авто

Переключатель языков

27.04.2016 ж. Қазақ кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушы Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 110 жылдығына арналған «Жүрек пернесі» атты жаңартылған көрмесі

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2016 жылы 27 сәуірде сағат 15.00-де  қазақ кәсіби музыка мәдениетінің негізін қалаушы Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 110 жылдығына арналған«Жүрек пернесі» атты жаңартылған көрмесі ашылады. Көрме Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу бөлімінде (мемориалды музей) өтеді.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов (29.04.1906 - 30.05.1968) – композитор, дирижер, музыка зерттеуші этнограф, ұстаз, публицист, музыкант-қоғам қайраткері, Қазақ КСР халық әртісі, профессор, өнертану ғылымының докторы, Қазақстан Ғылым Академиясының академиғі.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов – тұңғыш жоғары музыка білімін алған қазақ. А. Жұбанов 1906 жылы 29 сәуірде Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданы, Қосуақтам қыстағында дүниеге келді. 1929 жылы Ленинград қаласындағы М. И. Глинка атындағы музыка техникумының А. А. Этигонның скрипка класына оқуға түсті, кейіннен Н. А. Римский-Корсаков атындағы Ленинград мемлекеттік консерваториясына оқуға түсіп, профессор Ф. А. Ниманның гобой класында және тарихи-теориялық факультетінде білім алды. 1932 жылы Өнер-зерттеу академиясының (кейін Театр, музыка және кино институты) музыка бөлімінің аспирантурасына түсті.

Ахмет Қуанұлы Жұбанов – қазақ музыка мәдениетінің көп қырлы және көрнекті қайраткері, Қазақстандағы көптеген музыкалық өнер ордаларының, сондай-ақ тұңғыш қазақ мемлекеттік ұлт аспаптар орекестрінің белсенді ұйымдастырушысы болды.

2006 жыл Біріккен Ұлттар Ұйымының Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) ұсынысымен Ахмет Жұбанов жылы деп жарияланды. Осыған байланысты 2006 жылы қазанның 17-сі күні ЮНЕСКО-ның Париждегі штаб - пәтерінде Ахмет Жұбановтың 100 жылдық мерейтойы рәсімі өтті. 2006 жылы 29 сәуір күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Орталық Музейі жанынан «Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу орталығы» (мемориалды музей) салтанатты түрде ашылды.. Қазақ өнеріне үлкен музыкалық және әдеби-ғылыми мұралар қалдырған, әлемге әйгілі XX ғасырдың ұлы қайраткерлері Ахмет және Ғазиза Жұбановтарға арналған Мемлекеттік орталық музейі жанынан мемориалды музейдің ашылуы – Қазақстанның мәдени өміріндегі маңызды оқиға.

Ахмет Қуанұлы Жұбановтың 110 жылдығына арналған «Жүрек пернесі» көрмесінде оның өмірлік, шығармашылық, ғылыми және педпгогикалық жолын ашып көрсететін экспозициялар, сондай-ақ жаңадан басылып шыққан музыкалық шығармалары, партитуралары, кітаптары (концерт бағдарламалары, хаттар мен қолжазбалар) ұсынылады. Көрменің ашылуы Ахмет және Ғазиза Жұбановтардың шығармаларын орындайтын Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернаты оқушыларының қатысуымен өтеді.

 

ahmet-zhubanov110-4 ahmet-zhubanov110-3
ahmet-zhubanov110-1 ahmet-zhubanov110-2

Көрменің ашылуына белгілі музыка мамандары, мәдениет және білім қайраткерлері, А. Жұбановтың шәкірттері қатысады.

Өткізу орыны: 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мұрасын зерттеу бөлімі - мемориалды музей – пәтер.

Мекен жайы: Алматы қаласы, Қарасай батыр көшесі, 61/67 үй, 78 пәтер

(Абылайхан даңғылының қиылысы).

Телефоны: +7 (727) 272 63 69. (Анықтама телефоны: 264 46 50)

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source