Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі (одан әрі ҚР МОМ) жыл сайын мүмкіншіліктері шектеулі, бірақ қабілеттері шектеусіз дарынды балаларды қолдау мақсатында балалар шығармашылығының көрмесін ұйымдастыруды игі дәстүрге айналдырды. Бұндай іс-шаралар балардың өнерпаздық қырларын ашып, мәдениет арқылы әлемнің кереметтеріне қол жеткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, өз еліне деген сүйіспеншілігі мен отансүйгіштік қасиеттерін арттыра түседі. Ұстаздар балаларды шығармашылық ойлануға үйретіп, сан алуан бояуларды пайдалана отырып, бейнелеу өнерінің өзгеше әлеміне бойлай отырып, керемет туындылар жасауға көмектеседі.
17 наурыз күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласының 1000 жылдығына арналған, көктем мерекесі Наурызға орай «Алматы - Жер бетіндегі әсем қала» атты балалар шығармашылығының көрмесін ашты. Көрме «UCMAS KAZAKHSTAN» ментальды арифметика Халықаралық балалар орталығы және Марат Оспанов атындағы қоғамдық қормен бірлесіп ұйымдастырылып отыр.
Көрме экспозициясына мүмкіншіліктері шектеулі балаларға арналған 11 оқу орындарындағы (№ 1,2,4,5,6,7,9,10 арнайы түзету мектеп-интернаттары, №15 шипажай сауықтыру мектеп-интернаты, №17 жалпы білім беретін мектеп-интернат, «Жанұя» тәрбие мектебі, 3 балалар үйінің тәрбиеленушілері және SOS балалар ауылы) жас дарындардың 300-ге жуық жұмыстары (суреттері мен қолдан жасалған бұйымдары) қойылады. Олар өз шығармаларында «Алматы қаласының символдары», «Пейзаждар», «Қаладағы сәулет ғимараттар, көрікті орындар мен ескерткіштер», «Алматы қаласының келешегі» атты 4 тақырып бойынша жасады. Өз жұмыстарында түрлі техникалар мен материалдар қолданған: бейнелеу өнерінде – пастель, тушь, акварель, гуашь, қарындаш, фломастер, аралас техника; сәндік қолданбалы өнерде – керамика, ағашқа ою салу, батик, декупаж, майда моншақ, оригами, аппликация және т.б.
Балаларға арналған көрменің ашылуы салтанатты түрде музей холлында өтті. Көрмеге қатысушылар мен қонақттарды ҚР МОМ ғалым хатшысы – Ғалия Теміртон, Марат Оспанов атындағы қоғамдыққордың президенті - Оспанова Бахыт Ахметқалиқызы, «UCMAS KAZAKHSTAN» ментальды арифметика Халықаралық балалар орталығының дамыту бойынша директоры - Жылқыбаева Гүлназия Сейтқызы, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, танымал өнертанушы – Жұмағұлова Мария Төлегенқызы құттықтап, өз тілектерін білдірді. Құттықтаушылардың барлығы көрмеге қойылған жұмыстардың бірегейлігін, балалар өз жұмыстарында қолданған түстердің, түрлі материалдар мен техниканың жоғарғы деңгейде тандалғанын атап өтті. Оларға денсаулық және шығармашылық табыс тіледі.
Балалардың қатысуымен өткен концерттік бағдарлама қонақтарға шаттық сыйлады. Интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған № 6 арнайы (түзету) мектеп-интернат (көзі нашар көретін)оқушыларынан құрылған ұлт аспаптар оркестрі «Балбырауын» күйін орындады, ал «На крыльях Ориона» атты Халықарылық байқаудың Бас жүлде иегері Ерхат Тәжібаев «Қазақстан» атты өлең шырқады. Арнайы осы мереке үшін естімейтін балаларға арналған №5 арнайы (түзету) мектеп-интернатының оқушылары ыммен «Алматының күндері-ай» әнін дайындаған. Мерекелік концерт Еркен Шакеевтің «Менің Қазақстаным» атты әнімен аяқталды.
Көрменің қазылар алқасы Қақабаев Бейбітқали Смағұлы - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей директорының мәдени-білім жұмысы және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары, Ғалия Теміртон – ҚР МОМ ғалым хатшысы, Оспанова Бахыт Ахметқалиқызы - Марат Оспанов атындағы қоғамдық қордың президенті, Әбдікәрім Күнсұлу – «Бахыт» сәндік-қолданбалы орталығының вице-президенті, Досимов Бахытжан – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Кущенко Анна Викторовна – ҚР МОМ Мәдени-білім жұмысы орталығының жетекшісі, Шанин Болат Қасымханұлы - Алматы қаласы әкімдігінің «Қоғамдық келісім» этномәдени бірлестігінің бөлім басшысы, Жұмағұлова Мария Төленқызы – Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, өнертанушы. Қазылар алқасы «Алматы қаласының символдары», «Пейзаждар», «Қаладағы сәулет ғимараттар, көрікті орындар мен ескерткіштер», «Алматы қаласының келешегі» атты 4 номинация бойынша жеңімпаздарды анықтады. Нәтижесінде қазылар алқасы 34 жеңіпазды анықтады, I орын (7 номинация бойынша); II орын (13 номинация бойынша); III орын (15 номинация бойынша). Іс-шараның ұйымдастырушылары жеңімпаздарды дипломдармен марапаттады, «Бостан» компаниясы сыйлықтар ұсынды, ал балалардың жетекшілеріне алғыс хаттар берілді.
Балаларға арнап бейнелеу өнері бойынша Қазақстан суретшілер одағының мүшелері Тамара Владимировна Волкова мен Досымов Бахытжан, «UCMAS KAZAKHSTAN» ментальды арифметика Халықаралық балалар орталығы шеберлік-сабақтарын өткізді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің «Алматы – Жер бетіндегі әсем қала» атты жобасы музейдің мәдени-білім жұмысына деген оқушылар мен оқытушылардың қызығушылығын оятты.
Аталмыш мерекеге «Лимонадофф», «Бостан» компаниялары, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасының қоры және «Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы қолдау көрсетті.
«Алматы қаласының символдары» номинациясы 1 орын. Лебедев Роман. 15 жас. «Түс киіз». Интеллектуалдық дамуы бұзылған балаларға арналған №7 арнайы (түзету) мектеп-интернаты |
«Алматы қалаының символдары» номинациясы 1 орын. Суханова Виктория. 15 жас. «Алматы қаласының 1000 жылдық тарихы». Фетр, бисер, пластик. «№1 Балалар үйі» КММ |
«Қаладағы сәулет ғимараттар, көрікті орындар мен ескерткіштер» номинациясы 1 орын. Аманжолова Индира. 16 жас. «Біздің қаламыздың арманы». Майлы бояу. «№1 Балалар үйі» КММ |
«Қаладағы сәулет ғимараттар, көрікті орындар мен ескерткіштер» номинациясы 1 орын. Сериков Санжар. 13 жас. «Тары түю». Фанера. «№15 Арнайы шипажай мектеп-интернаты» КММ |
«Пейзаждар» 1 орын. Мажитов Алишер. «Қыз куу». "№1 Балалар үйі» КММ |
«Алматы қаласының болашағы» номинациясы 1 орын. Бекетов Арсланбек «Алматы болашақта». Түрлі-түсті қарандаштар. « № 15 арнайы шипажай мектеп-интернаты» КММ |
«Пейзаждар» номинациясы
1 орын. Аманжолова Индира. 16 жас. «Тұмар». Киіз. «№1 Балалар үйі» КММ |
Көрме 2016 жылдың 31 наурызына дейін жалғасады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде 2016 жылдың 10 наурызы, сағат 16.00 Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, сәулетші, суретші Волкова Тамараның жеке мерейтойлық көрмесі ашылады.
Волкова Тамара Владимировна 1946 жылдың 7 наурызында Қырғызстанда дүниеге келді. Шығыс Қазақстанда ер жетіп, білім алды. Мәскеу Сәулет институтының түлегі Тамара Владимировна еңбек жолын Ярославль қаласында сәулетші ретінде бастады. Сәулетшілік кәсіппен айналысып жүріп Тамара Владимировна суретшілік өнермен әуестенген, шеберлігін шыңдау арқылы кәсіби деңгейге қол жеткізді.
Тамара Владимировна жан-жақты суретші. Ол үнемі шығармашылық ізденіс үстінде, жаңа материалдарды қолдану арқылы қатып-семіп қалған канондар шеңберін бұза отырып, жаңа технологияларды игеру нәтижесінде бояуларды қолданудың түрлі жаңашыл тәсілдерін меңгерді. Тіпті кейде: Бұл не зат? Керамика ма, киіз бе, әлде металл ма? – деп таңдануға тура келеді. Ізденістер барысында суретші «террапласт» атты ерекше техникалық тәсілді ойлап тапты. Аталған тәсіл картинадағы бейнеленген заттарды фактурасының дәлме-дәл көрсетуге мүмкіншілік береді. Мысалы, аталған көрмеден орын алатын «Сәукеле киген бойжеткен» жұмысында бірегей технологияны қолдану арқылы матаның байлығы мен әшекейлердің көлемділігі ұтымды көрсетілді.
Т.Волкова оқып-үйренуден, өз шығармашылығында жаңа белеске жетуден жалықпайды. Көрмеге келушілер оның түрлі стильдер мен техникаларды қолдана отырып жасаған жұмыстарын тамашалай алады (майлы бояу; пастель; темпера, гуашь; фрескалар, коллаждар; террапласт; макраме, папье-маше).
Орталық музейдегі аталмыш көрмеде қойылған әр туынды әсемділік, пішіндердің толықтығы, композияциялық шешімдер ізденісі және эксперименттілікпен ерекшеленеді. Оның жұмыстарындағы бейнелер мазмұндық ортақ тақырып аясында біріктірілген. Ауызекі әңгіме, көркем әдебиет, телебағдарлама мен тауға шыққаннан алған әсерлер суретшіге туынды жазуға дем береді. Кейде ол кенеп бетіне көрген түстеріндегі жарқын бейнелерді түсіреді. Мысалы, «Қарға», «Алтын жылан» жұмыстары да солай пайда болған. Тамара Волкованың жанына жақын тақырыптардың бірі Тамғалы шатқалындағы тасқа қашалған архаикалық петроглифтер «Қасиетті тастар», «Қазақстан петроглифтері», «Күн құдайы бар композиция-1» жұмыстарында бейнеленді. Оның жұмыстарының нысаны ретінде Іле Алатауының табиғаты, адамдар өмірі, тарихи және мәдени артефактілер, қаланың көрікті жерлері және т.б. алынған.
Тамара Волкова Испания, Италия, Португалия, Англия, Ресей, Бразилияда өткен халықаралық көрмелерге қатысқан. Суретшінің жұмыстары шет елдерінің галереялары мен жеке коллекциясында орын тапқан.
Сәулетші ретінде Т.Волкова Ярославль қаласындағы және Қазақстан Сәулетшілер одағы ұйымдастырған бірнеше көрмелерге белсенді түрде қатысып, Ресей жас сәулетшілері шығармашылығының аймақтық шолуында жүлделі орындарға ие болған. Тамара Владимировна – Мәскеу қаласындағы Градо Орталық эксперименттік жобалау ғылыми-зерттеу институты сәулетшілерінің тобы құрамында КСРО Министрлер Кеңесі сыйлығының лауреаты атанған. Ол Алматы және Өскемен қалаларының тарихи-сәулет тірек жоспары сынды ірі жобалардың авторы болып табылады. Оның жобалары бойынша Ярославль қаласындағы әкімшілік ғимарат, Пересла́вль-Зале́сский қаласындағы ресторан, қонақ-үй санылып, Оқ-Жетпес санаторийінің тұрғын үй корпусын қайта жаңарту және т.б. жұмыстар жүргізілген.
Шебер мерейтойлық көрмеге келушілерді өзінің жылдар бойы айналысқан бай шығармашылығының жемісімен (60 көркемөнер туындысымен) таныстырады.
Көрме 2016 жылдың 24 наурызына дейін жалғасады.
2016 жылдың 24 ақпанында, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Алматының 1000 жылдығы» аясында өткізілетін халық ақыны Жамбыл Жабаевтың 170-жылдығына арналған «Жыр алыбы Жамбыл» атты көрме ашылады.
2016 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Алматының 1000-жылдығына» орай бірқатар іс-шаралар өткізеді. Солардың бірі Жамбыл Жабаевтың 170-жылдығына арналған музей қоры негізінде құрылған «Жыр алыбы Жамбыл» көрмесі болып табылады. Даңқты халық ақыны Жамбыл Жабаевтың есімі елімізге ғана емес, өзге елдерге де кеңінен танымал.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығынан хабар беретін жеке заттары мен түрлі материалдар сақтаулы.
Аталмыш көрме қазақтың халық ауыз әдебиетінің қазынасы болып табылатын Жамбылдың шығармашылығының құрметіне ұйымдастырылып отыр.
Көрменің мақсаты: қазақтың халық ауыз әдебиетінің қазынасы болып табылатын ұлы Жамбыл шығармашылығына қатысты көптеген қызықты фотоқұжаттық, заттық және жазбаша деректерді көрермендер назарына ұсыну болып табылады.
Жамбыл Жабаев 1846 жылдың 28 ақпанында дүниеге келді. Ақындық өнердің биік шыңына көтерілген Жамбыл ауызша үлгіні әдебиетпен, поэтикалық мәнерлерді прозамен ұштастыра білді. Жамбыл қазақ, қырғыз ақындарының көпшілігімен айтысқа түсіп, бақ сынасты. Ақынның Бақтыбай, Айкүміс, Сарыбас, Шашубай, Құлмамбетпен жекпе-жекке түскен айтыстары халыққа кеңінен танылды. Жамбыл «Сұраншы батыр», «Өтеген батыр» дастандарына сүйене отырып «Хан мен ақын», «Жалқау туралы ертегі» сынды ертегілерін жазды. Қазақ батырларының ерліктерін жырлау ақын шығармаларының басты тақырыптарының бірі еді. 1936 жылдан бастап Жамбыл туындылары кеңінен танылып, орыс тіліне аударыла бастады.
Халық ақыны Жамбыл «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталды. 1941 жылы көркем әдебиетке қосқан үлесі үшін Жамбыл Жабаевқа Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атағы берілді.
Көрме экспозициясына сирек қойылатын қыл қалам шеберлері Әбілхан Қастеевтің «Жамбыл», атақты мүсінші Исаак Иткиндтің «Бала Жамбыл» мүсіндік портреті, сондай-ақ Л.Леонтьев, Н. Карповскийдің туындылары қойылады.
Аталмыш көрмеде «Жамбыл шығармалары» атты қолжазба (мұқабасы терімен қапталып, күміс қалып кигізілген, қоңырау пішінді күміс салпыншағы бар тоқыма баудан жасалған бетбелгімен әшекейленген) мен Жамбылдың 75 жылдық шығармашылық мерейтойына арнап шығарылған сурет альбом да халық назарына ұсынылады.
Сондай-ақ, көрме экспозициясына халыққа аз танылған фотоқұжаттар, қызметкерлер мен мектеп оқушыларының ақынға жолдаған құттықтау хаттары, ақынның орыс тіліне аударылған өлеңдері, марапаттаулары, ақын туралы еңбектер, экспонаттар мен Жамбылға арналып салынған суреттер қойылады.
2016 жылдың 6-7 наурыз күндері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп, Орталық Азия қолөнер шеберлерінің «ҚЫЗҒАЛДАҚТАР ГҮЛДЕГЕНДЕ» атты дәстүрлі көрме-жәрмеңкесін 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орайластырып өткізіледі.
Гүл бәйшешек бүр жарып, табиғат түрленетін көгілдір көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні! Бұл мереке қарсаңы – «Жақыныңа не сыйлаған дұрыс?», «Оны қайдан алу керек?», «Қандай сыйлық алған лайықты?» – деген сұрақтарға жауап іздейтін нағыз қарбалас шақ.
Көркем өнер мен қолөнер туындыларының алуан түрлері көрме-жәрмеңкеге келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлайды. Мұнда тамаша әрі ғажайып сыйлықтар, авторлық үлгідегі әсем заттар мен қолөнер туындыларын сатып алуға болады.
Бұл ауқымды көрме-жәрмеңкеге Қазақстанның барлық аймағынан, сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Ресей, Грузия және Монғолияның 100-ден астам халық шеберлерінің бірғана данадан тұратын бірегей туындылары – сыйлық және сувенирлік өнімдер, киізден және жібектен жасалған бұйымдар, кілемдер, зергерлік әшекейлер, қыш ыдыстар, бейнелеу өнері шығармалары көпшілік назарына ұсынылады.
Жәрмеңке – тек қолөнер бұйымдарын сатып алу орны ғана емес, сонымен қатар ол халықтың қолөнер кәсібі арқылы өз тарихын таныту шарасы. Көрмені ұйымдастырушылар киіз басу және батик өнерінен шеберлік сабақтар ұйымдастырады. Шеберлік сабақты шеберлер Күлән Жанғұтты және Гүлнәр Өмірбекова өткізеді. Онда шебер әсем бұйымдардың қалай жасалатындығы және қолөнер әдістерінің құпияларымен бөліседі.
Халық шеберлерінің біртума бұйымдары өнер сүюшіні бейтарап қалдырмайды. Бұл көрме-жәрмеңке - Алматы қаласының тұрғындары мен қонақтары үшін әрдайым нағыз мереке, жарқын мәдени оқиға.
Құрметті музей қонақтары! Баршаңызды ертедегідей шығыс базарының ғажайып думанын сезінуге шақырамыз!
Жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 2016 жылдың 6-7 наурыз күндері сағат 9.00-18.00-ге дейін.
2016 жылдың 10 ақпан күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласы Білім басқармасымен бірге Алматы қаласындағы мектеп директорлары, оқу ісі және тәрбие ісі жөніндегі меңгерушілеріне арналған «Музей және Мектеп: өзара қарым-қатынас» атты іс-шара өткізді.
Іс-шараға қаламыздың 8 ауданы бойынша 190 оқу орнының (лицей, гимназия, жалпы білім беретін мектептер) өкілдері қатысты.
Іс-шараны ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Смағұлұлы Қақабаев ашты. Ол музейдің өскелең ұрпаққа тәрбие мен білім берудегі ролі, отандық тарих пен мәдениетті тереңірек оқып білуге көмек көрсететін мектеп оқушыларына арналған музейлік біліми бағдарламалар туралы, сонымен қатар құнды дидактикалық потенциалы бар бірегей кешендерден құрылған музей экспозициялары туралы сөз қозғады.
ҚР Мемлекеттік орталық музей директорының музейлік менеджмент және маркетинг жөніндегі орынбасары Бибігүл Дандығараева жиналған қауымға ҚР Мемлекеттік орталық музейінің мәдени-білім жұмысының заманауи түрлері мен бағыттары туралы таныстырды. Музей - ұлттық мәдени-тарихи заттарды жинақтап, сақтап, насихаттап қана қоймай, жалпы адамзатқа тән үздік ұлттық құндылықтар мен дәстүрде тәрбиеленген, отанын сүйетін, өз болашағын мемлекет болашағымен байланыстыруға ұмтылатын, ел келешегін жалғастырушы, бәсекеге қабілетті жас мамандарды тәрбиелеу міндетін де атқаратындығы туралы айтты.
Музей қызметкерлері түрлі тақырыптарда Алматы мен қала маңындағы елді мекендердегі мектептерге тақырыптық және шолу экскурсияларын, музей сабақтарын, қазақ және орыс тілінде циклдық сабақтар мен көшпелі лекциялар өткізіп тұратындығы туралы экскурсия ұйымдастыру және экскурсиялық қызмет көрсету орталығының жетекшісі Бағдаулетова Бифатима жиналған қауымды таныстырды.
Іс-шараға жиналғандар үшін музейдің ғылыми қызметкерлері мен экскурсия жүргізушілері көне дәуірлерден қазіргі заманға дейінгі Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне арналған жеті тұрақты экспозициялық залдар: 1 зал «Палеонтология және археология», 2 зал «Тарихи этнография», 3 зал «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында, диаспоралар мәдениеті», 4 зал «Қазіргі Қазақстан залы», 5 зал «Ашық қор», 6 зал «Антропология музейі» және 7 зал «Н.Г. Хлудов» залдары бойынша экскурсиялар ұйымдастырды.
Арнайы іс-шараға музей қызметкерлері «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің оқу орындары үшін көрсететін қызметтері» атты 150 дана буклеттер дайындап, таратты. Сондай-ақ, 5-8 сынып оқушылары үшін «Палеонтология және археология әлеміне саяхат» (І экспозициялық зал бойынша) және «Әжемнің сандығындағы заттардың тарихы» (ІІ экспозициялық зал бойынша) атты квест бағдарламалармен таныстырды.
Іс-шараның нәтижесі бойынша музей мен мектеп арасындағы келелі мәселелер мен оның шешу жолдары, мектеп аудиториясымен жұмыс жасаудың заманауи технологиялары мен әдістері талқыланып, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Алматы қаласындағы мектептермен ортақ жобалар және іс-шаралар жасасу туралы келісімдер жасалды.
Тағы мақалалар...
- 2015 жылы өткен көрмелер
- 22.01.2016 ж. Суретші Лидия Коваленконың 70-жылдық мерейтойына арналған «Ертегінің жаңғыруы» атты шығармашылық көрмесі
- 24-27.12.2015 ж. «Верный жәрмеңкесі» атты жаңа жылдық көрме-жәрмеңкесі
- 17-20.12.2015 ж. Халықаралық «Christmas Art Fair-2015» атты бейнелеу өнері көрме-жәрмеңкесі