авто

Переключатель языков

2015 жылдың 26 тамызында сағат 15:00 де ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде   Қазақстан Республикасы Конституциясының және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған «Менің елім. Менің отбасым. Менің тарихым» атты көрме ашылады.

Көрме Қазақстан халқы Ассамблеясының Хатшылығы, Алматы қаласы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ, ҚР Мемлекеттік Орталық мұрағаты, ҚР кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатымен бірлесіп дайындалды.

Көрменің мақсаты: Қазақстан халқының еркіндігін, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі болғандықтан, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыруға ұмтылуын, оның өмірін, құқығын және бостандығын бейнелейтін, барлық ұлттардың теңдігін заңды түрде бекітетін және этномәдени бірлестіктерді дамытуға мүмкіндік беретін мемлекетіміздің Ата Заңы – Қазақстан Республикасы Конституциясының тарихи рөлі мен саяси-құқықтық мәнін ашу.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздік жылдары түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық қарым-қатынастарды дамытуға мүмкіндік берген Қазақстан халқы Ассамблеясының біріктіруші рөлін көрсету.

Бүгінде бір шаңырақ астында – Қазақстанда бейбітшілік және үйлесімділікпен өмір сүріп келе жатқан барлық этностарды берік достық қарым-қатынас пен өзара түсіністік байланыстырады.

Көрмеде ҚР Мемлекеттік Орталық музейі қорынан фотоқұжаттар, кітаптар, жәдігерлер, ҚР Президентінің мұрағатынан, ҚР Мемлекеттік мұрағаты мен Кинофотоқұжаттар және дыбыс жазбаларының Орталық мемлекеттік мұрағатынан құжаттардың көшірмелері алынып қойылады.

Көрменің салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ни Любовь Августовна сөз сөйлейді.

Қатысушылар: Алматы қаласындағы этномәдени бірлестіктердің өкілдері, ҚХА кафедралары, Алматы қалалық Маслихатының «Ынтымақ» депутаттық тобы, Алматы қаласындағы ҚХА ғылыми-сарапшылық тобы, ҚХА журналистер клубы, «Жарасым» РЖҰ, БАҚ өкілдері қатысады.

Музейдің үшінші қабатының айналма галереясында орналасқан көрме 2015 жылдың 3 қыркүйегіне дейін жалғасады.

 

Байланыс телефондары:

ҚР МОМ: 8 (727) 264-46-50

Алматы қ. Әкімдігі: 8-727-250-03-39, 8702-822-88-99. E-mail: This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it.

20-летие Коституции Казахстана 20-летие Коституции Казахстана
connstit20-3 20-летие Коституции Казахстана
20-летие Коституции Казахстана 20-летие Коституции Казахстана

2015 жылдың 3-шілдесі күні сағат 15. 00-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде Н.Ә. Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Президенті» атты көрме ашылады.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында және қазіргі заманғы музейлік тәжірибеде ұлы мемлекет қайраткерлеріне арналып өткізілген жеке көрмелер қатарының өсуі тұрақты үрдіс болып табылады. Н.Ә.Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қазақстан Президенті» атты көрме Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы Ұлт Көшбасшысының рөлін ашады.

Президент Н.Ә. НазарбаевНұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. Экономика ғылымдарының докторы. Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академияның, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларусь Ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.

1991 ж. Қазақстан Республикасы егемендік алғаннан кейінгі алғашқы міндет тәуелсіз мемлекет құру болды. 1991 жылдың 1 желтоқсанында өткен жалпыхалықтық сайлаудың нәтижесі бойынша 98,7 пайыз дауыс  жинап, Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті болып сайланды.

2010 жылдың 14 маусымында «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Ұлт Көшбасшысының қызметін қамтамасыз ету саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 298-ІV Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы күшіне енді.

Н.Ә. Назарбаев – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы, "Нұр Отан" партиясының төрағасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы.

2015 ж. 26-сәуірде сайлаушылардың 97,7 % дауысын алып, Қазақстан Республикасының Президенті болып қайта сайланды.

Көрме Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың 75 жылдық мерейтойына арналған. Мұнда оның мемлекеттік және саяси қызметін танытатын материалдар ұсынылған. Экспозицияда Президенттің басқа мемлекеттермен байланыс орнатудағы қызметін бейнелейтін суреттер айтарлықтай орынға ие. Экспозицияға Н.Ә. Назарбаевтың өмірі жайлы фотосуреттер, альбомдар, кітаптар қойылған. Сондай-ақ, ҚР Мемлекеттік Орталық музейіне ҚР Президентінің Резиденциясы өткізген Елбасына шет мемлекет басшыларынан сыйға тартылған әртүрлі кәдесыйлар мен заттардан тұрады. 

Н.Ә.Назарбаевтың 75 жылдық мерей тойы арналған көрме Н.Ә.Назарбаевтың 75 жылдық мерей тойы арналған көрме
Н.Ә.Назарбаевтың 75 жылдық мерей тойы арналған көрме Н.Ә.Назарбаевтың 75 жылдық мерей тойы арналған көрме

ҚР Мемлекеттік орталық музейінде аса көрнекті қазақ жазушысы Ілияс Есенберлиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгер» атты көрменің тұсауы кесілді. Көрме музей директоры Нұрсан Әлімбайдың құттықтау сөзімен ашылып, Қазақстанның халық жазушысы, қоғам қайраткері Олжас Омарұлы Сүлейменов, әдебиеттанушы, профессор Айгүл Смақова, ҚР  Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Амангелді Қашқымбаев, І.Есенберлин атындағы №25 мектеп-гиназияның ұстазы Г.Г. Изотова және асылдың сынығы, жазушының ұлы Қозыкөрпеш Есенберлиннің сөзімен жалғасты. Сонымен қатар шараға жазушының қыздары, немерелері мен туыстары да қатысып, естеліктерімен бөлісті.

Қазақ әдебиеті дамуының тарихында есімі аса құрметті орындардың бірін алатын көрнекті жазушы, ұлт рухын тірілтіп, халықтың тарихи санасын оятқан Ілияс Есенберлин – туған жеріне, өскен еліне  шығармагерлік еңбегімен, талантымен, тың тақырыптарға түрен салуымен танылған ірі қаламгерлердің бірі.

Жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған «Халық жүрегіндегі қаламгер» көрмесінен жазушының өмірінен сыр шертетін фотоматериалдар, құжаттар, марапаттар, қолжазбалары, өзіне тиеселі жеке заттары, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары және жазушы мұрасы – тарихи еңбектері, сонымен қатар І.Есенберлиннің жары – Диляра Жүсіпбекованың қолөнер жұмыстарын тамашалауға  болады.

І.Есенберлин – қазақ әдебиетінде алғашқы болып тарихи зерде тамырына қан жүгіртіп, тұншыққан сананы қапастан шығаруға жол салған, ұлт рухын тірілткен жазушы. Қаламынан 17 роман, бірнеше повестер мен дастандар туған Ілияс Есенберлин бүгінгі таңда қалың оқырманның жүрегінен орын алған қаламгер.

Көрме 2015 жылдың 1 тамызына дейін жалғасады. 

esenberlin-100 esenberlin-100
esenberlin-100 esenberlin-100

9 мамырда ҚР Мемлекеттік Орталық музейінде Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған  «Ер есімі – ел есінде» атты көрме ашылды.

9may2015-vystav-5Қазақстанда соғыс кезінде әскерге бір миллион төрт жүз мыңнан астам қазақстандықтар шақырылды. Жауынгерлік ерліктері үшін жүз мыңдаған қазақстандықтар медальдармен және ордендермен марапатталды. 110 қазақстандық Даңқ орденінің иегері болды. 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атанды, олардың 97-і қазақ, олардың арасында «Шығыстың қос шынары» атанған қаһарман қыздар – Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш ерлеріміз –  ұшқыштар-штурмовиктер Талғат Бигельдинов, Леонид Беда, Иван Павлов және ұшқыш-атқыш   Сергей Луганский екі мәрте Кеңес Одағының Батыры атанды. Бүгінгі таңда Қазақстанда Ұлы Отан соғысының көзі тірі  5552 қатысушы-ардагері тұрады.

Көрменің мақсаты:  музейге келушілерді Ұлы Отан соғысына қатысушылардың жеке кешендерімен таныстыру. Жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу.

Көрме мынадай бес тараудан тұрады: «Біріншісі – «Қазақстандықтардың ерлік жолы». Соғыстың алғашқы күнінен бастап барлық жерде  әскери құрамалар мен бөлімдер құрыла бастады. Қазақстанда 12 атқыштар және 4 атты әскер дивизиялары, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық жеке полктер жасақталды. Олардың бесеуі бір орденмен, төртеуі – екі, екеуі – үш орденмен марапатталды. Бес дивизия гвардиялық атағын алды, олардың арасында Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов атындағы даңқты 8-ші гвардиялық дивизия бар.

Экспозицияларда Ұлы Отан соғысына қатысушылардың (Кеңес Одағының Батырлары, Даңқ ордендерінің иегерлері) фотосуреттері келушілер назарына ұсынылған.  Сондай-ақ мұнда Қазақстанда жасақталған дивизиялардың (101-ші атқыштар дивизиясы, 100-ші, 30-шы Гвардиялық дивизиясы, 39-шы атқыштар бригадасы (88-ші атқыштар дивизиясы),  387-ші, 314-ші атқыштар дивизиясы, 310-шы, 316-шы атқыштар дивизиясы (8-ші гвардиялық) қатысушыларының жеке кешендері қойылған.

Екіншісі – «Партизандық қозғалыс». Қазақстандықтар Украина, Ресей, Белоруссия, Балтық бойы елдері аумақтарындағы паризандық қозғалыстарға белсене қатысты. Бұлар Кеңес Армиясының қоршауға түскен, майдан шебі арқылы өз әскерлеріне өте алмаған  командирлері, саяси қызметкерлері мен жауынгерлері  немесе тұтқыннан қашқан кеңес жауынгерлері болатын. Партизандық отрядтарға жұмысшылар, колхозшылар мен қызметшілер де мыңдап аттанды. Фашистерге қарсы күресте Еуропа елдеріндегі Қарсыласу Қозғалысына қатысқан қазақстандықтар ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсетті.

1500 қазақстандық Белоруссияда 65 партизандық бригада мен отрядтардың құрамында болды. Соғыс жылдары партизандық қозғалыстарға қатысқан қазақстандықтардың жалпы саны 3,5 мыңға жетті. Смоленскілік, соның ішінде қазақстандық партизандардың  күресі Смоленск облысын толық азат ету және неміс-фашист басқыншыларын талқандау ісіне қосылған айтарлықтай үлес болды. Смоленскілік партизандар өзінің жауынгерлік қызметі кезінде  112680 фашист жауынгері мен офицерін өлтірді және жаралады,  1358 жау эшелонын жолдан тайдырып құлатты,  633 паровоз бен 4 бронепойызды 538 танкіні, кішкене жеңіл танкілер мен  бронды автомобильдерді жарды, 53 ұшақты, 423 артиллериялық қаруды жойды,  33168 рельстерді, 151 әскери қойманы, 85 темір жол мен 498 автокөлік көпірлерін жарды, 186 неміс-полицей  гарнизондарын, болыстық басқармаларын  және т.с.с. талқандап жойды. Партизандық қозғалыстың  Ғалым Ахмедьяров, Сәтімбек Төлешев, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов  және басқа да батырларының есімдері кең танымал болды. Жауынгерлер, кек алушылар  арасында Қазақстаннан келген Нұрғаным Байсеитова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ағаділова секілді әйелдер де жанқиярлықпен шайқасты. Көрменің экспозициясында Кеңес Одағының жау басып алған аудандарындағы партизандық қозғалысқа қатысқан қазақстандықтардың материалдары қойылған. 

Үшіншісі – «Тыл – майданға».  Соғыс жылдары қазақстандықтар тек майданда ғана емес, тылда да ерен ерлік танытты. Соғыстың алғашқы күнінен бастап Қазақстан майдан арсеналдарының біріне айналды. Бұл олардың экономикаға өздерінің қолда бар,  сонымен бірге жаңадан құруға тура келген  салаларда қосатын үлестерін  арттыруды талап етті. 

Казахстан. Тыл - фронту. На выставке

1941 жылы Қазақстанға 142 кәсіпорын көшірілді. 26 жеңіл және 14 тоқыма өнеркәсіп кәсіпорындарының жабдықтары әкелінді. Алматы қаласының өзінде ғана 34 зауыт, фабрика және цехтар орналастырылды. Қалпына келтіру жұмыстары тәулік бойы жүргізілді. Көп жұмыс қолмен атқарылатындықтан ауыл тұрғындары ауыр жағдайда тер төгіп, еңбек етті. Соғыс жылдары Қазақстанның ауыл еңбеккерлері 5 829 мың тонна астық, 734 мың тонна ет және басқа да азық-түлік жіберді. Тыл кәсіпорындарына азаматтарды жұмылдыру жұмыстары үздіксіз жүргізіліп отырды. Бұл өндіріс қысқаша «еңбек армиясы» деп аталды. 700-800 мыңнан кем емес адам майданға жәрдемдесіп, кен, шахта және басқа да еңбекті көп қажет ететін ауыр өндіріс орындарында еңбектенді. 1941 жылы күзде қала мен жұмысшылар кенті тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін карточкалық жүйе енгізу қажеттігі туды. 

ҚР МОМ қорында Қазақстанда карточкалық жүйе енгізілгенін растайтын құжаттар бар.

1942 ж. Қазақстанның Орталық музейінде (қазіргі ҚР Мемлекеттік Орталық музейі) Мәскеуден көшірілген балаларға азық-түлік алуға анықтама берілді. 

Экспозицияларда тылға қатысқандардың фотоқұжаттары, құжаттары ұсынылған. Қазақстан еңбеккерлері жеке жинақтарынан Қорғаныс қорына 4 млн. сомнан көп ақша аударды, майданға 2 млн-нан астам жылы киім, 1600 вагон сыйлықтар жолдады. Тылдан келген көмек жауынгерлердің өмірлерін тек жақсартып қана қойған жоқ, сондай-ақ олардың жауды жеңу жолында барлық қамалды алатындай жауынгерлік рухтарын көтерді.

Төртіншісі – «Ұлы Отан соғысының қару-жарақтары», Ұлы Отан соғысы қарсаңында КСРО атқыштар қару-жарағы жүйесі тұтастай сол уақытқа сай болды және мынадай қару-жарақ түрлерінен тұрды: жеке (тапанша және алтыатар), атқыштар және атты әскер  бөлімдерінің  жеке қару-жарақтары (оқсауытты мылтық пен карабин, өзі оқталатын және автоматты мылтықтар), мергендер қару-жарағы (оқсауытты және өзі оқталатын мергендер мылтығы), автоматшылардың жеке қарулары (тапанша-пулемет), атқыштар және атты әскер бөлімшелері мен взводтарының (қол пулемет), пулемет бөлімдерінің (станокты пулемет) ұжымдық қару-жарақтары, зениттік атқыштар қару-жарағы (пулеметтік құрылғылар мен ірікалибрлі пулеметтер), танктердің атқыштар қару-жарағы (танк пулеметі). Сонымен қоса, қол гранаталары мен винтовкалық гранатометтер де болды. 

Соғыс жылдарында кеңес өнеркәсібі барлығы 13 млн.-ға жуық мылтық, 6,1 млн. пистолет-пулемет, 1,7 млн. тапанша мен алтыатар, пулеметтің 1,5 млн.-ға жуық түрлерін, танкаға қарсы қолданатын 471,8 мың қаруларды  жасап шығарды. Салыстыру үшін – Германияда осы уақыт аралығында 8,5 млн. мылтық пен карабиндер, 1 млн. пистолет-пулемет, 1 млн. пулемет жасап шығарылды.

Көрмеде кеңес қарулары, көбіне атқыштар қару-жарақтары, сондай-ақ Қызыл Тулы «Киров» крейсердің макеті қойылды.

Көрменің ашылу аясында 103-ші мектеп-гимназия оқушыларының Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған сахналы қойылымы қойылды. 

«Жауынгерлік бауырластық» одағының президенті С.П.Пашевичтің ұйымдастыруымен өткізілген Ұлы Отан соғысы кезіндегі мылтықтарды құрастыру және бөлшектеп бұзып тастау жөніндегі интерактивті көрсетілімі музейге келушілердің қызығушылығын тудырды. 

Постановка школьников на открытии выставки Идет изучение оружия времен ВОВ

Көрме ҚР Мемлекеттік Орталық мемлекеттік мұрағатының, ҚР  Кинофотоқұжат және дыбыс жазу мемлекеттік мұрағатының, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы Ауғанстан соғысының ардагерлері  мен мүгедектері және  жергілікті әскери қақтығыстар қоғамдық бірлестіктерінің қалалық үйлестіру кеңесімен, «Жауынгерлік бауырластық» одағының  бірлесіп қатысуымен дайындалды.

Халықаралық балаларды қорғау күні – ең байырғы мерекелердің бірі. Бұл мерекені өткізу туралы шешім 1925 жылы Женевада өткен балалардың игіліктері мәселелеріне арналған Бүкіләлемдік конференцияда қабылданды. 1950 жылы БҰҰ бұл бастаманы қолдады және балалардың құқықтарын, өмірлері мен денсаулықтарын қорғауды өз қызметінің басым бағыттарының бірі деп жариялады. Біздің ортақ үйіміз – жасыл желекті Жер белгісі төңірегінде әр түрлілікті, төзімділік және шыдамдылықты бейнелейтін стильдендірілген адам мүсіндері бейнеленген.

Жыл сайын әлемнің 30-дан астам елінде аталып өтетін Халықаралық балаларды қорғау күні – біздің планетамыздағы кішкентай тұрғындарының игіліктері мен қызығушылықтары, мүдделері туралы ойлануға барлық ересек адамдарды үндейтін шара. Бұл балалардың өздеріне ғана қызықты өтетін мереке емес. Сондай-ақ бұл күн сәбилердің, олардың болашақта өз елінің нағыз азаматтары болып өсуі үшін, бақытты балалық шаққа, оқуға, өзінің сүйікті ісімен айналысуға арналған  құқықтарын қорғау қажеттігі туралы қоғамға жасалатын ескерту  күні деуге де болады.  

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі соңғы 15 жыл бойы Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған қайырымдылық іс-шаралар өткізіп келеді. Сондай іс-шаралардың бірі – 6 маусымда музейдің киелі шаңырағында өткізілген «Алтын Көл» балаларды қамқорлыққа алу мен аналарды қорғау қайырымдылық қорының мейрімділік шапағатына бөленіп жүрген 100 балаға арналып ұйымдастырылған «Менің отбасым» атты іс-шара. Іс-шараның салтанатты ашылуында музейдің ғалым хатшысы Ғалия Теміртон балалар мен ата-аналарға өзінің ізгі тілегін білдірді.

moya-semiya moya-semiya

Аталмыш іс-шара аясында музей холында «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 70 жыл»  және «Менің отбасым» атты тақырыптарда балалар шығармашылығының  көрмесі ашылды. Көрмеге балалардың салған суреттері қойылып, қатысқан әрбір балаға музей атынан арнайы дипломдар берілді.

Сонымен қатар үлкен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Концертке «Ерке» этнографиялық би ансамблі, Қапшағай қаласынан арнайы келген балалар орталығы, «Дел» сайқымазақтар шоуы балаларға керемет көңіл-күй сыйлады. Сайқымазақтар балалармен би билеп, түрлі ойындар ойнатты. Ойындарға қатысқан балалар демеушілер ұсынған сыйлықтар алды. 

Музейдің мәдени-білім жұмысы орталығының қызметкерлері іс-шараға қатысқан ата-аналар мен балаларға арнап байқаулар ұйымдастырды. Өткізілген байқаудың шартының бірі –белгілілі бір әріпке басталатын сөзді балалар  тобы жазу керек болса, ал сол әріпке аяқталатын сөзді ата-аналар тобы жазу керек болатын. Балалар байқау барысында өздерінің алғырлықтарын көрсетті.   

Осындай керемет мереке күні «Бақыт» сәндік-қолданбалы өнер орталығы, «Lemonadoff», «Sweet-Art» ЖК, «Расписные пряники» (Павлодар қаласы), «Воздушный замок» студиясы қолдау көрсетіп, өз сыйлықтарын балаларға таратты. «Estate» компаниясы балалар мен ата-аналарға мерекелік дастархан жайды. Аталған іс-шара балаларға қуаныш пен шаттық сыйлады.

moya-semiya moya-semiya
moya-semiya moya-semiya

Балалар – біздің болашағымыз, ал бақытты балалар – Тәуелсіз Қазақстанымыздың бақытты болашағы екендігін есте сақтауымыз қажет.  

Козуб Т.Б., Айдымбаева А.А.

Музейлік педагогика және жобалау секторы 

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source