авто

Переключатель языков

2016 жылдың 5 тамызында сағат 21.00-де ҚР Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласының Әкімдігімен бірлесіп Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған «Алматы – ғасырлар куәсі » атты көрме өткізеді.

Халықаралық ЮНЕСКО ұйымы Алматы қаласының 1000-жылдығын 2016 ж. мерейтойлық күндер тізіміне енгізу туралы шешім қабылдағаны белгілі.

almaty-1000-letАлматы және Алматы өңірінің (Жетісу) Қазақстан тарихындағы орны ерекше. Алматының мыңжылдық тарихы жайлы сөз қозғағанда археологтар осы аумақты ежелгі адамның қола немесе ерте темір ғасырында ақ мекендегенін емес – ғылыми ортада қалыптасқан қала деген түсінікке сай әкімшілік билік, қолөнер мен сауда орталығы қалыптасқан кезеңді алға тартады.

Алматы мәдени, техникалық, экономикалық, әлеуметтік-саяси байланыс біте-қайнаған күрделі құрылым.

Көрменің мақсаты – Алматының ежелден, сонау – қола дәуірі, ерте темір, орта ғасырлар, XIX ғ. (Верный қ.) кезеңдерден бүгінгі күнге дейінгі қалыптасу, даму, өркендеу жолын көрсету, яғни өткенді және бүгінгіні саралап, көрерменнің болашақты бағамдауына ықпал ету.

Тарихи-археологиялық зерттеулер мәліметтері Жетісудың табиғат жағдайы – экологиялық ерекшелігіне сай өңірде қола дәуірінде ақ отырықшы-көшпелі шаруашылықтың қалыптасқанын аңғартады. Б.з.д. II мыңжылдықта ақ Алматы аумағын андрондық тайпалар мекендегені белгілі. Жетісу жерінде қола дәуірінің қорым, қоныс, жартас суреттері сынды көптеген ескерткіштері анықталды. Алматы аумағынан табылған көмбелер мен ашылған бірнеше қоныс байырғы тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі жайлы мәлімет берді. Арнайы әдебиетте, «Каменск» және «Түркісіб» көмбесі деп айтылып жүрген артефактілер аса құнды дереккөзі. Бұл артефактілердің кейбірі б.з.д. XIV-XII ғғ. және кейінгі б.з.д. X-VIII ғғ. мерзімделеді.

Көрме экспозициясында ерте темір ғасыры – сақ кезеңінің Жалаулы, Қарғалы көмбесінен табылған алтын бұйымдар коллекциясы, Жетісу сақтарының этномәдени және киелі орталығының бірі – әйгілі Бесшатыр обасының және обалардың біріндегі қабірдің (б.з.д. VIIIғ.) реконструкциясы көрсетіледі.

Экспозицияның «Орта ғасырлардағы археологиялық ескерткіштер. VI-XIV ғғ.» кешені бөлімінде ортағасырлық Шеңгелді қалашығынан табылған материалдар негізінде жасалған тұрғын-жай реконструкциясы, 1978 жылы анықталған ұста шеберханасының қирандысы, сондай-ақ ҚР МОМ коллекциясындағы қыш құбыр, қыш ыдыс фрагменттері, дән үгітілетін текше тас, сап, металдан жасалған түрлі еңбек құралдары, т.б. негізінде жасалған ұста шеберханасы, су құбырының реконструкциясы ұсынылады.

Қала тарихының Верный кезеңі (1854-1921 жж.) қала құрылысының деңгейі, абаттандырылу сипаты, өндіріс және сауданың даму барысы жайлы ҚР МОМ қорындағы фотоқұжаттар сыр шертеді. 1921 ж. – 1990 ж. қала Алма-Ата деп аталды.

Алматының қазіргі даму үдерісін ҚР МОМ коллекциясынан іріктелген фотогалерея айғақтайды. Бүгінгі Алматы – Орталық Азиядағы аса ірі мегаполис, республиканың қаржы және мәдени орталығы.

ҚР МОМ қомақты қор коллекциясы негізінде ашылып отырған бұл көрме Алматы қаласының көне заманнан бүгінге дейінгі қалыптасу, дамуымен байланысты экономикалық, саяси және этномәдени үдерісіндегі тарихи мәнді оқиғаларды толық ашып көрсетеді деуге болады.

 Өткізілетін орын: Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі, Алматы қ., Самал-1, ықш. ауд., 44 үй.

 

almaty-skvoz-veka-2016 almaty-skvoz-veka-2016
almaty-skvoz-veka-2016 almaty-skvoz-veka-2016
almaty-skvoz-veka-2016 almaty-skvoz-veka-2016

«АЛМАТЫ – ҒАСЫРЛАР КУӘСІ» КӨРМЕСІНІҢ АШЫЛУЫ

Click to download in FLV format (43.28MB)

Құрметті алматылықтар, Алматының 1000-жылдығы аясында, ҚР Мемлекеттік орталық музейі 10 шілдеден 10 қарашаға дейін «ҚР МОМ қорларын толтырыңыз» атты акцияны жариялайды. Бұл акцияға қатысу арқылы Сіз еліміздің тарихи-мәдени мұрасын сақтау мен насихаттауға тікелей өз үлесіңізді қосасыз.

Орталық музей музейлік мәні бар құндылықтарды қабылдайды, яғни  тұрмыс заттары, ғылым, мәдениет, өнер мен спорт қайраткерлерінің жеке заттары, қолжазбалар, жазбаша және фотоматериалдар, ғылыми еңбектер, нумизматикалық топтамалар, көркем өнер туындылары және т.б. Барлық заттар сыйға тарту актісі бойынша қабылданып, оларға мемлекеттік нөмір тағайындалады.

Акция аяқталғаннан кейін қорға түскен заттар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына арналған көрмеде (сыйға беруші жайлы мәліметтер көрсетіліп) жұртшылық назарына ұсынылатын болады. 

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі (Алматы қ.) Астана қаласында қала күніне орай «ҚР МОМ қорындағы қару-жарақ және ат әбзелдер коллекциясы» атты көрме ашты.

Көрмеге ҚР МОМ қорындағы XVIII-XX  ғасырлармен мерзімделетін қару түрлері (ату, шабу, түйреу, кесу, соғу қарулары)  және оларды қолдануда қажетті сан алуан жабдық түрлері -  шарайна, қалқан, сауыт және кісе белдіктер, сондай-ақ ат әбзелдері де қойылды. Сонымен қатар, көрме экспозициясына қазақ тарихында есімі белгілі тұлғалар – Амангелді Иманов, публицист, этнограф, фольклортанушы Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, мемлекет қайраткері Ә.Жангелдин, сондай-ақ 1916 жылғы Торғай, Жетісу өңіріндегі ұлт-азаттық көтеріліс, 1929-1930 жж. Созақ көтерілісіне қатысушылармен байланысты қару-жарақтар, Қазақстанның халық жазушысы М.Мағауиннің музей қорына 2014 жылы өткізген қамшылары да қойылған. 

ат әбзелдері коллекциясы қару-жарақ коллекциясы

 Құрметті достар !

Жаз дегеніміз – қоршаған әлемді танып, таңғажайып жаңалықтар ашатын уақыт. Көптеген ата-аналар: Жазғы каникул кезінде уақытты қалай өткіземіз? – деп ойлануда. Осы ретте сансыз мәдени демалыс орындарының бірі Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейін атап өту қажет!

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі – 300 мың сақтау бірлігінен құралған қор коллекциясы бар Қазақстанның көне әрі ірі музейлерінің бірі болып табылады. Біз сіздерге көптеген жаңа әрі қызықты ақпарат алып қана қоймай, кішігірім жаңалықтар ашып, тиімді білім алуды ұсынамыз.  

Музей жазғы каникул кезіне қызықты бағдарламалар дайындады. 
«ҚР Орталық музейіндегі Жазғы каникулдар-2016» мәдени-білім беру бағдарламасы танымдық квест-ойындар, шеберлік сабақтар, көрмелер, байқаулардан құралған. Балалар тәжірибелі экскурсияшылардың көмегімен өткенге саяхаттап, еліміздің ертеден қазіргіге дейінгі тарихымен таныса алады. Біздің музейге келіп, рухани азық жинап, «МУЗЕЙ – деген керемет екен!» деп қайтасыздар деп ойлаймыз.

  • «Палеонтология және археология», II – «Тарихи этнография», III – «Қазақстан ҰОС жылдарында, диаспоралар мәдениеті», IV  – «Қазіргі Қазақстан» атты музей экспозициялық залдары бойынша тақырыптық және шолу экскурсиялары сейсенбіден басқа күндері күнделікті жүргізіледі:.
  • Көрмелермен танысу: «Алаумен өрілген өнер» (көркем керамика); ҚазКСР Халық әртісі, әнші, актер Кәукен Кенжетаевтың 100-жылдығына арналған «Қазақтың Кәукені»; «Сырлы аяқтың сыны кетпес» (қазақи дәстүрлі ыдыс-аяқ); «Бағзының жаңғырған куәгерлері» (археологиялық коллекциядағы қалпына келтірілген артефактілер).
  • «Археология әлеміне саяхат»  квест-ойыны  - әр дүйсенбі және бейсенбі күндері,  10.00-ден 13.00-ге дейін
  • «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» ойын-викторина – сәрсенбі–жұма, 10.00-ден 13.00-ге дейін
  • музей ішіндегі интерактивті аумақта «Мемлекеттік орталық музейдегі менің сүйікті экспонатым» байқауы аясында өз туындыңды жаса – күнделікті, тек сейсенбіден басқа күндері
  • Музейлік сабақтар (алдын-ала берілген тапсырыс бойынша):
  • «Қызыл кітап беттері бойынша» -дүйсенбі
  • «Қазақтардың дәстүрлі киім-кешегі» және «Киіз үй – қазақтардың дәстүрлі баспанасы» + білім беру ойыны – сәрсенбі
  • «Қазақтың зергерлік бұйымдары» - бейсенбі
  • Б. Момышұлы туралы «Отан үшін отқа тұс» —- жұма
  • «Тәуелсіз Қазақстан бойынша саяхат» - «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздері» білім беру ойыны – сенбі
  • «Әлихан Бөкейханов пен Ахмет Байтұрсынов. Алаш Орда» -  жексенбі

Интерактивті сабақ немесе экскурсияға төмендегі телефондар бойынша тапсырыс беруге болады: 2644650, 2645577  

Демалыс күндері: сейсенбі, айдың соңғы дүйсенбі күні (тазалық күні)

Байқау Алматы қаласының 1000-жылдығына арналған

Құрметті достар ! 

2016 жылғы жазды қалай өткіземіз? – деп көптеген ата-аналар мен балалар ойға шомады...  Жаз дегеніміз – қоршаған әлемді танып, таңғажайып жаңалық ашатын мезгіл.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі жазғы каникул кезінде экспозициялық залдармен танысып, «ҚР Орталық музейіндегі менің сүйікті экспонатым» балалар шығармашылығының көрме-байқауына қатысуға шақырады. Оған барлық 6 мен 12 жас аралығындағы балалар қатыса алады

Байқау үш түрлі номинация бойынша өтеді: 

  1. «Тарих куәгері»:  тарихи маңыздағы оқиғаны бастан кешкен кез-келген музейлік зат; 
  2. «Қала өмірі: негізі қаланған кезден бастап бүгінге дейін»: қаламыздың және еліміздің маңызды тарихи оқиғалары;
  3. «Менің музейім» - ҚР Мемлекеттік орталық музейінің арнайы номинациясы.

Музей залдарының бірімен танысып, өзіне ұнаған музей затының суретін салып, оны музей педагогтарына ұсыну Байқау шарттарының бірі болып табылады.  Байқауға ұсынылатын жұмыстарда ҚР Мемлекеттік орталық музейінің экспозициясында орналасқан экспонаттар бейнеленуі тиіс.

Музей кеңістігінде қатысушы өз туындысын жасай алатын интерактивті шығармашылық аумағы жұмыс істейді.  Төрт зал бойынша ұсынылатын музейдің бай экспозициясы қатысушыларды ерте заманнан бүгініне дейінгі Қазақстан тарихы және мәдениетімен таныстырады.  

Жұмыстың артқы жағында міндетті түрде автордың тегі, аты-жөні, жасы, мекен-жайы, байланыс нөмірі, сонымен бірге  осы жұмысты жасауға, белгілі номинациясын таңдауға итермелеген себептер көрсетілуі тиіс. 

Балалардың жұмыстарын кәсіби әділ-қазылар алқасы бағалайды.

Қорытынды мен жеңімпаздарды марапаттау 2016 жылдың тамыз айында болады. Үздік жұмыстар музей сайтындағы виртуалды көрме  мен әлеуметтік желілерде орналастырылады. Жеңімпаздар дипломдар және естелік сыйлықтарымен марапатталады.    

Жұмыстар 2016 жылдың 11 шілдесінен 20 тамызына дейін мына мекен-жай бойынша қабылданады:  Самал -1, 44 үй.

Жұмыстарды өткізу бойынша  Мәдени-білім беру орталығымен  (т.2644650) хабарласу қажет.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source