авто

Переключатель языков

6 маусымда сағат 10.30-дан 14.00-ге дейін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні мерексіне орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі  «Алтын Көл» балаларды қамқорлыққа алу мен аналарды қорғау қайырымдылық қорымен бірлесіп,  «Менің отбасым» атты іс-шарасын  өткізеді.

Іс-шараның ұйымдастырушысы - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі. Мәдени-білім жұмысы орталығының қызметкерлері «Алтын Көл» қорының қамқорлығындағы 100 балаға   арнап нағыз мереке ұйымдастырады.

Бұл күні музей холында  әсем шарлармен безендірілген және ертегі кейіпкерлерінің қатысуымен «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы»  және «Менің отбасым» атты  екі тақырып бойынша балалар шығармашылығы көрмесінің ашылу салтанаты өтеді. Музей кинозалында балалар ХХ ғасырдың 60-90 жылдарындағы анимациялық фильмдермен танысады. 

Іс-шараға қатысушыларды құттықтап, келесідей шығармашылық ұжымдар өнер көрсетеді: «Ерке» шығыс би ансамблі, Қапшағай қаласының балалар орталығы және  «Дел» сайқымазақтар  шоуы, сондай-ақ ата-аналар балаларымен бірге «Әріпбіл» байқауына қатысады, шара соңында барлық балаларға мерекелік түскі ас дастарханы жайылады. 

Іс-шараны қолдағандар: «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы (Президенті Әбдікәрім Бақыт), «Estate» компаниясы (директоры Қалымбетова Толғанай), «Lemonadoff» (бас директор Эрметов Абдулазиз Ильханджанұлы), «Sweet-Art» ЖК (шебер Ефременко Наталья), «Расписные пряники» Павлодар қ., «ДЕЛ» шоуы (директоры Федотова Ольга Николаевна), Қапшағай қаласынан балалар орталығы, «Ерке» шығыс би ансамблі (жетекшісі Измайлова Әсия Рашидқызы).

Музейдің мекен-жайы: «Самал-1» ықш. ауд. , 44-үй. Іс-шараның кураторлары: Т.Б. Козуб, А.А. Айдымбаева

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2015 жылдың 5 маусымы күні, сағат 15.00-де аса көрнекті қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгер» атты көрме ашылады.

Қазақ әдебиеті дамуының тарихында есімі аса құрметті орындардың бірін алатын көрнекті жазушы Ілияс Есенберлин – туған жеріне, өскен еліне аса зор шығармагерлік еңбегімен, талантымен, тың тарихи тақырыптарға түрен салуымен танылған ірі қаламгерлердің бірі.

esenberlin-100 let1915 жылы 10 қаңтарда Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген жазушы 20-30 жылдардағы зобалаң шақты бастан кешірді. Жастайынан тұл жетім қалған бала Ілияс жетімдер үйінде тәрбиеленіп, кейіннен Қызылордадағы жұмысшы факультетін тәмамдады. 1936 жылы Алматыдағы Қазақ тау-кен институтына оқуға түсті. Институтты бітіргеннен кейін Жезқазғанға жұмысқа жіберілді, алайда сол жылы күзде Қызыл әскер қатарына шақырылды. Рига әскери-саяси училищесінде оқып, Ленинградты қорғаушылар қатарында соғысқа аттанды. Соғыста ауыр жараланып, 1943 жылы елге оралды.

Тумысында алғыр, мықты қайрат иесі соғыстан оралған соң, бейбіт құрылысқа кеңінен араласты. 1943-1947 жж. Қазақстан Компартиясының Орталық комитетінің аппаратында нұсқаушы, 1947-51 жж. Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры, 1955-1957 жж. Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасының аға редакторы, 1958-1967 жж. «Қазақфильм» киностудиясында аға редактор, кейінгі жылдары  «Жазушы» баспасының директоры, Қазақстан Жазушылар Одағы басқармасының хатшысы қызметтерін атқарды.

І.Есенберлин әдебиеттегі алғашқы қадамын өлеңмен ашқан. Алғашында «Айша» (1945 ж.) және «Сұлтан» (1949 ж.) дастандары жарық көрді. Кейіннен өлең-жырларын іріктеп "Адамгершілік туралы жыр" өлеңдер жинағын шығарды. 

1960 жылдан бастап проза жанрына қалам тарта бастады. «Өзен жағасында», «Толқиды Есіл», орыс тілінде жазылған  «Адам туралы ән» повестері соның нәтижесі. Одан кейінгі жылдары «Айқас», «Қатерлі өткел», «Ғашықтар», «Алтын құс», «Маңғыстау майданы», «Көлеңкеңмен қорғай жүр», «Алтын Орда» романдарын жазды. «Айқас» романы үшін 1968 жылы ҚазССР Мемлекеттік сыйлығын алды.

70-жылдардан бастап толық шығармашылықпен айналысып, қазақ әдебиетінің көркем қазынасын байытуға қомақты үлес қосқан жазушы драматургия, кино, аударма саласында да еңбек етті. Идеологиялық саясат тарапынан қысым көргеніне қарамастан шығармашылық әлеуетін барынша пайдаланып, елінің күнделікті өмірімен тыныстаған шығармаларымен қатар, ұлт өмірінің ғасырларға кететін кең ауқымды, қарымды панорамасын жасады.

Қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгірткен әрі қазақ әдебиетінде ұлт рухын тірілтіп, халықтың тарихи санасын оятқан жазушының әдебиеттегі нағыз орнын белгілеген шығармалары – «Қаһар», «Алмас қылыш», «Жанталас» тарихи романдары.  ХV-ХIХ  ғғ. ортасына дейінгі қазақ тарихы суреттелген осы романдар «Көшпенділер» трилогиясына біріктірілді. Тарихи жазба деректерге, шежірелік мәліметтер мен аңыз әңгімелерге сүйене отырып, қазақ тарихының аса маңызды тұстарын ашып, тарихи қайраткерлердің көркем тұлғасын жасады. Өмірінің соңғы жылдары «Алтын орда» трилогиясын жазды. Жазушы туындылары жұртшылық жүрегіне жол тапты, оның еңбектері әлемнің 30 тіліне аударылды.

І.Есенберлиннің өмірі мен шығармашылығына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгер» көрмесіне жазушының өмірінен сыр шертетін фотоматериалдар, құжаттар, қолжазбалары, марапаттары мен өзіне тиеселі жеке заттары, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары, жазушы мұрасы – тарихи еңбектері қойылды. І.Есенберлин қырыққа жуық ән мәтінін жазды. Оның өлеңдеріне М.Төлебаев, Е.Брусиловский, Б.Байқадамов, Л.Хамиди сияқты белгілі композиторлар ән жазды. Аталған өлеңдердің түпнұсқасы да келушілер назарына ұсынылмақшы.

 Аталмыш көрме ҚР Мемлекеттік орталық музейі, ҚР Орталық мемлекеттік мұрағаты және кино-фотоқұжаттар мен дыбыс жазбалар мұрағаты қорындағы материалдар негізінде жасақталды.

Көрме 2015 жылдың 1 тамызына дейін жалғасады.

Yarmarka "Silk Way"2015 жылдың 23-24 мамыр күндері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі  «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығымен бірлесіп, «ЖІБЕК ЖОЛЫ»  атты Орталық Азия қолөнер шеберлерінің дәстүрлі көрме жәрмеңкесін өткізеді.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде сәндік-қолданбалы қолөнер көрме-жәрмеңкесін өткізу игі дәстүрге айналды,  сонымен қатар ол өнерді бағалаушылар мен қолөнер бұйымдарының табынушыларының арасында үлкен қызығушылық тудыруда. Бұл жолғы Шығыс жәрмеңкесіне Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ресейден келген 150-ге жуық халық шеберлері қатысады.

Ұлы Жібек жолы – Шығыс пен Батыс халықтарының мәдени-экономикалық қарым-қатынасын дамытуда үлкен маңызға ие, сондай-ақ тарихи  қалыптасқан халықаралық  сауда жолы. Ертеде Шығыс базарына әлем елдерінің  саудагерлері мен  сатып алушылары асыға келіп, Қытайдың жібегі мен фарфорын, Үндістанның тәтті дәмдерін, Хорезмнің қыш бұйымдарын, сонымен қатар, түрлі бейнелеу туындыларын тиімді бағамен сатып, сауда-саттық жүргізген.

Ұлы Жібек жолының көне мәдени салт-дәстүрі  бүгін де  сәтті дамуда.  Көрме Қазақстан және Орталық Азия елдерінің арасындағы мәдени байланыстардың  және іскерлік қарым-қатынастардың  дамуына үлес қосады. Көрме-жәрмеңке қолөнерге жастардың қызығушылығын оятады, ұлттық құндылықтарды бағалауға үйретеді.

Аталған іс-шара -  ұлттық қолөнерді дәріптеу және тарату, келушілерді қолөнерді зерттеуге тарту және жас қолөнершілерді ынталандыру бағдарламасының бір бөлігі. Музей қабырғасында дәстүрлі түрде өткізілетін көрме-жәрмеңке өз нәтижесін беруде: жыл сайын іс-шараға жаңа шеберлер, дарынды  қолөнершілер қосылуда, мәдени қарым-қатынас шеңберінде әріптестер мен  музейге және қолөнершілердің бұйымдарына қызығушылық танытатын  келушілердің саны  көбеюде.

«Жібек жолы» көрме-жәрмеңкесінде сыйлықтардың  мынадай алуан түрлері: киім-кешек, әшекей бұйымдар, қыш ыдыстар, саз аспаптары, шығыс миниатюралары мен тері өнімдері, киіз және жібектен жасалған бұйымдар,  шамшырақ пен бойтұмарлар, былғары бұйымдары көпшілік назарына ұсынылады. 

Көрме-жәрмеңкенің салтанатты ашылуы  23 мамыр  2015 ж. сағат 12-00

Жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 23-24 мамыр, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін

 Кіру ақысы 150 теңге.

Анықтама телефондары: ҚР Мемлекеттік Орталық музейі: 264-46 -50, 264-55-77

ҚҚ «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы т/ф: 375-56-58, 7 701 3908125, 7 775 6232966

 

silk-way2015 silk-way2015

 

23 мамырда, сағат 15.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде қазақстандық фотограф Алексей Романовтың «Боямасыз Үндістан» атты жеке көрмесі ашылады. 

A. Romanov "Обычная Индия"Алексей Романов – қарапайым адамдардың өмірінен алынған ерекше сюжеттерді аңғарымпаздықпен байқай алатын және оны нәзік жеткізе білетін фотограф әрі саяхатшы. Үндістанды аралаған бір ай ішінде  ол 3000 шақырым жер жүріп, қарапайым адамдардың күнделікті өмірі мен тұрмыс-тіршіліктерін, еңбек еткен сәттерін және көңіл-күй сезімдерін білдіретін бірегей фотосуреттерді түсірген. Фотограф кейіпкерлері - әулие адамдар, қайыршылыққа душар болған жандар, баспанасыз балалардан бастап ғасыр жасаған абыз қарияларға дейінгі персонаждарды құрайды. Бұлар өздерінің ішкі сезімдерін жасыра алмайтын, көздерінде махаббат ұшқыны, күш-жігер оты мен мұң тұнған жандар. Фотограф шынайы баяндап беруге тырысатын олардың әрбірінің өз тағдыр-талайы, әр алуан ғұмырнамасы бар. 

Үндістанның  бұрынғы астанасы Калькутта жайында түсірілген фотосуреттер сериясы да өте қызықты. Кезінде британдық отардың інжу-маржаны болған, бірақ XVIII ғасырда жартылай қираған сол  отаршылдық кезінің үйлері аясында, қарапайым адамдар тұрып, отбасы қуанышына бөленіп, балалар сүюде, дәмді, қою шай ішу, киім-кешегімен сүріне-қабына ұйықтау,  ескі аяқ киімін жөндеу секілді сан алуан түйткілді  тіршілік қуанышы   ләзаттарын сезініп, өмір кешіп жатыр.

A.Romanov "Обычная Индия"Автор өздерінің фотосуреттерінің тууы туралы былай дейді: «Төңіректегінің бәрі өтіп жатқан және фотосуретке түсірілген болып бөлінеді. Көріп, біліп тұрғанымды фотосуретке түсірмесем, онда оны бәрін әлі сезіне қоймағандай боламын. Фотосурет белгілі бір сәтті бейнелеп, тасқа басып, оны тарихтың өшпес куәгеріне айналдырады.

Егерде сізге өзіңіздің өміріңіз бейнетті болып көрінсе, аз еңбекақы аламын деп ойласаңыз, қуаныш-күлкінің ізі де жоқ деп ойласаңыз, егерде сіз үнемі даудың үстінде қалсаңыз, егерде сіз өзіңізге әрі өз туысқандарыңызға разы болмасаңыз  және алдыңыздан ешқандай үміт сәулесін көрмесеңіз, онда біздің көрменің ашылуына келіңіз, осы жерде өмірге құштарлығы мол тұлғаларға зер салыңыз, сонда олар сізге өздерінің сыр-сандығының құпия кілтін ұсынады», - деп өз көрермендерін шақырады Алексей Романов.

Бүгінде  Қазақстан мен Үндістан арасында 20-дан астам бағытта дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған. Екі ел де өз халықтарының тарихын, дәстүрлерін және әдет-ғұрыптарын таныстыра отырып, мәдени ынтымақтастықты дамытуда.   Бұл осы елдердің  мәдени бай жетістіктерімен жақын танысуға мүмкіндік тудырды. 

Көрмеде Алексей Романовтың 35-тен астам жұмысы қойылған. Көрме 3 қабаттағы айналма галереяда орналасқан.

Көрме 2015 жылдың 8 маусымына дейін жалғасады.

ordinary india-1 ordinary india 2 ordinary india 3

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдығына орай Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі  2015 жылдың 13 мамырында сағат 15.00-ден 18.00-ге дейін «ДОСТЫҚ ФЕСТИВАЛІН» өткізеді. Іс-шараға Алматы қаласының этномәдени бірлестіктері қатысады.

Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) құру туралы ұсынысты 1992 жылы еліміздің Перзиденті Н.Ә.Назарбаев ұсынған. Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган, сонымен қатар Қазақстанда тұратын ұлт пен ұлыс өкілдерін біріктіреді.

Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылғаннан бастап республика ұлт өкілдерінің мәдениетінің өркендеуі мен дамуына маңызды үлес қосты. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысы Қазақстан этностары мәдениетінің жан-жақты дамуына, дәстүрлерінің сақталуы мен өзіндік ерекшелігіне, сондай-ақ тұрақтылығын нығайту, қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімге бағытталған, сонымен қатар этномәдени бірлестіктердің Қазақстандағы ұлтаралық үйлесімді дамуын қамтамасыз етеді.  Ассамблеяның үлесін БҰҰ-ның кезіндегі Бас хатшысы Кофи Аннан «Қазақстан әлем мемлекеттері үшін ұлтаралық татулық пен тұрақты дамудың үлгісі» -деп,  ерекше бағалады.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі республикалық деңгейде өткізілетін Наурыз мейрамы мен түрлі халықтардың дәстүрлі мәдениет фестивальдарын, сәндік-қолданбалы өнер көрмелерін  жыл сайын ұйымдастырып, өткізіп тұрады. Сонымен қатар, музейдің ІІІ залында «Диаспорлар мәдениеті» атты экспозициялық кешен бар, кешенге 14 этностың этнографиялық материалдары қойылған. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20-жылдығына орай ұйымдастырылып отырған «Достық фестивалына» 16-ға жуық диаспор өкілдері қатысады («Луйс» Армян мәдени орталығы, Белорус этномәдени орталығы, «ЭОС» гректер қоғамы, Алматыдағы Корей ұлттық орталығы, «Ватандаш» қырым татарларының мәдени орталығы, Күрдтерінің «Барбанг Ассоциациясы», «Стругураш» молдаван мәдени орталығы,  Неміс мәдени орталығы, Поляк мәдени орталығы, Қазақстандағы орыс қауымы, Алматыдағы татар қоғамдық-мәдени орталығы, Ұйғыр мәдени орталығы, Украин мәдени орталығы, «Даймохк»  Шешен қоғамдық-мәдени орталығы және т.б.). Фестивальда музей көрермендері әр халықтың  тарихы, мәдениеті және тұрмысымен танысуға мүмкіндік алады.

Фестиваль бағдарламасында: Алматы қаласы этномәдени бірлестіктері жасаған көрмелердің ашылуы, көрмеге Қазақстанда тұратын әр халықтардың дәстүрі мен әдет-ғұрпын көрсететін фотосуреттер, құжаттар мен этнографиялық материалдар қойылады. Сонымен қатар, бұл күні этнофольклорлық топтардың қатысуымен мерекелік концерт өтеді: концертке қатысушы ұлт өкілдері өз тілдерінде ғана емес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілінде әуенді, сарынды және жалынды әндер айтып, би билейді.

15.00-де фестиваль салтанатты түрде  ашылады, ашылуында әр ұлт өкілдері өздерінің мәдениеті мен тұрмысын көрсететін, музейлік маңызы бар заттарды  салтанатты жағдайда музей қорына тапсырады. 

«ДОСТЫҚ ФЕСТИВАЛІН» «ДОСТЫҚ ФЕСТИВАЛІН» «ДОСТЫҚ ФЕСТИВАЛІН»

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source