дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұлдыз», I, II, III дәрежелі «Даңқ» ордендері, сонымен қоса, «Тың игеру», «Социалистік Еңбек Ері», «Ардақты ана» және тағы басқа жәдігерлер ерекше тарихи мәнге ие.

Сондай-ақ Қазақстанның тарихы мен мәдениетінде елеулі мұра қалдырған Б.Момышұлы, К.Бәйсейітова, Ә.Қастеев, С.Қожамқұлов, І.Есенберлин, Ғ.Мұстафин және басқа да жеке тұлғаларға тиесілі ордендер мен медальдар да сақтаулы.

 Филателия.

Коллекцияда кеңестік және Тәуелсіз Қазақстан кезеңіне тиесілі 11000-нан астам марка, 1000 пошта конверттері сақтаулы. Алғашында маркалар жеке коллекционерлер мен «Союзпечать» баспасынан алынса, кейіннен «Қазпошта» АҚ тарапынан өткізілді.

Тәуелсіз Қазақстан маркаларының негізін ҚР-ның Туы, Елтаңбасы, ҚР-ның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, әртістер, жазушылар, ғалымдар бейнеленген жәдігерлер құрайды. Сондай-ақ елімізде халықаралық дәрежеде өткізілген симпозиумдар, саммиттер, конференциялар мен жекелеген мерейтойларға арналған маркалар да бар.

 

Қазақтың хандары Абылай мен Әбілқайырға арналған маркалар

Филокартия.

Филокартия коллекциясын (пошта ашықхаттары) 1000-нан астам сақтам бірлік құрайды. Қорға аталмыш жәдігерлер негізінен коллекционер Подгорныйдан сатып алынған және «Эдельвейс» баспа үйі сыйға тартқан. Коллекция тақырыбы Қазақстанның көрнекті қалалары, құттықтау хаттар және әртүрлі шақыру билеттерінен тұрады.

Қазақстан қалаларының елтаңбалары бейнеленген ашықхат

Коллекциялар

ҚР Мемлекеттік орталық музейінің қорында көне дәуірлерден қазіргі заманға дейінгі Қазақстанның тарихы мен мәдениетін айқындайтын үш жүз мыңға жуық материалдық және рухани мәдениет құндылықтары сақталған.

Музейдің алғашқы коллекциялары Орынбор музейі жинақтары негізінде қалыптасты. 1831 жылы Орынбор әскери губернаторы, генерал-адъютант, граф П.П. Сухтеленнің бастамасымен құрылған Орынбор музейінің ашылуын Қазақстанның бас музейінің қоры мен экспозициясының негізі қаланған уақыт деп есептеуге болады. 1921 жылы кеңестік Ресейдің республикаларын ұлттық межелеуге байланысты Орынбор тарихи-өлкетану музейінің қоры екіге бөлінді. Осылайша Қазақстанның тарихы мен табиғатына қатысты коллекциялар Қазақ АКСР-не берілді. Таратып айтсақ, тарих және мәдениет бөлімі бойынша: 622 c.б. археологиялық артефакті; нумизматикадан - күміс, мыс монета және қағаз ақша белгілері, 45 медаль, 14 жетон, 18 кредит билеті, барлығы 853 с.б.; қару-жарақтан – 18 зеңбірек, 14 қару, 12 тапанша, 4 жебе, 32 қылыш, 8 сауыт, 3 дуылға; этнография бойынша – ұлттық киімнің 18 үлгісі, 62 бас киім және әшекей, тұрмыстық бұйымдардың 97 үлгісі, 63 қытай және жапон жиһазы; табиғаттану бойынша геология мен минералогияның 2000 үлгісі, палеонтология 140, зоология 502, 20 бауырмен жорғалаушы, 63 сүтқоректі; қоғамдық өмір бөлімі бойынша 62 ескі құжат, 9 бейнелеу өнер шығармалары, 16 гравюра, 65 фарфор бұйымдары берілді.

1929 жылдың қыркүйек айында астананың Алматы қаласына ауысуына байланысты Қазақстанның орталық музейі коллекциясының құрамына 1898 ж. Жетісу облыстық статистикалық комитеті жанынан құрылған Жетісу облыстық музейінің коллекциялары қосылды. Осылайша Қазақстанның орталық музейінің коллекциясы ХІХ ғ. мен ХХ ғ.-дың І жартысы кезеңіндегі Ресей, Қазақстан және Орта Азия елдерінің бірегей шаруашылық және тұрмыстық заттары, киім-кешек және басқа да этнографиялық заттармен толықты.

Музей қорындағы қолжазбалар мен сирек басылымдарды әуелгіде өлкетанушы, белгілі зерттеуші ғалымдар, музей қызметкерлері жинады. Мысалы, 1921 жылы Орынбор губерниясы атқару комитетінен Қазақстан Халық ағарту комиссариатына, Қазақстанның музей қорына арнап біршама материалдар өткізілді. Олардың ішінде 62 көне құжат, 7356 кітап бар. Осы қор негізінде бүгінгі бірегей қолжазбалар мен басылымдардың қоры қалыптаса бастаған деп айтуға болады. Кейінірек, 1933 жылдан бастап музей қоры археологиялық, этнографиялық экспедициялар мен деректанулық ізденушілік жұмыстары нәтижесінде толығып отырды. Бұл түсімдердің басым бөлігі белгілі тарихшы, археолог және этнографтар: А.Байтұрсынов, Н.Г. Хлудов, Ә.Марғұлан, М.Әуезов, Ә.Жиреншин, К.Ақышев, Х.Арғынбаев, М.Мұқанов, Ө.Жәнібеков, З.С. Самашев, Ж.Қ. Құрманқұлов, А.Н. Подушкин, Нұрсан Әлімбай және басқа да ғалымдардың тарихи-деректанулық, археологиялық және этнографиялық бағыттағы іздестіру, жинастыру жұмыстарының нәтижесімен тікелей байланысты.

1957-58 жылдардағы Мәскеудегі қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігіне дайындалу барысында қазақ халқының қолданбалы өнер туындылары – кілем-киіз бұйымдары, тері, ағаш және сүйектен жасалған бұйымдар, сонымен қатар зергерлік бұйымдар жинақталған. Осы кезеңде бірнеше экспедициялар ұйымдастырылып, осы онкүндікке қатысатын халық шеберлерімен кездесулер өткен болатын. Нәтижесінде олардың жұмыстары музейдің қорын толықтыруға қалдырылды.

Музей қоры кейінгі кездері өндіріс орындары мен мекемелер, мәдени ошақтарда жинақтау жұмыстарын жүргізу, ғылыми экспедициялар, сонымен қатар өлкетанушылар мен жеке тұлғалардың сыйға тартуы, кездейсоқ олжалар мен сатып алу негізінде толықтырылып келеді.

Соңғы жылдары музей қоры Тәуелсіздік тарихымен байланысты материалдар – мемлекеттік рәміздер, ақша белгілері, орден, медальдар мен маркалар, ғарыштың дамуы, еңбек және соғыс ардагерлерінің жеке кешендері, халық қолөнер шеберлерінің сәндік-қолданбалы өнер туындылары, суретшілердің шығармаларымен толықтырылуда.

Коллекция бойынша, деректердің түріне, материалына қарай біріктірілген музей заттарын сақтау, төмендегі құрылымдарға (коллекцияларға) топтастырылған:

  • Қазақстанның жаратылыстану тарихы коллекциясы
  • Палеоантропологиялық коллекция
  • Этнографиялық коллекция
  • Фотоқұжаттық материалдар
  • Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар коллекциясы
  • Нумизматикалық коллекция
  • Фарфор және керамика коллекциясы
  • Бейнелеу өнері коллекциясы
  • Арнайы коллекциялар

Археологиялық коллекция

ҚР МОМ археологиялық коллекциясына ежелгі және ортағасырлық Қазақстан тарихының материалдары топтастырылған. Бүгінгі күнде археология қорында 29 мыңға жуық артефактілер сақталуда.

Тас ғасыры.

Тас ғасыры. Археологиялық коллекцияда палеолит – көне тас дәуірі (б.з.б. 2,7 млн. жыл шамасы - 10 мың жылдар) Каспий өңірі және Қаратау жоталарында бұдан 1,0 млн. жыл бұрын осы аумақты мекендеген ежелгі адамның тұрақтарынан табылған және малтатас, леваллуа, радиалды тәсілдерімен өңделген еңбек құралдары - шапқы, соққы, өзектас, қырғыштар арқылы көрсетілген. Энеолит кезеңі - мысты тас дәуірі (б.з.д. III - II мыңжылдықтың басы) адамның тас құралдармен қатар, мыстан еңбек құралын жасауға қол жеткізуімен ерекшеленеді. Бұл кезең Солтүстік Қазақстан аумағындағы Ботай қонысынан табылған бірегей заттық деректер арқылы көрсетілген. Ботай тұрағының тұрғындары ең жүйрік дала малы - тағы жылқыны қолға үйретуі теңдесі жоқ жетістік деуге болады. Қорда түрлі қару-құралдар: найза ұштары, жебелер, балта, малдың жауырын сүйектерінен ұқсатылған илеуіш, аң терісін өңдеуге лайықталған қырғыштар, түйреуіштер және қыш ыдыс бөліктері жинақталған.

Қола дәуірі (б.з.д. XVIII-IX ғғ.).

Қола дәуіріАдамның мысты қалайымен қоса балқыта отырып қола қорыту технологиясын меңгеруі қола дәуіріндегі теңдесі жоқ жетістік болды. Қола заманы тайпаларының деңгейі биік жарқын мәдениеті – ғылымда Андронов мәдениеті (б.з.д. XVIII-XII ғғ.) деп аталған. Андронов мәдениетін иеленушілер үй маңындағы бақташылықпен, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен, егіншілікпен, кен өндірумен, қыш кәсіпшілігімен айналысты. Коллекцияны еліміздің орталық, шығыс, батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарынан табылған материалдар толықтырады. Коллекция құрамындағы Орталық Қазақстанның Мыржық қонысынан табылған сүйектен өрнектеп жасалған алуан түрлі тіліктер, түймелер, шашқа арналған түтікшелер, сулықтар ерекше қызығушылыққа ие. Талдықорған өңіріндегі Кейтон мекенінен кездейсоқ табылған қола бұйымдар да таптырмас дерек болып табылады.

 


Ежелгі көшпелілер мәдениеті.

Қазақстан аумағындағы ерте темір дәуірі (б.з.д. VIII ғғ. - б.з. III ғғ.) темірдің қолданысқа енуімен ерекшеленеді. Бұл кезеңде Қазақстан аумағын сақ және савромат тайпалары мекендеді. Олар көшпелі және жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысты.

Ежелгі көшпелілер мәдениеті.Көркемдік шешімі тұрғысынан алғанда шынайы, мазмұны аңыз сарынды скиф-сібірлік «аң стилі» сақ идеологиясының, таным-түсінігінің басты символы немесе айнасы деуге болады. Ерте көшпелілер дәуірінің археологиялық коллекциясы 10 мыңға жуық артефактіден тұрады. Ерте темір дәуірі б.з.д. VIII ғ. бастап Қазақстанның барлық өңірін мекендеген сақ, үйсін, қаңлы, ғұн және сармат тайпалары туралы кең көлемде ақпарат беретін материалдар арқылы көрсетілген. Олардың ішінен Алматы облысы, Кеген ауданы (қазіргі Райымбек ауд.), Жалаулы ауылынан кездейсоқ табылған алтын бұйымдар немесе Жалаулы көмбесі (б.з.д. VIII-VII ғғ.) айрықша мәнге ие. Жалаулы көмбесіндегі ең ірі әшекей бұйым - ай пішінді өңір әшекейі алтын пектораль болып табылады. Коллекциядағы бірегей құндылықтар қатарына Жетісу аумағынан кездейсоқ табылған бұйымдар – мыс қазандар мен қола шырағдандар ерекше құндылыққа ие.

Оңтүстік Қазақстанның қаңлылар мәдениетін Арыс өзені алабындағы қорымдар мен қоныстардағы қазба жұмыстары барысында табылған (б.з.д. IV – б.з. IV ғғ.) материалдар құрайды. Аталмыш коллекция құрамына бірегей бедерлі қыш ыдыстар, майда пластика, әшекейлер, қару-жарақ, ат әбзелдері, зооморфты және антроморфты артефактілер ғұрыптық бұйымдар, қыш текшелер бетіндегі шығыстық көне иран (соғды) арамей эпиграфиясы сияқты жазба деректер кіреді.

Орта ғасыр   (VІ ғ. – XV ғ. бірінші жартысы).

ҚР МОМ қорында Еуразияның басты интегралды аумағы болып саналатын Қазақстанның этникалық және саяси-әлеуметтік дамуының басты кезеңдерін бағамдауға мүмкіндік беретін, әрі осы аумақта үйсін (усунь-го), алғашқы түркі қағанаттарынан бастап қазақ хандығына дейінгі түрлі мемлекеттік бірлестіктердің пайда болып, қалыптасып, дамуы жайлы толық мағлұмат беретін археологиялық материалдар жинақталған. Ежелгі түркілерден жеткен ғаламат мұраның бірі – тас мүсіндер, қару-жарақтар, әшекей бұйымдар, ат әбзелдері және түркілер ортасында пайда болған руна жазуы.

Орта ғасырІХ-ХІІ ғғ. қалалық мәдениет Оңтүстік Қазақстан, Жетісу археологиялық экспедициялары барысында ашылған Ақтөбе, Тараз, Отырар оазисі, Талғар қалашықтарынан табылған алуан түрлі өрнектермен әшекейленген ыдыстар, қыш дастархан, дәнді дақылдарды сақтайтын ыдыс түрлері – хумдар, су құбырларымен көрсетілген.

Қалалар мен қалалық мәдениеттің дамуында Ұлы Жібек жолының алар орны ерекше. Археология қорында Қытай, Иран, Үндістан, Хорезм мемлекеттерінде өндірілген бірегей импорт заттар: мыс табақтың бөлігі, қытай фарфорынан жасалған тостаған, шыны-аяқ, қытай жібегінің үзігі және айналар сауда-саттық, алыс-берістің дамығанын көрсетеді.

XIV-XV ғғ. жаңа құрылыс техникасы мен сәулет өнерінің ілкі стилі пайда болды.

Түркістан қаласында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесі осы кезеңдегі құрылыс-сәулет өнерінің ғажап үлгісі. Жобасы тікбұрышты болып келген кесене, қабырғалары түрлі өрнектермен, шыңылтырлы текшелермен безендірілген. Осы кесене текшелерінің бөліктері археология қорында сақталған.

Ұлы Жібек жолы бойымен зороастризм, буддизм, манихей, ислам және христиан (несториандық) діни наным-сенімдері тарады. Сыртқы бетіне араб, ежелгі үнді (санскрит) жазбасы, айқаспа сызық түріндегі таңба және түркі-сириялық эпитафиялар қашалған зират құлпытастары осының айғағы. Тараз қаласы аумағынан табылған қыш табыт – оссуарий қала тұрғындарының арасында көне дін – зороастризмді ұстанушылар болғанын аңғартады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source