авто

Переключатель языков

01.04.2016 ж. «Қазіргі жоғарғы білім жүйесіндегі археология, этнология және музейтану» атты «VІІІ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік конференциясы

2016 жылы 1-2 сәуірде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетімен бірлесіп Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Қазіргі жоғарғы білім жүйесіндегі археология, этнология және музейтану» атты «VІІІ Оразбаев оқулары» халықаралық ғылыми-әдістемелік  конференциясын өткізеді.

Әбдіманап Медеуұлы Оразбаев – белгілі ғалым, археолог, ұстаз, қазіргі қазақстандық далалық археологиялық зерттеу әдістемесі мектебінің, сондай-ақ Қазақ ұлттық университеті  археология, этнология және музейтану кафедрасының  негізін қалаушылардың бірі. Ә.М. Оразбаевтың  бүкіл ғұмыры, ғылыми қызметі қола дәуірі тайпаларының материалдық мәдениеті тарихын және ежелгі көшпелілер ескерткіштерін зерттеумен байланысты деуге болады. Ол 45 жыл бойы (1954, 1960, 1961, 1964, 1965, 1967) Солтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясын басқарды, әрі Батыс Қазақстан аумағында (1968ж.) археологиялық зерттеулер жүргізді, 1957, 1961,1962, 1963, 1972, 1974 жж. академик Ә.Х. Марғұланмен бірге Орталық Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстарын атқарды. 1958, 1985-1988 жж. Шығыс Қазақстан, ал 1989-1990 жж. Семей археологиялық экспедициясына жетекшілік етті. Ә.М.Оразбаев Солтүстік Қазақстан қола дәуірі ескерткіштерінің кезеңдік кестесін түзіп, андрон мәдениеті дамуының федоров, алакөл, замараев сатыларын екшей келе, осы сатылардың – кезеңдердің  әрқайсысына өзіндік мәдениет тән деген пікірді алға тартты.

Конференция барысында Қазақстан және шектес елдерде қазіргі кезеңдегі (постсоветтік) археология ғылымының дамуы; этнология тарихнамасы; археологиялық, этнологиялық экспедициялар материалдарын зерделеу, музей коллекциясының археологиялық және этнографиялық деректілігі, ескерткіштанудың археологиялық, этнологиялық және музеологиялық аспектілері, музейдің ғылыми-білім кеңістігі, музейлік құндылықтарды консервациялау, реставрациялау мәселелері, ғылым жүйесіндегі тұлғаның орны және т.б. мәселелер талқыланбақ.

Конференция жұмысына археолог, этнограф, тарихшы ғалымдар, мәдениеттанушылармен қатар музей қызметкерлері, Қазақстан, Түркия, Германия, Ресей, Башқұртстан, Молдова, Украина, Әзірбайжан, Түркменстан, Қырғызстан және Өзбекстан гуманитарлық ғылым саласының мамандары, жоғарғы оқу орындарының оқытушылары қатынасады.

Конференция аясында «Бағзының жаңғырған куәлері» тақырыбында көрме өткізіледі. Көрменің негізгі мақсаты тарихи және мәдени құндылықтарды сақтаудың бірден-бір  басты мекемесі болып саналатын  ҚР мемлекеттік орталық музейінің жалпы ұлттық мұраны сақтау ісіне қосқан үлесі, артефактілерді (қыш, металл, тас) консервациялау, реставрациялау амал-тәсілдерімен, музей реставраторларының құндылықтарды жаңғыртудағы  сан-қырлы да күрделі  жұмысымен таныстыру  деуге болады.

Көрме экспозициясында Ә.Х. Марғұлан, М.К. Қадырбаев, Ә.М. Оразбаев,  З. Самашев,  Э.Усманова, Ж. Құрманқұлов сынды археологтар жетекшілігімен (1947-1991жж.) атқарылған экспедициялар  материалдарымен қатар  ҚР МОМ археологиялық экспедициясының олжалары – қола, ерте темір, орта ғасырлар артефактілері: қыш ыдыс, қазан, қару, еңбек құралдары, кездейсоқ олжалар ұсынылады.  Бұл жәдігерлердің бірқатары консервация, реставрация амалдарымен жаңғыртылған. Көрмеде музей құндылықтарын реставрациялау барысында атқарылған амал, әдіс-тәсілдер (реставрацияға тапсырылған заттар сипаттамасы көрсетілген акт, заттың төл құжаты, реставрациялық кеңес  отырысының хаттамасы), сондай-ақ заттың қалпына келтіруге дейінгі және  – тиесілі жұмыстан кейінгі  фотосуреттерімен танысуға болады. Көрме экспозициясында Ә. М. Оразбаевтың жеке заттары, өмірі мен ғылыми қызметі жайлы мәлімет беретін фотосуреттер, құжаттар топтамасы  қамтылған.

Өткізілетін орын:  Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің кинозалы (Алматы қ., Самал-1, ықш. ауд., 44 үй).

Конференцияға қатысушыларды тіркеу: 09.00-10.00.

«Бағзының жаңғырған куәлері» көрмесінің ашылуы: 10.00 

Конференцияның басталу уақыты: 10.30.

 

orazbay-konf8-01 orazbay-konf8-02
 orazbay-konf8-04  orazbay-konf8-03

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source