авто

Переключатель языков

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде суретшілер Данияр мен Асылгүл Байдаралиндердің және балалары Күнкей мен Таймастың отбасылық көркемөнер көрмесі ашылды.

Данияр мен Асылгүл суретшілік өнерді Қазақстандағы жоғары оқу орындарында оқып-үйренген. Данияр мүсін, графика, кескіндеме өнері бойынша Республикалық көркемөнер колледжін; «Өнертану» мамандығы бойынша Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА; «Сәулет өнері» мамандығы бойынша Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ тәмамдаған. Ал Асылгүл «Сәулет өнері» мамандығы бойынша ҚазБСҚА оқыған. Суретшілердің шығармашылығына бірнеше жыл АҚШ-та білім алып, жұмыс істеуі зор ықпал етті.

Суретшілер қазақ ұлттық мәдениеті мен тарихына қатысты туындылар жасау үшін үнемі ерекше бейнелік және композициялық шешімдерді іздестіреді. Д.Байдаралиннің жұмыстары бабаларымыз қалдырған бай мұраға негізделе және суретшінің өз ойларын жүзеге асыруға ұштастыра орындалған. Картиналар негізінен түрлі-түсті және ақ-қара гаммада салынған. Олар – өмір, еркіндік пен бақыт символдарына айналған, мән-маңызы зор мағынаға ие қазақ халқының тарихи өткенінен сыр шертетін көріністерден құралған жарқын, көңілді тербеп, жүректі тебірентетін туындылар. Көрмеге қойылатын жұмыстарда халық тұрмыс-тіршілігінің ұлттық нақыштары, жерін, елін қорғаған батырлардың қайсарлығы мен патриоттық рухы сипатталады. Оның жұмыстарының негізгі тақырыбы – қазақ қару-жарағының тарихы: «Жауынгерлер» сериясы көшпелілер әлемінің ұлы батырларына; «Көшпелілер» триптихі көшпелілердің өмірі, салт-санасына (көш, қонақтарды қарсы алу, әскери әрекет көріністері); «Салт атты қазақ жауынгерінің садақ атуы» сериясы садақшылық өнеріне; «Қазақ аттары» сериясы ер-жігіттің қанаты – тұлпарға; «Қазақы салт атты жүріс» сериясы салт-аттылар машық-дағдыларына; «Дала келбеттері» сериясы Ұлы даланы мекендеген көшпелілер – жауынгерлер мен олардың жарлары, аналар мен балалар, аңшылар мен бүркітшілердің бейнелеріне арналған.

Baidaralin D. Bercutshi. Baidaralin D. Казак салт-атты садакшы

 

Асылгүл Байдаралинаның жұмыстары кескіндеме және графика техникасында орындалған: әйел мен ана тақырыбын табиғат болмысымен үйлестіре салынған «Әйелді кейіптеу» фантастикалық портреттер сериясы, «Қыз ұзату» триптихі.

Суретші Байдаралиндер әрі жазушы ретінде қалыптасты. Данияр Байдаралин   «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахского конного лука» кітабын жазды. Бұл кітап – көшпелілердің бас қаруы – қазақтың ат үстінде садақ ату өнеріне арналған алғашқы терең мамандандырылған еңбегі. Кітап автордың өзінің аударуымен орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрді. Асылгүл Байдаралина «Біздің Сара-апай», «Сиқырлы балта» және «Тауық арманы» сынды балаларға арналған бірнеше кітаптардың авторы және иллюстраторы болды. Кітаптағы иллюстрациялар түрлі-түсті және ақ-қара түсті графикада орындалып, автордың ішкі әлемі кеңдігі мен қиялының ұшқырлығын паш етті.

Baidaralina A.  Библиотека. Baidaralina A. Кыз узату.

Асылгүл Байдаралина оқытушылық қызметін де істеген, Қ.Сәтпаев атындағы ҚазҰТЗУ «Сәулет және дизайн» кафедрасында сәулет өнері бойынша пәндерден дәріс оқыған. Данияр Байдаралин Алматы қаласында «Мега Парк» және «Есентай Молл СОО реконструкциясы», сонымен қатар Астана қаласында ЭКСПО-2017 құрамында «Мега Silk Way» сынды ірі архитектуралық жобаларға қатысып, тәжірибе жинаған. Бүгінде суретшілер «Байдаралы Студио» шығармашылық шеберханаларында бейнелеу өнерімен айналысады. Данияр Байдаралин қазақтың ат үстінде садақ ату өнері бойынша ғылыми зерттеушілікпен айналысуды жалғастырып келеді.

baidaralin-open1 baidaralin-openning
baidaralin-openning baidaralin-openning4

Көрменің ашылуы аясында Данияр Байдаралин ат үстінде атылатын садақты пайдалану тәсілдерін көрсетті, «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахских конных луков» кітабының тұсаукесері өтті.

Бұл көрме Байдаралиндер отбасының Қазақстанда өткізіліп отырған бірінші көрмесі. 2003-2011 жж. суретшілер америкалық жұртшылықты қазақ тарихы және мәдениетімен таныстыратын көрмелер өткізді.

Көрмеге 80 астам жұмыс қойылды: кескіндеме, графика, ертегілерге арналған суреттер және т.б. жұмыстар қойылды. Байдаралиндер әрі суретші, сәулетші, жазушы, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері, зерттеуші ретінде қалыптасты..

Құттықтау сөздермен ҚР Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Б.С. Қақабаев; өнертанушы М.Жұмағұлова; сәулетші, өнертанушы А.С. Ғалымжанова; ат үстінде атылатын садақ жасайтын шебер Р. Төлегенов және т.б. сөз сөйледі. Байаралиндер көрмесінің ашылу рәсіміне Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері Н.Исаев пен М.Битеновтер ән шырқады.

Көрме 2017 жылдың 28 ақпанына дейін жалғасады

 

victorina-kazsport

Музей қызметкерлері жасаған қызықты ойын-викторина ұлттық спорттың барлық түрлері және Қазақстанның көрнекті спортшылары туралы мәлімет алуға көмектеседі.

Құрметті ұстаздар!

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Алматы қаласының жалпы білім беретін, жеке меншік және қала маңындағы мектеп оқушыларын тақырыптық экскурсия, ойын-викторина және блиц-сұрақтан тұратын «Қазақстан спортының тарихы» атты интерактивті сабаққа шақырады.

Музей сабағы оқушыларды Қазақстандағы түрлі спорт түрлерінің даму тарихы, соның ішінде ұлттық ойын (бәйге, көкпар, жорға жарыс, қазақша күрес, тоғыз құмалақ, қыз қуу) және көрнекті қазақ спортшыларының жетістіктерімен таныстырады.

Көрме оқушылардың демалыс күндері 26 наурызға дейін жұмыс істейді (сейсенбі – демалыс).

Сабақ-экскурсияның құны – 900 тг (топ 20 адамнан тұрады) + әр оқушыға кіру билеті – 100 тг.

Сабақ алдын-ала өтінім беру арқылы өткізіледі. Байланыс телефоны: 2644650

Музей мекен-жайы: «Самал-1» ы.а., 44-үй

Координатор: Татьяна Борисовна Козуб, 87472775998

victorina-kazsport victorina-kazsport

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Алматы қаласындағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға орайластырылған «Қазақстан спортының тарихы» атты көрменің ашылуы өтті.

Қазақстан спортының тарихы (2017)

Көрмені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директорының орынбасары Қақабаев Бейбітқали Смағұлұлы ашты.

Елімізде XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың өтуі және Қазақстанның ТМД елдерінің ішінде ең алғашқы болып осы қысқы Универсиаданы өткізуі – бүгінгі Егемен Қазақстанның спорттық державалар алдында спорт саласында үлкен нәтижелерге жеткенін мойындатып, зор беделге ие болып отырғандығының дәлелі.

Көрменің ашылуына келген құрметті қонақтар – грек-рим күресінің палуаны, Халықаралық спорт шебері, КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт шебері, қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы және Әлем чемпионы Жақсылық Әмірәліұлы Үшкемпіров, Қазақстандағы алғашқы КСРО-ға Еңбегі сіңген спорт жаттықтырушысы, биология ғылымдарының кандидаты, профессор Хван Май Ундеевич, Қазақ КСР-іне Еңбегі сіңген спорт жаттықтырушысы, Самбодан алғашқы қазақстандық халықаралық дәрежедегі төреші, профессор, Қазақ спорт және туризм академиясы күрес кафедрасының меңгерушісі Шепетюк Михаил Николаевич сөз алды.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Мәдени-білім жұмысы орталығының музейлік педагогика секторы қызметкерлері Алматы қаласындағы XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналған музей қорының коллекциясы негізінде құрылған «Қазақстан спортының тарихы» көрмесі аясында 5-7 сынып оқушыларына қазақ және орыс тілдерінде мәдени-білім беру бағдарламасын әзірледі. Мақсаты – Қазақстан спортының даму тарихымен таныстыру мен отандық спортшылардың жетістіктерін насихаттау.

Көрменің ашылуы күні №96 жалпы білім беретін мектеп және №24 физикалық-математикалық лицей оқушылары үшін XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиадаға арналған жедел-сауалнама мен «Қазақстан спортының тарихы» көрмесі экспозициясының негізінде құрастырылған 8 Зияткерлік интерактивті ойын-викторинасы жүргізілді. Жеңімпаз топтарға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі атынан мадақтама және кәдесыйлар берілді.

Қазақстан спортының тарихы Қазақстан спортының тарихы
Қазақстан спортының тарихы Қазақстан спортының тарихы
Қазақстан спортының тарихы Қазақстан спортының тарихы

Көрме Универсиада өтетін уақытта және оқушылардың қысқы демалыс кезінде 26 наурызға дейін жұмыс істейді.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде 2017 жылдың 3-5 ақпан аралығында Алматы қаласында өтетін XXVIII –Дүниежүзілік қысқы Универсиада аясында Орталық-Азиялық қолөнер   көрме-жәрмеңкесі өтеді.

Жәрмеңке – халықтың қолөнер бұйымдарын сатып алып қана емес, сол қолөнер бұйымдары арқылы ел тарихын тануға мүмкіндік береді. Мұндағы халық шеберлерінің бұйымдары кез келген өнер сүюшілерді бейтарап қалдырмайды. Бұл көрме-жәрмеңке - Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін әрдайым нағыз мереке, жарқын мәдени оқиға.

Орталық Азиядағы ауқымды бұл көрме-жәрмеңкеге Қазақстанның барлық аймағынан, сондай-ақ Қырғызтан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ресейден 100-ден астам халық шеберлері қатысады. Олар бірғана данадан тұратын қайталанбас жұмыстары – сыйлық және сувенирлік өнімдер, киізден және жібектен жасалған бұйымдар, кілемдер, зергерлік әшекейлер, керамика, бейнелеу өнері шығармалары және көптеген таңқаларлық тауарларын көпшілік назарына ұсынады.

Қолөнершілер Универсиадаға арнап спорт тақырыбында – киізден жасалған панно, қыштан және ағаштан жасалған бұйымдар, сондай-ақ кәдесый өнімдерін (Күлән Жаңғұтты-киіз, Оңғаров Мадияр-ағаш, Львович Александр-қыш) дайындады. Құрметті музей қонақтары! Мейрам қарсаңында өзіңізді де, достарыңызды да тамаша кәдесыйлармен және әртүрлі базарлықтармен қуанышқа бөлеңіздер! Баршаңызды ертедегідей шығыс базарының ғажайып думанын сезінуге шақырамыз!

Көрме-жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 2017 жылдың 3-5 ақпан, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі өзінің жаңа көрмелер маусымын бастайды. 2017 жылдың 19 қаңтарында, сағат 16.00-де суретші, педагог, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаевтың «Өнер- тұнып тұрған құпия» атты мерейтойлық көрмесі ашылады.

Artist Duisembaev M.Мұхамбетқали Дүйсембаев 1966 жылы, 8 қазанда Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының Бұхарбай ауылында дүниеге келді. 1987 жылы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет колледжін, ал 1995 жылы Т.Жүргенов атындағы Алматы Мемлекеттік театр және көркемсурет институтын тәмамдады. Еңбек жолын Ақтөбе тоқыма фабрикасында модельер-конструктор болып бастады. Қазіргі уақытта Орал Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледжінде оқытушы болып жұмыс істейді.

Талантты суретші Мұхамбетқали Дүйсембаев 30 жылдан астам уақыт өзінің сүйікті ісімен айналысып, білімі мен тәжірибесін жас ұрпаққа үйретуден еш жалыққан емес.   Шығармашылығы мен колледждегі ұстаздық жолы қылқалам шебері өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. М.Дүйсембаев осы күндері де үнемі ізденіс үстінде, ол әрдайым колледждің тәрбие, оқу-шығармашылық процесін ұйымдастырудың жаңа түрлерін белсенді түрде іздестіру үстінде. Ол студенттерімен бірге музейдің түрлі іс-шараларына - көрмелерге, фестивальдарға, шеберлік сабақтарға және т.б. белсенді түрде қатысып келеді.

Мұхамбетқали – әр алуан жанрлы, көп қырлы суретші, ол мынадай әр түрлі стиль мен техникаларда: қолданбалы-өнер, гобелен, графика, кескіндеме және акварель түрлерімен жұмыс істейді. Қазақтардың ұлттық дәстүрлі өнері мен қазіргі заман бейнеленетін жұмыстары тақырыптары жағынан да әр түрлі жоспарлы болып келеді. Мәселен, Қазақстан зиялылары өкілдерінің - «Тұрар Рысқұлов», «Ахмет Байтұрсынов», «Дінмұхамед Қонаев» атты портреттік гобелендер сериясы өте қызғылықты. Талантты суретшінің «Балалықты еске алу», «Көрші» атты акварельдік туындылары ауыл өміріне деген сағыныш сезіміне толы. Суретші кейбір туындыларында өмірдің бір сәттік көріністерін қағазға қапысыз, нәзік сезіммен, шынайы түсірген. Суретші туындыларынан қақпа алдында демалып отырған ер адамды, құлыншақ пен баланы, бие сауған әйелді және басқаларды көріп, сүйсінуге болады. Суретшінің экология тақырыбына - жас ұрпақтың көз алдынан жойылып кеткен Арал трагедиясына («Уақыт трагедиясы», «Экология», «Арал» гобелендері), сонымен-қатар Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуын бейнелейтін «Менің Қазақстаным» атты туындылар және тағы да басқа жұмыстары ешкімді бей-жай қалдырмайды.  

М.Дүйсембаев – көптеген халықаралық, бүкілодақтық және республикалық көрмелерге   («Қызғалдақ және адам», Мәскеуде өткен«Арт Евразия» бүкілодақтық акварель көрмесі, «Кісен ашқан», «Жігер», «Күзгі маусым», колледжде өткен жеке көрмелері, «Астана-Бәйтерек», «Ұстаз және оқушы», «О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжіне 75 жыл» және т.б.) қатысқан. Мұхамбетқали Дүйсембаев - «Шабыт» Халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты. Қазақстан Республикасы Суретшілер Одағының Құрмет Грамотасымен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет Грамотасымен марапатталған.

Суретші туындылары Қазақстанның, алыс және жақын шет елдердің музейлері мен жеке коллекцияларда сақтаулы.

Мерейтойлық көрмеде бейнелеу өнерінің хас шебері көрермендер назарына өзінің бүкіл шығармашылық қызметінде туған, жеке коллекциясынан алынған 70-тен астам жұмыстарын ұсынады.

 Көрме 2017 жылдың 5 ақпанына дейін жалғасады.

Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаев. «Өнер- тұнып тұрған құпия» Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаев. «Өнер- тұнып тұрған құпия»
Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаев. «Өнер- тұнып тұрған құпия» Мұхамбетқали Самратұлы Дүйсембаев. «Өнер- тұнып тұрған құпия»

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source