авто

Переключатель языков

2015 ж. 1 қазанында сағ. 16.30-да Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Германия Ішкі істер министрлігінің қолдауымен Қазақстандағы «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің Ассоцияциясымен неміс суретшілері картиналарының бірлескен көрмесі ашылады.

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Алматы қаласы тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанда өмір сүретін түрлі этнос өкілдерінің мәдени мұраларымен таныстырып келеді. Биылғы жылы «Достық фестивалі», «Менің отбасым, менің елім, менің тарихым» атты және т.б. тақырыптық көрмелер өткізілді.

Осы іс-шаралардың және «Қазақстандағы Германия апталығының» аясында 2015 ж. 1 қазанында неміс суретшілерінің көрмесі ашылады. Көрмеге Қарағанды қаласы Бейнелеу өнері музейі мен Тараз Облыстық тарихи өлкетану музейінің коллекцияларынан құралған неміс суретшілерінің туындылары қойылады. Көрмеде 160-тан астам жұмсақ бояу қарындашпен, майлы бояумен, акварельмен, шошқа қанымен салынған пейзаждар, натюрморт және портреттер көрсетіледі. Бұл суреттерде неміс халқының тағдыр талайы, ашылмаған ұлттық ерекшеліктерінің өзіндік нышандары көрініс тапты деуге болады. Бұл суреттерден басқа елде жүрген (КСРО) неміс ұлты өкілдерінің мезгіл аралық мәдени диалогын тани аламыз. Өкінішке орай А.Г. Гейнц, П.Паул, Риккел, Фильгер, Э.Шмидт, Браннер сияқты 30-60 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандары жайлы деректер сақталмаған. Дей тұрғанмен қылқалам шеберлерінің туындылары және олардың жеке басы жайлы деректердің жылдар бойы сірнеленіп жиналғандығына байланысты, бұл суреттерді осы күнгі бірегей коллекция деп санауға болады.

Іс-шараға Алматы қаласындағы Германия Консулдығы, Республиканың этномәдени бірлестіктері, БАҚ, Қазақстандағы «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігі Ассоцияциясының серіктес ұйымдарының өкілдері қатысады.

Көрме 2015 ж. 8 қазанына дейін жұмыс істейді.

German artists of Kazakhstan German artists of Kazakhstan
German artists of Kazakhstan German artists of Kazakhstan

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде «Абай әлемі» атты көрме ашылды.

Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде қазақ халқының біртуар һәм бас ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының (1845-1904) туғанына 170 жыл толуына орай Семей облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлескен «Абай әлемі» атты көрме ашылды. Атаулы бұл мәдени шара ҚР МОМ-нің директоры, белгілі этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбайдың және Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бекен Нұғыманұлы Теміровтің тікелей басшылықтарымен бірлесе ұйымдастырылып отыр.

Abaй әлеміҚазақтың аса көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының (1845-1904) шығармалары – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара туындылар. Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту, насихаттау – берісі исі қазақ баласы, арысы түрік тектес ұлыстар үшін де тарихи борыш. Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тағылымы мол сарқылмас бай қазынасы.

Айтулы көрмеде ҚР МОМ қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына (1845-1904) қатысты қолжазбалар, кітап басылымдар және ол туралы шығармалар насихатталады. Солардың ішінде бүгінгі күні ғалымдар тарапынан Абайдың өзінікі деп танылып отырған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысын, ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) қолжазбасын, Тұрағұл Абайұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» деген қолжазбасын, Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғылының өлеңі» сынды басылымды ерекше атап өткен жөн.

«Алашорда» партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналын, Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) «Қилы заман» романын, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) араб жазуынан кирилл жазуына көшірілген қолжазбасының машинкамен жазылған нұсқасын да көрме төрінен көруге болады.

Аталмыш көрмеге қазақ тілінде латын әріптерімен жазылған «Abaidıŋ ças kuninde çazqan өleŋi» (Абайдың жас күнінде жазған өлеңі), «Musirali aqsaqaldiŋ aitunca» (Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша), «Abaj Qunanbai ulь. Taŋdaulь өlender» басылымын (Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдер сынды қолжазбалар мен басылымдар да қойылып отыр.

Ақынның бейбішесі Ділдәнің домбырасын, бүркітінің балдағы мен тоғызқұмалағын, інісі Ысқақтың бөрігін, кіші інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолын, музей қорына күні кеше ғана келіп түскен Азат Әрхамұлы Ысқақовтың 1987 жылы құрастырған Абай тұқымы мен туысқандарының шежіресін, бірнеше тың тарихи фотосуреттерді осы көрмеден тамашалауға болады.

Семей облыстық тарих-өлкетану музейі әкелген ақын шығармашылығымен таныстыратын фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, атап айтқанда, Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты, Абай қол қойған құжаттар, 1903 жылы ақынға берілген мінездеме, өмір деректеріне қатысты көшірмелер, Мұхтар Әуезовтің костюмі, кітаптар, ақын дәуірінің бет-бейнесін көрсететін этнографиялық жәдігерлер бұл көрмеден орын алады.

World of Abai

World of Abai

ҚР МОМ директоры Нұрсан Әлімбай

СОТӨМ ғалым хатшысы

Шынар Мұратқызы Садықова

Аталмыш көрменің ресми ашылу салтанатында алғаш болып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директоры, белгілі этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбай құттықтау сөз сөйледі. Бұдан өзге Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы Шынар Мұратқызы Садықова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абайтану» институтының директоры, профессор Жаңғара Дәдебаев, Ақылбайдың немересі, Абайдың шөбересі Исраилова Қасира апай, Халықаралық «Абай» қорының президенті Жұмабек Ашуұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлына қатысып сөз сөйледі.

Көрменің ашылу салтанатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Ернар Күншібаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері және Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттері өз өнерлерін көрсетті.

Көрме орналасқан №4 экспозициялық залда арнайы дайындалған орында көрменің ашылу салтанатындағы концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Концерттен соң Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы Шынар Мұратқызы Садықова Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің, музей қорында сақталған Абайға қатысты экспонаттардың жинақталу тарихы туралы, Ақылбайдың немересі, Абайдың шөбересі Исраилова Қасира апай Абай ұрпақтары жайында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абайтану» институтының директоры, профессор Жаңғара Дәдебаев Абайдың «Сегізаяқ» поэмасының зерттелу қырлары хақында көрме қонақтары мен студенттерге лекция оқыды.

Мыңмен жалғыз алысқан Абай өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы орталық алаңда орналасқан. Көрме жыл аяғына дейін созылады.

 

World of Abai World of Abai
World of Abai World of Abai
World of Abai World of Abai

2015 жылдың 25 кыркүйегінде, сағат 11.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан халқының тілдер мерекесіне арналған «Тіл – ұлт мәдениетінің қазынасы» атты іс-шара өткізеді.

Жыл сайын 22 қыркүйек күні қазақстандықтар Қазақстан халқының тілдер мерекесін атап өтіп келеді. Тіл қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани өзегі, халықтардың тарихы мен мәдениетінің негізі болып табылады.

Тіл – ұлт мәдениетінің қазынасыҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет» деп атап өтті.

Бүгін тілді үйрену өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанда мемлекеттік тілді жылдам үйренудің көптеген жаңа әдістемелері дайындалуда. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдері де белсенді түрде үйреніп, меңгеруде.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан халқының тілдер мерекесінің шеңберінде, екінші жыл қатарынан, мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған «Тіл-ұлт мәдениетінің қазынасы» атты іс-шара өткізіп келеді. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан аумағында тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, ұлттық құндылықтарға, мәдениет пен тарихқа деген құрмет сезімін тәрбиелеу, сонымен қатар қазақстандықтарды қазақ тілін үйренуге көмек көрсететін заманауи оқу бағдарламаларымен, әдістемелер және оқу құралдарымен таныстыру. Аталмыш іс-шара барысында музей холлында баспалар мен кітап дүкендері («Ақпарат-Ата», «Арыс», «Өнер», «Абзал-Ай») өздері шығарған оқу-әдістемелік өнімдерін сатылымға қояды. Лингвистикалық орталықтар («Level Up education», «ЕШКО» корреспонденттік оқу-әдістемелік еуропалық мектебі) қазақ тілін үйретудегі әдіс-тәсілдерін көрсетеді.

Музей қызметкерлері мектеп оқушыларына бірнеше кезеңдерден тұратын біліми жоба дайындады. Жобаға «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемеснің, №28 лицей, №30 мектеп-гимназия, №100, №77 мектеп оқушылары қатысады. Оқушылар біліми жарыс барысында қазақ тілі бойынша өздерінің білімдерін көрсетіп, келушілерді концерттік бағдарламаларымен қуантады. Сонымен қатар жарыс барысында оқушылар Қала күніне орай ұйымдастырылған тапсырмада өздері тұратын қаламыздың тарихын қаншалықты білетіндіктерін көрсетеді.

Біліми жобаның қатысушылары музей атынан дипломдармен марапатталып, кәдесыйларға ие болады. Бірінші орынға ие болған топ ҚР Мемлекеттік орталық музейі «Ашық қор - Қазақстанның археологиялық алтыны» атты бірегей залының экспозициясымен танысады.

Іс-шараға кіру сағат 11.00-де - тегін.

2015 жылдың 25 қыркүйегінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Қазақстан халқының тілдер мерекесіне арналған «Тіл – ұлт мәдениетінің қазынасы» атты іс-шара өтті. Іс-шараны ҚР Мемлекеттік орталық музейінің ғалым хатшысы Ғалия Теміртон ашты. Іс-шараға арнайы қонақ ретінде педагогика ғылымдарының докторы, психология ғылымдарының профессоры, екі мәрте «Халық ағарту ісінің озаты» белгісінің иегері, Нью-Йорк Академиясының толық мүшесі Күләш Оразбекова, филология ғылымдарының докторы Розалинда Әмірбаевна Шаханова, филология ғылымдарының докторы, профессор Рустембек Шойбеков қатысты, сонымен қатар оқушылар қатысқан байқауға әділқазы алқасы болып, олардың білімдерін бағалады.

Жыл сайын 22 қыркүйек күні қазақстандықтар Қазақстан халқының тілдер мерекесін атап өтіп келеді. Тіл қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар қоғамның рухани өзегі, халықтардың тарихы мен мәдениетінің негізі болып табылады.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақ тілі - біздің рухани негізіміз. Біздің міндетіміз - оны барлық салада белсенді пайдалана отырып дамыту. Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үйлесімді үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз.  Бұл - өзін қадірлейтін әрбір адам дербес шешуге тиіс міндет» деп атап өтті.

Бүгін тілді үйрену өзекті мәселелердің бірі. Қазақстанда мемлекеттік тілді жылдам үйренудің көптеген жаңа әдістемелері дайындалуда. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдері де белсенді түрде үйреніп, меңгеруде.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі Қазақстан халқының тілдер мерекесінің шеңберінде, екінші жыл қатарынан, мектеп оқушылары мен жоғарғы оқу орындарының студенттеріне арналған «Тіл-ұлт мәдениетінің қазынасы» атты іс-шара өткізіп келеді. Іс-шараның мақсаты – Қазақстан аумағында тұратын өзге ұлт өкілдері арасында мемлекеттік тілді насихаттау, ұлттық құндылықтарға, мәдениет пен тарихқа деген құрмет сезімін тәрбиелеу, сонымен қатар қазақстандықтарды қазақ тілін үйренуге көмек көрсететін заманауи оқу бағдарламаларымен, әдістемелер және оқу құралдарымен таныстыру. Аталмыш іс-шара барысында музей холлында баспалар мен кітап дүкендері өздері шығарған оқу-әдістемелік өнімдерін сатылымға қойып, лингвистикалық орталықтар қазақ тілін үйретудегі әдіс-тәсілдерін көрсетті.

Музей қызметкерлері мектеп оқушыларына бірнеше кезеңдерден тұратын біліми жоба дайындады. Жобаға «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемеснің, №28 лицей, №100, №77 мектеп оқушылары қатысты. Оқушылар біліми жарыс барысында қазақ тілі бойынша өздерінің білімдерін көрсетіп, келушілерді концерттік бағдарламаларымен қуантты. Сонымен қатар жарыс барысында оқушылар Қала күніне орай ұйымдастырылған тапсырмада өздері тұратын қаламыздың тарихын қаншалықты білетіндіктерін көрсетті.

Жарыс барысында «Олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» республикалық мемлекеттік мекемесінің «Тіл тірегіміз» атты тобы бірінші орынға ие болды. Аталмыш топқа ҚР Мемлекеттік орталық музейі сый ретінде «Ашық қор - Қазақстанның археологиялық алтыны» атты бірегей залының экспозициясымен танысу мүмкіндігін сыйлады. Екінші орынды №28 лицейдің «Мегамозг» тобы, №100 жалпы білім беретін мекттептің «Улыбка» тобы үшінші орынға ие болды.  

Museum of chocolate NikolyaҚазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музйі мен “Nikolya” шоколад музейі” алғаш рет Қазақстанда, танымал шебер-шоколатье Николай Поповтың шоколадтан жасалған заттарының көрмесінің ашылуын Алматы қаласы күніне орайластырып отыр.

Әлемдік турне шеңберінде "Nikolya шоколад музейі" атты авторлық көрме 40-тан астам қалаларында болып, көрмемен 500.000-нан астам адам танысты. Енді Алматы қаласының тұрғындары мен оңтүстік астанамыздың қонақтары шоколад тарихымен және танымал шебер-шоколатье Николай Поповтың шоколадтан жасалған заттарымен танысып қана қоймай, түрлі акциялар мен мастер-класстарға қатысу, сондай-ақ өз қолдарымен шоколадтан түрлі бірегей заттар жасау мүмкіндігіне ие болады.

“Nikolya шоколад музейі” көрмесінде өте жоғары сападағы шоколадтан жасалған 300-ден астам өнер туындылары көрсетіледі. Жалпы салмағы 700 кг-нан астам шоколад пен марциран мүсіндер, шоколад багеттермен жиектелген картиналар, шоколад миниатюралар, инсталляциялар, композициялар және т.б.

Аталмыш көрмеге арнап, сондай-ақ Алматы қала күні мерекесіне орай, танымал шебер Nikolya Қазақстан Республикасы мен біздің әсем қаламызға арнап шоколадтан жасалған өнер туындыларының бірнеше топтамасын жасады. Олардың қатарына Мемлекеттік орталық музей экспозициясында тұрған қазақтың ұлттық әшекей бұйымдары, бас киімдері мен киім-кешектері сияқты заттық мәдениеттің үлгілерінің школадтан жасалған көшірмесі қойылады. 

Көрме барысында келушілер үшін түрлі төмендегідей іс-шаралар мен оқиғалар ұсынылады:

  • танымал мәдениет және өнер қайраткерлерінің қатысуымен авторлық мастер-класстар;
  • Алматы қаласына арналған шоколадтан жасалған бірегей экспонаттардың тұсаукесері;
  • шоколадпен және марципанмен жұмыс жасау бойынша авторлық мастер-класстар.

Картиналар, музейдің шоколадтан жасалған экспонаттары, мүсіндер мен шоколад инсталляциялар бізді «Nikolya шоколад музейінің» таңғажайып қиял әлеміне алып барады. «Алматы қаласы күніне» орай көрмеге келуші алғашқы 1000 адам (алдын-ала сатып алынған билеттер бойынша) көрме ұйымдастырушыларынан бірегей шоколадтан жасалған кәдесыйлар алады!

Көрме 2015 жылдың 23 қыркүйегінен бастап жұмыс істейді. Кіру ақылы.

Museum of chokolate Nikolya  Museum of chokolate Nikolya Museum of chokolate Nikolya

 

Өткізілетін орны: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейі, Самал-1, 44-үй. Анықтама телефондары: 8(727) 264 46 50, 264 55 77.

Көрменің ашылуы жайлы мына жерден де оқи аласыздар...

 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source