авто

Переключатель языков

12.10.2018 ж. Суретшілер Зұлқайнар Қожамқұлов және Әбдуахат Мұратбаевтың «Біз замандастарыңызбыз!» атты вернисажы

 Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және ARTSPACEkz көркем өнер галереясы суретшілер Зұлқайнар Қожамқұлов және Әбдуахат Мұратбаевтың 2018 жылдың 12 қазаны сағат 16-00-де болатын «Біз замандастарыңызбыз!» атты вернисажына шақырады

Өнердің қай түрі болмасын қоғам мәдениетінің көрсеткіші болып табылады. Ал оның ішіндегі кескіндеме өнері қашанда көпшіліктің қызығушылығын оятқан. Өнерге деген сүйіспеншілік сезімі – адамның тұлға болып қалыптасуына ықпал етеді. Көрмеге қойылатын туындылардың авторлары: З. Қожамқұлов пен Ә. Мұратбаевтың шығармашылық шабыттары екі түрлі болғанымен, олардың қазақ тарихына, ұлттық мәдениетке деген көзқарастары бір.

afisha-artist-shimkentЗұлқайнар Қожамқұлов – суретші, мүсінші, педагог, философ, КСРО Суретшілер Одағының мүшесі, Халықаралық NICOR «Әлем халықтары өнері» Ассоциациясының суретшісі, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері еліміздегі суретшілер қауымының жанашыры. Оның суреттерінің астарында философиялық ой бар. Суретші өз шығармаларында мәңгілік махаббат, еліне деген сүйіспеншілік тақырыптарын талқылап, адамның рухани өмірі мен нәзік сезімдерін толыққанды ашады.

Көрме экспозициясына Қазақстанның танымал тұлғаларының – Дінмұхамед Қонаев, Нұрсұлтан Назарбаев, Бауыржан Момышұлы, Олжас Сүлейменов сондай-ақ, қазақ эстрадасы мен кино әлемінің шоқ жұлдыздары: Шәкен Айманов, Шәмші Қалдаяқов, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Батырхан Шүкенов және т.б. портреттері ұсынылған. Суретші портрет кейіпкерлерін қанық түстермен бейнелеген және бұл туралы суретші Зұлқайнар Қожамқұлов: «Бұл біздің ХХ ғасыр кейіпкерлері. Әрине олар көп, барлығын бейнелеу мүмкін емес. Бірақ мен жақын араласпасам да, жақсы танитын тұлғаларды таңдап алдым. Себебі олардың мен үшін орны ерекше», - дейді.

Әбдуахат Мұратбаев – кескіндемеші, графика маманы, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. Республикалық, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, шетелдік және облыстық көрмелерге атсалыса қатысқан. 1981 ж. Шымкент сурет училищесін, кейін 2004 ж. Бішкек қ. Қырғыз педагогикалық университетін тәмамдаған. Суретшінің көрмеге қойылатын суреттерінде қазақтың ұлттық бейнесі жаңа үндестікте берілген. Әбдуахат Мұратбаевтың пайымдауынша, біз айналамыздағылардың барлығына, әсіресе табиғатқа үлкен құрметпен қарауымыз керек.

Композициялық көрме екі бөлімнен тұрады: кескіндеме жұмыстары және мүсіндік арт-объектілер. Оның ішінде металл композициялары ерекше назар аудартатын болады.

Өзіндік жарқын бейнесі бар Ә. Мұратбаев туындылары мен философиялық астармен сыр шертетін З. Қожамқұлов шығармалары қазіргі заманауи сурет өнерінің сан қырын ашады. Көрмеге 80 жұмыс қойылмақ.

Көрме 2018 жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source