авто

Переключатель языков

2017 жылдың 3-4 маусымында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі және «Бахыт» сәндік қолданбалы өнер орталығы бірлесіп «Жібек жолы» атты дәстүрлі Орталық-Азиялық көрме-жәрмеңкесін өткізеді.

Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батыс халықтарын байланыстырған тарихы тереңнен тартатын сауда жолы. Ұлы Жібек жолы халықтар арасында экономикалық және мәдени қарым-қатынастарды дамытуда үлкен рөл атқарғандығы баршамызға аян. Әсем, көңілді әрі шулы шығыс базарына Қытайдың жібегі мен фарфорын, Үндістанның тәтті дәмдерін, Хорезм қышын, түрлі бейнелеу туындыларын және өзге де таңсық дүниелерді саудалауға және тиімді бағада сатып алуға әртүрлі елдерден саудагерлер мен сатып алушылар асыға ағылған.

Ата-бабамыздың бай мұрасын бүгінге дейін жалғастырып, жандандырушы қолөнермен шұғылданушылар өнердің әр саласындағы жетістіктерін осы жәрмеңкеде халық назарына ұсынбақшы. Көрме-жәрмеңкеге келген әрбір адам өзіне қажетін тауып қуанып, көңілді күйде қайтатынына, келесі жолы міндетті түрде қайта айналып келетініне сенімдіміз.

Орталық-Азиялық қолөнер шеберлерінің шығыстық сән-салтанатқа толы «Жібек жолы» көрме-жәрмеңкесі жыл сайын өткізіліп тұратын дәстүрге айналған. Осы жолы көрме-жәрмеңкеге Қазақстанның әр аймағынан келген халық шеберлері және Тәжікстан, Қырғызстан, Түркменстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия елдерінің 80-нен астам шеберлері қатысады. Көрмеге сыйлыққа арналған заттар, кәдесый, зергерлік бұйымдар, киім-кешек, сазды аспаптар, шығыс миниатюрасы мен кілемдері, киізден және жібек маталардан жасалған бұйымдар, тоқыма және шамшырақтар, бойтұмарлар мен былғары бұйымдар қойылады.

2017 жылдың 4 маусым күні «Жібек жолы» атты Орталық - Азиялық көрме жәрмеңкесі аясында, «Халықаралық балаларды қорғау күні» мейрамына орайластырылған «Алтын-Көл» балаларды қамқорлыққа алу мен аналарды қорғау қайырымдылық қорының балаларына арналған «Жаз – 2017» қайырымдылық шарасы өткізіледі.

Көрме-жәрмеңкеге кіру ақылы.

2017 ж. 31 мамырда ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде «Ғылымның қилы соқпағымен: Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ғалым – тұлғалар» атты көрме ашылды. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына орай ұйымдастырылған бұл көрме Қазақстан ғылымы мен мәдениетінің даму тарихы, жетістіктеріне арналған.

Көрме экспозициясы бүгінгі Қазақстан ғылымының дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің ғылыми еңбектері, шығармашылық жетістіктері жайлы баяндайды.

Көрмеде әйгілі ғалымдар: Қазақ КСР Ғылым академиясының негізін қалаушы, этнограф, археолог, тарих ғылымдарының докторы, профессор Х. Арғынбаев, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі К. Ақышев, тұңғыш палеонтолог-әйел Б.С.Қожамқұлова, Ә. Жиренчин, Ә.Марғұлан, С.З.Зиманов, М.Х.Асылбеков, У.Х.Шәлекенов, М.Қойгельдиев, Ж.Қ.Қасымбаев, Е.Е.Ерғожин және т.б. тұлғалардың ҚР МОМ қорынан алынған жеке кешендері ұсынылды. Көрмеге қойылған материалдардың басым бөлігі С. Сейфуллин, Қ.И. Сәтбаев, Х. Арғынбаев, К. Ақышев, Ә. Марғұланға тиесілі. Музей қорына әр жылдары қабылданған бұл заттық деректер ұлттық ғылым-білім саласы саңлақтарының өмірі мен шығармашылығы туралы басты мәлімет көзі болып саналады.

Көрмеге шығарылған құжаттар қатарындағы ғалым Қ.И.Сәтбаевтың геология-минералогия ғылымдарының докторы, КСРО ғылым Академиясының академигі дипломдарының түпнұсқасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі депутатының – Каныш Имантаевич Сатпаев – академик, геолог, ғылым ұйымдастырушысы, кеңестік металлогендік ғылымның негізін қалаушылардың бірі деген жолдар жазылған куәліктің түпнұсқасы – Музей қорының мақтанышы. Ғалымның қызы Мейіз Сәтбаева 1985 ж. тапсырған телефон, қалам, сызғыш, балға, компас сынды заттар көрмедегі ең құнды дүниелер.

Наследие Каныша Сатпаева Витрина Археологии

Этнограф, археолог Х. Арғынбаевқа қатысты кешен материалдары да көрерменді қызықтырары сөзсіз. Ғалым әріптестерімен бірге 30-астам этнографиялық экспедицияға қатысып қазақтың дәстүрлі мәдениетінің көптеген құндылықтарын жинады. Көрмеге ғалымның Орталық Қазақстан (1965), Қарағанды (1969), Батыс Қазақстан (1973), Алматы (1975), Маңғыстау (1976) облыстарындағы этнографиялық экспедициялар барысында жазған күнделіктері – 5 дәптер, транзистор, фотоаппарат, қол сағат, қалам, сиясауыт, қайрақ, бүктеме пышақ сынды заттық деректер қойылды.

Ғалымдар археолог К. Ақышев пен Ә Марғұланның өмірі мен шығармашылығымен таныстыратын фотоқұжаттар, күнделікті пайдаланылған құрал-сайман, киім (плащ, костюм, қолшам, жазу құралдары, бума, т.б.) да аса маңызды дереккөзі. С. Сейфуллинге тиесілі заттар топтамасы да қаламгердің өмірі мен шығармашылығы жайлы мәліметті толықтырар мәнді дерек.

 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінің жұртшылықты әлем халықтарының тарихы, мәдениеті және өнерімен таныстыру мақсатында түрлі бағыттағы іс-шараларды (фестивальдер, жәрмеңкелер, фотоқөрмелер, көркем өнер туындыларының көрмелері) шетелдік елшіліктер және консулдықтармен бірлесіп өткізу дәстүрі бүгінде тұрақты үрдіске айналған.

«Қылмыс орындары: алғашқы найзағай»2017 жылдың 25 мамырында, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Швецияның Қазақстандағы Елшілігімен бірлесіп Н.Ә.Назарбаевтың Семей ядролық сынақ полигонын жабу және Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығын құру жөніндегі шешімінің қабылданғанына 25 жыл толуына арналған ядролық қарудан азат Әлем құру идеясы аясында швед суретшісі Туве Крабоның «Қылмыс орындары: алғашқы найзағай» атты жеке көрмесінің ресми ашылуын өткізеді.

Туве Крабо 1974 жылы Гетеборг қаласында туған. Ол Франция, Австралия мен Иорданияда 16 жыл тұрып, Марсельде тұрған кезінде бейнелеу өнерінің қыр-сырын оқып, зерттеді. 2003 жылы Париждегі Бейнелеу өнерінің мектебін бітірген. Соңғы жылдарда Туве Крабо кино, әдебиет, бейнелеу өнері, кескіндеме, сондай-ақ фарфор ыдыстарына сурет салу сияқты өнердің түрлі саласымен шұғылданды. 2013 жылдан бастап суретші техногенді апат аймақтарының көріністерін салуды бастап, жұмыстарын «Эмоциялардағы жыл мезгілдері» және «Қылмыс орындары» серияларына топтастырды.

Туве Крабо Швеция, Франция, Қазақстан елдерінде өткен көптеген көрмелерге қатысқан. «Мен өз тәжірибемде мәтінмен жеткізу мүмкін емес нәрсені, мәтіннен айтарлықтай өзгеше бір дүниені салуға тырысамын. Ол мен жұмыс жазып жатқан кезде шығармашылық үстінде, көңіл-күйдің әуеніне қарай пайда болуы мүмкін. Нәтижесінде соңғы шешімді акварель мен сия қабылдайды. Менің өнерім кино секілді, онда драма, көңіл-күй, қозғалыс, жарық пен көлеңке бар. Көбіне өз образдарымды интернет желісінен аламын, олардың басым бөлігі адамзат трагедиясы мен экологиялық зардап шеккен орындар. Мен қазіргі қоғамдағы апатты оқиғалар ағымы адамзатты мейірімсіз ете ме деп қорқамын. Адамзатқа қасірет әкелетін құбылыстар мен оқиғаларға жаңа, шынайы мән-мағына беретін жанашырлық пен түсіністік секілді сезімдерді бейнелеу өнері арқылы қайтарғым келеді» – деп суретші өз ойын шертеді.

«Қылмыс орындары: алғашқы найзағай» көрмесі жұмыстарының көпшілігін Туве Крабо осы экспозицияға арнайы салып, халық назарына тұңғыш рет ұсынбақшы. Семей ядролық полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай ұйымдастырған аталмыш көрмеде Семей жерінде атом бомбасынан зардап шеккен бейбіт тұрғындардың ауыр халі мен тіршілігін баяндайтын «Катастрофа 1», «Катастрофа 2», «Полигон 1», «Полигон 2», «Шаған көлінің бетінде», «Гюисман жекежайы», «Көлік», «Бала», «Егіздер», «Жетім», «Қылмыс орындары» атты акварель, сия, акрилмен орындалған картиналар сериялары қойылады. Кеңестік жүйе 1949 жылы «Первая молния» құпия сөзі арқылы бейбіт халықты қауіпсіз жерге көшірместен Семей даласында атомдық сынақтар жүргізді.

Қазақстан Тәуелсіздік алғаннан кейін Семей ядролық сынақ полигонын жауып, өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет ретінде тарихта аты қалды. Нақты қауіпсіздіктің тірегі ядролық әлеует емес, сыртқы бейбітшілік саясаты, ішкі тұрақтылық, елдің тұрақты экономикалық және саяси дамуы болып табылатындығын сенімді дәлелдеді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі ядролық қарусыз әлемге қатысты мемлекет саясатының насихаттаушысы ретінде жыл сайын адамзат тарихындағы алапат оқиғалар – Семей мен Невададағы ядролық сынақтар, Чернобыльдегі техногенді апат пен оның салдарын баяндайтын бірқатар іс-шаралар қатары («Қазақстан ядролық қарусыз әлем үшін», «Чернобыль – ХХ ғасырдың алапат қасіреті», «Хиросима және Нагасаки қасіреті», «Невада-Семей» антиядролық қоғалысы» көрмелері; конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер) өткізіледі. Фотосуреттер, құжаттар, плакаттар, қазақстандықтардың қолдары жиналған антиядролық үндеу үнпарақшалары сынды музейдің бірегей экспонаттары келушілердің ядролық жарылыстардың сұмдық салдары мен Жер бетіндегі бейбітшілікті сақтаудың мән-маңызын терең түйсінуіне септігін тигізетіні анық.

Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния" Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния"
Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния" Туве Крабо. Выставка "Места преступлений. Первая молния"

Көрме 2017 жылдың 15 маусымына дейін жалғасады.

2017 жылдың 31 мамыры күні сағат 17.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Индира Бобро-Бадамбаева студиясы шәкірттерінің «Әйел жаны нені қалайды?» атты көрмесін ашады.

«Әйел жаны нені қалайды?» атты көрмесіИндира Бобро-Бадамбаева – суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, «Д'Алматинцы» романының бірлескен авторы, кескіндеме өнері бойынша магистр және оқытушы.

Музей келушілеріне Индира Бобро-Бадамбаеваның шығармашылығы таңсық емес, себебі, суретші бірнеше рет Алматы қаласында, оның ішінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінде өзінің жеке көрмелерін өткізген. Соңғы екі жыл ішінде Индира өзінің студиясын ашып, бейнелеу өнері бойынша жеке авторлық бағдарламасы аясында оқушыларды көркемдік шеберлікке тәрбиелеп, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Оның оқыту бағдарламасы ерекше. «Неге?» десеңіз, практикалық сабақтар өнер жайлы дәрістермен ұтымды үйлесімін тауып, оқушылардың өнер әлемінің тұңғиығына енуіне әсер етеді. Оқыту барысында шәкірттердің кескіндеме шеберліктерін шыңдауға бағытталған пленэрлерге шығу, адам анатомиясымен таныстырып, бояу сырын ашу сияқты мәселелері бойынша дәріс беріледі. Қазіргі уақытта студия шеберханасында негізінен әйелдер қауымы дәріс алып жүр. Студия шәкірттері аз уақытта тәжірибелі кәсіби суретші деңгейінде білім алады.

«Әйел жаны нені қалайды?» атты көрмеде Индира Бобро-Бадамбаеваның ғарыш балериналары сериясы, гүлдер натюрморттары, ғажайып әйелдер портреттері сынды туындылары қойылады. Сонымен қатар, оның шәкірттері Ирина Попова, Тамара Ли, Нелли Киливник, Наталья Гурина, Светлана Трошина, Людмила Кан, Әсел Айтқожиналардың қала, тау, теңіз және ауыл пейзаждары, гүл натюрморттары және голландиялық стильдегі натюрморттар, жанрлық композициялар, танымал суретшілердің көшірмелері, майлы кескіндеме және акварель техникасында орындалған 70-тен астам жұмыстары келушілер назарына ұсынылады.

Индира бірегей таланты мен қоса кәсіби шеберлігімен көрерменнің бойын билеп алады. Индира Бобро-Бадамбаева өзінің дербес көрмелерін өткізіп жүр. Суретшінің картиналары Алматыда, еліміздің жеке коллекцияларында және алыс шет елдердегі жеке жинақтарға енген. Осы жылы суретші бірнеше перфоманстар мен шеберлік сабақтарды сәтті өткізді.

Көрме 2017 жылдың 15 маусымына дейін жалғасады.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі жыл сайын суретшілер мен мүсіншілердің жұмыстарымен таныстыратын көрмелер өткізеді. Осы жылы да халықаралық музейлер күні кәсіби мерекесіне арналған «Мүсін мәдениеті» көрмесі өткізілді.

«Мүсін мәдениеті» көрмесіМүсін – түркілердің дәуірінен бастау алатын бейнелеу өнерінің ежелгі түрі. Қазақ даласындағы алғашқы мүсін ескерткіштерінің тамыры тереңде жатыр. Мысалы, көбінесе жауынгерлер бейнеленген балбал тастарды айтуға болады. Бұл тас мүсіндер терең тарихи-танымдық маңызға ие. Мүсіншілер бұл өнерді әрмен қарай дамытып, еліміздегі тамаша ескерткіштер мен монументтерді сомдады. Еліміздің белді мүсіншілері Х.Наурызбаев, Т.Досмағамбетов, Б.Әбішев, Е. Сергебаев, Е. Мергенов, Б. Түлеков Қазақстан аумағы бойынша бірегей ескерткіштер мен монументтер тұрғызып, мүсін өнерінде ұмытылмас із қалдырды.

Бүгінде олардың ізін жалғастырып жүрген суретші-мүсіншілер М.Жүнісбаев, Д.Досмағамбетов, К.Дулатов, Н.Жұбаниязов, Т.Сеіикбаев, Б.Жуаспаевтың жасаған жұмыстарымен «Мүсін мәдениеті» көрмесінде танысуға болады. Көрмеге қойылған қазақы нақыштағы, ұлттық бояуы сақталған жұмыстар арқылы авторлар тарихымыздан сыр шертіп, ата-бабамыздың бай рухани әлемін көрсетуге тырысқан. Мүсіндердің әрбірі өзінің қарапайымдылығымен қатар терең философиялық маңызға ие. Көрме экспозициясынан композициялар, гипстен жасалған рельефтер, металл мен ағаштан жасалған мүсіндерді көруге болады. Мүсіншілер өз замандастарының бейнесін сомдап, батырлардың ержүректілігі мен сұлулықтың асқақ идеалы, әйел кейпінің поэтикалық тұтастығы мен үйлесімділігін өз жұмыстарында ұтымды көрсете білген. Авторлар әрі өз дүниетанымы мен ішкі әлемін көрсетіп, қиялға ерік бергенін байқауға болады.

Көрмеден орын алған жұмыстардың ішінде «Садақшы» (Д.Досмағамбетов), «Томирис» (Т.Серікбаев), «Ұран» (Б.Жуаспаев), «Уақыт толқындары» (К.Дулатов), «Түн» (М.Жүнісбаев), «Тазалықтың туылуы» (Н.Жұбаниязов) және т.б. музей келушілерінің ерекше ықыласына ие болды.

Мүсін өнері біздің өмірімізде айрықша орынға ие. Әлемнің барлық қалаларында айбынды да маңғаз ескерткіштер мен ерекше мүсіндер жетерлі. Олар әсемділікті бейнелей отырып біздің санамыз бен талғамымызды қалыптастырады. Әрбір өзін-өзі құрметтейтін адам өз ой-өрісін кеңейтіп, өнерді түсінуге үйренуі тиіс.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source