авто

Переключатель языков

«КӨЛЕҢКЕЛЕР ТЕАТРЫ» – КӨНЕ ЗАМАН ШЕЖІРЕСІ

2015 жылдың 30 қазанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі мен ҚХР Таң династиасының көне Шығыс базарының Сиань музейі ғылыми және мәдени ынтымақтастық аясындағы бірлесккен жобасы - «Ұлы Жібек жолы тарихы — Шэньси провинциясының Көлеңкелер театры» атты көрмесі ашылды.

«Көлеңкелер театры» – 1700 жыл бұрын Азияда пайда болған визуалды (көзбен шолу) өнерінің бірі болып табылады. Көлеңкелер театры өнерін әрі Қытайда, Батыс Хань династиясының Чань ань (қазіргі атауы – Сиань) қаласында пайда болған телевизиялық өнердің негізі деп те атауға болады. XIII ғасырда Көлеңкелер театры батыс Азияға және Еуропаға кеңінен тарады. Бұл аймақтарда оны «қытайдың көлеңкелер сәулесі» деп атады. Көлеңкелер театры 2003 жылдан бастап ЮНЕСКО Комитетінің шешімімен материалдық емес мәдени мұраның тізіміне енгізілген. Қытай үкіметі және халқымен қорғалып, әлемдік қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырып келеді.

Көрмені алғашқы құттықтау сөзімен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінің директоры Нұрсан Әлімбай ашты. Бірлесе ұйымдастырылған көрмеге өз құттықтауымен келген Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясындағы Таң династиасының көне шығыс базарының Сиань музейінің директоры Ван Бинь ханым ҚР МОМ-і мен ежелгі Сиань музейі арасында орныққан өзара ынтымақтастық үшін Музей директоры Нұрсан Әлімбайға құрмет, ыстық ықыласын білдірді. Мұнан кейін Алматы қаласындағы Қытай Халық Республикасының Бас Консулдың екінші хатшысы Чжан Тао мырза, Конфуция институтының директоры Рахымжан Өзенбекұлы Асылбеков, Әль-фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің деканы, филология ғылымдарының докторы, профессор Баян Нұрсұлтанқызы Жұбатова, тарих ғылымдарының докторы, профессор Меруерт Қуатқызы Әбусеитова, Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясындағы Таң династиасының көне шығыс базарының Сиань музейінің қызметкері, Көлеңкелер театрының танымал шебері Ван Тяньвэни мырза да ғажайып өнер жанрына арналған көрмеге сәттілік тілеп, өз құттықтауларын жеткізді.

Көрменің экспозициясы 4 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде фотосуреттер мен түсіндірме мәтіндер арқылы Көлеңкелер театрының құрылуы мен дамуы тарихы, қуыршақтар мен жануарларды жасау шеберліктері, театрлық бутафориялар мен реквизиттерді дайындау тәсілдері, театрдың репертуары таныстырылады. Екінші және төртінші бөлімдерде Көлеңкелер театрының танымал суретшісі, ҚХР Тан династиясы көне Шығыс базарының Сиань музейінің құрметті қызметкері Ван Тяньвэньның жұмыстары қойылған. Мин және Цин династиялары билігі кезеңінде жасалған өнер туындылары ерекше орын алады. Жарықтандырылған қораптарда және көрмелерде орналасқан 19 картиналар мыналар: «6 мемлекетті бағындырған Цинь Шихуан», «Хань сарайындағы сұлулар», «Ланькэ тарихы», «Таң императоры Тай-цзун жорыққа шыққанда», «Әйгілі медицина королі», «Фань Лихуа - әскербасы», «Сюе Жэньгуй батыр маршалға тігілген шатырдағы жиналыста», «Ло Чэнның үйлену тойы», «Таң императоры Минхуан ат үстінде таяқшамен ойын ойнау сәтінде» және т.б. Елес театрының бұл туындылары әсем, бояулы мәдениетті суреттеп, аңыздарды жеткізіп, Жібек жолы уақытында болған тарихи фактілерді бейнелеп көрсетеді. Үшінші бөлімде Таң киімдері қойылған.

Сіздерді «Ұлы Жібек жолы тарихы — Шэньси провинциясының көлеңкелер театры» атты көрмемен танысуға шақырамыз.

Көрме музейдің 3 залында орналасқан. Аталған көрме 23 желтоқсанға дейін жалғасады.  

Ұлы Жібек жолы тарихы — Шэньси провинциясының көлеңкелер театры Ұлы Жібек жолы тарихы — Шэньси провинциясының көлеңкелер театры
 Ұлы Жібек жолы тарихы — Шэньси провинциясының көлеңкелер театры Ұлы Жібек жолы тарихы — Шэньси провинциясының көлеңкелер театры


2015 жылдың 15 қазанында сағ.16.00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Алматыдағы Венгрия Бас консулдығымен бірге «Венгр Республикасының күні» Ұлттық мерекесі қарсаңында (23 қазан) «Мажарстандық шығыстанушылар» атты көрме ашады.

Мадиярлар үшін шығыс тек географиялық емес тарихи-мәдени ұғым. XIX ғасыр мадиярлар үшін өзінің шығу тегін іздестіру дәуірі болды. Мыңдаған жылдар бойы көшпелі өмір сүрген мадияр тайпалары көптеген халықтармен тарихи-мәдени байланыста болды. Олар халықтардың шығыстан-батысқа қоныс аударуы үдерісінің барысында Карпат бассейніне қоныс тепті. Мадияр саяхатшылары мен ғалымдары бірқатар құрлықтардың географиясы, геологиясы, этнографиясы, тіпті өсімдік дүниесі мен жануарлар әлемін зерттеуде айтарлықтай рөл атқарды. Көп ғасырлар бойы жүргізілген зерттеулер нәтижесінде мадияр шығыстанушыларының озық мектебі қалыптасты. Мажарстанда Таяу Шығысқа және Солтүстік Африкаға жасалған экспедициялар аясында ғылыми зерттеулер жүргізу әрбір шығыстанушы-ғалым қызметін қалыптастыруға үлкен ықпал етті. Қазіргі заманғы батыс ислам ғылымының негізін салушы, арабтану ілімі мен семиттік филологияны зерттеуге айтарлықтай үлес қосқан Игнац Голдзихер. Шығыс халықтарына қатысты араб, парсы, ассирийлік және басқа тілдердегі шығыс дереккөздерін зерттеуші ғалымдар – Дьюла Германус, Карой Цегледи, Геза Фехервари. Египеттану саласының көрнекті өкілдерінің бірі– Ласло Какоши. Венгрия ғалымдары Африка құрлығының өсімдік және жануарлар әлемінің жағырафиялық, геологиялық жағдайларын зерттеу мен сипаттауға атсалыса қатысты. Бірқатар ғалымдар ирантану ғылымына маманданды – Шандор Кегл, Жигмонд Телегди, Карой Ревицки.

Мажарстандық шығыстанушылар Мажарстандық шығыстанушылар
Мажарстандық шығыстанушылар Мажарстандық шығыстанушылар

Шығыс пен Батысты байланыстыратын Орталық Азия – тарихшы, филолог және мәдениеттанушы мадияр ғалымдардың ерекше қызығушылығын тудырған аймақтардың бірі. Олардың арасында Армин Вамбери (1832-1913) есімі айрықша аталады. Ол – алғаш ортаазиялық түркі тілдерін жүйелеген. Немет Дьюла, Алмаши Дьердь, Иштван Мандоки Қоңыр, Торма Йожеф және т.б. ғалымдар жинаған тіл, тарих, фольклорлық-поэтикалық, этнографиялық материалдар кешені аса құнды. Өз ата-бабаларының тілі, тарихы, мәдениеті мен жағырафиясы – олардың ғылыми зерттеулерінің басты саласы болып табылды. Мадияр армянтану ілімінің негізін салушы – Еден Шутц. Ол армян тілдерінде ұсынылған қыпшақ дереккөздері басылымдарын зерттеу саласына үлкен үлес қосты. Шығысты зерттеген көптеген әйгілі мадияр ғалымдарының қолжазба мұралары 1826 жылы құрылған танымал Венгр Ғылым Академиясының кітапханасында сақтаулы (оның вице-президенті – Лайош Лигети). Шандор Кереши Чома – әйгілі тибеттанушы. Алғашқы болып буддалық қасиетті жазбаларды еуропа тіліне аударды. Аурель Штейн өзінің ғылыми зерттеулерін Жібек жолы археологиялық мұралары мен сауда жолы бойында қалыптасқан синкреттік мәдениетке арнады.

Алайда мадиярлар тек ғылым саласымен шектелмеді, Шығыс әлемі әдебиет, бейнелеу өнері, музыка және т.б. салаларда да шығармашылық шабыттарын ашты. Ғылыми экспедициялар әлемнің түкпір-түкпірінде дерлік жүргізілді. Мәселен, Қытайға жүргізілген экспедицияны атап айтуға болады. Граф Бел Сечени Янцзы өзені сағасының картасымен қатар, Дунхуангтағы Мың Будданың Үңгірі ғибадатханасы жайлы бірінші болып мәлімет берді. Көптеген жиһангездер археологиялық және этнографиялық жәдігерлерден тұратын коллекция жинады. Олардың қатарында: Ференц Хоп, Золтан Фелвинци Такач бар. Орталық Еуропада 1919 жылы Будапеште Ференц Хоптың халыққа қалдырған коллекциясы негізінде Шығыс Азия тұңғыш Өнер Музейі құрылды.

Оңтүстік-Шығыс Азия мен Океания мадиярлардың назарына кейініректе, IХ- ғасыр шамасында ілінді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында бірқатар ғалымдар Корея жерінде этнографиялық және тілдік зерттеулер жүргізді – Бишоп граф Петер Ваи, Бенедек Баратоши-Балог, Ференц Мартонфи және Карой Фендлер.

Көрме 2015 жылдың 25-қазанына дейін созылады.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік орталық музейінде «Абай әлемі» атты көрме ашылды.

Ағымдағы жылдың 30 қыркүйегінде қазақ халқының біртуар һәм бас ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының (1845-1904) туғанына 170 жыл толуына орай Семей облыстық тарихи-өлкетану музейімен бірлескен «Абай әлемі» атты көрме ашылды. Атаулы бұл мәдени шара ҚР МОМ-нің директоры, белгілі этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбайдың және Семейдің облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Бекен Нұғыманұлы Теміровтің тікелей басшылықтарымен бірлесе ұйымдастырылып отыр.

Қазақтың аса көрнекті ақыны Абай Құнанбайұлының (1845-1904) шығармалары – ұлтымыздың рухани дүниесіндегі шоқтығы биік қайталанбас дара туындылар. Абай шығармаларын оқу, білу, тану, жаңғырту, насихаттау – берісі исі қазақ баласы, арысы түрік тектес ұлыстар үшін де тарихи борыш. Абайдың артына қалдырған мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын тағылымы мол сарқылмас бай қазынасы.

Айтулы көрмеде ҚР МОМ қорында сақтаулы Абай Құнанбайұлына (1845-1904) қатысты қолжазбалар, кітап басылымдар және ол туралы шығармалар насихатталады. Солардың ішінде бүгінгі күні ғалымдар тарапынан Абайдың өзінікі деп танылып отырған «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты бірегей туындысын, ақын шығармашылығы жинақталған Мүрсейіт Бікеұлы (1860-1917) қолжазбасын, Тұрағұл Абайұлының (1875-1934) «Қазақтың атақты ақыны Абай Құнанбайұлы» деген қолжазбасын, Кәкітай мен Тұрағұл 1909 жылы Санкт-Петербургте бастырып шығарған «Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай оғылының өлеңі» сынды басылымды ерекше атап өткен жөн.

«Алашорда» партиясы өкілдерінің ұйымдастыруымен 1918 жылы Семейде жарық көрген «Абай» журналын, Мұхтар Әуезовтің (1897-1961) «Қилы заман» романын, Ахат Шәкәрімұлы Құдайбердиевтің (1900-1984) араб жазуынан кирилл жазуына көшірілген қолжазбасының машинкамен жазылған нұсқасын да көрме төрінен көруге болады.

Аталмыш көрмеге қазақ тілінде латын әріптерімен жазылған «Abaidıŋ ças kuninde çazqan өleŋi» (Абайдың жас күнінде жазған өлеңі), «Musirali aqsaqaldiŋ aitunca» (Мүсірәлі ақсақалдың айтуынша), «Abaj Qunanbai ulь. Taŋdaulь өlender» басылымын (Абай Құнанбайұлы. Таңдамалы өлеңдер сынды қолжазбалар мен басылымдар да қойылып отыр.

Ақынның бейбішесі Ділдәнің домбырасын, бүркітінің балдағы мен тоғызқұмалағын, інісі Ысқақтың бөрігін, кіші інісі Оспанның асырап алған қызы Мансураның камзолын, музей қорына күні кеше ғана келіп түскен Азат Әрхамұлы Ысқақовтың 1987 жылы құрастырған Абай тұқымы мен туысқандарының шежіресін, бірнеше тың тарихи фотосуреттерді осы көрмеден тамашалауға болады.

Семей облыстық тарих-өлкетану музейі әкелген ақын шығармашылығымен таныстыратын фотоматериалдар, мұрағат құжаттары, атап айтқанда, Абайдың ұлы Мағауияға 1896 жылы жазған хаты, Абай қол қойған құжаттар, 1903 жылы ақынға берілген мінездеме, өмір деректеріне қатысты көшірмелер, Мұхтар Әуезовтің костюмі, кітаптар, ақын дәуірінің бет-бейнесін көрсететін этнографиялық жәдігерлер бұл көрмеден орын алады.

World of Abai

World of Abai

ҚР МОМ директоры Нұрсан Әлімбай

СОТӨМ ғалым хатшысы

Шынар Мұратқызы Садықова

Аталмыш көрменің ресми ашылу салтанатында алғаш болып Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі директоры, белгілі этнограф-ғалым Нұрсан Әлімбай құттықтау сөз сөйледі. Бұдан өзге Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы Шынар Мұратқызы Садықова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абайтану» институтының директоры, профессор Жаңғара Дәдебаев, Ақылбайдың немересі, Абайдың шөбересі Исраилова Қасира апай, Халықаралық «Абай» қорының президенті Жұмабек Ашуұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Жұмабай Шаштайұлына қатысып сөз сөйледі.

Көрменің ашылу салтанатында Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының әртісі Ернар Күншібаев, Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенттері және Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің студенттері өз өнерлерін көрсетті.

Көрме орналасқан №4 экспозициялық залда арнайы дайындалған орында көрменің ашылу салтанатындағы концерттік бағдарлама жалғасын тапты. Концерттен соң Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің ғалым хатшысы Шынар Мұратқызы Садықова Семей облыстық тарихи-өлкетану музейінің, музей қорында сақталған Абайға қатысты экспонаттардың жинақталу тарихы туралы, Ақылбайдың немересі, Абайдың шөбересі Исраилова Қасира апай Абай ұрпақтары жайында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Абайтану» институтының директоры, профессор Жаңғара Дәдебаев Абайдың «Сегізаяқ» поэмасының зерттелу қырлары хақында көрме қонақтары мен студенттерге лекция оқыды.

Мыңмен жалғыз алысқан Абай өмірі мен мұрасы кейінгі ұрпақ үшін өр әділеттілік пен зор адамгершілікті және асқақ рух пен кемел парасаттылықты үздіксіз дәріптеудің әрқашанда жарқын үлгісі бола бермек. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы орталық алаңда орналасқан. Көрме жыл аяғына дейін созылады.

 

World of Abai World of Abai
World of Abai World of Abai
World of Abai World of Abai


2015 жылдың 22-24 қыркүйегінде Түркі мәдениеті Халықаралық ұйымы (ТҮРКІСОЙ), Моңғолияның Білім, мәдениет және ғылым министрлігі және Моңғолияның Ұлттық музейі бірлесіп ұйымдастыруымен, Ұлан-Баторда «Еуразияның музейлеріндегі киімдер коллекциялары: зерттеу және пайымдау» атты Халықаралық Музейлік Форум өткізілді.

Форум жұмысына әр түрлі елдерден - Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Түркия, Моңғолиядан, Ресей Федерациясы аймақтарынан (Мәскеу, Алтай, Хакасия, Саха (Якутия), Тыва, Татарстан) музей жетекшілері, ұлттық киімді зерттеуші музей мамандары мен зерттеушілері қатысты.

Форумда Еуразияның әр түрлі халықтарының кешенді ұлттық киімін қалыптастырудың әр түрлі аспектілері талдап, таныстырған 30 баяндама назарға ұсынылды.

ТҮРКІСОЙ-дың бас хатшысы Д. Қасейінов өзінің құттықтау сөзінде әр түрлі елдер мен аймақтардың музей мамандары мен музейлері арасында бірлескен әрекет пен ынтымақтастықтар орнатудың айрықша маңыздылығын атап өтті. «Құбылай ханның 800 жылдығына арналған Музейлік форум музей ісі саласында ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашады, мәдени және ғылыми байланыстарды құрады және нығайтады», - делінген Құттықтауда.

Форумға қатысушылар Ұлан-Батордың музейлері – Моңғолияның Ұлттық музейімен, Занабазар атындағы Бейнелеу өнері музейімен, Боғда ханның Музей-резиденциясымен, Моңғол киімі Музейімен жақын танысуға мүмкіндік алды, сондай-ақ, Ұлан-Батордың Шыңғыс хан алаңында өткен Құбылай ханның 800 жылдығына арналған аса ауқымды салтанатты мерекенің куәсі болды.

Форум қатысушылары ТҮРКІСОЙ музейлері Ассоциациясының Орталық Азия музейлерімен ынтымақтастығын кеңейту идеясын қолдаған Қарар қабылданды. Онда музейлік заттарды қалпына келтіру бойынша музей мамандарын алмасуды және сынақ ісін ұйымдастыруды белсенділендіру, ТҮРКІСОЙ мүше-елдерінің   бірлескен және алмасу көрмелерін ұйымдастыруға жәрдемдесу қажеттегі атап өтілді, атқаратын қызметі Еуразия халықтарының ұлттық киімі дәстүрлеріне берік мүдделікті дәріптейтін Түркі әлемі киімдері дизайнерлері Ассоциациясын құру бастамасына қолдау көрсетілді.

Кезекті Музейлік форумды 2016 жылы Стамбулда өткізу ұйғарылды.      

2015 жылдың 3-4 қазанында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі және «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы бірлесіп, «Алтын алма» атты Орталық-Азиялық қолөнер көрме-жәрмеңкесін өткізеді.

Бұл дәстүрлі өткізілетін сәндік-қолданбалы өнер көрмесіне Қазақстанның барлық аймағынан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан және Ресейден 150-ден астам қолөнерші қатысады.

Орта Азия халықтарының сәндік-қолданбалы өнер көрме-жәрмеңкесі жылына төрт мәрте өткізіледі. Дәстүрлі іс-шараға айналған көрме-жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы өнерді бағалаушы жандар алуан реңді шығыс базарынан, сувенирлік заттар, киіз және жібек бұйымдар, кілемдер, зергерлік бұйымдар, керамика, бейнелеу өнер туындыларын және тағы көптеген сан алуан заттарды тек қана тамашалап қоймай сатып ала алады.

«Алтын алма» көрмесіне келушілерге «алма» бейнеленген базарлықтар мен кәдесый өнімдерінің мол топтамасы ұсынылады. Алма әлемдегі білім, үміт, даналық, махаббат, отбасылық бақыт, ана мен бала, ұзақ ғұмыр нышандарынан ең танымал символдардың бірі. Әрі алма біздің қаламыздың символы болып саналады.

Сәндік-қолданбалы өнер шеберлері бұл нышандарды өздерінің туындыларында - картина, зергерлік бұйым, панно, гобелен, киіз және тері бұйымдарында, батик сияқты өнімдерінде бейнелеген. Алма бейнеленген кәдесыйды кез-келген жастағы жанға сый етіп тартуға болады. Алма бейнеленген кәдесыйлар молшылық пен сәттілікті нышандайды.

Орта-Азиялық қолөнер көрме-жәрмеңкесіне келушілерді әр алуан қызық бағдарламалар күтеді: хас шеберлердің бұйымдарымен танысу, қыштан бұйымдар жасау бойынша шеберлік-класс өткізу, әртүрлі шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасы, сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қатысуымен өткізілетін күн сайынғы лотереялық ұтыс ойындары, викторина ойнатылады. Бау-бақша өсірушілер ғажайып алма жәрмеңкесін ұсынады. Музейдің кинозалында Алматы қаласы тарихына арналған музей қорындағы фотоматериалдар көрсетіледі.

Жәрмеңкеге келген барша отбасы мүшелері таңғажайып сәндік-қолданбалы өнер әлеміне сапар шегіп, терең танымдық және қызықты әсерлерге бөленеді.

Көрме-жәрмеңкенің ресми ашылу салтанаты - 2015 жыл, 3 қазан, сағат 10-00.

Көрме-жәрмеңкенің жұмыс уақыты: 3-4 қазан, сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.

Көрме-жәрмеңкеге кіру бағасы - 150 теңге, билеттің серия номері   – ұтыс лотерея ойындарының номері.

 


Golden apple  Golden apple  Golden apple 

Байланыс телефондары:

ҚР МОМ 264-46 -50, 264-55-66, 264-55-77

«Бахыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы» ҚҚ тел/факс: 8 (727) 375-56-58; +7 701 3908125,

+7 775 6232966, e-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. "> This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. , This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. "> This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

Менеджер Күнсұлу: +7 775 3164165, тел: 8 (727) 375-56-55.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source