авто

Переключатель языков

2015 жылдың 24 сәуірінде сағат 10:30-да Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде Чернобыль атом электростанциясындағы ядролық апатқа 29 жыл толуына орай «Чернобыль жаңғырығы» атты көрменің ашылу рәсімі өтеді.

Чернобыль АЭС-ғы апат – адамзат тарихындағы ең ірі техногендік апаттардың бірі. Оның күші 1945 жылы Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына тасталған атом бомбасынан ондаған есе күшті болған.

Радиациялық қауіп тек КСРО территориясына ғана емес басқа мемлекеттерге төнді.

Чернобыль атом электрстанциясының зардабын залалсыздандыруға бүкіл Кеңес Одағынан 321 әскери бөлім қатысты, олардың қатарында қазақстандықтар да болды. Чернобыль апаты кезінде қазақстандықтардың көбі Акмола облысы Вячеславка елді мекенінде құрылған 27-ші полкте болды. 1986-1989 жж. аралығында аталмыш полкте 31730 қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар өздеріне жүктелген әскери міндеттерді ерлікпен атқарды. Қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылар адам өмірін сақтап қалу үшін жан аямай еңбек етті.

Көрменің мақсаты – адамзат алдында әскери және отаншылдық борышын ар- намыспен атқарған қазақстандық жауынгер-залалсыздандырушылардың жанкешті ерлік еңбегін көрсетeу.

Чернобыльдегі ядролық апат барлық мемлекеттерге ащы да қайғылы сабақ болды және ортақ қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен жер шарын ядролық қарудың барлық түрінен азат ету – дүниежүзілік қауымдастықтың басты мақсаты болып табылатынын тағы бір дәлелдеді.

Экспозицияға жауынгер-залалсыздандырушылар киген эксперименттік әскери киім (1983 жылы тігілген), дозимертр – алған радиацияның мөлшерін анықтайтын аспап, радиациядан қорғайтын міндетті жеке қорғаныс құралдары – газтұтқыш және респиратор, фотоқұжаттар, сонымен қатар қатысушылардың марапаттары қойылады.

Көрме 2015 жылдың 1-ші маусымына дейін жалғасады.

Echo of Chernobyl Echo of Chernobyl
Echo of Chernobyl Echo of Chernobyl

art-industria7

2015 жылдың 23-26 сәуір күндері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық   музейі «Творческие сезоны» компаниясымен бірлесіп, «Бейнелеу өнері индустриясы-VII» Халықаралық көркемсурет және дизайнерлік жұмыстар көрме-жәрмеңкесін өткізеді.

Жыл сайын дәстүрлі жобаға қатысушы шеберлер, шығармашылық иелері мен ұжымдар саны артып келеді. Соған байланысты «Бейнелеу өнері индустриясы» жобасының бағыттары мен тақырыбы да кеңейе түсуде. Әсіресе құрақ құрау, дизайн және авторлық қуыршақтар өнері кеңінен қамтылуда. «Бейнелеу өнері индустриясы» жобасы шеберлердің шығармашылдық ізденістері шежіресін көрсетіп, бейнелеп ғана қоймайды, сонымен қатар халық өнерін, мәдениетін кеңінен таныстырудың неғұрлым тиімді түрі болып табылады. Ал бұл көрменің мазмұны  жанрлары мен шығармашылық стильдерінің әр алуандығымен хас шеберлердің қолөнер жұмыстары жоғары сапасымен, өзіндік орындалу шеберлігімен және төлтумалығымен ерекшеленеді. Сондықтан  да олар көпшілік арасында  бүгінде кең танымал және үлкен сұранысқа ие.

Көрме Қазақстанның ғана емес, Ресей және Украина  қолөнер шеберлері, дизайнерлері, суретшілерінің де бұйымдарымен іс-тәжірибесімен танысуға мүмкіндік береді. Көрме-жәрмеңкеде сәндік-қолданбалы және бейнелеу өнерінің алуан түрі көрсетіледі: бұлар қазіргі суретші-қуыршақ жасаушылардың пластиктен, киізден дайындалған авторлық жұмыстары (коллекциялық және интерьерлік қуыршақтар); кескіндеме, графика; суретшілер мен шығармашылыққа арналған тауарлар,  құралдар мен материалдар бейнелеу өнері сияқты туындылары; декораторлар мен  дизайнерлердің бұйымдары (керек-жарақтар, интерьер, киімдер, әшекейлер, флористика,  авторлық көркемдік жобалар) және т.б.

Сондай-ақ, көрме-жәрмеңке аясында оқу форумы, тұсаукесерлер, авторлық қуыршақтар көрмесі, қазақстандық және ресейлік суретшілердің және шығармашылық пен қолөнерге арналған материалдар мен құралдар шығарушы фирмалардың  шеберлік кластары сияқты шаралар да ұйымдастырылады. Авторлық жұмыстар мен жобаларды киім дизайнері Ғалия Медеу (Қазақстан), Ресейден келген суретшілер Петр Фролов, Наталья Тур; суретші-қуыршақ жасаушы - Анастасия Елисеева, Надежда Кравченко, «Душегреечка» құрақ тігу клубы; итальялық суретші Кармине Барбаро мен Украинадан келген   «Soul Station» театры сияқты мамандар мен ұжымдар ұсынады. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған авторлық қуыршақтар көрмесі ашылады және Қазақстандағы шығармашылық туралы алғашқы «Таңдаулы қуыршақтар» және «Шығармашылық эволюциясы» атты журналдардың тұсаукесері өткізіледі.

Музей қонақтары он саусағынан өнер тамған шеберлердің қолынан туған бірегей туындыларын   тамашалап қана қоймай, оларды өздеріне, достары мен  жақындарына сыйлық ретінде сатып ала алады.

Көрменің салтанатты ашылуы: 23 сәуір, сағат 13.00

Көрменің жұмыс уақыты: 23-26 сәуір күндері,  9.00-ден 18.00-ге дейі

Көрмеге кіру ақылы – 150 теңге.

 Анықтама телефондары: ҚР МОМ  264-46 -50, 264-55-66; «Творческие сезоны» көрме компаниясы, This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. "> This email address is being protected from spambots. You need JavaScript enabled to view it. , +7 701 714 09 52 Елена Владимировна 

art-industry7 art-industry7

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2015 жылдың 20 наурыз күні сағат 11.00-де Наурыз мерекесіне арналған «Музей шаңырағындағыы «Наурыз мейрамы» атты мәдени-білім іс-шарасын өткізеді.

Іс-шара аясында келушілер назарына киіз үй жиһазы, әрі сән беретін көркем жабдығы саналатын бұйымдарының бірі бау-басқұрлар көрмесі ұсынылады. Көрмеге басқұрдың түк салып тоқыған түрі «ақбасқұр» мен кәдімгі басқұр «қызылбасқұр» қойылады. Олар өзіне тән ерекше сипаты, орындалу техникасы, ою-өрнегі, түр-түсінің үйлесімімен дараланады. Көрмеде Қазақстанның әр өңірінен жинақталған бау-басқұрлардың 20 шақты түрі қойылып отыр.

Басқұр киіз үйдің уығы мен керегесінің түйіскен жерін бастырып таңылады. Ол қазақтың терісбұтақ, алақұрт, жүзтеру сияқты ою-өрнектермен нақышталып тоқылатындықтан үйдің ажарын кіргізіп тұрады. Киіз үйдің туырлығындағы үзіктерге тағылып уықты орай келіп үйге сән беретін қысқа басқұрлардан тыс (4-5 м), үйді айналдыра орап шығатын ұзын, әрі жалпақ басқұрлар да болады. Мәселен бес немесе алты қанат үйлердің басқұрының ұзындығы 22-26 метрге дейін жетеді.

ХІХ – ХХ ғ. жататын музей қорындағы бау-басқұрлар дәстүрлі ортада қолданылған ою-өрнектің көптеген түрлерімен нақышталғандығымен ерекшеленеді. Мәселен, жасалу техникасы, композициясы мен көркемдік шешімі әркелкі болып келетін бау-басқұрлар бүгінгі таңдағы өнертанушылар, шеберлер мен кәсіпкерлер үшін  таптырмайтын үлгі, нұсқа болумен бірге оларға шығармашылық шабыт та сыйлай алады.

nauryz2015-1

Музей қызметкерлері осы мерекелі күні музей алаңында киіз үй тігу барысын егжей-тегжейлі көрсетеді, сондай-ақ киіз үй тігудің тәртібі мен кезеңдері туралы тақырыптық экскурсия қатар жүргізіледі. Киіз үйде жас жеткіншектер үшін «Әжемнің ертегілері» атты интерактивті алаңқай ұйымдастырылады. Аталмыш мереке аясында «Наурыз – жаңа күн» тақырыбына байланысты мектеп оқушылары арасында сұрақ-жауап ойындары өткізіледі. Сонымен қатар «Асық», «Күрес», «Арқан тарту», «Тоғызқұмалақ» сынды қазақтың ұлттық ойындары ойнатылады.

Аталмыш іс-шара барысында музей қонақтарына Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясы мен  фольклорлық-этнографиялық топтардың, И.К. Мандоки атындағы мектеп оқушылары, әнші, композитор Айтмұрат Төреғали, Қаскелен мәдениет колледж студенттерінің «Аманат» тобы қатысуымен арнайы концерт ұйымдастырылады. Онда наурыз туралы жырлар айтылып,  әндер шырқалып, қазақтың ұлттық билері биленеді.

ҚР Мемлекеттік орталық музейі мен О.Таңсықбаев атындағы сәндік-қолданбалы өнер колледжі бірлесіп «Сәндік-қолданбалы өнер мен бейнелеу өнері» атты көрме  ашады. Көрмеге аталмыш колледж оқытушылары мен студенттерінің қазақтың тұрмысы мен мәдениетін бейнелейтін тұскілем, кенеп және киізден жасалған киімдер, бейнелеу өнері мен мүсіндеудің жекелеген жұмыстары қойылады. Сондай-ақ ши  тоқу бойынша шеберлік-классы мен қазақтың ұлттық киімінің сәндік үлгілері көрсетіледі. Музейге келушілер үшін қазақстандық белгілі суретші Күлән Жанғұтты киіз басу үлгілері бойынша шеберлік-классын ұйымдастырады.

ҚР Мемлекеттік Орталық музейі қала тұрғындары мен қонақтарын «Наурыз мейрамына» арналған іс-шараға шақырады.

Іс-шараның ашылуы: 2015 жылдың 20 наурызы, сағат 11.00.

Музейдің жұмыс уақыты: 2015 жылдың 20 наурызы күні, 09.30-ден 18.00-ге дейін.

Іс-шараға кіру ақылы (үлкендерге 150 теңге, студенттерге 70 теңге, балаларға 50 теңге)

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі 2015 жылдың 1-сәуір күні сағат 16.00-де хронодокументалист, ҚазТАГ-ТАСС фототілшісі Мұрат Мамбетовтың жеке фотокөрмесі ашылады. Ол КСРО Журналистер Одағының және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер Одағы премиясының лауреаты (2006 ж.).

Біз өз өмірімізді фотосуретсіз елестете алмаймыз, оның маңызды ерекшеліктерінің   бірі – түсірілген оқиғалардың нақтылығы, шынайылығы болып табылады.

mambetov-photoКәсіби фотосуретші, жоғарғы деңгейдегі шебер, үлкен өмірлік және кәсіби тәжірибесі бар, қызықты және көріністі фототүсірілімдер жасаудың шебері Мұрат Мамбетов өзінің шығармашылығын қазақстандықтардың өмірін, қандайда бір оқиғалар мен деректерді  көрсететін фотосуреттер жасауға арнады.

Мұрат Мамбетов 1955 жылы Батыс-Қазақстан облысының Каменка ауылында дүниеге келген. Ол фотосуртке жеті жасынан әуес. Сол жылдардың өзінде оны бір сурет арқылы сөзбен жеткізе алмайтын нәрселерді көрсетуге болатындығы таңқалдырды. Ол өзінің еңбек жолын 1957 жылы Орал қаласындағы облыстық теларнасында кинооператордың көмекшісі болып бастады.   Мұрат кәсіби фототілші (Полиграфиялық техникалық училище, Уфа қаласы) және журналист (сырттай ҚазМУ, Алматы қаласы) мамандығына ие. Училищені бітіргеннен кейін «Орал өңірі» облыстық газетінде фототілші болып жұмыс істеді, кейінірек Алматыға көшіп келіп Қаскелен қаласының аудандық газетінде жұмысын жалғастырды.  1985 жылдан бастап ҚазТАГ-ТАСС фототілшісі болып қызмет атқарды. 1995 жылы Қазақстан 

Mambetov photo

Республикасының Үкіметінің баспасөз қызметіне ауысты. Мұрат Мамбетов өзінің жеке шығармашылық қызметін 1998 жылдан бастады. Нәтижесінде «Қазақстан спорт әлемінде»,  «Арал – КСРО мұрасы» атты екі деректі фотоальбом шығарды. Аталған фотоальбом үшін ТМД мемлекеттерінің «Кітап өнері»  атты Халықаралық байқауында мерзімді баспасөз, кітап басып шығару саласы бойынша Мемлекетаралық одақтың  ІІ-ші деңгейлі дипломына ие болды (Мәскеу қаласы, 2010 жыл). Автордың жеке көрмесінде суретшінің сезімін, арманы мен қабылдауын көрсететін фотосуреттер қойылған. ҚР МОМ-де өтетін көрменің тақырыптары әралуан, олар  «Советтік Қазақстанның социалистік реализімі», «Тәуелсіз Қазақстанның демократияға алғашқы қадамдары», «Қазақстан. Мәдени мұрасы мен дәстүрлері», «Арал қасіреті».

Мұрат Мамбетов «Визуальды антропология» бағыты бойынша жұмыс жасайтын фотосуретшілердің бірі. Ол түсірген фотосуреттер  тарихи кезеңдер мен нақты мезгілді айқын көрсетеді. Ол өзінің жұмыстары арқылы көрерменмен түрлі байланыс жасайды, бұл жай ғана сурет емес, ол «шынайылықтың нышаны», сезім мен алаңдау, сондай-ақ Мұрат Мамбетовтың ішікі әлемінің бір бөлігі.

Көрменің жұмыс уақыты: 2015 жылдың 1-13 сәуір аралығы, сағат  9. 30-дан 18. 00-ге дейін

Музейге кіру құны: үлкендер – 150 тг; студенттер мен зейнеткерлер – 70 тг; мектеп оқушылары – 50 тг

Mambetov-photo-1 Mambetov photo Mambetov photo 4

2015 жылдың 18 наурызы күні сағат 15. 00.-де Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ислам мәдениетінің құндылықтары» атты көрме ашылады.

«Алматы – ислам мәдениетінің 2015 жылғы астанасы» атты Мемлекеттік мәдени шараның аясында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде «Ислам мәдениетінің құндылықтары» атты көрме ұйымдастырлып отыр.

Біздің заманымыздың VII ғасырында Арабия түбегінде пайда болған ислам қазіргі кезеңде жер бетіндегі бүкіл адамзаттың рухани өмірінің кемелденуіне және мәдениеті мен өркениетінің дамуына зор үлес қосып келе жатқан ең соңғы дін. Мыңдаған жылдар бойы Құранмен бірге енген ислам діні мен араб тілінің әсері көптеген ұлыстармен қатар қазақ халқының да діни, саяси, мәдени, тілдік және әлеуметтік қарым-қатынастарына зор ықпал еткендігі тарихта мәлім.

«Ислам мәдениетінің құндылықтары»Қадым заманнан бері бізге жеткен түрік мәдениетіне ортақ жазба ескерткіштердің басым көпшілігі араб жазуымен жазылды. Ортағасырлардан бастау алатын төл жазба әдебиетіміз де ислам мәдениетімен тікелей байланыста дамып отырды. Араб жазуына негізделген «Орталық Азиялық түрки жазуы» қалыптасты. Бұл дәстүр Кеңес дәуірінде латын, кирилл әліпбилеріне көшкенге дейін мың жылдам астам уақыт жалғасты. Араб жазуы Қазақстанда 1929 жылға дейін қолданылды.

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейінде сақталынып отырған ислам мәдениетіне қатысты құндылықтардың негізгі денін араб, парсы, түрік, шағатай, татар, өзбек, қазақ тілдеріндегі сирек кездесетін қолжазбалар мен бірегей басылымдар құрайды. Көрме төрінен орын  алып отырған осы жәдігерлерді мазмұндық ерекшеліктеріне қарай Құрандар, тәпсірлер, Мұхаммадия және Мұхтасар кітаптар, грамматикалық оқулықтар, сөздіктер, діни мазмұнды әртүрлі литографиялық баспа кітаптар және қазақ тілді (төте жазулы) қолжазбалар деп бірнеше топқа бөлуге болады. Олардың арасынан аталмыш көрменің экспозициялық мәнін айқындай түсетін 1643 жылы жазылған Құран Кәрім мен Абай Құнанбайұлының (1845-1904) «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» туындысын және Мұхамеджан Сералиннің (1872-1929) «Қожалар шежіресін» ерекше атап өткен жөн.

XX ғасырдың бас кезінде ұлт зиялы қауымының тарапынан мерзімді түрде жарық көріп келген, сол кезеңдегі елдің мәдени-тарихи және әдеби өмірінен, қазақ баспасөз тарихының даму тарихынан маңызды мағұлматтар беретін «Абай», «Айқап», «Шолпан», «Тілші» сияқты газет-журналдарды да осы көрмеден көре аласыздар.

Көрмеге осы жазба ескерткіштермен қатар Орта Азия мен Қазақстан аумағында ортағасырларда билік құрған Қарахан, Жошы, Шағатай, Темір әулеттерінің және Осман империясы, Елхан, Қырым, Бұхар, Қоқанд хандықтарының, Мысыр, Ауғанстан елдерінің алтын, күміс, мыс монеталары да қойылып отыр. Араб тілінде «кәлима» мен билеушінің аты-жөні жазылған бұл монеталар сол дәуірлерде ислам дінін қабылдаған мемлекеттердің саяси-мәдени өмірінен мол ақпарат береді.

Дәстүрлі ортадағы өлікті жерлеу ғұрпында бұл пәниден мәңгілік бақиға қайтқан марқұмның басына артында қалған ұрпақтары арнайы мұсылманша белгі орнататыны ежелден белгілі. Құран сүрелері мен аяттары қашалған, ислами жерлеу салтында күні бүгінге дейін қолданылып келе жатқан осындай тас белгілердің бірнешеуі осы көрме төрінен орын алды. Сол сияқты бүтіндей сүрелер, жекелеген аяттар немесе қасиетті дұғалармен құснихат жазу үлгілері арқылы безендірілген қару-жарақтар мен сауыт-саймандар да ислам мәдениетінің бір рәмізі ретінде аталмыш көрмеден көрініс табады.

Осы көрмеде дәстүрлі қазақы ортада кеңінен қолданылған кестеленген жайнамаздар, таспиықтар, лауықтар, оқу құралы ретінде пайдаланылған жылқының жауырын сүйегіне жазылған әліпби, алуан түрлі діни мазмұнды мәтіндермен өрнектелген ағаш қалыптар, ыдыс-аяқтар сияқты бұйымдарды да тамашалауға болады. Аталған дүниелер ислам дінінің қазақ халқы арасындағы өзіндік дәстүрлі ерекшеліктері мен қызметін көрсететін деректер болып табылады.

Сонымен қатар көрмеде оның тақырыптық мазмұнын аша түсетін түпнұсқа фотосуреттер, қосымша иллюстрациялар, Мысыр Араб Республикасы мен Иран Ислам Республикасы мәдени орталықтарының мұсылман құснихатымен көркемделген жәдігерлері көрсетіледі. Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған аталмыш көрме 4-залдағы орталық алаңда орналасқан.

Көрме 2015 жылдың шілде айына дейін жалғасады.

Сайт материалдарын пайдаланған жағдайда, музейге сілтеме көрсетілуі керек. // При использовании информации с сайта, просим указывать источник.
When using information from this site, please link to the source